06 Сәуір, 2010

БАС ХАТШЫ КЕЛЕДІ

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
6-7 сәуір аралығында Президенттің шақыруымен Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ресми сапары болады, деді кешегі брифингте Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы І.Омаров. Астана және Семей қалаларына бару сапарын қамтитын бұл кездесуде саяси байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылып, біздің еліміздің басшыларымен өзекті ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысындағы халықаралық проблемалар қамтылмақ. Сапар шеңберінде Бас хатшы бұрынғы Семей ядролық полигонында болып, Ұлттық ядролық орталықпен, радиациялық қауіпсіздік және экология институты жұмысымен танысады. І.Омаров, сондай-ақ БҰҰ-мен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарына жататындығын атай келіп, Қазақстан 1992 жылы бұл ұйымға кірген уақыттан бері өзін БҰҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде ғана емес, сонымен қатар, басты халықаралық ұйымның ішінен беделді орын ала білгенін атап көрсетті. 7 сәуірде Елбасының шақыруымен Украинаның жаңадан сайланған Президенті Виктор Януковичтің Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары өтеді, деп жалғады брифингтегі сөзін баспасөз хатшысы. Сапар барысында екі Мемлекет басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдарда келіссөздері болады. Сонымен қатар, сапардың шеңберінде сауда-экономикалық, отын-энергетикалық салалардағы, мәшине жасау өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешендегі, космос саласындағы және гуманитарлық ынтымақтастық бойынша бірқатар мәселелер талқыланады. 8-9 сәуірде Қазақстан Премьер-Министрі К.Мәсі­мовтің шақыруымен Грузияның Премьер-министрі Николоз Гилауридің Астанаға жұмыс сапары өтеді. Жоспарланған келіссөздер барысында екі елдің үкімет басшылары Қазақстан-Грузия іскер ынтымақтас­ты­ғы­ның жағдайы мен перспекти­валарын, сондай-ақ эко­номикалық дағдарыстың салдарын бірлесіп жеңу үшін қажет шараларды талқыға салады, деді І.Омаров. Оның айтуынша, сапардың қарсаңында, 7 сәуірде Астана қаласында Қазақстан-Грузия сауда-экономикалық ынтымақ­тастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссия­сының кезекті отырысы өтеді деп жоспарлаған. 4-9 сәуір аралығында Қазақстан-Британия сауда-өнеркәсіп кеңесінің төрағасы Д.Статтардтың қасында ілесіп жүретін бизнес-делегация Қазақстан Респуб­ликасына сапармен келеді, деді брифинг соңында баспасөз хатшысы. Сапар барысында Алматы мен Астана қалаларында маңызды кездесу­лер жоспарланған, оның ішінде ҚР Үкіметінің және министрліктер мен ведомстволардың, сондай-ақ ұлттық компаниялардың басшылықтарымен жүздеседі деп күтілуде.