Қоғам • 26 Қыркүйек, 2021

Мұрағаттардың халі мүшкіл

634 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Осы бір орамды ой бүгінгі мақаламызға мәйек болып отыр. Ел Президенті әрбір Жолдауында ұлттың мәдени болмысы хақында толғамды пікір түзіп, әсіресе руханиятқа достық рәуіште ерекше назар аударып келеді.

Мұрағаттардың халі мүшкіл

Әйтсе де, Отанымыздың отыз жылдық тарихында қордаланып қалған мәселелер жоқ емес. Соның бірі – том-том мұрағатымызды сақтайтын мекемелердің мүшкіл халі. Біз, бүгін әңгімеміздің бас­тауын содан өрбіткелі отырмыз.

Асырып айтып отырған еш­теңеміз жоқ, сенбесеңіз Ұлт­тық мемлекет­тік кітап палатасына барыңыз. Ашығын айтқанда, бүгінгі мақаламызға тұз­дық болған сол мәдени мекеменің жа­най­қайы. «Айтпаса сөздің атасы өле­ді» дегендей, ұлт құн­ды­лық­тарын құша­ғына басқан, жақұт жәдігерлердің жанашырына айналған елдегі жалғыз рухани орданың жайын айтып, мекеме қызметкерлері – бір, қаламгерлер – екі қылқылдауын қылқылдап-ақ келеді. Әйтсе де Үкімет үнсіз. Ал Мәдениет ми­нистрлігі ләм демейді де...

Осы тұста Мемлекет басшысының тағы бір пайымды пікірі ойға оралады.

«Бүгінгі заманда кітапсыз, сон­дай-ақ кітапханасыз адамның ойда­ғыдай дамуы мүмкін емес. Бү­кіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мә­­дениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Элек­трон­ды форматтың қарқынды дамып жат­­қанына қарамастан, дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі еш­қашан мәнін жоғалтпайды. Сондықтан біз жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңа­ша көзқараспен қарауымыз қажет. Бұл ретте осы саладағы заманауи үр­діс­­терді ескергеніміз жөн». Жөн сөз! Кітапха­наларымыз заман талабына сай тех­никалық құрал-жабдықтар­мен то­лықтай жабдықталмаса, асыл­да­ры­мыздың аталы сөзі уақыт аранына жұ­тылып кетуі мүмкін.

Күні кеше осы түйткіл төңірегінде сөз қаузап, Мәжіліс депутаты Мақ­пал Тәжмағанбетова Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Ералы Тоғ­жа­новқа депу­таттық сауал жолдады.

«Халықаралық стандарт бойын­ша қағаз өнімдерінің ең ұзақ сақтала­тын уақыты – 200 жыл. Екі ғасырдан астам уақыт аса маңызды тарихи жәдігерлер­ді сақтау үшін мұрағат ғимаратында қажетті техникалар­дың, химиялық қоспалардың, тұ­ра­қ­ты температураны қамтамасыз ете­тін құрылғылардың болуы шарт. Мұ­рағат стандарттарына сәйкес жағ­­дай жасалмағандықтан, мұндай апат­тар­дың орын алуы әбден мүмкін. Бұл мәселе бұған дейін бірне­ше рет көтерілгенімен, өз кезеңінде ше­шіл­меген. Алматы қаласының әкім­дігінен мекемені көшіруге қажетті орын­ның жоқтығы туралы жауап та келген», дей келе депутат осы мәселеге қатысты ұсыныс та білдірді.

Біріншіден – тарихи, ғылыми, әлеу­меттік, экономикалық, саяси, мә­дени республикалық ма­ңы­­зы бар кітапханалар мен кі­тап па­ла­та­сы­ның жалпыға қол жетім­ді­лі­гін қам­­тамасыз ету үшін, бұл меке­ме­лер­дің түгелдей техникалық жағ­дайы реттелуі керектігін айтса, екін­шіден – мемлекеттік мекемелерді, кі­тапха­на­ларды және халықты биб­лио­гра­фия­лық ақпаратпен, шежіре­мен, анық­тамалықтармен қамтама­сыз ете­тін кітап палатасының мұ­рағат қо­рын сақ­тауды жіті назарда ұстау қажет екенін жеткізді. Сон­дай-ақ мұрағат ісін же­тілдіру, ма­териалдық-техникалық базасын жаң­ғырту ісі талапқа сай жүр­гізілуі абзал боларын ашып айтты.

Бүгінде Ұлт­тық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағатын­да алты миллион­ға жуық кітаптар мен газет-журналдар­дың міндетті да­насы сақтаулы тұр. Тіпті еш жерде жарияланбаған ғы­лы­ми құжат­тар да, мемлекеттік саяси оқи­ғалар басылған журналдар да жи­нақтал­ған. Ең көне жәдігерлер­дің шық­қан уақыты 1890 жылдарға тиесілі екен. Бұдан қорытынды шы­ғарудың өзі қорқынышты. Неге де­сеңіз, екі ға­сыр­ды басынан аунатқан шежірелі де­рек­тердің өңі кетіп, тоз-тозы шығуға жа­қын тұр.

Негізінде, Ұлттық мемлекеттік кі­тап палатасы Алматы қаласы, Пу­ш­кин көшесі 2-үй мекенжайында ор­­наласқан. Ғимараттың бірінші қа­ба­тында мекеме қызметкерлері отыр­са, мұрағат қоры осы ғимараттың ­жа­­­нындағы үш қабатты үйде ор­на­лас­­қан ша­ғын қоймада сақтаулы. Мұн­­да мұра­ғатпен қатар қаптаған сау­да орында­ры, асхана мен монша да бар, қарама-қар­сы бетте жанармай бекеті жұмыс істеп тұр. Бұдан бө­лек, мұрағатқа қызметкер­лер де, ізде­ну­шілер де жұмысы сая­быр­сы­майтын базар үстімен өтеді. Көк­тем­де еріген су да мекеме үшін үлкен мә­се­ле болып отыр. Мекеме қыз­мет­кер­лері мұндай уақыттарда құ­­рал-сай­манын алып қар күрейді, су ақ­­қан тұстарды бекітеді. Дегенмен ыл­­ғал­ды температура, сыз және бу, асха­на қалдықтарынан шығатын жа­ғым­­сыз иіс қағаз өнімдеріне барынша теріс әсе­рін тигізіп жатқаны айтпаса да тү­сі­нікті. Кезінде «Саяхат» авто­бе­ке­тінде орналасқан үлкен базарды кітап палатасының екінші қабаты­на әкеп, жайғастырып қойған екен. Базар деген, нағыз өрттің шығар ошағы емес пе?

Өрт дегеннен шығады, үш жыл бұрын мұрағатпен іргелес орналасқан моншадан өрт шығып, мұндағы алты миллионға жуық құнды кітап бір қатерден қалған екен. Төтенше жағдай дабыл қақса да, қам-қарекетсіз әлі отырмыз. Мұндай немқұрайлылық­пен ғасырлық тарихы бар құнды кі­таптарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Алдағы уақытта реставра­ция жұмыстары жүргізілмесе, архивтегі шынайы дәйектердің сиясы ерігелі тұр. Бояуы кеткен қағаздардың бұрын­ғыдай мәні мен сәні болмасы анық.

Бұл мәселені ең бірінші болып Ұлттық мемлекеттік кітап палата­сы­­ директорының орынбасары, бел­­гілі ақын Маралтай Райымбек­ұлы кө­терген болатын. Оның айтуын­ша, па­ла­таның өз алдына басы бүтін жеке ота­уы болуға тиіс, әйтпесе мемлекет кө­зінің ағы мен қарасындай бол­ған жау­һарларымыздан айырылып қа­луы­мыз ғажап емес.

«Менің кітап палатасында қыз­мет етіп жүргеніме 3 жылдам астам уақыт болды. Алғаш мұрағаттардың жай-күйін көзіммен көргенімде жүре­гім ауырды. Әр нәрсенің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да болады емес пе? Нысанның орналасқан жері тәуір болғанымен, сын көтермейді. Тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан әр түрлі жағдайлар болуы ықтимал. Әр жәдігердің өз күтімі, сақталу темпе­ратурасы болуы шарт. Ол бізде аты­мен жоқ. Республика көлемінде шы­ғып жатқан барлық басылым, кітап, ғылыми диссертациялардың бір данасы құжат ретінде мөрі басылып, бізде сақталады. Ел іздеген дүниесін осы жерден табады. Бұдан бұрында айтуға оқталған едік, бірақ елімізде түрлі жағдайлар болып кейінге ысырыла берді. Руханиятымыздың жанашыры, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қабылдағанда, осы мә­селені жеткіздік. Содан кейін сең қоз­ғала бастады. Ешқандай мекемемен қабаттаспайтын, жеке есігі бар рес­таврация, цифрландыру жұмыстары жүргізілетін техникалық құрылымы мықты жаңа ғимарат берілсе деген тілек бар», дейді М.Райымбекұлы.

Бүгінде мекеме басшылығы арнайы Сенат пен Мәжіліс депутаттарын шақырып, мәселенің Мәжіліс мінбесіне көтерілуіне жол жасады. Енді ештен кеш жақсы дегендей, тү­йіннің ше­шілеріне сенімді. Бұл рухани орда – мемлекеттің тарихы мен ұлт рухания­ты үшін аса маңызды мекеме екенін ұмытпағанымыз жөн.

Жалпы, елімізде кітапхана қорында 71 миллионнан астам әдебиет пен әртүрлі басылым және олардың кө­шірмелері бар. Жыл сайын кі­тапхана қоры 2,5 миллион құжатпен толық­тырылады. Қазір министрлік бар назарын электронды кітапханаға аударып отыр. Бүгінге дейін 60 231 электронды әдебиет көшірмесі жасалса, оның ішінде 8 мыңы – сирек кездесетін кітап пен қолжазба. Мұны неге айтып отыр дейсіз ғой, бұл игілікті іс – ескі һәм тарихи құжаттарға қайта жан бітірудің қарекеті. Әрине, оқырмандарға жедел және ыңғайлы қызмет көрсету керек-ақ дүние, десе де тұпнұсқаның аты тұпнұсқа, бәрібір бағасы жоғары екенін ескергеніміз абзал. Бүгінге – бағдар, болашаққа – мұра болып қалар қымбат қазына. Оның ғұмырын ұзақ қылу үшін қазіргі стандартқа сай жабдық қажет.

«Кітапханалар анахронизмге айна­лып барады» деп тұспалдай сөйлеп, бү­йір әңгіме таратқандарға Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дауында нақты жауап берді. Сала қызметкерлерінің жалақысын кө­бейтіп, мәртебесін арттыруға жағ­дай жа­салатынын мәлімдеді. Бұл – ХХІ ға­сырдағы қазақтың болмысын тү­зуге жасалған жоралғы. Өйткені өр­ке­ниетті қоғам білімді, зерделі ұр­пақ та­ны­мына тәуелді. Ендеше, мұ­ра­ғат­тарда менмұндалаған жазба бай­лық­та­рымыздың қадірі кетпесін десек, заман талабына сай қам-қаракет жасайық.