Оқиға • 26 Сәуір, 2021

Ұлы ұстаз ұлағаты

881 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл халқымыздың аса көрнекті ағартушысы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсаринің туғанына 180 жыл толып отыр. Осыған орай елордадағы Ұлттық музей мен Қостанай облысының ұлы ұстаз атындағы мемо­риалдық музейі бірлесіп, «Үміт еткен көзімнің нұры балам...» атты дөңге­лек үстел мәжілісі мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, ғалым Серік­бай Оспановтың «Ыбырай жолы» кітабының таныстырылымын өткізді.

Ұлы ұстаз ұлағаты

Жиында алғаш сөз алған Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова тұғырлы тұлғаның айтулы мерейтойы аясында өңірде бірқатар ауқымды іс-шара басталғандығын жеткізіп, облыс басшысы Архимед Мұхамбетовтің құттықтау хатын оқы­ды. Ол хатта «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы шеңберінде Ыбырай Ал­тынсарин кесенесі жаңғыртылып, оның мәңгілік тыныс тапқан жері еліміздің киелі орындар тізіміне еніп, облыс орталығында көрнекті қайраткердің еңселі ескерткіші бой көтергендігі ай­тыл­ған. Сонымен бірге Білім және ғы­лым вице-министрі Шолпан Карино­ва ағартушының есімін ардақтау мақ­сатында еліміздегі білім ордаларында еңбек етіп жүрген парасатты педа­гогтерге «Ыбырай Алтынсарин медалі» белгіленіп, оны жыл сайын 230-дан аса ұлт ұстазының сара жолын жалғаған мұғалімдер иеленетіндігін атап өтті. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың да құт­тықтау хаты оқылды.

Осындай құттықтаулар легінен кейін ұлы ұстаз ұлағаты жайында келелі әңгі­меге жалғасты. Ыбырай Алтын­сарин туралы толғамды ой айтып, кө­лемді ма­қала жазып жүрген филология ғылым­дарының докторы, профессор Серік Негимов салмақты сөз сабақтады.

– Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақта үш мұнара  бар, олар: Абай, Шоқан, Ыбырай» деп айтыпты. Ыбырай – өз заманының көрнекті тұлғасы болған, 1888 жылы 75 күннің ішінде алты мектеп ашқан. Бұл – енді ғажап нәрсе. Сонымен қоса физика, химия пәндерін енгізіп, оны оқу құралдарымен қамтамасыз еткен. Ыбырай оқытушылықты бәрінен жоғары қойған. Мәселен, оның: «Үкімет бұйрықтары да, инспектор бақылаулары да және хрестоматия оқулықтары да оқытушының тұлғасын ауыстыра алмайды» деген сөзі қазір де өзектілігін жоғалтқан емес. Ұстаздың әрбір ісі­нен, қызметінен оның ұлт патриоты болған­дығын көреміз. Сондықтан қазіргі дербес заманда айтулы тұлғаның 180 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуміз қажет. Осы орайда бір-екі ойым­ды айта кетейін. Біріншіден, Ы.Алтын­сари­н­нің академиялық басылымын қай­та шығару қажет. Екіншіден, 2022 жылды «Ыбырай жылы» деп атайық. Үшін­шіден, Қостанай әуежайына көрнек­ті ағартушының есімін берейік. Төртін­шіден, Қостанай облысы бас болып, елорда төрінен ұлы ұстаздың еңселі ескерткішін тұрғызса деймін, – деген ұсынысын жеткізді.

 Ал педагогика ғылымдарының кандидаты, ыбырайтанушы-ғалым Тана Қоңыратбай қайраткердің хаттары жа­йында ой қозғады.

– Ыбырай Алтынсарин хаттарынан сол заманның бейнесін байқаймыз. Егер ұстаздың осы хаттары болмаса, бүгінгі зерттеушілер Алтынсаринді бар қырынан аша алмаушы еді. Хаттар деп отырғанымыз – Алтынсариннің халық ағарту мәселелері жөніндегі ұсы­ныс­тары мен ескертпелері, іс-құжат­тары, рапорттары, есептері, ресми стильде жазылған іс-қағаздары. Әр хаттың жазылу тарихы қызық. Әңгімені «Қазақтың болыстық мектептері туралы запискадан» бастайық. Осы жазба сол кездегі шенеуніктер арасында әжептәуір дау туғызған. Бұл кезде Ы.Алтынсарин Торғай облысы мектептеріндегі инспектор қызметінде жүрген. Ыбырайдың ізденісі патша шенеуніктеріне ұнамай, оларды алаңдатқан маңызды құжат саналды. Олар оны 1886 жылы Орынбор округіне жолдап, одан әрі генерал- губернаторға, сосын оқу министріне жылжытып, бір жылдай талқылаған. Осы записка Торғай облысы генерал- губернаторының болыстық мектеп ашуға наразылығын туғызды, – деп ағартушы өміріндегі бір тарихтың сырын ашты.

 Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде алғашқы «Қазақ» газетін ашқан, оны қолымен жазып, 1880 жылы жобасын дайындаған Ыбырай Алтынсарин екенін біреу білсе, біреу білмейтіндігін айтса, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы мен Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл де өз ойларын бөлісті.

Сонымен қатар жиын аясында ыбырайтанушы ғалым Серікбай Ос­пановтың «Ыбырай жолы» кітабы таныстырылды. Оқырманға жол тарт­қан жаңа жинақ алты бөлімнен тұ­рады. Онда Ыбырай Алтынсариннің шығармашылығы, қай­раткерлік қыры, ағартушының айна­ласындағы адамдар мен ізбасарлары ту­ралы кеңірек мағлұмат берілген.

«Мен отыз жылдан бері Ыбырай ба­бамды зерттеп келемін. Ол кісі жайын­да біраз шығарма жазылғанымен аз зерттелген. Бүгінге дейін ұстаз туралы он үш кітап шығардым. Осы жаңа кітабыма Мәскеу, Орынбор, Омбы, Қазан және еліміздегі мемлекеттік архивтен алын­ған материалдар топтастырылды» деді автор.

Мазмұнды іс-шара соңы Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин ме­мориалдық музейінің «Даланың дара ұста­зы» атты көшпелі көрмесіне жалғас­ты. Бұл көрмеге Ыбырай атамыз­дың «Шариғатул-ислам» кітабы­ның түпнұс­қасы, Торғайда 1864 жылы ашқан тұң­ғыш қазақ орта мектебінің саман кірпі­ші, ұстаз ашқан мектептердің қоңырау­лары және мектептердің карта­сы мен макеттері, Ыбырайдың нағашы атасы Шеген бидің шапаны, тұтын­ған келі-келсабы, әдеби мұралары, этнография­лық очерктері мен архивтік фотоқұжат­тар секілді елуден аса құнды жәдігер қойылған.