Аймақтар • 16 Қаңтар, 2022

Жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болған тараздық полицейдің отбасына пәтер берілді

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан полицейлер мен әскерилер Мемлекеттік наградалармен марапатталған болатын, деп жазады Egemen.kz.

Жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болған тараздық полицейдің отбасына пәтер берілді

Елдегі бүлік кезінде көз жұмған Тараз қаласы полиция басқармасының  1-бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбековтің анасына Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Сондай-ақ, батырдың отбасына 3 бөлмелі пәтердің кілті табысталды.

Облыс әкімі сын сағатта ерлік танытқан Рахаттың есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тыныштығын күзету жолында, қасгөйлерге қарсы күресте опат болған батырларды түрлі Мемлекеттік наградалармен марапаттап, лайықты құрмет, отбасыларына қажетті көмектер көрсетуді тапсырған болатын. Бүлікшілердің қолынан қаза тапқан Рахаттың ерлігі мен өрлігі өзінің әріптестеріне, кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол қызметтік міндетін абыройлы, адал атқара отырып, өзінің нағыз патриот, елжанды ер азамат екенін дәлелдеп кетті. Елдің амандығы, бейбіт тұрғындардың тыныштығы жолында өзін құрбан етті. Рахат секілді батыр ұландардың есімін елі ешқашан ұмытпайды», деді Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде Рахаттың анасы Ұлбосын Жапарова Отан үшін опат болған ұлының қазасына көптің ортақтасқанына, ерлігі ескерусіз қалмай, Мемлекеттік наградамен марапатталғанына ықыласын білдіріп, елдің амандығын тіледі.