06 Сәуір, 2010

ЕЛБАСЫ ҚАБЫЛДАДЫ

565 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “ҚазАгро” ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Асылжан Мамытбековті қабылдады, деп хабар­ла­ды Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. А.Мамытбеков Президентті холдингтің 2009 жылғы жұмыстарының қорытындылары мен ағым­дағы жылға белгіленген міндеттері туралы хабардар етті. Атап айтқанда, мал шаруашылығы саласы өндірісінің өнімдерін және Қазақстаннан экспортқа шығарылатын еттің мөлшерін арттыру жөніндегі мәселелер талқыланды. – Мемлекет басшысы аграрлық азық-түлік рыногын одан әрі тұрақтандыру, импортқа тәуел­ді­лікті азайту, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін ұлғайту, сонымен қатар аграрлық сек­тордағы еңбек өнімділігін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді, – деді А.Мамытбеков. *  *  * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдас­бековті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. М.Жолдасбеков орталықтың ағымдағы жұмысы, соның ішінде қазіргі Қазақстанның тарихына қатысты кітаптар шығару ісі туралы әңгімеледі. – Мен бүгін Президентке алғашқы 14 томды табыс еттім, олар “Тәуелсіздік шежіресі”, “Елмен сырласу”, “Ел басшысы жолдады – елі қолдады”, “Әлем Қазақстан туралы, әлем Президент туралы” атты төрт сериядан тұрады. Біз биыл осы жобаның тағы да 19 томын баспаға дайындаймыз, жалпы 2015 жылға қарай барлығы 138 том шығаруды жос­парлап отырмыз. Бұл басылымдар жас ұрпақты Ота­нымыздың тарихымен таныстырады, олардың бойына отаншылдық рухын сіңіруге септігін тигізе­ді. Президент біздің бұл ісімізді құптады, – деді М.Жолдасбеков. *  *  * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрі Жансейіт Түйме­баевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Ж.Түймебаев Президентті білім беру жүйесінің бүгінгі жай-күйінен және келешек даму бағытынан хабардар етті. Қазақстан баршаға білім беру ісін дамыту индексі бойынша 2009 жылы әлемнің 129 елі ішінен бірінші орын алды және Орталық Азиядан Болон үдерісіне тұңғыш қосылған мемлекетке айналды. Кездесу барысында білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жо­ба­сы, Қазақстан Республикасы Парламентінің қарау­ын­дағы “Ғылым туралы” жаңа заң жобасы, сондай-ақ Астанада биыл 26-27 сәуір күндері өтетін ТМД ел­дері мұғалімдері мен педагогтарының бірінші съезін өткізуге дайындық барысы жөнінде әңгіме болды. – Соңғы 19 жылда мұндай деңгейдегі съезд бірінші рет Қазақстанда өтейін деп отыр. Бұл біздің ТМД көлеміндегі зор беделіміздің бір белгісі. Мен бұған қоса Түркі академиясын құру үдерісі туралы баяндадым. Академияның ашылуы Түрік Рес­публикасының Президенті Абдолла Гүлдің биылғы мамыр айында болатын Қазақстанға сапары уақытына жоспарланып отыр, – деді Ж.Түймебаев. Министр білім беру саласына ерекше көңіл аударылып отырғаны, биылғы 1 сәуірден бастап жал­ақы мен шәкіртақының 25 пайызға ұлғай­тыл­ғаны үшін барлық мұғалімдер, педагогтар және сту­дент­тер қауымы атынан Мемлекет басшысына алғыс айтты.