06 Сәуір, 2010

ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

1451 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
(жалғасы) Осындай табанды мінез, жасампаздық қуатын ескеріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы Нұрсұлтан На­зар­баевқа 1984 жылы жаңа сенім көрсетіп, Қазақ ССР Министрлер Кеңесі Төрағасы қызметіне ұсынып, Жоғарғы Кеңес оны тағайындау туралы шешім қабылдады. Қазақ үшін де, сол кездегі Кеңес Ода­ғындағы ең жас Премьер үшін де келесі алты жыл – қайшылығы, сынағы көп, қауіп-қатері көп, түсініспеушілікке толы ауыр жылдар болды. Нұрсұлтан Әбішұлы соның бәрінен қапысыз, жеңіліссіз өтті. Ол кезең өзі бөлек тарауға лайық. 1989 жылғы маусым айында Н.На­зар­баев Қазақстан Компартиясы Орталық ко­митетінің бірінші хатшысы, 1990 жылы сәуірде Қазақстанның Тұңғыш Прези­ден­ті болып, ал 1991 жылдың 1 желтоқ­са­нында бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде сайлаушылардың 90 пайызының қол­дауына ие болуы да, сөз жоқ, еліміздің ең елеулі, тарихи оқиғалары екеніне сірә ешкімнің дауы бола қоймас. Қазақ – өзінің шынайы тәуелсіз еркін ел екенін сезініп, өзінің төл мемлекеті үшін сөз сөйлеп, дауыс беріп, еңбек етер құқығына ие болғанына ұжданы өскен жылдар осылай басталып еді. *  *  * ...1991 жылдың тамыз айындағы Мәс­кеу­де Кеңес Одағының вице-президенті Янаев бастаған топтың масқаралықпен құлауынан кейін саяси-қоғамдық оқи­ға­лар ешкім болжай алмаған жылдам­дық­пен өрбіді. Сол жылғы ең үлкен оқиға – құ­рамында 20 миллионнан астам мүшесі бар, 74 жыл алып мемлекет билігінде тұр­ған Кеңес Одағының Коммунистік пар­тиясы ешқандай съезд немесе пленум шақырылмастан, ешкімнің бір әрекет, бір сөз қарсылығынсыз, Ресей Президенті Б.Ельциннің жарлығымен бірнеше ми­нөттің ішінде тақтан тайдырылды. Бар­лық коммунистердің жоғарғы басқарушы биліктің қандай да шешімін талқылаусыз орындайтын темірдей тәртібі осы жолы да мүлтіксіз “жұмыс істеп” ешкім “тұяқ серіппестен” жойылып кете барды. Партиядағы осы тәртіпті пайдаланып, Н.Назарбаев та шұғыл түрде Қазақстан коммунистерінің кезектен тыс съезін шақырды да, Мәскеудегі шешім арнасын­да Қазақстанда да Компартияның тарал­ғаны туралы шешім қабылдады. Дәл осы оқиғаға дейін Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы Одақты реформалап, жаңа одақтық келісім қабылдау керек­ті­гі­не мейлінше және білгірлікпен атсалыс­қан. Алайда, Мәскеудегі Орталық бас­шы­лары, әрине, бірінші кезекте М.Горбачев Н.Назарбаевтың көңілге қонымды ұсы­ныстарымен іштей келісіп тұрса да оны қабылдауға, саяси шешімге баруға тәуекел ете алмады. 1991 жылдың 19 тамызы күнгі Мәс­кеу­дегі билік өкілдерінің әрекетінің заң­сыз екендігін айтып, ол “ұйымның” тап­сыр­ма­ларын орындай алмайтындығын басқалар­дан бұрын жария еткен Нұр­сұл­тан Назар­баев болды. Осыдан кейін-ақ бұрынғы Одақтың болашағы тұманданып, енді мүлде күтпеген жаңа саяси жағдай қалыптасатыны кімге болса да түсінікті болды. Президент шұғыл түрде, қысқа мер­зім­де жаңа мемлекеттік құрылымдар жа­сақтап, мемлекеттік басқару органдарын қайта ұйымдастыру туралы Жарлығын жариялады. Республиканың Қауіпсіздік кеңесі құрылды. Одақтық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйым­дар­дың Қазақстан Үкіметінің қарамағына көшуі туралы, Қазақстандағы СОКП мүл­кі туралы, республиканың сыртқы эко­но­микалық қызметінің дербестігін қам­тамасыз ету туралы, мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы, Сыртқы істер министрлігін құру туралы, Қазақ ССР-інің атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы, т.б. республика өміріне маңызды шешімдер қабылданып, өте ширақ жұмыс жүргізілді. Бүкіл халықты дүр сілкіндіріп, рухты езген ауыр салмақтан, жанға батқан дерт­тен құтылғандай әсер етіп, елдің еңсесін көтерген Президенттің ең батыл қадамы 1991 жылдың 29 тамызында қабылданған “Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы” Жарлығы болды. Бұл Жарлық сол кезде тек Қазақстан жұртшылығын ғана емес, Кеңес Одағын түгел елең ет­кі­зіп, Орталық биліктің қатты ренішін туғызған еді. Әсіресе, әскери-өнеркәсіп ке­шенінің ықпалды басшылары Қазақ­стан Президентінің ешкімнің келісімінсіз өзіндік шешім қабылдауын қатты сынға алып, мемлекеттің қорғаныс қабілетін әлсіретті деген кінә тағуға да тырысып бақты. Семей ядролық полигонын жабу ту­ралы хабар халықаралық дәрежеде үл­кен назарға ілікті. Әлемдегі ядролық қа­руға ие АҚШ, Англия, Франция сияқты мем­лекеттер бұл полигонның болашағына алаңдаушылығын білдіріп, Қазақстан басшылығымен келіссөздер жүргізе бастады. Сол кездегі қарама-қайшылықты про­цес­терге сараптама жасай отырып, өзінің “Ғасырлар тоғысында” кітабында Н.На­зарбаев былай деп еске алады: “... Тіпті Кеңес Одағы әлі бар кезден бастап “ақыл айту” көбейді. Сонау 1991 жылдың 16 нау­рызында Мемлекеттік хатшы Джеймс Бейкер мені АҚШ-тың Мәскеудегі елші­лігіне шақырды. Түн ортасы ауа кездестік. Бейкер елдегі жағдайды білгісі келді. Бірақ сол кезде-ақ, Батыс ядролық қару мә­селесін шешуге жол іздей бастағаны аң­ғарылды. Бұл турасында сол жылғы 16 қыркүйектегі Алматы ұшырасуында ашықтан ашық сөз болды”. Осы кітапта Президент ядролық қа­ру­ға байланысты сол кездегі қиын келіс­сөз­дер туралы кеңінен, әрі егжей-тегжейлі әң­гімелеп, сол келіссөздердің қандай нә­ти­жеге қол жеткізгенін төмендегідей қо­ры­тындылайды: “...1994 жылғы 5 желтоқ­сан­да, СБСЕ-нің (қазіргі ЕҚЫҰ – Қ.С.) Бу­дапештегі мәслихаты кезінде шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Ядролық қа­руды таратпау жөніндегі келісім-шарт­тың депозитарийлері — Ресей Федера­ция­сы, АҚШ, Ұлыбритания тарапынан Қа­зақ­стан қауіпсіздігіне берілетін кепіл­дік­тер туралы Меморандумға қол қойылды. Онда аталмыш мемлекеттер СБСЕ қағи­даларына сәйкес, Қазақстанның саяси тәуел­сіздігіне, аумақтық тұтас­ты­ғына қарсы күш қолдан­бау­ға, экономикалық зорлық-зомбылық көрсетуден бас тартуға міндеттеме алынды. Біз бұл кепілдіктерді Қазақ­станның қарусыздану жо­лын­дағы жауапкершіл саяса­тына берілген лайықты жауап деп санаймыз. Кейін мұндай кепіл­діктер ҚХР мен Франция үкіметтері тара­пы­нан да берілді...” (Н.На­зар­баев. Ғасыр­лар тоғысында. 1996, 72-73 беттер). Алайда, сол кездегі ядро­лық полигон­ды жабу жайын­дағы шешім әлі де дүние­жү­зілік қоғамдастықта, халық­аралық ұйымдарда өзінің лайықты бағасын ала қойған жоқ деп айтуға болады. Біріншіден, жалпы қарусыз­дан­дыру жолында да, ядро­лық қаруды таратпау бағ­дарында да Н.Назарбаевқа дейін де, одан кейін де осы адамзат тарихында еш мем­лекет, еш мемлекет басшысы ондай тәуекелге, ондай  шешімге барған жоқ. Екін­шіден, адамзатқа, бүкіл әлем­ге ядролық, техногендік соғыс қаупі төмендеген жоқ. Үшіншіден, бұл қауіпті тежеуге мемлекет басшылары да, әлемнің ең озық технологиялық топтары да ортақ келісім жолдарын табуға ұмтылыс көрсете алмай келеді. Жоғарыдағы проблемалар, жалпы әлем мемлекеттері басшыларының ядро­лық қаруды жою жолындағы жауапкер­ші­лігі, ЕҚЫҰ-ның тағдыры мен болашағы туралы Елбасы үстіміздегі жылы әлемдік дәрежеде жария болған екі әйгілі мақа­лаларында сөз қозғап, жаңа заман талабында адамзаттың қауіпсіздігі туралы өзінің тың ойларын ортаға салды. Оқтын-оқтын ел ішіндегі әртүрлі саяси топтар да бұқара арасында мемлекет басшысын сынағысы келгенде “ядролық қарудан бекер бас тартты” деп қалатын­да­ры да бар. Мұндай күмәнға да Прези­дент өзі өте дәлелді, тиянақты уәж айтып, жауап берген екен: “... Ядролық қару ұстау үшін орасан зор қаражат пен жоғар­ғы дәрежелі мамандар керек. Бізде оның екеуі де жоқ. Оны былай қойғанда, ядро­лық қаруға ие болу деген сөз, қай кезде қо­парылып кетері белгісіз қатер ошағы­ның үстінде отыру және басқа біреудің дәл саған қарай нысаналап қойған ядро­лық жебесінің сұғында отыру деген сөз. Сондықтан да кейбір адамдар өз жеріміз­дегі ядролық қаруды ешкімге бермейміз деп даурыға бастағанда, мен қарадай күйзеліп біттім. Ондай даңғойлар әбден уланып біткен Семей жерін көрмейді, қарадай қыршынынан қиылып, қарадай мүгедектікке ұшырап жатқан жазықсыз жандардың тауқыметін түсінбейді. Ашық ауыздарды алдап, арзан бедел жинауға құнығып алған ондайлар, біздің әлгіндей шешімімізге әлі күнге дау айтады. Қазақ жері бір кездегі қасіретінен енді арылып келеді... ...Сынақ алаңында 459 ядролық жарылыс болды. Оның жүз он үші әуеде жарылды. Олар енді ешқашан қайталанбақшы емес...” (Н.Назарбаев. Ға­сырлар тоғысында. 1996, 73-74 беттер). Елбасымыздың осы тақырыптағы тың тол­ғаныстарын күні кеше ғана жарияланған “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” атты мақаласынан да көріп, сүйсініп отырмыз. Бұл мақалада Нұрсұл­тан Назарбаев өз елінің бейбіт атом жөніндегі қағидатты ұстанымын жер-жаһанға жария етті. *  *  * Кеңес Одағы Коммунистік партиясы құлағаннан кейінгі қоғамдағы көңіл күй, адамдардың сол оқиғаға көзқарасы да сан алуан болды. Экономикалық күйзеліс пен рухани күйреу қатар өрбіді. Ең бастысы – сенім кетті. Енді Одақтың да өмірі күмәнді болып қалды. Осындай күйзеліс, дағдарыстан елді де, қоғамды да құтқарған – еліміздің Пре­­зиденті болды. Ол шұғыл түрде Жо­ғар­ғы Кеңеске “Қазақстанның мемлекет­тік тәуелсіздігі туралы” заң жобасын ұсынды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Жо­ғарғы Кеңесте күні бойы үлкен пікірталас үстінде “Қазақстанның мемлекеттік тәуел­сіздігі туралы” Конституциялық заңының жобасы талқыланды. Сол күнгі ХІІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің мәжілісіне Президент Нұрсұлтан Назар­баев, 360 депутат, Үкіметтің толық құрамы түгел қатынасты. Заңның әрбір бабы, қазақ ұлтының ұлттық мүдделері, әсіресе тілге, ұлтаралық қатынастарға, мем­лекетаралық мәселелер, кереғар пікір­лер мен ұсыныстарға толы болды. Тал­қы­лау барысында Президент әлденеше рет сөз алып, депутаттардың кейбір ұшқары ұсыныстарына байыптылықпен, дәйек­тілікпен дәлел келтіріп, ортақ пікірге ша­қырып, кейбір жағдайда өз ұсыныстарын да дауысқа салып, заңның сапалы қа­был­дануына өлшеусіз үлес қосты. Депутаттар арасында болған белгілі заңгерлер, көр­некті ғылым, мәдениет, әдебиет қайрат­керлері де аянып қалған жоқ. Әсіресе зиялы қауым өкілдері Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Әнуар Әлімжанов, Өмірбек Жолдасбеков, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Зинаида Федотова, Сұлтан Сартаев, Мұрат Әуезов, Нұрлан Оразалин, Александр Княгинин, тағы басқа депутаттардың орынды сөз, ұтымды ұсыныстары заң жобасын ширықтырып, сапасын арттырды. Кешке қарай заң толық қабылданып, Президент мәжіліске қатынасушыларды, депутаттар арқылы бүкіл Қазақстан халқын мемлекеттік тәуелсіздігімізбен құттықтады. Ескі гимн орындалды. Ғасырлар бойы бабалар ар­ман­даған дербес мемлекет болатыны­мыз­ды сезінген кеудемізді қуаныш кернеп, тебірендік. Көзімізге жас келді. Бөркімізді аспанға аттық. Президент тапсырмасы бойынша БҰҰ-ға, барлық халықаралық ұйымдарға, барлық мемлекеттерге жедел ақпарат та­рат­тық (мен ол кезде Мәскеудегі бүліктен кейін, 31 тамызда тұңғыш құрылған Бұқа­ра­лық ақпарат құралдары және баспа ми­нистрі қызметінде едім). Түні бойы Пре­зидент Әкімшілігі мен Үкімет кеңсесінде жүрдік. Министрлік кеңселері де, бұқа­ралық ақпарат құралдары, редакторлар, редакция­лар түгел жұмыста болды. Түнгі он бірден асқанда Президент телефон со­ғып, Түркия Үкіметінен біздің Тәуелсізді­гі­мізді мойын­дап, құттықтаған алғашқы те­леграмма келгенін айтты. Келесі күні АҚШ-тан, тағы басқа елдерден хабар түсіп жатты.... Жаңа өмір басталды... Рухымыз көте­рі­ліп, ойымызды ерекше қуат биледі. Ал­ғаш­қы үкімет отырысын Президент өзі жүргізді. Министрлерге бұрын атқармаған жаңа тапсырмалар берілді. Әр күніміз бір ай, бір айымыз бір жылға татитындай қауырт­тықпен, айрықша серпіліспен, тәуелсіз ел, мемлекет болдық деген сезім­мен жұмыс жасадық. Қоғамда қайшылық көп. Бұрынғы одақтық экономикалық жүйе мүлде күйреп, өнім өндіру доғары­лып, ірі кәсіпорындар, зауыттар, фаб­ри­ка­лар тоқтап, жаппай жұмыссыздық ден­дей бастады. Қаржы жүйесі де тежеліп, әр деңгейдегі жергілікті, республикалық бюд­жет те сарқылып, инфляция күшейді. Дү­кен­дер сөрелері қаңырап бос тұрды, ха­лық тұтынатын тауарлар жоқ. Зейнет­кер­лер зейнетақысын, мұғалімдер, дәрігерлер жалақысын, студенттер стипендияларын уақытында ала алмай зарықты. Заңдар қабылданып үлгере алмай, үлгергеннің өзін­де бұрынғы Одақ көлеміндегі қалып­тасып қалған қатынастар жаңа талапқа сай үйлесіп, үйрене алмай, аласапыран болып жатты. Кез келген мекеме, кәсіп­орындарда, тіпті жоғары оқу орындарын­да, көшелер, алаңдарда бастамашы топтар құрыла қалып, дуылдаған митингілер өтіп жатуы үйреншікті жағдайға айналды. Есігіміз, телефонымыз ашық, сол жина­лыс­тарға үкімет мүшелерін, билік өкіл­де­рін күн сайын шақыратын. Қордаланған экономикалық, саяси әлеуметтік пробле­ма­лар шаш етектен. Күндіз есіл уақы­ты­мызды осындай жиналыс, митингілерде өткіземіз, елдің сұрақтарына жауап бере­міз, айтқандарын тыңдаймыз, жағдайды түсіндіреміз. Кешкі уақыттарда түн ортасына дейін отырып, заңдар жазамыз. Президенттің қызметі дамылсыз, ұйымдастыруы да, тапсырма беруі де, ба­қы­лауы да жүйелі. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлының төңірегінде жүрген лауа­зым­ды қызметкерлер негізінен ол кісіден жа­сырақ та, өзімізше ыстық-суықты көріп, шынығып өскен, әжептәуір дайындығы­мыз да баршылық азаматтар болсақ та бі­рін­ші басшының қуаты мен қарым-қабі­летіне таң қалатын едік. Қысқасын айт­қан­да – жығылып-сүрініп, шаршап, шал­дығып істеген жұмыстарымызды екі-үш орап, көп нәрсеге бізден бұрын үлгеріп жүретін. Президент өзінің жанынан құқықтық, қаржы-экономикалық, саяси-әлеуметтік жүйелерді реформалау шараларын бел­гілейтін арнайы мемлекеттік комиссиялар құрып, олардың құрамында жұмыс істеуге тек үкімет немесе ресми билік өкілдерін ғана тартумен шектелмей, көптеген қо­ғам­ның әр саласынан ғалымдар, маман­дар, сарапшыларды қосып, олардың мүм­кіндіктерін ортаға салуға жағдай туғызды. Дүние жүзінің, әлемнің ең озық дамыған елдерінің мемлекеттік тәжірибесін зерт­теп, біздің өмірімізге, мемлекетімізге сәй­кес келетін жағымды жақтарын пайда­ла­ну­ға мән берді. Бізді көп нәрсеге жаңаша қарауға үйретті, өзі де үйренуден жалық­пады. Шет ел мамандарының, белгілі қар­жыгерлер, экономистер, саясаткерлердің біздің елге көптеп келіп-кетіп жүрген­дері­мен кездесіп, мүмкіндіктерін байқап, олар­дың ұсыныс-кеңестерін мемлекет құру ісіне жаратты. Қазақстаннан тыс жерде, басқа елдерде, әсіресе Ресейде әр­түрлі қызметтерде жүрген ұлты қазақ ма­ман­дарды елге шақыртып, олардың білі­мін тиімді пайдалану мақсатында қызмет беріп, тұрмыс жағдайларын шешіп, өз Ота­нына қызмет етуге, ұлттық мемле­ке­тінің шаңырағын көтерісуге жұмылдырды. Тәуелсіздік алғаннан кейін қысқа мерзімде, бірнеше айдың көлемінде жүзден астам мемлекет Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға келісімге келді. Президент шұғыл түрде Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасын, әскери доктринасын жария етті. Ел ішіндегі жаппай реформалар мен кезек күттірмес мемлекет құру жұмыстарын бір сәтке де кідіртпестен, дүниежүзілік қоғам­дастықтың белсенді мүшесі болып, басқа елдермен тең терезелі, достық қарым-қатынас орнатуға екпін беріп, күш салды. Дүниені кезіп жүріп, дос іздеп, тілектес жинады. Бұрын “қазақ” деген сөзді естіп көрмеген президенттер, корольдер біздің Елбасының жарқыраған маңдайын, жар­қылдаған көзін, өтімді сөзін, жасампаздық қайратын, қыран қанаты қалықтап, жел­біреген көк туын көріп, қуатты әнұранына құлақ түріп, құшағын жайғанда қазақтың мәртебесі көкке көтерілді. Президенттің басқа елдерге әрбір сапарының мазмұнының өзі бір емес, бірнеше мақалаға жүк. Қазақтың көк туын көтеріп жүріп, елін басқалармен тең етті. Бөтендердің қазаққа деген сенімін тұрақтандырып, соның арқасында ел эко­номикасына қысқа мерзімде миллиард­таған инвестиция ағылды. Нұрсұлтан Әбішұлының сыртқы саясаттағы көрегендігінің әлденеше рет куәсі болдық. Соның бірі – 1992 жылғы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 47 сессия­сында сөйлеген сөзіндегі Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары Кеңесі (АӨСШК) туралы ұсынысы. Бастапқы кезде, әсіресе шетел­дік әріптестер бұл ұсынысқа терең мән бере қоймағаны жасырын емес. Біздің Президент қажымастан, күмәнданбастан, қобалжымастан осы бағыттағы диплома­тия­лық ұстанымын он жыл үзбей жүр­гізуінің нәтижесінде 2002 жылы Алматыда Азиядағы 17 мемлекет басшылары негізгі мүше ретінде, ал 5 мемлекет басшылары бақылаушы дәрежесінде қатынасқан бірінші басқосуы болып, бұл Азия кон­ти­нентіндегі осындай өзара сенім сипатындағы тұңғыш халықаралық ұйым болып қалыптасты. Қазір жүйелі жұмыс жасап, өз дәре­желерінде таным, сенімге ие болған ТМД, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Кедендік Одақ біздің Президентіміздің бас­тамашылдығымен құрылып, осы ұйым­дарға кіретін барлық елдердің ынты­мақтастығы мен бейбіт қарым-қатына­сына, игілікті дамуына жұмыс істеп жүрген ұйымдар. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі­нің өзі – біздің еліміздегі экономи­калық, саяси реформалардың тиімді жүр­гі­зілуі, жаңа Қазақстанның әлемде таны­луы және – Президентіміздің халықара­лық беделінің көрнектілігінің нәтижесінде қол жетіп отырған тарихи жеңіс. *  *  * Президент те қаншама айрықша күш, қайрат, қуат иесі болса да, кәдімгі ет пен сүйектен жаралған адам, пенде. Бірақ, қанша пенде дегенмен де жәй адам да емес. Оның жүріс-тұрысы да, сезім түйсігі де бәрімізден өзгешелеу. Ең негізгі қасиеттері – оның табанды, төзімді мі­незі, қандай қиын жағдайда да саспайтын ұстамдылығы, қалғымас тапқырлығы мен сарқылмас ерік күші. Бойындағы осы қасиеттерін халық көріп келеді. Осындай билігінің арқасында талай түйін шешілді, көп қайшылық жойылып, тұйықтан жол табылды. Осының бір айғағы ретінде Елбасының дағдарыс өршіп тұрған 1997 жылғы Қазақстанның 2030 жылға стратегиялық даму жоспарын жария еткен халыққа Жолдауының маңызын айтсақ та жеткілікті. Әуел баста қоғамда да, кейбір сарапшылар да “елге жалақы, зейнетақы төлей алмай отырғанда қайдағы “гүл­ден­ген Қазақстан” туралы айтуға болады?!” – деген сыңайда күдік болғаны да рас. Өмір Президенттің ұстаны­мының мүмкін екендігін дәлелдеді. Оған үстіміздегі жылдың 29 қаңтарындағы кезекті Жол­дауында баға берілген алғашқы онжылдық нәтижелері арқау бола алады. Тұрмыс оңала бастады. Соң­ғы жылдардағы жаһан­дық дағдарыс жағдайының өзінде әуел баста қабылданған әлеуметтік бағдар­ла­малар толық орындалып келеді. Мемлекеттің әлеуеті қуат­танып, өмір сапасы өсіп келеді. Президенттің мем­лекеттік еңбегінің бірден бір мақсаты да осы көрсеткіштер болса керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тек экономикалық құлдырау ғана емес, саяси-қоғамдық, рухани, гумани­тар­лық салалардағы дағдарыс та адам өміріне өзінің шар­пуын тигізді. Қазақтар қанша экономикалық зардап шегіп жатса да, тәуелсіздік рухына жалғасып, болашақ үмітке ұмтылып, өмір сүрді. Алайда, басқа ұлттар өкілдері әлі бұ­рынғы Одақтың құлағанына сене алмай, кейбіреуі өз елімізді табайық деп, көшіп, кетіп жатты. Кейбір өңір­лерде тіпті сепараттық әрекет­тер де бой көрсетпей қалған жоқ. Президент өзі бастап, қалың ел, бар­лық ұлттар өкілдерімен кездесіп, олармен ашық сөйлесіп, жаңа Қазақстанның ұлт саясатының мемлекетте тұратын барлық ұлт өкілдерінің тең құқықтығын сақтап, ұлтына қарай ешкімді ешқандай кемсіту болмайтындығын айтып, дамылсыз кездесулер өткізіп, мемлекеттің ұлтаралық келісімге негізделген салиқалы саясатын түсіндіруден жалықпады. Бұл ұстанымдар 1993, 1995 жылдары қабылданған Консти­ту­цияларда да бекітілді. Осы мақсат­тар­дың жүзеге асырылуына оң ықпал ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның құзыры арнайы заңмен бекітілді. Ел ішіндегі тыныштық, саяси тұрақты­лық, қоғамдық келісім мәселелері Прези­дент назарынан бір сәтке де қалған емес. Президент сондай-ақ ел ішіндегі тыныштық пен түсіністік жағдайын, ең алдымен көршілес елдермен достық, бейбіт қарым-қатынасқа ұластыруға тал­пы­нады. Әсіресе, көршілес Ресей, Қытай, Өзбек, Қырғыз, Тәжік, Түркімен елдері­мен үздіксіз қарым-қатынас жобасын жүзеге асыруға мүдделі. Президенттің интеграциялық саясаты да ел мүмкіндігін, қазақтың еркін өсіп өнуінен туындайды. *  *  * Тәуелсіз мемлекетіміздің айқын көрсеткіші, рәмізі – мемлекеттік шекара. Бабаларымыз көзінің қарашығындай қорғап, қасық қанындай қасиеттеп өткен ең асыл мұрасы – қазақ елінің жері. Ежелден қазақ жерінің жобалы шекарасы болғанымен біздің бүгінгі заманымызға дейін ресми түрде заңмен бекітіліп, көршілес, шекаралас мемлекеттермен арнайы келісіммен хатталып, мойында­лып, халықаралық ұйымдармен танылған мемлекеттік шекара белгіленген емес. Нұрсұлтан Әбішұлы осы мәселені ең басымды міндеттердің қатарына қойып, жүзеге асыруды қолға алды, 1995 жылдың 11 мамыры. Кешкі сағат 17:00-ге Президенттің қабылдауына ша­қы­рылдым.­ Өте жылы қарсы алды. Жаңа­дан ұйымдастырылып жатқан Халық бір­лі­гі партиясының жағдайын сұрады. Әр­түрлі мәселелер жайын сөз еттік. Бір кезде: – Мен саған мүлде сенің ойыңа кел­меген ұсыныс айтқалы отырмын, – деп әдеттегісінше қадала қарады да сәл үнсіздіктен кейін әңгімесін жалғастырды. – Өзің білесің, осы мемлекетімізді қайтсек күшейтеміз, қуаттандырамыз деп, бұрын-соңды болмаған қанша дүние жасап жатырмыз. Қасымда жүрсің, ыстық-суықты бірге көріп келеміз. Мына экономиканың қиындығы болып тұр. Бәрін қайта жасауға тура келіп тұр. Бұл тығырықтан да шығамыз. Осы үш-төрт жылдың ішінде қаншама елмен тереземіз тең қатынас орнатып келеміз. Бізді ешқашан білмеген, танымаған елдердің елшіліктері ашылып жатыр. Өзіміз қанша елшілік аштық. Өзің ойлашы – мынау Ресей, Қытай, Герма­ния, Франция, Америка – қашан бізбен тең сөйлесіп еді?! – Оныңыз рас. Рас айтасыз, – дедім, сәл кідіргенін пайдаланып, – Сіз өзіңіз әлемді аралап, қазақты танытып жүрсіз ғой, – дедім. Президент енді әңгімені тереңнен қозғады. – Тарихтан білесің, аталарымыз ежел­ден Шығысымыз бен Солтүстігіміздегі екі алып елмен қатынасқа айрықша мән берген. Абылай бабамыз да екеуімен бір­дей қатынас жасап, қазақты сақтап қалған ғой. Қазір жаңа заман. Жаңа жағдай. Мына Қытай қатты дамып келеді. Төраға Цзян Цзэминьмен Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығында кездестім. Жақсы әңгімелестік. Елшілікке рес­публикада көрнекті қызмет істеген, өзіңнің ең сенімді адамыңды жібер деп отыр. Әңгіменің төркінін енді түсініп, селт ете қалдым. Бірақ сыр бермеуге тырысып, үндемедім. Президент: – Әрі ойлап, бері ойлап, соған сені лайық көріп отырмын, – деп маған “не дей­сің?” дегендей сұрау мағынасымен қарады. – Нұрсұлтан Әбішұлы, шынында да мен мүлдем күтпеген, тіпті үш ұйықтасам түсіме кіретін әңгіме емес екен. Оның үстіне қытай маманы емеспін, тілін оқымадым, білмеймін. – Егер келіссең – мүлдем жаңа өмі­рің басталады. Ойлама, бұл қызмет сенің бұрынғы қызметтеріңнен төмен екен деп. Бұл – премьердің орынбасарынан кем емес. Бірақ айттым – бітті деп отыр­ға­ным жоқ. Ықыласыңмен бар. Тіл біл­мей­тініңді білем. Әрине, білгенге не жетсін. Бірақ, біз қазір барлық жақты кәсіби дипломаттармен қамтамасыз ете алмай­мыз. Қытай сияқты ірі елдерге саяси, мемлекеттік қызметтерде өзін көрсеткен, сол елдің Үкіметімен тең дәрежеде сөй­ле­се алатын, тәжірибелі адамдар жіберуге мәжбүрміз. Мұндай тәжірибе ежелден бар. Кезінде Полянский, Толстиков деген Политбюро мүшелері – бірі Жапонияға, бірі Қытайға елші болған. Есіңде болсын, егер Қытайға бара қалсаң – еліміздің, қазақтың мүддесіне үш ірі жұмыстың жа­салуына тікелей өзің қатынасып, өзің мұ­рындық боласың. Біріншісі – Қазақстан – Қытай арасындағы шекаралық толық келісімге қол жеткізу – міндетіміз. Екін­шісі – Қытайдағы қазақтардың сол елдегі құқы, сол елде өсуі, өркендеуі, Отанына келем дегеніне жағдай туғызу. Үшіншісі – шекаралық өзендерді тең пайдалану жө­нінде екі ел арасында келісім қабылдау, – деп алды-артымды орап тастады. Сәлден соң сөзін жалғастырып: – Сауда-экономикалық қатынастың көлемі өседі, болашақта мұнай туралы да Қытаймен қарым-қатынастың уақыты келеді, – деп қорытты. Әрине, Президенттің қазақтың мүддесі деп атаған үш күрделі мәселесін естігеннен кейін қандай солқылдақтық болуы мүмкін? Бұл кездесуді еске алудағы мақсат – Елбасының не мәселенің болса да терең тамырын ойлайтындығын, екіншіден, Мем­лекет басшысының адаммен сөйлесу ше­берлігін, жоғары мәдениетін, қамқор­лы­ғын көрсету, үшіншіден, әсіресе, Қазақ елі­нің шекарасының заң жүзінде тиянақ­талуындағы Елбасының тарихи еңбегін айту. Тәуелсіз Қазақстанның жан-жақты көршілермен шекарасын анықтап, толық қамту Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесіне тиді. “Тиді” дегенде, ол өздігінен келе қойған жоқ. Солай боларына салиқалы, дәйекті келіссөз жүргізіп, өз әріптестері – мемлекет басшыларының көзін жеткі­зіп, тілін тауып, мәмілеге келе алған­ды­ғын айту маңызды. Ол жұмыс бүгінгі Қы­таймен қарым-қатынастан басталды. Жалпы Қытай мемлекеті, елі заңды, қол қойылған құжатты қатты сыйлайды. Дәс­түрлі түрде заң тыңдағыш, заң сыйлағыш халық. Мәнісін қысқа қайырып айтар болсақ – Қытай ежелден өзімен шека­ра­лас 15 мемлекеттің ешқайсысымен ше­каралық келісімге қол жеткізуге мүдделі бол­маған. Тіпті Кеңес Одағының дәуір­леп, күшейіп тұрған кезінде шекаралық келіссөздерді тығырыққа тіреп отырған. Ол үшін шартты “даулы учаскелер” болды. Сол тоңды 1995 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға ресми сапары кезінде Қытай Төрағасы Цзян Цзэминьмен келіссөзінде жібітті. Келіс­сөздерге бөгет болып келген “даулы учас­ке­лерді” екі жақтың мүддесін сақтай оты­рып, қарастыратын болдық. Осыдан кейін-ақ шекара келісімі туралы келіс­сөздер өз уақытында және нақты нәти­жемен жүргізілді. Қытай Төрағасы 1996 жылдың 4 шілдесінде Қазақстанға тұңғыш сапары кезінде өткен кездесу кезіндегі қол жеткізген келісімдерді толық қолдап, Қазақстан-Қытай қатынасын тек қана дос­тық бағытта дамытатынын айтты. Хат­та­мадан тыс кездесу кезінде: “Президент мырза, шекара мәселесі ең сезімтал жер. Сіз мәселені дұрыс қойып жүрсіз. Мен Төраға кезімде осы тарихи мәселені бітіріп алайық”, – деп ықылас білдірді. Сонымен, 1997 жылдың қыркүйегінде Алматыда бірінші қосымша келісімге (келісім көлемі – 1300 бет), 1998 жылы қазан­да Пекинде – екінші қосымша келісімге, ақыры 1999 жылы қарашада Қазақстан-Қытай шекара мәселелерінің толық реттелуі туралы Коммюникеге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, КХР Төрағасы Цзян Цзяминь қол қойып, ғасырлар бойы шешілмей келген Қазақстан-Қытай арасындағы 1748 шақырым шекара заңдастырылды. Ол ке­лісімдер екі жақтан да ратификация­ланып, БҰҰ-да мақұлданды. Қытай өзімен шекаралас 15 мемлекет­тің ішінде Қазақстанмен бірінші болып, толық шекаралық келісімге қол қойды. Енді барлық карталар сол келісімге сәйкес жасалатын болды. Осыдан кейін – 2005, 2006 жылдары Қазақстан-Ресей арасындағы 7.500 шақы­рым шекара заңдастырылды. Бұл келісім­ге Ресей жағы да мүдделі емес еді. Оның үстіне кезінде шекараға байланысты Солженицын, Горбачев, тағы басқа саясаткерлер айтқан арандатқыш пікірлер де Ресей қоғамының кейбір орталарында тілге тиек болып жүргенін ескерсек, бұл келісімнің тарихи маңызы зор. Сол сияқты басқа да көршілес елдер – Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерімен құрлық шекара келісім­дерінің тарихи маңыздылығын дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас. Қазақтың мүддесін қорғайтын осын­дай тарихи маңызды нақты іс әрекеттерді жүзеге асырып, шешім қабылдау бақыты тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың үлесіне тисе – өзінің еңбегіне қарай, тарихи жеңісі деп айту әділдік болар. Ғасырлар бойы Еуразияның кең дала­сын кезіп, жан сақтап, ұрпақ сақтау арқы­лы жерін сақтау үшін жанын пида еткен қазақтың әлемнің озық елдерімен, өрке­ниетімен қатынасып, бойын теңестіріп, өркендеуге бет алған қозғалысы – осы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақтың жаңа дәуірі. Осы дәуірде қазақ не істей алады, сапасы, мүмкіндігі қандай болмақ, біз, ұлтымыз, кім, қандай боламыз, – әрине, мұның бәрі жалғыз ел бастаушы Прези­дентке ғана емес, бүкіл ұлтқа, елге сын. Қуаныш СҰЛТАНОВ, сенатор.