07 Мамыр, 2010

ТОҚСАН ТОҒЫСЫНДАҒЫ ТОҚПАҚ КІМДЕРГЕ ТИДІ?

624 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Жамбыл облысының әкімі Қ.Бозымбаев жұмысын жөндемді атқара алмаған басшыларға сөгіс беріп, бірқатарын қызметінен босатты Табалдырықтан кеше ғана аттаған 2010 жыл­дың 1 тоқсаны да аяқталды. Тіпті екінші тоқ­санның бір айы артта қалып, екіншісі жар­тыланып та үлгеріпті. Сондықтан тоқсандар тоғы­сында ойға оралатын сауалдар, әдетте, көп болады. Соның бірі “облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары алғашқы тоқсанда қандай деңгейде болды?” деген сауал. Тәубе дерлігі, облыс экономикасының өнер­кәсіп секторында өсу қарқыны байқалуда. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп кәсіпорындарының арқасында 26,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 123,8 пайызды құрапты. Атап айтсақ, кен өндіру мен кен орнын пайдалануда, өңдеу өнеркәсібінде, электр қуатымен қамтамасыз етуде, газ бен буды өндіру мен бөлуде даму үдерісі бар. Мысалы, кен өндіру мен кен орнын пай­да­лану саласында өндіріс көлемінің өсімі фос­фор шикізатын, әк пен гипсті және табиғи құм­ды өндіруді арттыру есебінен, өңдеу өнер­кәсібінде тамақ өнімдерін, мұнай өнімдерін, то­қыма бұйымдарын, өзге де металл емес ми­не­ралды өнімдер мен дайын металл бұйым­дарын және химия өнеркәсібінің өнімдерін өндіруді арттыру есебінен қамтамасыз етілген. Айталық, “Казфосфат” ЖШС-нің “Минералды тыңайтқыштар” филиалы, “Имсталькон” АҚ-тың филиалы, “Құрылыс құрылымдары зауы­ты” ЖШС, “Шыны компаниясы “САФ” Оң­түс­тік-ЖАҚ” филиалы, “Жамбылгипс” АҚ, “Гипс комбинаты” ЖШС, “Таразбылғары аяқкиім” ЖШС өнім көлемін ұлғайта түскен. Дегенмен, облыстың бірқатар кәсіпорын­дары­ның өндіріс көлемдері өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмен болуына байланысты сары фосфорды, натрий трипо­ли­фос­фатын, ортофосфор қышқылын, табиғи газ­ды, құрамында алтыны бар концентрат­та­рын, алтын мен күмісті, барит кені мен кон­центраттарын, ферросиликомарганецті, резеңке және пластмасса бұйымдарын, электр қуатын және табиғи суды өндіру төмендеген. Сонымен қатар, наурыз айында облыстың 6 өнеркәсіп кәсіпорыны (Тараз қаласында – 4, Жамбыл ауданында – 2) қаңтарылып, тоқ­тап тұрыпты. Ал 4 кәсіпорын жартылай жұмыс режімінде істеген. Неге? Жауап: мемлекеттік уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметіне мо­ниторинг жасай отырып, оның ішінде өндіріс кө­лемін төмендеткен және жұмысын тоқтатқан кә­сіпорындардың қызметін талдап, қайта жандан­ды­руға ықпал етпеген. Яғни, тиісті жұмыс жүргі­зілмеген. Тіпті іс-шаралар жоспары да жасалмаған. Өндіріс көлемі қай өңірлерде төмендеді? Олар: Мойынқұм, Жамбыл және Жуалы аудандары. Үкіметте үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен елді индустрияландыру картасы бекітілгені белгілі. Осы құжаттардың негізінде Жамбыл облы­сын индустрияландырудың картасы да бекітілуі қажет. Дегенмен, облыстың индус­трия­лық дамуына ықпал ететін осы құжаттарды орындау барысында кемшіліктер бар. Жер­гі­лік­ті атқарушы органдар инвестициялық жоба­лар­дың іске асырылуына уақтылы мониторинг жүр­гізіп және қалыптасқан жағдай мен мәсе­ле­лерге назар аударып, тиісті шаралар қабыл­дамауына байланысты Мойынқұм ауданының Мыңарал кенті мен Хантау бекетіндегі цемент зауыттарының құрылыстарын аяқтау мерзімі сағыздай созылып барады. Мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2010 жылдың 1 тоқсанында 6,6 млрд. теңгені құ­рапты. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл соманың 3,2 пайызға артық екенін ескерсек, қуануға болатын сияқты. Бірақ түлік төресі түйенің (Жамбыл ауданы – 33,7%), құстың (Сарысу ауданы – 84%, Байзақ ауданы  – 97,5%) саны қысқаруы алаңдатқандай. Қор­дай, Меркі сияқты аудандарда өсімтал келетін “талпақ танаудың” да саны азая бастаған. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп жатқан 4 денсаулық сақтау нысаны мен Шу қаласындағы 780 орындық мектеп құрылысының да “жыры” бітпей қойды. Есеп­тен есепке, баяндамадан баяндамаға “жүргі­зілу­де” деген бір ауыз жылы сөзбен жылжып келеді әйтеуір. Соған қарағанда тиісті басшылар “бұл нысандардың құрылысы қашан аяқталып, халық игілігіне қашан беріледі?” деген нақты сауалдан қашқақтайтын сияқты. Тоқсан тоғысындағы сараптамадан белгілі болғанындай, тұрғын үйлерді пайдалануға беру деңгейі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда Байзақ, Т.Рысқұлов атындағы аудан­дар мен Тараз қаласында төмен болған. Ал Мойынқұм ауданында бірде-бір тұрғын үй пай­далануға берілмепті. Жыл басынан бері ком­му­налдық және ипотекалық тұрғын үй құры­лысына республикалық бюджеттен бөлінген жалпы сома­сы 98,9 млн. теңгені құрайтын мақ­сатты транс­ферт­тер мен несиелердің небары 3,5 млн. теңгесі ғана игерілген. Бөлінген қара­жат­тың игерілмеуі сияқты әсте жол беруге бол­май­тын бұл кемшілік жобалау-сметалық құжат­та­ма­ларға техникалық өзгерістер енгізу сал­да­ры­нан орын алып отырған көрінеді. Конкурстық тапсырыстар беру, кон­курс­тар өткізу және шарттар жасаудағы салғырт­тықтар мен шала­ғай­лықтар тұрғын үй бағдар­ламасын іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатының игерілмеуіне басты себептердің бірі болып отыр десек те болады. Сондай-ақ, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Шу аудандарының инженерлік-коммуника­циялық инфрақұрылым нысандарына бірінші тоқсанда қаржыландыру жоспарына сәйкес кассалық шығындар қарастырылмаған. “Жол картасын” іске асыруда облыстың арт­та қалуы да алаңдатпай қоймайды. Мысалы, жос­парланған 207 нысанның 7-нің сметалық құ­жа­т­тамалары, 6-ның мемлекеттік сараптама қо­ры­тындылары жоқ. Олар: 3 облыстық, 1 қала­лық маңыздағы жолдар, Тараз қаласын абат­тан­дыру, Т.Рысқұлов атындағы аудандағы 2 бала­бақша, Қордай ауданының Отар ауы­лын­дағы сумен қамтамасыз ету жүйесін және су беру құрылғы­ларын жаңғырту, Байзақ ауданы­ның Көктал, Жетітөбе ауылдарындағы бала­бақ­шалар, Қордай ауданының Сортөбе ауылын­дағы, Меркі ауда­нының Ленин жолы, Аңдас батыр ауылдарындағы мектептерге байланысты жобалар болып табылады. Таңғаларлығы, көптеген облыстарда кон­курс­тық жұмыстар толығымен аяқталған. Бөлін­ген қаржы республика бойынша орташа есеппен 12,6 пайызға игерілген, ал Жамбыл облысы бойынша бұл көрсеткіш небары 0,7 пайызды ғана құрайды. Мәліметтерге қарағанда, қазіргі қалыптасып отырған жағдай қанағаттанарлықсыз. “Жол кар­тасы” бойынша әлеуметтік жұмыс орында­рын ашу және жастар тәжірибесі бағдар­ла­ма­сын ұлғайту жөніндегі жұмыс жоспардағы дең­гей­де жүргізіл­меуде. Үстіміздегі жылдың 23 сәуі­ріне жоспар­ланған 2400 әлеуметтік жұмыс орындарының 1530 немесе 63,8 пайызы ашыл­са, жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша 3000 орынның 1260 немесе 42 пайызы ғана ашылған. Осы себептердің салдарынан әлеу­мет­тік жұмыс орындарын ашуға бөлінген қар­жы 41 пайызға, жастар тәжірибесі бағдар­ла­масы 75 пайызға игерілген. Денсаулық сақтау бойынша бірінші тоқ­санда ана өлімі Т.Рысқұлов атындағы, Сарысу аудандарында және Тараз қаласында тіркелген. Бала өлімі Т.Рысқұлов атындағы, Меркі аудандарында және Тараз қаласында орташа облыстық көрсеткіштен жоғары. Ал Байзақ және Жамбыл аудандарында медициналық кадрлар тапшылығы сезілуде. Облыста аз қамтылған отбасылардағы балалардың 81,5 пайызы (21,6 мың) тегін тамақ­пен қамтылыпты. Дейтұрғанмен, Байзақ, Қордай, Меркі аудандары және Тараз қала­сында бұл көрсеткіш орташа облыстық көрсеткіштен төмен болуы қынжыларлық. “Шыдамның да шегі бар”. Жақында болып өткен алқа мәжілісінде облыс әкімі Қанат Бо­зым­баев бозборан боп ашуланды. Ашулана­ты­нын­дай бар, облыс аумағын абаттандыру, кө­рік­тендіру, сани­тарлық тазалау айлықтары Қор­дай, Сарысу аудандарынан басқа аудан­дар­да және Тараз қала­сында тапсырылған талап деңгейінде жүргізілмепті. Облыс орталығын­дағы Сейфуллин, Желтоқсан, Ташкент, Қапал көшелерінде талдар әктелмеген, темір жол бой­ындағы арықтар ескерту жасалғаннан кейін ғана тазаланған, ал күл-қоқыс төгілетін арнайы алаңдар заңдастырылып, әлі қоршалмапты. Талас ауданында да тазалық жағы тапшылау болып тұр екен. Мысалы, Тамды ауылындағы Қойгелді батыр мектебінің спорт залы қоқыс тастайтын орынға айналыпты дегенді естігенде өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Содан кейін біліксіз мектеп директоры мен орынбасарлары үшін ұяттан бетіміз өртенді. Ақкөл ауылындағы тазалық мәселесінің ұмыт қалғаны да қын­жылт­ты. Көктемгі көріктендіру, көгалдандыру мен санитарлық тазалық мәселесі Меркі ауда­нында да ақсап жатқан сияқты. Күл-қоқыстар халықаралық жол мен футбол алаңдарында “мені көрдіңдер ме” дегендей менмұндалап жатыр екен. Т.Рысқұлов атындағы ауданда жұмыссыз­дық деңгейі өсе түскен. “Жол картасы” ая­сында пайдалануға берілуге тиіс балабақшалар кешеуілдеуде. Тұрғын үй құрылысының қар­қы­ны да төмен. Аудан әкімінің жұмысы рейтинг бойынша соңғы орындардың бірінде тұр. Сонымен Қ.Бозымбаев бірінші тоқсанның көрсеткіштері бар, басқасы бар бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларына сөгіс жа­риялап, ескерту берсе, бірқатарына қызметтері­нен қоштасатынын айтты. Олардың ішінде энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Е.Көшербаев, жұ­мыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының бастығы Қ.Бекболатов және Тараз қаласының әкімі Е.Астаев, Талас ауданының әкімі О.Жиенқұлов пен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданның әкімі А.Нұралиев сөгіс, ескерту сияқты тәртіптік жазамен “же­ңіл” құтылса, ал өзіне сеніп тапсырылған сала­ны өрге домалата алған кәсіпкерлік және өнер­кәсіп басқармасының бастығы Г.Құшанова мен жұмыстары тоқтап тұрған кәсіпорындарды іске қосу, республикалық индустриялық-иннова­ция­лық бағдарламаны жүзеге асыру, инфляция деңгейін төмендету жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы жақ аша алмаған әлгі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары А.Балтабаевпен ендігі жерде жұмыс істесе алмайтынын ашық айтты. Ескерту мен сөгіс алған шенеуніктерге аталған кемшіліктерді түзетуге берілген мерзім де қысқа. Оның үстіне ІІ тоқсанның да төбесі көрініп тұр. Сондықтан ол тоқсанның ашуы бұл тоқсаннан да қаттырақ болатын сияқты. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.