06 Сәуір, 2010

ЖЕКЕ ӨКІЛДІҢ САПАРЫ

487 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Парламент Сенатының депутаты, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы Төр­аға­сының жеке өкілі Әділ Ахметовтің Ұйымдағы арнайы депар­та­мент­тердің басшылығы және өкілдерімен кездесуінде исламнан қорқушылық пен әлемдегі мұсылмандарды кемсітушілікті жою саласындағы ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері тал­қыланды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. Ә.Ахметов Джиддадағы (Сауд Ара­виясы) ИКҰ штаб-пәтеріне рес­ми сапары аясындағы келіссөз­дері ба­­рысында ИКҰ Бас хатшы­лы­ғын Қа­­зақ­станның ЕҚЫҰ төр­ағасы лауа­­зымындағы қызметімен таныстырды. “Өзара төзімділік, діни алуан­дықты толеранттылық тұрғыда қабылдай білу Астананың ЕҚЫҰ-дағы және тұтас халықаралық аре­на­дағы басымдық­тарының бірі болып табылады”, ­– деп атап өтті жеке өкіл. ИКҰ басшылығы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Батыс пен ислам әлемі, түрлі діндер мен мә­дениеттер арасындағы үнқатысу­лар мен өзара түсіністікті нығайту жөніндегі саясаты мен ха­лықаралық бастамаларына жоғары баға берді. Ислам Конференциясы Ұйы­мы­на мүше елдер исламға және мұ­сылман әлеміне қатысты теріс көз­қарастар мен нанымдарды ең­се­ру ісінде Қазақстанның үстіміз­дегі жылғы ЕҚЫҰ-ға және алдағы жылы ИКҰ-ға төрағалық етуіне зор үміт артып отырғаны айтылды. Тараптар байланысқа әзірлігін білдіре келіп, ынтымақтастықты да­мы­ту­дағ­ы бірлескен нақты қадам­дарды белгіледі. Олардың ішінде ЕҚЫҰ-ның үстіміздегі жылғы мау­сымда Астанада өтетін төзімділік және кемсітушілік мәселелері жөнін­дегі жоғары деңгейдегі конферен­ция­сына ИКҰ делегациясының қатысуы және осы шара аясында көрнекті ислам және батыс ғалымдарын тарта отырып, исламнан қорқушылық мәселелері бойынша жеке семинар өткізу мәселелері бар.