06 Сәуір, 2010

СЫНДАРЛЫ СӨЗ, БАЙЫПТЫ БАЙЛАМ

767 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Известия” газетінде жарияланған мақаласы бүгінгі таңда адам­зат баласын алаңдатып отырған аса өткір тақырыпқа – ядролық сынақтарға жан-жақты тый­ым салу мәселесіне арналған. Ядролық сынақ­тар­дың зардабын қырық жылдан астам уақыт бойы тартқан қазақстандықтар үшін оның жан­ды түршіктіріп, қабырғаны қайыстыратынын ма­қа­лаға байланысты редакция поштасына түсіп жат­қан хат-хабарлардан да анық аңғаруға болады. Елбасымыздың “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” деген тақырыппен “Известия” газетінде жарияланған мақаласы қолымызға Семей өңіріне Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның келер қарсаңында тиді. Ал біздің пайымдауымызша, бұл сәйкестіктің де себебі жоқ емес секілді. Өйткені, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап әлем деңгейінде ядролық сынақтарға қарсы үн көтеріп, дүние жүзі бойынша қарсылық күнін белгілеу жөніндегі бастамасы БҰҰ тарапынан қолдау тапқаны белгілі. Мәртебелі мейманның Семейге сапары қарсаңында бір топ шет­ел­дік журналистер біздің институтта болған еді. Сондағы бір әредікте Елбасының мақаласы туралы сөз қозғалмай қалмады. Шындығында ондағы тың ойлар ядролық қауіп­сіз­дік мәселелеріне жаңаша көз­қа­распен қарауға жетелейді. Ядролық сынақ дегенді басынан өткерген, қиян-кескі алапатты көзбен көрген полигон аумағындағы елді мекен­дердің тұрғындары үшін Елба­сы­мыз осы мақаласында көтерген тарат­пау саласындағы бүгінгі ахуал көңілдегі­ден көп төмен жатқаны анық. Нұрсұлтан Назарбаев таратпау саласындағы кемшін тұстарды айта келіп, оны түзетудің оңды жолда­ры­на орай өз ойларын ортаға сал­ған. Әсіресе, Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит алдындағы Ел­ба­сы тарапынан айтылған нақтылы бес ұсыныс саммитке қатысушылар тарапынан қолдау табатындығына сенімдіміз. Осы орайда егемен еліміз ке­ше­гі Семей ядролық сынақ поли­го­нының зардаптарын сейілту, одан зардап шеккендерді сауықтыру ісі­мен тұрақты түрде айналысып келе жат­қандығын айта кеткеніміз жөн болар. Семейде біздің институ­ты­мыз­дан тыс диагностикалық орта­лық, онкологиялық диспансер жұ­мыс істейді. Олардың материалдық базасы еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі жерде нығая түсті. Өз институтымызға келетін болсақ, оның іргетасы осыдан елу жыл­дан астам уақыт бұрын дис­пансер ретінде қаланғанымен, сол кездегімен салыстырғанда екеуінің арасы жер мен көктей. Қазірде біз­дің ғылыми-зерттеу институты әлем­нің бірқатар ғылым ошақ­тары­мен тығыз байланыста. Әлемде ядролық қаруды таратпау да, оның бұған дейінгі салдарын жойып, зардап шеккендерді сауықтыру ісі де бір сәт назардан тыс қалмауы тиіс деп білеміз. Елбасы тарапынан айтылған сындарлы сөз, байыпты байлам соған жетелейді. Қазбек АБСАЛЫҚОВ, Радиациялық медицина және экологиялық  ғылыми-зерттеу институтының директоры,  медицина ғылымдарының докторы, профессор. СЕМЕЙ. *  *  * Біз соғысты көрмесек те, ауыр зардабын тартқан ұрпақпыз. Бұға­на­мыз қатпай жатып еңбекке ара­лас­тық. Майданда жаумен арыс­тан­ша арпалысқан әкелеріміздің, аға­ла­рымыздың амандығын тілеп, таң атқаннан күн батқанға дейін үл­кен­дер­ден қалыспай жұмыс істеп, жеңіс­ті жақындатуға өз үлесімізді қос­тық. Тірі жетім атанған кешегі бала бүгінде ата жасына жетсе де алаңдаулы. Бейбіт кезеңдегі ядро­лық сынақтар, Семей полигонын­да­ғы алапат жарылыстар аналардың ұйқысын қашырды. Еліміздің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев осыдан 19 жыл бұрын Семей ядролық полигонын жабу жөніндегі Жар­лыққа қол қойып, мыңдаған жанның өмірін ажал тырнағынан арашалап қалды. Қазақстанның ядро­лық сынақтарға қарсы батыл бастамасы, бейбітсүйгіш саясаты әлем жұртшылығының назарын аударып, кең қолдау тапты. Елба­сы­мыз өз сөздерінде ядролық қару­ларды таратпау жөніндегі ұстаным­дарын ашық білдіріп, алып ауқым­ды әлемді ядролық қауіпсіздік аймаққа айналдыру туралы батыл байламдарын талмай айтып келеді. Н.Назарбаевтың “Известия” газетінде жарияланған мақаласы адам­зат басына төнген қауіп-қатер­ді, қауіпсіздік тетіктерінің жаңаша жолдарын дұрыс нұсқай білген. Бүгінгідей жаһандану дәуірінде, ғаламат технологиялар үрдісінде қауіп­сіздік мәселесі өте түйінді мәсе­леге айналып отыр. Өйткені, ядролық державалардың адамзатты қырып-жоятын қаруларды қысқар­ту­дың орнына өзара бәсекелестікке түсуі қатты ойландырады. “Ойнақ­та­ған от басар” дегендей, оның арты жақсылыққа апармайды. Бетін аулақ қылсын, ядролық соғыс тұ­тан­ғ­ан жағдайда жеңімпаздың, үшін­ші жаһандық соғыс ардаге­р­лері­нің болмайтынын, адамзатқа ғана емес, Жер-анамызға зор қатер төнетінін естен бір сәт те шығар­мауы­мыз керек. Мемлекет басшы­сының ұсыныстары Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік жөнін­дегі жаһандық саммитте жан-жақты ескеріліп, ресми ядролық елдерге ерек­ше жауапкершілік жүктеле­тіні­не сенімдіміз. Ең бастысы, осынау маңызы зор халықаралық басқосуда қарусыз әлемге қадам жасаудың нақты іс-әрекеттері жасалады деген үмітімізді үзбейміз. Рүстем УӘЙІСОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер қоғамы төрағасының орынбасары.