Аймақтар • 13 Шілде, 2020

Тараз қаласына ыстық су қашан беріледі?

990 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаз мезгілі келе салысымен Тараз қаласында ыстық судың мәселесі туындайды. Яғни, көшелердегі жерасты су құбырларының жөнделуіне байланысты облыс орталығындағы ыстық су да өшеді. Жыл сайын не ол жөнделіп те бітпейді. Әрбір жыл сайын қайталанатын жағдай осы. Өткен жылы Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарып жүргенде енді Таразда ыстық судың өшпейтінін айтқан болатын. Бірақ өңірде жағдай өзгеріп, басшылық ауысқан соң бұл мәселе "баяғы жартас, сол жартас" күйінде қалды. Биыл да Тараз қаласында ыстық су өшкен соң әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар жергілікті билікке өз наразылығын білдірген еді.

Тараз қаласына ыстық су қашан беріледі?

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тиісті басшыларға алдағы бірнеше күн ішінде тараздықтарды ыстық сумен қамтамасыз етуді қалпына келтірудің шешімін табуды тапсырды. Әкім ыстық судың өшуіне байланысты әлеуметтік желілерде тұрғындардың наразылық білдіріп жатқанын атап өтті. "Ыстық су төңірегіндегі мұндай келеңсіздік жылда қайталанып келеді, бірақ соған қарамастан нақты шаралар қабылданбайды. Алайда, биылғы жағдай мәз емес. Қазір көптеген адамдар үйде карантинге қамалып отырған кезде біз олардың денсаулығына бей-жай қарай алмаймыз. Күн сайын маған Тараз тұрғындарынан ондаған өтініш келіп түседі. Бүгінгі таңда барлық күш-қуат адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталып жатқан кезде, ешқандай босаңсу мен кемшілік кешірілмейді", деді ол. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, ыстық су жоспарланған жөндеу жұмыстарына байланысты өшіріліпті. Тараз қаласындағы 1312 тұрғын үйдің 1253-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Оларға "Таразэнергоорталық" АҚ, "Жамбыл Жылу" ЖШС, "София" ЖШС, "Жамбыл ГРЭС" және "Таразтрансэнерго" мемлекеттік қазыналық кәсіпорны қызмет көрсетеді. Бүгінде жылу жүйесін қайта құру және жөндеу бойынша 17 жоба жүзеге асырылуда. Келісімшарт бойынша мердігерлер нысандарды қазан айында тапсыруға міндетті екен. Алайда, Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, бұл мерзімді тым ұзақ. Дегенмен, облыс орталығына жаппай ыстық судың қашан берілетіні де белгісіз.

Жамбыл облысы