06 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

1435 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
Мемлекет, қоғам, президенттік бас­қа­ру жүйесі, мемлекеттік құрылымдар ту­ра­лы сөз қозғағанда – Президент, оның қыз­метінің қаншалықты нәтижелілігі ту­ралы айтпай кету мүмкін емес. Әсіресе Пре­зиденттің қызметі халықтың көз ал­дын­да, сондықтан да ол қоғамдық пікір­дің үздіксіз назарында, тілдің ұшында. “Біз тәуелсіз мемлекет болдық” деп әлемге жар салған алғашқы сәттен бастап, одан кейін бүкілхалықтық демократиялық сайлау жолымен мемлекет құрылымының президенттік басқару жүйесін таңдадық. Бұл – халықтың таңдауы. Бүкіл халық бо­лып сайлаған Президенттің ресми құ­зы­ры қуатты. Ол жүйе өзінің өміршеңдігін дәлелдеді де. Әрине, қандай да мем­ле­кет­тік институт өздігінен жұмыс істей ал­май­ды. Оның жұмысын көрсететін де, дәлел­дейтін де нақты Адам, Тұлға, сол Адам­ның іс-әрекеті мен жауапкершілігі, білім­ділігі мен біліктілігі, әділдігі мен қай­рат­керлігі. Келер жылы біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге 20 жыл толады. Прези­дент осыны ойлап, оған көбірек мән беріп жүргені белгілі. Тек тарихи мезгілге ғана байланысты емес, біз қазіргі кезде мемлекетіміздің, мемлекеттік құзырлы орындардың, мемлекеттік институттардың қалыптасу құбылысын жан-жақты сарапқа салып, оның жетістіктері мен кемшілік­терін, жіберген қателіктерімізді, олардың себептерін анықтап, сыни баға беруді ескергеніміз абзал. Ол біздің дамуымыз үшін, мемлекетімізді күшейту үшін, болашағымыз үшін қажет. Біздің мемлекеттік тарихымыздағы ең ірі, ең бастапқы алғышартты оқиға – Тәуелсіздігімізге байланысты зерттеулер, мақалалар жарияланып, оқу орында­рын­да, ғылыми-сараптамалық ұжымдарда ғы­лы­ми-тәжірибелік конференциялар, “дөң­гелек үстелдер” өткізілуі әбден орынды. Осы бағытта біздің Конституциямызға сәйкес демократиялық, зайырлы және әлеу­меттік мемлекет құрудың күрделі жол­дарын сараптау саяси-қоғамдық күш­тердің, бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмасы да белгілі. Бүгінгі өміріміздің барлық жетістіктері, ұлтымыздың жаңа замандағы қайта өрлеп, өркендеуі, рухани, экономикалық еркіндігі­міз, дүниежүзілік қоғамдастықпен, әлемнің дамыған ел, мемлекеттерімен тереземіз тең жағдайда қарым-қатынас жасау мүмкін­дігіміздің барлығының да бастауы – біздің мемлекеттік Тәуелсіздігімізде. Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Сон­дық­тан да әрбір қазақ осыны түсініп, қа­дірлей, көздің қарашығындай сақтай ала­тындай санада болуымыз қажет. Тәуелсіз, дербес мемлекет құру кезеңінің өзі қазір тарихтың үлесіне көшіп барады. Жиырма жылда өмірге жаңа ұрпақ келіп, жаңа буын қалыптасып қалды. Тәуелсіздік қар­саңында дүниеге келген буын есейіп, өмір­ге араласа бастады. Олар бүгінгі өмірді “дәл осылай ылғи өздігінен болып тұрған екен, тұрады екен” деп қабылдауы да мүмкін. Тәуелсіз мемлекет құру ісі мен Прези­дент қызметі қатар жүретін егіз ұғым. Біз­дің мемлекет құру ісінде көңілге қоным­ды, рухани санамызды қуаттандыратын шараларымыз баршылық. Ол туралы бел­гілі дәрежеде айтылып та, жазылып та жүр. Мемлекеттігіміздің тарихында баба­ларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандап, қол жеткізе алмай шерменде кеткені анық. Мемлекеттік дәрежеге біздің бүгінгі ұрпақ қол жеткізу бақытына ие болдық. Ондаған, жүздеген жылдарда бұрын-соң­ды болмаған ғажайып өзгеріс, құбылыстар бірнеше жылдар аралығында жасалып, ел игілігіне айналды. Қысқа мерзімде еліміз бұрынғы Кеңес Одағы құлағаннан кейін жайлаған дағ­да­рыс­тан шықты. Ұлттық теңгеміз айна­лыс­қа кірді, жаңа экономикалық қатынастар қалыптасты. Өндіріске жаңа технология келіп, озық дәуірге тән еңбек мамандары өсе бастады. Әлеуметтік тұрмыс жақсар­ды. Өзінің сәулетімен кімді болса да таң­ғалдыратын жаңа Астана салынды. Мек­тептер, жоғары оқу орындарының нысан­дарын, материалдық базасын күшейту мықтап қолға алынды. Денсаулық сала­сы­ның жаңа жүйесі қалыптасып келеді. Дүниежүзіндегі ең озық жабдықтар ауру­ха­наларға орнатылып, қауіпті кеселдерді емдеу қолға алынды. Өнер өрледі. Қазақ­ты әлем таныды. Бізбен басқа елдер са­насатын болды. Мемлекеттігіміз тұрақ­тан­ды. Мемлекетіміздің халықаралық жағ­дайы жақсарып, сенім артып, беделі өсіп келеді. Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткен алғашқы сәттен бастап, бүгінгі күнге дейінгі барлық жетістіктеріміз бен көрген жақсылығымыз, дербес мемлекеті­міз­дің қуаттануы мен абаттануы ең ал­ды­мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен, еңбегі­мен, басшылығымен тікелей байланысты. Президенттің қазақ халқы алдындағы, мемлекет алдындағы атқарған қызметі зор, еңбегі ерен. Нұрсұлтан Назарбаев жаһанның жаңа кезеңінде, қазақ елінің жаңа дәуірін, ұлт рухының қайта өркендеп, өркениетке ұм­тылуын ұйымдастырып, мемлекетіміздің әлемдік бәсеке дәрежесіндегі даму үдері­сіне батыл араласып, қиын да күрделі, ауыр да абыройлы жолын бастады. Бұл – қазақ халқының үлесіне тиген тағдыр мен тарихтың сыйы. Халықтың, ұрпақтың мүмкіндігі. Талай ғасыр өзімізден зор кел­ген саясат пен саяси жүйе тұсында жой­ыл­ған рухани еркіндігіміздің орнын тол­тырып, өркениетті елдер қатарында өмір сүру мақсатында көптеген игі шаралар жүзеге асып жатыр. Мынау, болжауы қиын аласапыран дүниеде кездейсоқ тол­қын­ның жалында кетпей, бірлігі берік, ұстанымы мықты ел екенімізді көрсететін қимыл, іс-әрекет жасау керектігіне бар­лық мемлекеттік құрылымдар жұмылуда. Барлық жақсылық пен өсу, өркендеу көріністері халықтың көз алдында. Осындай мүмкіндікті пайдалана алма­ған өкініштеріміз де жоқ емес. Сол кем­шіліктің ең бастысы да, ең қауіптісі де – қоғамда отаншылдық сана тәрбиелеудегі кемшіліктеріміз. Әуел бастан тәуелсіз­ді­гі­мізге мәз болып, сол тұста өмірге арала­са­тын буынға тәуелсіздік талаптарын, олар­дың рухани құндылықтарын жеткізу мақсатында бірқатар рухани мәдени тәр­биелік, өнегелік шаралар жүргізуге тал­пынсақ та, сананы бірден тұрмыс билеп кетті. Еркін экономиканы желеу етіп, дүниеқорлыққа, өзімшілдікке мей­лін­ше жол берілді. Әсіресе, қолдары бұрын­ғы мем­лекет меншігіне жеткендер мемлекет мүддесінен аулақтап, басқаның есебінен өз жағдайын күйттеуді кәсіпке айнал­дыр­ды. Бай болу – жалғыз мақсат болып, адам­гершілік, тазалық, адал­дық екінші кезекке ысы­рыл­ды. Біздегі үлкен қателіктің басы – “рынок осы екен” деп билігі жеткен арсыз адамдар шімірікпестен халық қаржысына салынған негізгі қор, өндіргіш күштер, жылжымайтын мүлік тағы басқа дүниені қармап, өзара бөліске салды. Олардың ор­тақ мүддесі – баю болды. Ақша үшін бір бірімен ауыз жаласты, бір-бірін атты, шапты, сатты. Кейбіреулер ке­ре­мет, әп-сәтте, бір түйме, бір шеге өндірместен, ші­рі­ген бай боп жатты. Соларға жем болған кейбіреулер тоз-тоз болып, қаңғып та кетті. Және осыны өкінішке орай, тікелей қолында билігі бар адамдар және сол билік өкіл­деріне жақын, сыбайлас адам­дар жасады. Мұндай прин­циппен топтасқан адам­дар тікелей жемқорлықты туғызып, өрістетті. Бұл идео­ло­гия, ақшаға құнығу – әсі­ресе, ана бір жылдарда мей­лінше өріс алды. Сол кезде ақшалыны сыйлап, ақшасыз адамдарды көзге ілмеген, сө­зі­не құлақ аспаған премьер енді шет елден біздің елге рухани құндылықтарды, пат­рио­тизмді уағыздағысы келеді. Мемлекет бүгінгі күні осыдан зардап шегіп отыр. Елбасы осы жылдары талай азамат­тар­ды билік басына көтерді. Негізінен олар­дың көпшілігі өз міндеттерін біліктілікпен атқара алды. Алайда, оларға өз ұлтының, елінің, мемлекеттің алдындағы жауапкер­ші­лік пен жанашырлық сезімі, санасы, түйсігі жетпей жатты. Мәселен, қазақ шенеуніктері үшін Елбасының: “қазақ қазақпен қазақша сөйлессін” деген сөзінен кейін, нендей “тоқпақ” қажет?! Әсіресе, биліктегі адамдардың бойында отаншылдық, патриоттық сана жоқтың қасы дейтініміз осыдан. Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жариялады. Арнайы мем­ле­кеттік агенттік те құрылды. Партия тара­пы­нан да қоғамдық баға беріліп жатыр. Нәтиже де жоқ емес, бірақ жеткіліксіз. Өкі­нішке орай, құқық органдары жем­қор­лыққа қарсы сауатты, тәрбиелік, алдын ала профилактикалық жұмыс жүргізудің орнына, қоғамда үрей орнатып, “пока­зательный” ұстау ұйымдастырып, әртүрлі ведомство бірінің қызметкерін бірі ұстап, сыбайластық пен жемқорлықты одан әрі өрбітті. Құқық қорғау органдары халық­тың, әрбір адамның құқығын, еңбегін қор­ғаудың орнына елді жаппай қорқы­тып, өзіне тәуелді етуге әрекеттенеді. Елбасы өз Жолдауында құқық қорғау органдарына реформа жүргізу қажеттігін айтты. Тек жазалау жолымен жемқорлық пен сыбайластық сияқты індеттен құтылу мүмкін емес. Сананы өзгертетін мем­ле­кет­тік жүйе, мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Қоғам таза болуы үшін адам таза болуы керек. Байлардың қатары көбейіп, тұрмыс жақсы болғанына ұмтылу дұрыс. Таза, адал еңбегімен, өз білімімен байлық құрғысы келген адамға мемлекет тарапы­нан құқықтық кеңістік жасалып, адамның қабілетіне мүмкіндік берілу арқылы қуаттанып жатса құба-құп. Бұл – біздің мемлекеттігімізге бөгет болып келе жатқан мешеуліктер мен зиян­кестіктер. Осы сияқты жағдайлар елдің көңіл-күйіне, адамдардың сенім-нанымына, мінез-құлқына да әсер ететіні түсінікті. Елдің әлеуметтік тұрмысының хал-ахуалы, қоғамдық саяси өмірге ара­ла­суы, рухани, мәдени дүниетанымы, ұлт­ара­лық көзқарасы сияқты толып жатқан сезімтал проблемалардың бір мемлекет ая­сында келісім негізінде қанағаттанар­лық жағдайда сақталуы да, әрине, бас­шы­лықтың, тікелей ең алдымен Президент­тің қайраткерлік саясатының нәтижесі. *  *  * 2010 жылдың 12 наурыз күні мем­ле­кет Президентінің шақыруымен атқарушы билік құрылымдары басшыларының жи­на­лысы өтті. Оған Президент Әкімші­лігінің басшы қызметкерлері, Үкімет мүшелері, облыс әкімдері қатынасты. Бұл шара – әдеттегі жұмыс тәртібімен өткі­зіліп жататын және өткізілуге тиісті де, қалыптасқан кезектегі кездесулердің бірі еді. Онда қаралған күн тәртібі де еліміздің өркендеуіне байланысты жаңа жобалар мен іс-қимыл әрекеттердің барысы, кейбір мемлекеттік құрылымдардың заман талабына сай өзгеруі, соған сәйкес лауа­зымды, басшы қызметкерлердің жаңадан тағайындалуы, ауыс-түйісі дегендей, мем­лекет тіршілігінің аясындағы үйреншікті құбылыстар. Әйткенмен де мұндай жи­налысты Президент өткізсе, оған ха­лықтың қызығушылығы да ерекше. Қоғам әркез Елбасының сөзінен жақсылық нышанын іздеп, күтіп отыратыны қалып­тасқан жағдай. Жиналыстан БАҚ хабар таратып, ондағы әңгіме ауаны дер кезінде қалың жұртшылыққа жеткізілді. Осы жолғы Елбасы сөзін де ел, жұрт жәй ғана “жақсы бопты” деп қайырып қойған жоқ. Ризашылығын айтып, соған байланысты өз пікірлерін де ортаға салып, азаматтық үн қосуда. Әңгіме – Елбасы саясатының байыптылығында. Қаңтар айының соңында жария етілген Прези­дент Жолдауындағы саяси ұстаным, ба­ғыт, бағдарды жүзеге асыру жолдарының айқындала түсуінде. Президент шағын және орта кәсіпкер­ліктің тұрақтанып, тынысын кеңейту, оны бірден бір әлеуметтік бағдарлама дәре­же­сіне жеткізіп, Үкімет, әкімшіліктер тара­пы­нан нақты қолдауға ие болуын қамтамасыз етуге жаңа тапсырмалар берді. Ол тапсыр­ма­лар бұрын да берілген, алайда соны орындау мәселесі ескерілмей жатқаны да ақиқат. Міне, атқарушы билік осы тұрғы­дан өз қызметтерін де, өздерінің көз­қа­рас­тарын да түбегейлі өзгертуі керек. Ресми мәліметтерге қарасақ, шағын және орта кәсіпкерлікпен екі миллионға жуық адам шұғылданып, олар 300 мыңға жуық кәсіп­орындарда еңбек етеді екен. Алайда, шы­ға­рылған өнімге қарасақ – отандық өнім­дер халық тұтынатын тауарлардың 20 пайы­зына да жетпейді. Шағын, орта кәсіпкерлік деп жүргеніміздің дені – яғни 70 пайыздан астамы сауда-саттық, сатып алып, үстеме бағамен тауар сататын ірілі-уақты фирмалар, мықтағанда ресторандар, асхана, кафелер, жүк тасушылар, шаш­та­раз, сән салондары, әртүрлі қызмет көр­сетушілер ғана. Әрине, бұлар да халыққа өте қажет, бұл салаларда кәсіпкерліктің бо­луы құптарлық-ақ және оны да мей­лін­ше өрістете беруіміз қажет. Президенттің тапсырмасы мұқият орын­далса, Үкімет, әкімдер өнім өндіре­тін бағыттарда, атап айтқанда – күн­де­лік­ті тұтынатын өнеркәсіптік тауарлар шы­ғару, тамақ өңдеу, өндіру кәсіп­орын­дарының үлес салмағын арттыруда шұғыл шараларды жүзеге асыруға міндетті. Ша­ғын және орта кәсіпкерлікті ең алдымен табыс көзі ғана емес, еңбек көзі, жұмыс орны деп қараған жөн болар еді. Өйткені, олар шын мәнінде әркімнің тырбанып, еңбек етуінен, әркім өзі белгілі бір тір­шілікпен айналысуынан басталады. Олар – олигархтар, алпауыттар емес. Біздің елдегі есімі белгілі меншік иелері, алпауыт байлардың ешқайсысы да ешқашан ша­ғын немесе орта кәсіпкерлікпен шұғыл­да­нып көрген жоқ. Өкінішке орай, ал­пауыт байлар өз ережелерімен өмір сүреді. Олар бұқаралық, әлеуметтік шағын және орта бизнестің (кәсіпкерліктің) тұрмыс ахуалын білмейді де. Ірі кәсіпорын жұ­мыс­тарын жүргізіп, ел экономикасын қуат­тандырып, салығын адалдықпен тө­леп, елдің әлеуметтік тұрмысына көмек­тесіп жүрген ірі ақшалы адамдар, әрине, заң аясында бола берсін, тіпті көбейгені да жақсы. Бірақ, олар ел арасында сон­шалықты көп емес, мықтаса жүз, тіпті мың адам болсын. Жалпы, ауқатты, тұр­мысы жоғары адамдар тіпті халықтың 20-30 пайызына жеткен күннің өзінде бұл көрсеткіш біздің әлеуметтік тұрмысымыз­дың сапасын көтеріп, алдыңғы қатарлы 50 елдің легіне қоса алмайды. Сондықтан материалдық жоғарғы эшелонда жүрген адамдарға қарап, тұрмыс әлеуетінің шы­найы жүрек соғысын тани алмаймыз. Парламент, Үкімет, әкімдер, сот, құқық орын­дары бұқара халық, көпшілік жағы­на шындап бет бұруға міндетті. Президент тапсырмасынан туындай­тын міндеттерді төмендегідей топтас­ты­ру­ғ­а болар еді. Біріншіден, шағын және орта кәсіп­керліктің жаңа толқын, жаңа дүмпуіне қозғау салатын заңдық, құқықтық негіз, кеңістік жасауымыз керек. Екіншіден, кәсіпкерлікті ынталандыра­тын ұйымдастыру шаралары, қажет бол­ған жағдайда билік тарапынан нақты адам­дарды оқытып, оларды нақты ұжым­дарға ұйымдастырып, материалдық, жаб­дықтық, несиелік көмек көрсетіп, кәсіп­орын ашып, өнім шығаруын бақылап, олар­дың өнімдерін тұтынушыларға жет­кізу жолдарын игеруге көмектесу қажет. Сонда, биліктегілердің де, кәсіпкерлікке келетін адамдардың да көзқарастары өз­ге­реді. Ортақ мүдде пайда болады. Ортақ мүддеден отандық, мемлекеттік сезім туын­дайды, барлық кезеңде ашықтық бо­лып, сыбайластық, жемқорлыққа мүм­кін­дік тарылады. Әрине, мұның бәрі де заң­дық, құқықтық негізде, келісім шарт­тармен жасалуы тиіс. Үшіншіден, кәсіпкерлікке мемлекеттік бюрократияның әміршілдігін, қоқан-лоққысын, заңсыз баса-көктеп бұйрық жүргізуін түбегейлі тоқтату керек. Құқық қорғау органдары өз ведом­ство­лық мүддесінен бас тартып, халық­тың, мемлекеттің қамын ойлап, мүддесін қорғауға көшуге міндетті. Олар елдің тұр­мысын, көңіл-күйін, құқығын, эконо­ми­касын, яғни шағын және орта бизнестің құқы­ғын қорғауы керек. Осы орайда Президент Жолдауында айтқан 2014 жылға дейін кәсіпкерліктің жұмыс істеуіне қажет құжаттардың 60 пайызға қысқартылуын тақау жылдарда-ақ, алдағы бір-екі жылда да жүзеге асы­ру­ға тырысу қажет. Үкіметтің кәсіп­кер­лік­ті дамытудың 2020 жылға жасаған жол кар­тасы еліміздегі кәсіпкерлік ахуалын жа­ңартып, жақсы дәстүрді тұрақтан­ды­рып, өткен жылдардағы теріс нәтиже­лер­ден арылып, тазаруды көздеуі тиіс. Ша­ғын және орта кәсіпкерлікті нағыз бұ­қа­ралық, халықтың көпшілігінің еңбек ор­ны­на, тұрмыс мүмкіндігіне айналдыра алсақ – мақсат та орындалады, өмір сапа­сы да, елдің еңсесі де бірнеше сатыға көтерілері хақ. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікке айрықша мән берілуі тиіс. Үш жыл қатарынан “Ауыл жыл­дарын” да жариялап, мемлекет тара­пынан жыл сайын 50-60 миллиард тең­ге­ден қаржы бөлініп отырды. Ауылды жер­лерде “Ауыз су” бағдарламасына да қаржы бөлінді. Соның қаншасы ауылға жетіп, қаншасының игілігін ел көрді? Сонымен бірге “урбанизация процестері өздігінен ауыл қажеттігін төмендетеді”, “болашағы жоқ 700 ауылды көшіреміз”, “бізге қой өсірудің, мал өсірудің қажеті жоқ, сатып алу әлдеқайда тиімді” деген сияқ­ты солақай науқаншылдықты да бастан кешірдік. Соңғы халық санағының қорытындысы бойынша халқымыздың 48 пайызы, яғни 7,5 миллионға жуық адам ауылды жерде тұрады. Ауылды жерде үйі бар, малы бар адамдарды “өзін-өзі асы­райды” деп жұмыссыздар санына қоспай­ты­нымыз дұрыс па? Ауылдағы адам­дар­дың негізгі құрамы 2-3 фермер немесе ша­руа қожалығының егінін суғарып, малын ба­ғып, маусымдық жұмысын атқа­рып, күнел­теді. Ауылдан шыққан көп­те­ген адамдар үлкен қалаларға келіп, құ­ры­лысқа, көше тазалау жұмыстарына уақыт­ша орналасып, ақша табады. Қалада олар­д­ың ешқандай құқы жоқ, пәтер немесе жатақхана жалдап тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында кәсі­п­кер­лік ұжымдарын ұйымдастыруға жоғары­да­ғыдай көмек көрсетуді атқарушы билік қолға алса ғана – ел тіршілігі оңалады. Ауыл­ды жерлердегі адамдар кәсіпкерлікке жұмылады. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жиналыста жер-жерде көзбояушылықтың етек алып бара жатқанын ымырасыз сынға алып, билік өкілдеріне қатаң ескерту жасады. Көзбояушылықты, ұялмастан, ешнәр­се­ден именбестен, міз бақпай өтірік айта са­луды “саясаткерлік”, немесе “батырлық”, “тапқырлық” деп түсінетін адамдар биліктің беделін аяқ асты ететіндерін түсінбейтіндеріне таңғалмасқа шара жоқ. Қазір мына әлемде ешкім де қол қусырып, қазақтар керемет болып кетсін деп қарап отырған жоқ. Керісінше – алапат бәсекелестік ширығып келеді. Жемқорлықтың бір тамыры да осы көз­бояушылық, жалған ақпарат берушілікте жатыр. Бұл ауру жемқорлықпен, сыбай­ластықпен тікелей байланысты. Ауыл жұртының 60-70 пайызы маусымды жұмыспен күнелтеді. Алған зейнетақысын дәрі-дәрмекке, тұрғын үйінің жылу, су, электр қуаты ақы­ларын төлеуге жеткізе алмай жүрген әлеуметтік топтар саны кемімей тұрғанда, әрине, жетістіктерімізді айшықтап, кем­ші­ліктерімізді азайту жолын іздеуге мін­деттіміз. Бізден озық, өркениетті елдер, мемлекеттер қатарына жеткіміз келетінін, жете алатын мүмкіндігіміз бар екенін айту орынды. Әйткенмен де, өзімізді өзіміз, бір-бірімізді, Елбасын, бүкіл елді алдау, көзбояу дегенді қойып, шынайы кәдімгі лайықты өмір сүруді үйренетін кез жетті. Елбасының осы мәселеге байланысты сергек ой, қатаң талабы халықтың көңі­лі­нен шықты. Ел ризашылығын білдірді. Биліктегілер, құқық органдары, қоғамдық ұйымдар Президенттің ескертуінен тиісті қорытынды шығаруға міндетті. Осылайша, басқару мазмұнын өзгер­тіп, елмен, халықпен ашық жұмыс істеу­дің жаңа сатысына көтеріліп, саяси мә­де­ниетті игеруге ұмтыл­ға­ны­мыз жөн. Сөз жоқ, басқару аппарат­та­рын­да, мемлекет­тік қызметкер­лердің бойында күрделі жұмыстарды жүзеге асыруға дайындық, оған деген құл­шыныс, рухани батылдық, саяси ерік күші міндетті түр­де болуы керек. Бұл талаптар шынайылыққа, адалдыққа, ел, мемлекет ал­дын­­дағы зор жауап­кер­ші­лік­ке негізделсе, көпшіліктің қол­дауына ие болары да сөзсіз. Президенттің талап етіп отырғаны да, өз қызметі, мінезі, болмысымен көрсетіп жүрген үлгісі де, өнегесі де осы. Президент Жолдауда ай­тылған міндет­терді мер­зі­мінде орындауға екпін беріп, күш салуға, мемлекет әлеуе­тін, халық тұр­мы­сын жаңа са­паға көтеретін иннова­ция­лық жобалардың өмірге қосылуына еңбек етіп, жұ­мылуға шақырды. Елдің тұр­мысы жақсарып, құқық сақ­талып, мемлекетіміз сауат­ты­лықпен нығайып жатса – Мемлекет басшысы үшін бұдан артық қандай сый, құрмет болуы мүмкін. Президент тағылымы да, талабы да осы. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбіш­ұлының сол жолғы әңгімесі мен талабы жалпы билік институтының беделін көтеріп, Президентке елдің сенімін арт­тырды. Әрине, Елбасы үшін қалың елдің сетінеусіз сенімінен жоғары құндылық жоқ екені де белгілі. Тәуелсіз мемлекеттігіміздің өткен жыл­дардағы өсу жолына талдау жасау қа­жеттігі ең алдымен болашақ, даму мақ­са­тымен тығыз байланысты. Жоғарыда айтылған жайлардан басқа да толып жатқан сан-салалы өміріміздің күнгейі мен теріскейі де мемлекет бейнесінде қа­лыптасып, өсіп, жетіліп, тұрақтану, даму процестерін сараптап, талдап, оған әділ бағасын беру арқылы болашағымыздың жобасын жасай аламыз. Әрине, мемлекет құру ісі тек жеңістер мен жетістіктерден тұрмайтыны да анық. Ұтыс та бар, ұтылыс та бар. Бұл да табиғилық. Жаңа заман, жаңа тарихтағы мемлекеттігіміздің кел­бе­ті, мазмұны, сапасы бұрын-соңды тари­хы­мызда болмаған оқиғалармен толығып, кескінделіп келеді. Бүгінгі мемлекетіміздің геосаяси кеңістіктегі орны мен атқарар қызметі де басқаша. Қазір дүниежүзілік, жаһандық процестер күн сайын мүлде күт­пеген жаңа талаптар қояды. Соның үр­ді­сіне, екпініне ілесе алған ұлт, мем­ле­кеттер қатаң бәсекелестікке төтеп бере алады. Президенттің басшылығымен біз то­лыққанды мемлекет болып қалыптастық. Ізгілікті, зайырлы ел ретінде, озық өркениетке қабілетті мемлекет, ұлт болып, халық­аралық, әлем дәрежесінде таныл­дық, қабылдандық. Еңсеміз көтеріңкі ел екенімізді сезініп, әлем елдерінің алдында да көрсете алдық. Бұл – Президент қайраткерлігінің, Мемлекет басшысы ретінде тәжірибелі саясаткерлігінің еңбегі. Сол орасан елдік еңбектің жемісі, нәтижесі. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің тәуелсіздігіне азамат ретінде де, басшы лауазымды қызметкер ретінде де мол дайындықпен келді. Бұрынғы Кеңес Ода­ғы­ның Орталық билігі жіберген қателікте­рін жіті қадағалап, мұқият сараптап, олар­дың біздің республикамызда қайталан­бауына дер кезінде білікті шара қолданып, көп жағдайдың алдын алып жүрді. Олай болуына Елбасының өткен адами өмір жолы, жастайынан қоғамның ең күрделі күретамырына батыл араласып, қандай да сыннан қорықпай, тайсалмай, от көсеп, су кешуден тайынбай, қиындықтардан жалтақтамай, желдің өтінен бұқпай еңбек етуі себеп болды. Шымыр, шыншыл, ашық ортада шыңдалды. Әділдік үшін ең қиын кезеңдерде айқаса білді. *  *  * ...1979 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің өнеркәсіп саласы бойынша хат­шы­сы болып, осыған дейін Қарағанды металлургия комбинатында жұмысшы-металлургтен бастап сол облыстың партия комитетінің екінші хатшысына дейін қызмет атқарған 39 жасар Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың бекітілуі сол кез­дегі республикада, тіпті Одақ көлемінде де елеулі оқиға болды. Олай болатыны – бі­ріншіден, оған дейін өнеркәсіп сала­сын­дағы хатшылар әдетте Мәскеуден, орта­лық­тан жіберілетін орыс ұлтының өкіл­де­рі еді. Екіншіден, өнеркәсіп сияқты ең ірі саланы жүргізетін қазақ басшылары мұн­дай жаста сирек кездесетін. Үшін­ші­ден, сол тұста Қазақстанның барлық өңір­лерінде одақтық маңызы бар өнеркәсіп кешенде­рін игеруге айрықша екпін бе­рі­ліп тұрған кезең еді. Төртіншіден, бұл жол­ғы хатшы жастайынан республика, одақ­тық комсомол трибуналарында көр­некті жас металлург, өнеркәсіп сала­сын­да­ғы жас жұмысшылардың белсенді же­текшісі ретінде танылып қалған есім еді. Жас хатшы да “өстім, жеттім” деп ырға­лып-жырғалып жүрмеді. Келе сала-ақ білек сыбанып, іске кірісті. Орталық Комитеттің бұрынғы жүрісіне жаңа дем, жаңа леп берілгендей әсер байқалды. Қысқа мерзімде-ақ бүкіл өнеркәсіп сала­ла­рын сараптап, олардың кемшіліктерін ашық айтып, өзінің ұсыныстарын ортаға салды. Оның тың көзқарастары мен көңілге қонымды ұсыныстарымен кәнігі, тәжірибесі мол, бұрыннан келе жатқан ми­нистрлер, облыс, кәсіпорын басшы­ла­ры санасып, оларды жүзеге асыруға жауапкершілікпен қарап, жаңа басшы талабына сай болуға тырысып бақты. СОКП Орталық Комитетіндегі бөлімдер мен хатшылар, одақтық министрлік бас­шы­лары жас хатшының әрбір қадамын, сөйлеген сөзін қадағалап, айрықша назар аудара бастады. Ол сол кездегі Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің Бі­рін­ші хатшысы, СОКП Саяси Бюросы­ның мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қо­наев­тың толық қолдауы мен сеніміне ие болды. Республиканы басқаратын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюро құрамына алты хатшы, Министрлер Ке­ңе­сінің, Жоғарғы Кеңес Президиумының Төрағалары, Министрлер Кеңесі Төраға­сының бірінші орынбасары, Алматы об­лыстық партия комитетінің бірінші хат­шысы, Орта Азия Әскери округінің Бас қолбасшысы сайланатын. Бұдан тыс үш адам қызметтеріне сәйкес Бюро мүше­лігіне кандидат болатын. Әрине, жаңадан өңірден келген адам үшін осындай орта­ның да өз қыр-сыры болуы да әрі мүмкін, әрі заңды. Бірақ, олардың қай-қайсысы да осы жолдан өткен. Бір-біріне сыйла­сым­дылықпен қарайтын. Бюро мүшеле­рі­нің әрқайсысының өз орны бар. Бірінші хатшыдан кейін, Министрлер Кеңесінің Төрағасы да ерекше билікке ие. Сол кез­дегі тәжірибелі Төраға соңғы жылға дейін еліміздің қадірменді ақсақалы болған Бәйкен Әшімов Нұрсұлтан Әбішұлының қабілетін өмір бақи сыйлап өтті. Сол Бюро мүшелерінің барлығы да жаңа сайланған хатшының сөйлеген сөздеріне зейін қойып, оның қимыл- әрекеттеріне мұқият көңіл бөле бастады. Өйткені, ол әрбір кеңес, мәжілістерге терең дайын­дық­пен келіп, проблемалар тамырын дөп басып, тың ойлар, пікір, ұсыныстар айта­тын. Әрине, мұндай қимыл төңірегін­дегілерді тек сүйсінтіп немесе таңқал­ды­рып, тамсандырып қана қоймай, олардың да қызмет, мінезіне қозғалыс салатын. Кейбіреулері бойын жинап, өзінің де дайындық, мүмкіндігін ширататыны анық. Басқалар байқап, мән бере алмаған жәйт-жағдайларды бұрынырақ байқап, ұтымды шешім айта алған адамға қол­даушылықпен қатар, іштей қызғанышпен қараушылық болып жататыны да белгілі. Н.Назарбаев өзі хатшы болған жыл­дары өнеркәсіп салаларының күнделікті жоспарлы дамуымен қатар республика үшін маңызы бар ірі-ірі жобалардың жүзеге асырылуына бастамашылық ете  алды. Еліміздің батыс облыс­та­рын­дағы мұнай, газ өнімдерін, Орталық Қа­зақ­станда көмір, темір, электр қуатын, Шығыста түсті металдар, Оңтүстікте хи­мия, минералдық тыңайтқыштар өндіруге байланысты одақтық министрліктердің қатынасуын қамтамасыз етіп, Орталық құ­зырлы орындардың республика мүд­де­сі­не сай келетін шешім қабылдауына ықпал етті. Әсіресе, өнеркәсіп салаларын жаб­дық­тау, олардың тек шикізаттың үлесімен шек­теліп қалмай, әртарапты, халық тұты­на­тын тауарлар шығаратын мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік тұрмыс мұқтаждарын қамтамасыз ету, ауыр өнеркәсіп салала­рын­да қазақ жастарының үлес салмағын көбейтіп, инженер-техник мамандар арасында қазақтардың санын арттыру сияқты толып жатқан ұлт мүддесін қор­ғайтын мәселелерді Орталық, Одақ дәрежесіне көтере алды. Оның мұндай өткірлігіне жұртшылық риза болып жүрді. Коммунистік партияның дәуірінде бүгінгідей жариялылық пен басқару ісінде ашықтық шектеулі болатын. Бюро мәжі­лістерінің күн тәртібі ғана ақпараттанып, онда көтерілген мәселелер, пікіралысу мен талқылаулар, қабылданған шешімдер мазмұны баспасөзде сығымдап қана ха­бар­ланатын. Алайда, соның өзінде ел ара­сында нақты бір шешім, қаулы қабыл­да­нар алдында қандай сараптан өткені әң­гіме болып жүретіні тағы бар. Бүгінгідей, басшы қызметкерлердің рейтингі жария етілмегенімен, олардың белсенділігі, қай­раткерлігі, жұмысының нәтижелілігі өзі­нің лауазым дәрежесіне қарай ортасында да, қоғамда да, ел арасында да көрініп тұратын. Нұрсұлтан Назарбаев Орталық коми­тет­­тің хатшысы кезінде қысқа мерзімде өзі­нің біліктілігімен қазақтың мүддесін қор­ғай алатын қуаты бар екендігін көр­се­тіп, қо­ғам назарына іліккен сирек тұл­ғаға айналды. Оның негізгі ерекшелігі – Комму­нис­тік партияның қатып- семіп қалған қасаң талаптарына көзқарасты өзгертуге қабі­леттілігі болды. Хатшылық лауазымын тек Орталықтың нұсқауы мен тапсырмасын бас шұлғып орындауға бейімделе бермей, ең алдымен республиканың, ұлттың мүддесін қорғауға, сақтауға пайдалану қажеттілігіне қайраткерлік жасай алды. Әсіресе, өзінің күнделікті жұмысында кеңсе бюрократиясына қарсылығын жа­сырмай, қызметкерлер арасында ең алды­мен сенімділік, біліктілік, білімділік сана­ларын, қатынастарын қалыптастыруға ден қойды. Кіммен болса да “адам тілімен” сөйлесуге ұмтылды. “Өнеркәсіп хатшысы едім” деп тек сол сала бойынша цифр са­пы­румен шектелмей, республиканың сан салалы өміріне қызығушылық танытып, қажет жерінде біліп араласып, өзі де өсті, өзі араласқан кез келген шаруаның оң­тайлы шешілуіне азаматтық, жанашырлық қолқабысын да тигізіп жүрді. Өнер, әде­биет, мәдениет, ғылым, идеология сала­ла­рының барлығына да зейін қойып, терең бойлап, өзінің дүниетаным кеңіс­ті­гін мейлінше өсіруден жалықпады, кері­сінше, осы жағын жыл өткен сайын үдете түсті. Төңірегіне басшылық лауазымда жүрген көптеген азаматтарды, мәдениет, өнер, ғылым қайраткерлерін топтасты­рып, рухани үндестік, үйлесімділікке бейімдігін танытты. Қандай жұмысты бас­таса да одан нәтиже шығара алатын тия­нақ­тылығы мен білікті өтімділігі оның Мәскеудегі, орталық билік өкілдері ара­сындағы беделін де өсіріп, тұрақтан­дырды. Алты жылға жуық хатшылық қыз­ме­тін­де Нұрсұлтан Назарбаев республика­ның экономикалық, әлеуметтік-тұрмыс­тық әлеуетін толық зерттеп, оның өркен­деуіне, болашағына шынайы болжам, нақты жоба жасай алатын дәрежеге жетті. Осы жылдардағы барлық саяси-эко­но­ми­калық шараларды өткізуде бірде-бір сәтсіздікке ұшырамады. Ешқандай үлкен­ді-кішілі ресми, бейресми кездесу жиын­дар­да, “дөңгелек үстел”, конференция­лар­да, партия жиналыстары мен съездерінде сөйлеген сөздерінде қателікке ұрынбады, ешкімге есесін жібермеді, ұтымды сөйлеп, жеке дара озып, біркелкі өсу үстінде, екпінді толқын жалында жүрді. жалғасы