Қоғам • 13 Маусым, 2022

Ойыңды түзесең, өмірің де өзгереді

639 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өз-өзіңді тәрбиелеу және бір нәрсеге үйрену үшін адам үлкені бар, кішісі бар өзін оқушының орнына қоя білуі керек. Бұл – табиғат заңы. Сол себепті өз мақсатың мен арманыңа жетуде жақсы оқушы және жақсы оқытушы болумен қатар болмысың да тұтасымен кіршіксіз таза болуы керек.

Ойыңды түзесең, өмірің де өзгереді

Әрине, біреу білекті сыбанып жұмыс істеп жатқанда, жанында ештеңе істеуге ниеті жоқ адам еріккеннен есінеп отырса, адамның санасы манипуляцияға душар болып, ол шындықты көруден қалады. Өйткені адам­ның миы осылай жаратылған, ол барлық нәрсеге ықпал етуге тырысады. Тіптен ол адам бір нәрсені айтпай жатып-ақ, оның не айту керегін аузына алдын ала салып отырады. Ал адам мұны өзінің дербес шешімі екен деп қабылдап, соған құдайдай сенеді. Алайда адамдар нағыз шын­дықтың саналы таңдау емес, керісінше, оның іс жүзінде сағым екенін түсіне бермейді.   

Жалпы, адамдар бәрін жеке басының өмір сабағы, тәжірибесі мен қайғы-қасіреті арқылы басынан кешіруге тырысады. Өмірдегі зұлымдық, әділетсіздік, қызғаныш пен жа­ғым­паздықты көргендіктен, көпшілігі өзгеруге сыңай танытпайтыны анық. Осындай ашық қарсылық пен мойындамаушы­лық адамның алдындағы барлық мүмкіндіктердің жолын жауып, оларды күш-қуатынан айырады, әлсіретеді. Себебі кезінде оларды өмірде жақсылық пен ізгілікті емес, кез келген нәрседен тек жа­ман­дықты көруге үйреткен. Сон­­дықтан олар кемшілік таба ал­маса, бойларын ашу-ыза кер­ней­тіндей жағдайға жетеді. Әр нәр­сені түрткілеп, сыныққа сылтау іздейтіндер көбейеді. Осы ахуалды іштей қабылдамағанының салдарынан ондай адамдар сапалы жұмыс атқара да алмайды.

Санаға әбден мықтап сіңіп қалған жауапсыздық пен бой­күйездік мұндай адамдарды үнемі жоғарғы жаққа қарауға, би­лік­тің не істеп жатқанын талқы­лауға, сынықтан сылтау іздеуге бағдарлайды. Олар жауапкерші­лік көрсетіп, сапалы жұмыс ар­қылы нақты нәтижеге қол жеткізу­дің маңыздылығына көңіл аудармайды. Бір өкініштісі, жұмыстағы сапасыздықтың кесірінен елдің қуаты әлсіреп, ол түбінде бей-берекеттікке әкеліп соғатынын ұғына бермейді. Тыңғылықты еңбек тәжірибесінің жоқтығынан әр адам өз ішіндегі «қазынаны» сезбейді. Еңбек етіп, тиісті дағды жинақтамаса, олар оны таба да алмайды.

Әрине, қоғамдық қатынастар­дың түлеуі мен трансформация­лануы қарсылық тудырары анық. Бірақ, бұл қарсылықтың бәрі өмір бойы бізбен бірге келе жат­қанын да ұмытпаған жөн. Кезінде мектепке барғысы, жұ­мыс істегісі келмегенін азамат­тарымыздың көпшілігі өз басынан кешіргені белгілі. Міне, осы қарсылықтан құтылып, еңсе­сін көтеріп, еркіндікке ие бола­йын десе, баяғы үйреншікті өмір екпіні оған кедергі жасайды. Сон­дықтан мұндай қарсылықты біреу түсінеді, ал біреу түсінбей­ді, тиісінше – қабылдайды немесе қабылдамайды. Дұрысында, оны қабылдап, түсініп, ерін­бей жұмыс істеуге кіріскен абзал. Өйткені бойыңды ашу-ыза кернеп, масылдыққа салынғаннан түк шықпайды. Ендеше, жауап­кер­шілікті саналы түрде то­лық сезініп, еңбекке бейімделу керек. Сонда ғана өмірге деген қызығушылық пайда болады және, ең бастысы, жаның бұдан рахат табады. Әуелі, бұрынғы жалқаулық пен бойкүйездік­тен кейін қорқыныш сезімі бойың­ды билеп, не істеріңді біл­мей қалуың да мүмкін. Бірақ өз өмі­ріңе қызығушылық пайда бол­ғаннан кейін сені басқаның өмірі қызықтырмайтын болады. Яғни сен бұрынғыдай тек басқа бі­реулердің өмірін талқылап, олар­дың өміріне қызғанышпен қарап, жамандаудан құтылып, бойыңдағы қуатын өзіне қайтара бастайды. Керісінше, мен мұны неге ертерек түсінбедім, оған нелік­тен уақытысында ден қой­мадым деп, пайда болған мүмкін­діктен айырылып қалмауға тыры­са­сың. Осылайша, кез келген жұ­м­ыстан ләззат алуға болатын­дығын сезінуге мүмкіндік туады.

Ортамызда анау жоқ, мынау жоқ, анау мынандай, мынау анандай деп үнемі ызылдап жүретін, керітартпа адамдар жеткілікті. Олар энергияны сырт­қа бағыттап, кемшіліктің бәрін өзінен іздеудің орнына, оны сырттан іздейді. Бұл жерде әң­гіме адамның сыртқы және ішкі әлемі туралы болып отыр. Кісінің сыртқы әлемінде көптеген түсі­ніксіз және жалған нәрселер бар­шылық. Мұны тек ішкі әлемге сүйену арқылы шешуге болады. Ол үшін қиын жағдайда оң­тайлы шешім таба алатын бел­гілі бір дағдыларға ие болу керек. 

Кейбіреулер үшін «сырт­қы себеп­терді» езгілеп, тек құлақ­тарын түріп, өсек-аяңды жинап, оны жыр қылып айту кәсіпке айналып кеткен. Олар құлақ­пен тыңдайды да, бірақ өздері ештеңе істегісі келмейді. Олар үшін бәрін ертеңге қалдырып, жұмыс істемеудің амалын іздеген маңыздырақ. Мұндай адам­дар ішкі кедергілерге қарсыласу ар­қылы ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алатынын түсінбейді. Трансформация дегеніміз өз екпінімен келе жатқан үйреншікті нәрселерге қарсыласуды білдірсе керек. Пәленің барлығы адамның өз ішінде жатқаны олардың ойларына кіріп те шықпайды. Олай болса, мұндай адамдардың өз пікірі мен құндылықтары жоқ. Олар жаңалықтардан немесе біреудің бірдеңе дегенін ести сала, оны сараптап, ақиқатына жетпей, жалған ақпарат атты «жұқпалы ауруды» жедел түрде таратуға кіріседі. Қоғамдық мүдде үшін бұлардың айтқандарынан гөрі, олардың не істегендерін немесе нені бүлдіріп жатқандарын түсінген маңыздырақ.

Дұрысы жоқтан бар жасауға тырысып, еңбегіңнің нәтижесіне қуана білген жақсы. Нәтиже деген жақсы жұмыстан ғана пайда болады. Сол себепті алдымен ойлауды өзгерту керек, әйтпесе, адам ешқашан шыға алмайтындай тығырыққа тіреледі. Ендеше, белгісіз біреулердің артынан ала­өкпе болып жүгіргеннің орнына, бір сәтке тоқтап, деміңді басып, дұрыстап ойланған жөн. Көріп отырғанымыздай, адамның миы мен жаны бір бағытта жүрмей, екеуі екі жаққа тартатын көрінеді: ми – сыртқа, ал жан – ішке. Ми көбіне «үстемдік» етсе, жан одан оқшаулау жерде тұрады. Олай болса, ми адамды толық билеп кетпес үшін оны барынша «ауыздықтауға» тырысқан абзал.

Нәтижелі жұмыс істеп, алға қойған міндеттерді шешу үшін адамға қуат керек. Өткен өмірді көп ойлағанда, басқалардың өмірін «талқылағанда», арам пиғыл мен ызаға берілгенде, бір ақпарат сізді жегідей жеп мазалағанда, жағымсыз фильм көргенде және тағы басқа кездерде адамның бойынан әл кете бастайды. Фастфуд сияқты ыңғайлы, арзан және жылдам әзірленетін тағамдардың да денсаулыққа осындай кері әсерінің барлығын атап өткен жөн. Сондықтан Құдай берген күш-қуатты осылайша бекерден-бекер ысырап қылудың орнына ниет пен пиғылды түзетуге назар аударған дұрыс болар еді.

Барлық аурулардың негізінде адамның мазасыз күй кешуінің жататыны белгілі. Қатты күйзелу, абыржу адамның ағзасының қорғану мүмкіндіктерін кемітіп, қанның қоюлануына әкеліп соғып, адамның бойындағы қуаты кете бастайды. Бұрын өмір ұзақтығы мен созылмалы аурулардың себептері тұқым қуалаушылықпен түсіндіріліп келсе, енді бүгінгі ғылыми жетістіктер оған адамның өмірлік ұстанымдары мен көзқарастары да ықпал ететінін дәлелдеп отыр. Яғни дүниеге көзқарасымыз біздің генетикамызға әсер ететін көрінеді. Демек нанымдарымыз бен көзқарастарымызды өзгерту арқылы генімізді өзгертуге болады екен. Адамның әрбір шешімі (біреуді алдау, өкпелету, заңсыз жаман ойлар, дұрыс тамақтан­бау және т.б.) біздің геніміздің күйі­не әсер етеді. Ал мазасыз күй сау геннің мутациясына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Ендеше, ол адамның денсаулығына кері әсер етеді.

Соңғы зерттеулерге қара­ғанда, қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері адамның геніне емес, оның клеткасына әсер ететінін көрсетті. Бұған дұрыс ойлау, позитивті өмір салтын сақтау қажеттілігі туралы ғылыми негізделген фактілер дәлел бола алады. Сонымен бірге оң энергия қан арқылы пайда болады. Жаңашыл өзгерістер технологиялардың қарыштап дамуы заманында үйреншікті үрдіске айналып барады. Демек оған таңғалудың қажеті жоқ, енді оны қалыпты жағдай ретінде қабылдау керек. Осыны түсінсек, өзіміз де басқаларға түсінікті боламыз. Сонда ғана ойымыз да түзеледі, өміріміз де өзгереді.