07 Сәуір, 2010

АПТА АЙШЫҚТАРЫ

532 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
НЕМІСТЕРМЕН БАЙЛАНЫС НЫҒАЮДА Германия Федеративтік Республикасының Бас консулы Герольд Амелунг бастаған делегация Жамбыл облысында болды. Делегация құрамында Орталық Азия мен Қазақстандағы Германия экономикасының өкілдігі, Алматы қаласындағы Гете атындағы институты, Германияның академиялық алмасулар жөніндегі қызметі, Техникалық байланыстар жөніндегі қоғам мен “Фридрих Эберт” қоры бар. Сондай-ақ, коммерциялық компаниялар тарапынан “Сименс Қазақстан” ЖШС, “Robert Bosch” - Thermotechnіk Bosch ЖШС, Wіrtgen Іnternatіonal GmbH, C.Іllіes&Co, Алматы Строй Инструмент және Allіanz Қазақстан сақтандыру компаниялары өкілдері де бірге болды. Бүгінде облыстағы 8 өндіріс орны неміс елімен тұрақты әріптестік байланыс орнатқан. Қонақтарды жылы қабылдаған Жамбыл облысының әкімі Қ. Бозымбаев оларды облыс тарихымен, экономикалық жағдайымен таныстырды. Кездесу барысында өзара байланыстар туралы бірнеше меморандумға қол қойылды. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы. ЗАҢГЕР КӨП, ВЕТЕРИНАР ЖОҚ Биылғы “Жұмыс жәрмеңкесі” А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде екі күн бойы өтті. Алғашқы күні жұмыс берушілерге оқу орны ауыл шаруашылығына қажетті және инженерлік, экономистік мамандықтарды ұсынды. Ал екінші күні олар өздерінің болашақ қызметкерлерін гуманитарлық, заң және ақпараттық технология факультеттерінен таңдауға мүмкіндік алды. Жыл сайын дәстүрлі өтетін бұл жәрмеңкеге облыс аумағынан сексеннен аса кәсіпорын, мекеме басшылары қатысты. Экономиканың дамуына байланысты “жұмыс жәрмеңкесінде” сұранысқа ие мамандық түрлері көбейіп келеді. Соның арасында соңғы жылдары мал дәрігері мамандығын сұрайтындар өте көп. Мұнан кейін болашақ филологтар мен программистерді қызметке шақырғандар да баршылық болды. Ал заңгерлер мен экономистерге облыстың еңбек рыногында ешқандай қажеттілік жоқ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ. ҮЗДІК ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ Облыста екінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытатын ұстаздар арасында жоғары нәтижеге жеткен үздік мұғалімдер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Облыс әкімі тағайындаған грант пен “Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік мұғалімі” атағын қазақ мектептері ұстаздары арасынан Шалқар ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы орта мектептің мұғалімі Сая Төлеуова, ал орыс мектептері ұстаздары арасынан Алға ауданы, Шибаевка орта мектебінің мұғалімі Берік Оразов иеленіп, бірінші дәрежелі диплом мен бір жыл бойы ай сайын еңбекақыларына қосылатын 50 мың теңге грантты жеңіп алды. Екінші дәрежелі дипломға ие болған үш ұстаздың әрқайсысына бір реттік 170 мың теңге, үшінші дәрежелі диплом алған бес мұғалімнің әрқайсысына бір реттік 120 мың теңге ақшалай сыйлық тапсырылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. ДӘСТҮРЛІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ “Петро Казақстан Құмкөл Ресорсиз” АҚ-тың спорттық-сауықтыру кешенінде 300 жетім, мүгедек және аз қамтамасыз етілген отбасыларының балаларына арналған дәстүрлі қайырымдылық акциясы өткізілді. Қайырымдылық шарасын аталмыш қоғамның басқарма төрағасы Фан Цзячжун құттықтау сөзбен ашып, бұдан соң театрландырылған көрініс қойылып, ұлттық салт-дәстүр паш етілді. Бүлдіршіндерге арнайы дайындалған сыйлықтар тара­тылып, қайырымдылық шарасын қала өнерпаздары ән шашумен өрнектеп отырды. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда. ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ Жақында Аягөз ауданының әкімі Нұрғали Әзімбаев “Туған жерге тағзым” акциясы аясында бір топ іскер адамдармен жолықты. Олар өздерінің кіндік қаны тамған жерлерінің көркеюі үшін қаржы аямай, көмек жасайтындарын тілге тиек етті. Н.Әзімбаев биыл атқарылатын шаралар жөнінде әңгімеледі. Сонымен, аягөздік іскер жандар жыл көлемінде 700 миллион теңгені аудан экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне аударатын болды. Несі бар, құптарлық бастама. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, ягөз ауданы. КҮН ТӘРТІБІНДЕ ЭКОЛОГИЯ МӘСЕЛЕСІ Алматы облысы бойынша Балқаш-Алакөл экологиялық департаментінде “Инновациялық жобаларды экологиялық-экономикалық бағыттау” жөнінде арнайы мәселе қаралды. Жиында, сонымен қатар, өндірістік-экологиялық бақылауды жүзеге асыру бойынша 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламадағы экологиялық сараптамаларға мониторинг жүргізу, өндірістік қалдықтар мен оларды тұтыну туралы мәселелер талқыланды. Өткен жылы осы мәселелерге бюджеттен 5,6 млрд. теңге бөлініп, оның 479,3 млн. теңгесі облыс, 5,1 млрд. теңгесі Алматы қаласына бөлінгені, экологияға қатысты бағдарламалардың орындалғаны да айтылды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ Солтүстікқазақстандықтар Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО халық мұғалімі, “Парасат”, “Қызыл Жұлдыз” ордендерінің иегері Григорий Кубраковтың есімін Мамлют санаторий-мектеп интернатының тұңғыш директоры ретінде үлкен құрметпен атайды. Ұйымдастырушылық қабілет-қарымы зор талантты педагогтың 90 жылдық мерейтойы ол ширек ғасырға жуық басшылық еткен білім ұясында кеңінен аталып өтті. Оған облыс әкімі Серік Біләлов, марқұмның туған-туыстары, әріптестері, шәкірттері қатысты. Саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған оның құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Аймақ басшысы ұжымға үй кинотеатрын тарту етті. Ресейдің Челябі облысында тұрып жатқан қызы Наталья Воронцова айтулы шараға арнайы келіп, әкесі жайлы тебірене сыр шертті. Ұлы Жеңістің 25 жылдығы кезінде оның бастамасымен егілген ағаш көшеттері бүгінде мектеп маңын саялы баққа айналдырған. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.