Қызылордада пробация есебінде тұрған сотталған азамат электронды бақылау құрылғысын мас күйінде үзіп тастағаны үшін жазасының қалған бөлігін түрмеде өтейтін болды.
Қызылорда қалалық пробация қызметінде тіркеуде тұрған Р. есімді азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Оған пробациялық бақылау орнатылып, электронды білезік тағылған еді.
Алайда ол сот белгілеген міндеттерді жүйелі түрде орындамай, жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған. Пробация қызметкерлерінің төрт рет берген ескертуіне де құлақ аспаған.
– Бұл азамат жазаны өтеу тәртібін бірнеше мәрте бұзды. Соның үстіне мас күйінде болып, электронды құрылғысын өз еркімен үзіп тастаған. Жүргізілген тәрбиелік шаралар нәтиже бермеген соң, іс материалдары сотқа жолданды. Сот қаулысымен жазасының өтелмеген бөлігі – 1 жыл 8 айы – бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, ҚАЖД мекемесіне жіберілді. Жыл басынан бері жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзған 18 сотталған мекемеге жіберілді, – деді мекеме қызметкері Гүлнұр Байсариева.