Әлем • 23 Маусым, 2022

Ауғанстандағы жер сілкінісі: Талибандар көмек сұрайды

637 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауғанстан 6,1 балдық жойқын жер сілкінісінің салдарымен күресіп жатыр. Елді басқарып отырған талибандар өзге елдерден халықаралық қолдау көрсетуін сұрады.

Ауғанстандағы жер сілкінісі: Талибандар көмек сұрайды

Шетелдік БАҚ дереккөздері бойынша табиғат апатынан мыңнан астам адам қаза тауып, 1 500-ге жуық адам жара­қат алған. Ал үйінділердің астында қал­ған тұр­ғындардың саны белгісіз. Жер сіл­кінісі­нен, әсіресе оңтүстік-шығыс­тағы Пак­тика провинциясы қатты зардап шек­кен. БҰҰ аман қалғандарды шұғыл бас­панамен және азық-түлікпен қам­та­масыз етуге тырысуда. Елдегі құт­қару жұмыстарына нөсер жаңбыр мен тех­никалық ресурстардың жетіспеушілігі ке­дергі келтіруде. Табиғи апаттан тірі қал­ғандар мен құтқарушылар ВВС-ге зіл­зала ошағына жақын жердегі толы­ғы­мен қираған ауылдар, бұзылған жолдар мен ұялы телефон мұнаралары тура­лы ай­тып, қаза тапқандардың саны көбе­йе түседі деп қауіптеніп отырғанын жеткізді.

Ауғанстанда соңғы жиырма жылдағы ең жойқын жер сілкінісі өткен жылы Батыс қолдаған үкімет құлағаннан кейін билікке қайта оралған исламшыл қозғалыс талибандар үшін басты проблемаға айналды. Жер сілкінісі Хост қаласынан шамамен 44 шақырым жерде болған, жерасты дүмпулері тіпті Пәкістан мен Үндістанда да сезілген. Ауғанстан онсыз да қазір гуманитарлық және экономикалық дағдарыс кезеңінде, осыны желеу еткен талибандардың жоғары лауазымды шенеунігі Абдул Кахар Балхи үкіметтің халыққа қажетті мөлшерде қаржылай көмек көрсете алмайтынын мәлімдеді. «Көмек агенттіктері, көрші елдер мен әлемдік державалар көмектесіп отыр», деді Абдул Кахар Балхи. Бірақ ол: «Көмек өте ауқымды болуы керек, өйткені бұл ондаған жылдар бойы болмаған жойқын жер сілкінісі», деп өзге елдерден көмек күтіп отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының басшысы Антониу Гутерриш болса агенттік апат аймағында «толық жұмылдырылғанын» айтты. БҰҰ өкілдерінің айтуынша, жер сілкінісі болған аймаққа медицина мамандары, дәрі-дәрмек, азық-түлік және төтенше жағдайға арналған баспаналар жіберілген. Әзірге құрбан болғандардың көбі Пактиканың Гаян және Бармал аймақтарында тіркелген. Гаяндегі тұтас бір ауыл жойылды деп хабарланды. Пактика емханасының дәрігері зардап шеккендер арасында медицина қызметкерлері бар екенін айтты. «Жер сілкінісіне дейін бізде мамандар мен техника жеткіліксіз болды, ал қазір жер сілкінісі біздің аз нәрсеміздің өзін жойып жіберді, түк қалмады. Қанша әріптесіміздің тірі екенін білмеймін», деді дәрігер. «Жер сілкінісінің әсерінен мобильді мұнаралар зақымдалған­дық­тан байланыс қиындап тұр, қаза тапқандардың саны бұдан да артуы мүмкін», деді жергілікті журналист BBC-ге берген сұхбатында. «Көптеген адам туыстарының жағ­дайынан хабарсыз, себебі телефондары жұмыс істемейді. Менің ағам және оның отбасы қайтыс болды, бұл туралы бірнеше сағаттан кейін білдім. Көптеген ауыл жойылып кетті», деп қосты ол.

Негізі Ауғанстан жер сілкіністеріне бейім елдердің бірі, себебі ол тектони­калық белсенді аймақта орналасқан. Чаман, Харируд, Орталық Бадахшан және Дарваз апатты аймақ саналады.

БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлес­тіру басқармасының мәліметінше, соңғы онжылдықта елде жер сілкінісі сал­дарынан 7 мыңнан астам адам қаза тап­қан. Онда жер сілкінісі салдарынан жыл сайын орта есеппен 560 адам қай­тыс болады. Қаңтар айында елдің батысын­да болған жер сілкінісі 20-дан астам адамның өмірін қиып, жүздеген үйді қиратқан.

Талибандар билікке келгенге дейін де Ауғанстанның төтенше жағдайлар қызметі табиғи апаттармен күресіп келді, ол кезде де құтқарушыларда ұшақ­тар мен тікұшақтар аз болды. Соңғы кездері елде дәрі-дәрмек тапшылығы да бай­қала бастаған. Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның мәліметі бойынша, Ауғанстан отба­сы­ларының 93 пайызы азық-түлік жетіс­пеушілігінен зардап шегеді.

АҚШ Геологиялық қызметінің мәлі­ме­тін­ше, Ауғанстанда жер сілкінісі сәр­сен­бі күні жергілікті уақыт бойынша са­ғат 1:30-да (БСТ 22:00) алты миль (10 км), Хост қаласынан оңтүстік-батысқа қа­рай 30 мильдей тереңдікте болған.