Әлем • 20 Ақпан, 2022

Иран: Ядролық келісім аяқталуға жақын

3206 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мюнхенде өтіп жатқан қауіпсіздік жөніндегі конференция тақырыбы негізінен Украинадағы ахуалға арналды. Әйтсе де, осы іргелі жиында тағы бір маңызды мәселе – Иранның ядролық қаруына қатысты келісімі жөнінде де пікірталас өтіп жатыр.

Иран: Ядролық келісім аяқталуға жақын

Осыған байланысты Венаға бар­ған делегаттардың бір бөлігі Гер­манияға жиналды. Иранның сырт­қы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахиан Мюнхенге ат басын тіреді. Сондай-ақ іс-шара­ға АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен вице-президент Камала Харрис те қатыспақ.

Естеріңізде болса, 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды б­айы­ту бағдарламасын төмендетуге, ал ха­л­ықаралық қоғамдастық Теге­ран­ға салынған санкцияларды жұм­сар­ту­ға міндеттеме алған.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақүй тізгінін ұстау­ға талас кезіндегі бір сөзінде Иран­мен жасалған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүм­кін­дік береді деп мәлімдеген. Пре­зи­денттік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іс­пен көрсетті.

Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп Иран ядролық келісімінен шығу туралы шешімге қол қойды. Сондай-ақ келісімнен шығып қана қоймай, Иранға қатысты ең қа­таң санкциялар қабылдайтынын жет­кіз­ген. Кейіннен ресми Ва­шинг­тон аталған елдегі бірнеше компанияға, жеке тұлғаға қатысты экономикалық, кейбіріне тіпті саяси тыйымын үдетіп жіберді. Мәселен, Иранның аймақтағы ықпалының белгісі саналатын «Революция сақ­шы­ларын» террористік ұйым деп сипаттады.

Вашингтон билігі мұнымен тоқ­та­май, Парсы шығанағы төңі­ре­гінде өз әскерінің санын арттыр­ды. Былтыр АҚШ әскерилері ирандық беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқылы атып өлтірді. Мұның бәрі екі ел арасын­да­ғы жағдайды ушықтырып, ядро­лық келісім туралы ұмыттырып жі­бе­­руге шақ қалған-ды.

Иран да қарап жатпады. АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Былтыр ел парламенті уран өнді­рі­сіне қатысты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға де­йін жеткізуге кірісті. 2015 жылы қабыл­да­нған келісім бойынша байыту мөлшерін 3,67 пайыздан асырмауға тиіс. Бірақ Тегеран билігі АҚШ тарапы санкцияларын алмайынша бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра бе­ре­тінін жеткізді.

Бұдан бөлек Иран елдегі уран мөлшерін 300 килограмнан асыр­ған. Бұл 2015 жылғы келісімге сай емес. Таяуда ғана билік үш айдың ішінде 55 килограмм уранды
20 па­йызға байытқанын мәлімдеді. Яғни Парламент шығарған заңда көрсетілген мөлшерден асып түс­кен. Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі өн­діріс көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған.

Президенттік орынтаққа Джо Бай­ден жайғасқан соң, АҚШ та­рапы Иранмен арадағы келі­сім­ді қайта жандандыруға ниет біл­­дірді. Сөйтіп келіссөздер бас­тал­ған. Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлы­бри­тания, Ресей, Қытай және Еу­ро­палық одақ қатысады.

Мюнхендегі кездесу кезінде Ве­на­­дағы келіссөздер тоқтап қалмас үшін тараптар делегацияларының бір бөлігі Аустрия астанасында қалды. Еуропалық одақтың келіс­сөз­дерді үйлестіруге және қада­ға­лау­ға жауапты жоғары лауазымды қызметкері Энрике Мораның айтуынша, қазіргі таңда Иран ке­лі­сі­мінің ақырғы нұсқасын әзірлеу жұ­мыстары белсенді жүріп жатыр.

Дегенмен сарапшылар Ресейдің Ук­раинаға шабуыл жасауы мүм­кін деген қауіп келіссөздерді қиындатуы мүмкін екенін алға тар­тады. Оқиға бұлай өрбіген жағ­дай­да келісімге қатысушы тараптар арасына жік түсуі мүмкін. Қазіргі таңда АҚШ-тың Иран бойынша арнайы өкілі Роберт Малли ресейлік әріптесімен тұрақты түрде кездесіп, келелі мәселелерді талқылап жүр. Қақтығыс бастала қалған жағдайда екеуара әңгіме тығырыққа тірелуі мүмкін.

Сонымен қатар сарапшылар ке­зінде Украинаның ядро­лық оқ­тұм­сықтарын алып, оның қауіп­сіз­дік кепілі атанған Ресей­дің агрес­сив­ті әрекеті Иран шенеу­нік­те­рін ойландырып тастауы ықтимал еке­нін айтады. Егер кепіл берген елдер бірнеше жылдан кейін оны бұзып, аумақтық тұтастығына қауіп төн­дір­се, онда ондай құжаттан не пайда бар?

Венадағы делегаттардың алаң­да­уына негіз бар. Бұқаралық ақпа­рат құралдарына сүйенсек, қазір­гі таңда келісімнің 30 пайызы әзір­ле­ніп қойған. Уағдаластықтың жұ­мысын бәсеңдету құжаттың қабыл­да­уын кешіктіреді.

Айтпақшы, қазір Иран мен АҚШ тараптары қатысатын келіссөздер Венадағы Bayerischer Hof қонақүйін­де өтіп жатыр. Бірақ екі елдің деле­гациялары өзара кездеспейді. Оның орнына араағайын ретінде Еуро­палық одақтың өкілдеріне жүгі­неді.

Мюнхен конференциясы барысында Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан Иран­мен жаңартылған келісімді қабыл­дайтын күн жақын екенін мә­лім­деген. «Біз қазір шарықтау шегіне жеттік. Аптаның ішінде емес, бір­­неше күнде мәмілеге келеміз деп ой­лаймын. Ираннан сая­си ше­шім күтеміз. Олар құжатты қа­­был­да­ма­са, жақын күндері күр­де­лі дағ­дарыс туындайды не­месе олар барлық та­раптың мүд­десін құр­мет­тей­тін ке­лісімді қабыл­дай­ды», деді Ле Дриан.

Иран келіссөздердің аяқталып қал­ғанын жоққа шығармайды. Ел­дің атынан келіп жүрген бас ке­ліс­сөзші Али Багери Кани өткен ап­тада мұны растады. «Келісімге жақындай түстік. Бірақ бәрі келі­сіл­генге дейін мәміле жасастық деп айта алмаймыз», деді ол.

Венадағы келіссөзге қатысу­шы­лардың бәрі келісім жобасы дайын болып қалғанын айтады. Бірақ бірқатар күрделі мәселе әлі шешілген жоқ. Атап айтқанда, Иран АҚШ-тың болашақта келісімнен шықпауына заңды кепілдік беруді талап етіп отыр. Мұны іс жүзінде жү­зе­ге асыру қиын.

2015 жылы қабылданған «Бір­лес­кен жан-жақты іс-қимыл жос­па­ры» шарт ретінде есептелген жоқ-тұғын. Сондықтан оны АҚШ конг­ресінің автоматты мақұлдауы қа­жет емес еді. Енді палата келешекте Иранмен арадағы ядролық келісімді қарау құқығы жөнінде заң қабылдады. Осы себепті ендігі жерде «Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына» қатысты мәселеде конгрестің даусы ескеріледі.

Оның үстіне, АҚШ президенті Джо Байденнің заңды түрде мұндай кепілді бере алмайтыны түсінікті. Өйткені конгресте қазір Иранмен арадағы келісімді сынға алатындар көп. Тіпті кейбір демократтардың өзі келіссөздерге күдікпен қарайды.

Сондықтан 2015 жылғы келі­сім­ге де, Иранды сол кезеңдегі дең­­гейге қайта оралту қиынның қиы­ны болмақ. Біріншіден, қазіргі таңда елде бар байытылған уран қайда сақталады? Оған кім жауап­ты? Мұны да нақтылау қажет. Бұрын Иранның ураны Ресейге жет­кізілген. Келісімге қатысу­шы­лар бір нұсқа ретінде осы тәсілді қай­­талап көруі мүмкін.

Екіншіден, центрифуга деп аталатын, уранды байытуға арналған заманауи құрылғыларды қайтпек керек? 2018 жылдан бері Иран озық технологиялы бірнеше центрифуга орнатты. Тегеран билігі олар­дан оңайлықпен бас тарта қоя ма? Бұл да талқылануға тиіс мәселе. «Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары» Иранға уранды 3,67 пайызға дейін ғана байытуға рұқсат етеді. Іс жүзінде аталған елдің ғалымдары радиациялық өнімді 60 пайызға дейін байытты. Бұл – атом бомбасын жасауға жеткілікті мөлшер.

Кейбір мемлекет Иранның заманауи центрифугаларын жойғанын қалайды, бірақ Тегеран билігі оларды сақтауды жөн көреді. Мұның шешімі ретінде центрифугаларды іске қосуға қажет кабельдер және басқа электронды қондырғыларды ғана жою қарастырылып жатыр. Бірақ мұны жүзеге асыру көп уақыт алады.

Үшінші маңызды мәселе – Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) рөлі. Ұйым Иранның ядролық міндеттемелерін қан­шалықты орындайтынын тек­серуі керек. Бұған дейін МАГАТЭ инс­пекторлары Иранның уран ба­йыту нысандарына барып тұратын. Бірақ кейінгі кезде Тегеран оларға кіруге қатаң тыйым салды.

Дегенмен кей бағыт бойынша жағымды жаңалық бар. Кейбір сарапшылар АҚШ тарапы алғашқы қа­дам жасауға дайын екенін айтады. Соған сәйкес, Иранның 100 миллиард доллар қаражаты бұғат­тан босатылмақ. Бұдан бөлек таяу­да Иран мен Оңтүстік Корея ке­ліс­сөз­дер өткізіп, 7 миллиард дол­лар­ға жуық Иран ақшасын қайтару мә­се­лесін талқылады.