06 Сәуір, 2010

ЖЫЛЫ ЖАҚТЫ ЖАЛҚАУЛЫҚ ЖАЙЛАСА...

708 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
ЕЛІҢІЗДЕ ЕРІНШЕКТІК ЕСІРЕР Қос қайыршы Сіздің тілшіңіз садақа беріп тұрады. Оқта-текте. Шымкентіңізде кейде қайыршылар көбейіп кетеді. Осыдан бір-екі жыл бұрынырақта теледидардан қайыршыларды сы­қақ­таған скетч көрсетілді. Онша жақтырмағанбыз. Қабылдай ал­маған­быз. Қайыршыларды қатты-қатты аяйтынбыз. Кенет, күтпеген жерден бір көрініске кезіктік. Шымкенттегі Тәуке хан көше­сінде, “Түркістан” моншасына бұры­­лар тұста үлкен, үш қабатты “Сауда үйі” бар. Соның маңайында ал­пыс­тарды алқымдаған бір орыс шалы отыра­тын. Садақа тастайтын­быз. Күндердің күнінде, көгілдір киоскі­ден газет алып тұрғанымызда ше, тасалау тұста сол қайыршының киім ауыстырып жатқанын байқап қалдық. Сол. Соның дәл өзі! Асы­ғып-аптығып, әп-әдемі курткасын шешті. Алба-жұлбасы шыққан, көнетоз кәстөм киді. Шалбарын шешті. Танығандықтан, таңдан­ған­дықтан, табанымыз жаяусоқпаққа жабысып, жылжи алмай, сілейіп тұрмыз. Әлгі адам топылдатып топылиын ауыстырды. Тіпті тәп-тәуір кепкісінің орнына кепиетсіз кепеш кигенде ше, тіліміз құрғап, таңдайымызға жабысты. Үйреншікті орнына барып отырды. Содан былай қарай “Сауда үйіне” жолағымыз келмейтін болды. Біртүрлі. Қайыршының қылығынан оның өзі емес, біз ұялатын секілдіміз. Теледидардан тағы да қайыр­шы­ларды сықақтаған скетч көр­сетілді. Күні кеше ғана. Бұрын­ғыдай емес, басқашалау қабыл­дағанымыз рас. Облыс орталығындағы түп-түзу жаяусоқпақтың бір бүйірінде қырық­тан асыңқыраған қазақ әйелі қайыр сұрап отырады. Алғашқыда ол ойыншықтар, майда-шүйде кәм­питтер, сағыз-пағыз сатып отыра­тын. Кейінірек кәмпит-сәмпитін сол жағына тасалаңқырап, оң жа­ғы­на клеенкасын жайып, тиын-сиынын сеуіп қоятынға айналды. Осы жолмен жұрт көп жүреді. Бір­жарым жылдан бері байқағаны­мыз­ды жазып отырыппыз. Бірте-бірте ары-бері кетіп бара жатқандар клеенкаға ақша тастайтын болған. Бірсін-бірсін әлгі әйел сауда жағын мұқым-мүлде тоқтатып, біржолата қайыршылыққа көшті. Жас жағы­нан егде емес. Денсаулығы тым на­шар ғой дей алмайсыз. Аяқ-қолдары бүтін. Ал енді мынадай әпсана бар емес пе?! Алланың елшісіне әлдебір адам қайыр тілеп келеді. Пайғам­барымыз одан үйінде не бар екенін сұрайды. Қайыршы жалғыз төсені­ші­нің жартысын астына жайып, қалған жағын жамылып жататы­нын, оған қоса су ішерлік бір ыдыс­­қа ғана ие екенін айтады. Алла­ның елшісі әлгі мүліктерді тез­дете алдыртып, екі дирхамға сат­қызады. “Бір дирхамына отба­сыңа тамақ, екінші дирхамына ара сатып аларсың”, дейді. Қайыр­шы орын­дайды. Пайғамбары­мыз ағаш ара­лап, отын сатып күн көру­ге кеңес береді. Жарты ай өтеді. Қайыршы Алланың елшісіне келіп, он дирхам табыс тапқанын қуана хабарлайды. Пайғамбарымыз ол ақшаға киім-кешек пен азық-түлік алуға ақыл қосып, адал еңбек етпек­тің қандай түрі болсын, қия­мет күнінде маң­дайыңа басылар қайыршылық таң­басынан әлдеқайда қайырлы екен­дігін, тіленшілік тек ешбір амалсыз, ешқандай шарасыз қалғанда ғана жасалатынын ұғындырады. Кешіріңіздер. Біз қайыршы­лар­дың бәрі осындайлар екен деуден аулақпыз. Шымкентіңізде кей кезеңдерде тіленшілердің тым-тым көбейіңкіреп кететінін көріп, қатты уайымдаймыз. Алайда, қос қайыршының қылықтары біраз-біраз ойға түсіргені рас. Кербез кедейлер Қос қайыршы хақында көп айта бермейміз, әрине. Осы жақында ғана түсініңкірейді-ау дейтін таныс­тарымыздың біріне әңгіме­легенбіз. “Ойдан ой туады ғой, ер­теректе өзің мақтап жазған ажарлы ауылда кербез кедейлер көбейді, – деді ол. – Негізінен бейнеттене білетін­дер­дің жағдайлары жаман емес. Бірақ...” Танысымыз тұспалдаған ауыл­дың атын атамай-ақ қоялық. Социа­лизм тұсында мақтаңқырап жазғанымыз жадында жаңғырғанын қараңызшы. “Ауыл ажары” дейтін арнайы айдар бар-тұғын. Біз істей­тін газетте. Ауыл көркі әжеп­теуір, клу­бы­ның қызметі үлгілі, тұрғын­дары­ның бау-шарбақтары тап-тұйнақ­тай, үлкен қалқоздың алыс­тағы бригадасы бола тұра социалистік жарыстың озық ұжымы атанған­дықтан, өзгелерге өнеге ретінде көр­сет­кенбіз. Осы күндері отызшақты үй қалған көрінеді. Оншақтысының әрқайсысында жүзден асатын қой-ешкі, жиырмашақты жылқы, біраз-біраз ірі қаралары бар екен. Келесі оншақты үй орташалар қатарында. Қалған оншақтысы кедейлер деп есептеледі. Ал солардың алтау-жетеуі “кербез кедейлер” екен. “Сен өзгешелеу етіп жазған, баяғы темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын ұста бар еді, сол зергерің бізден кейін іле-шала басқа жаққа көшіп кеткен, – деді таныс. – Ол шын мәніндегі өнерпаз кербез еді ғой. Жекеменшік тірлікке, мал көбейтуге икемделе алмады...” Тағы да біреуі әжептеуір ұста­тұғын. Оны қазір “бірінші кербез” деседі екен. Балға мен балтаны ұмытқан. Ұстамайтын болған. Кетпен-күрекке жоламайды. Іскер­лік­тен гөрі ішкілікке берілген. Мыжымасы көбейген. Тәулігіне он бес сағат ұйықтайды. Тас бүркеніп. Деседі. Сол отағасының әйелі һәм өзіне сай көрінеді. Екеуі де той-томалақтан қалмас. Көршілес ауыл­дардағы, алысырақта тұратын жек­жат-жұраттарындағы жиын-той­лар­да қона жатып қайтады. Бала-шағалары да тірлікке жоқ. Көшеде, үйлерінің жанында “сылқым-сері” күйде тұрыстары мен жүрістері қызық-ақ. Деседі. Қыдырмаққа бір иықтарын беріңкіреп тұрар. Бір-екеуі үйленіп, ауылдан алыстаған. Қарық болған жағдайлары және жоқ. Пәтер жалдайды, әлдекімдерге жалданады. Дегендей ғой. Үйлен­бегендері бейнеттеніп үйренбеген­діктен, қалғып-мүлгіп, кербез кері­ліп күн өткізер. Ал тозыңқы үйдің алдындағы теп-тегіс телімдер, қара топырақты қайран егістіктер бос­тан-босқа қор боп жатыпты. Қиран­дыға ұқсайтын қора-қопсыда қой-ешкінің иісі де жоқ. Екінші кербез кедей – “саясат­кер”. Солай саналады. Жерден жүгеріпая көтеріп алуға ерінер. Алайда ауыл әкімінен бастап, тү-у-у жоғарыға дейінгі басшыларға жан-жақты сипаттама беріп, кімнің кім екенін, қайсысының қашан ауысатынын сараптағанда бар ғой, былайғылар ауыздарын аңқайта тыңдайды. Деседі. Мінекиіңіз, осылайша кербез кедей­леріңізге де мінездеме бере­тіндер бар екен. Ауылдың өзінде де. Жиірек барып тұратындардың арасында да. Күн арқан бойы көтеріл­­генде “Кербездер кеңесі” өтеді. Деседі. Ауылдың малы жина­лып, қыратқа қарай өретін тепсеңде. Жұмыстан қолы тимей­тіндердің, яғни жеке тірліктерін тыным таппай тындырмаққа тыры­са­тындардың ондай “кеңесте” шаруасы шамалы. Үйіргелік телім­дерін тегістейді. Жер аудара­ды. Көкөніс егеді. Шарбақ­тарын жамай­ды. Бауларын бұтайды. Әйел­дері сүт пісіріп, айран ұйытады. Май шайқайды. Сондықтан мал­дарын жотаға шығарар тепсеңге жеткізе бере үй-жайларына асығар. Ал кербез кедейлеріңіз “саясат” соғар. Өсек сапырар. Қалталарында қалған-құтқандарын қағыстырып-соғыстырар. “Жақында және болып қайттым, – деді баяғы таныс бауырымыз. – Ең масқарасын айтайын ба? Бір мейірімді кісі мешіт салуға ниеттеніп барған ғой. Сөйтсе-е-е, сол ауылдан намаз оқитын, тіпті аздап-аздап аят айтатын адам табылмапты. Әлгі кісі әзірше қоя тұрайық деп, қайтып кетіпті”. Кегеже кейін кетпегей Кедейлердің бәрі отыз үйлі ауылдың алтау-жетеуі секілді “кербез” дегелі отырған жоқпыз. “Кедейдің кербезінен сақтасын” дегенді де қазекем айтқан ғой. Жақында бізге қаламгер базына білдіріп, наз айтты. “Сіз осы Оң­түстік туралы тартымды толғана­сыз, мақалаларыңызда мадақ жағы басымырақ боп тұрады. Шымкентті оңды-солды шенегіш­терден шырыл­дай қорғайсыз. Жылы жақтың жұрты жатпай-тұрмай жұмыс істейді, еңбексүйгіш, бейнетқор деп жазасыз. Ылғи да. Жалпы алғанда солай ғой. Бірақ осы Оңтүстіктің бейнетқорлығы біраз-біраз жағдай­ларда бәсеңсіп бара жатқан жоқ па? Ойланып көріңізші”, – деді. Ол кісіні және бір журналист қостады. “Шынында да кейінгі жылдары көрші мемлекеттегі ала топылы ағайындар бала-шағасымен келіп теріп бермесе, ел ырысы – ақ мақ­та­ның қыс қарсаңындағы толассыз жаңбырға дейін жиналмай, жүдә тіпті қар астында қалып қоятыны қалай?” – деді. “Тек мақталы аймақ­тар ғана емес, өзге аудан­дарда да кегеженің кейін кеткен көрініс­тері көп”, – деді бізге жолсерік боп жүрген бизнесмен жігіт. Отырған­дардың бәрі дерлік осындай-осын­дай пікір қоздатқан. Ойланып-ақ қалдық. Ойлан­ғанда да жүдә қатты ойландық. Арғы жағын айтпағанда, оншақты жылдан бермен қарата “Ұлысым­ның ұйытқысы – Оңтүстік” атан­ған алтын құрсақты аймақты негізінен жақсы жағынан жырлап келеміз. “Ордабасыға оралу”, “Ауыл және адамдар”, “Артыңда тал да қалсын, мал да қалсын”, “Шымкенттің барына шүкір”, “Ол – кімнің қаласы?”, “Көктем де Оңтүстіктен басталады”, “Сайлау да Оңтүстіктен басталады”, “Жылы жақ: демографиялық дәйектеме­лер”, “Қазақ мақтасы”... Жә, бәрін бірдей тізбелей бермейік. Осылар­дың өзі-ақ біраз нәрсені білдірер. Оңтүстіктің орны бөлек. Еңбексүйгіштігі ерек. Солай болып қала берер. Бірақ талай-талай реттерде бейнетқорлықтың бәсең тартқаны да, “ақ алтынның” ғана емес, жүгерінің, бау-бақша мен көкөністің, жүзім-жидектің рәсуа болатыны да жасырын емес. Жүздеген, мыңдаған гектар суар­малы жерлер, шабындықтар игеріл­мей, қор боп жатыр. Кегеженің кейін кеткен көріністері көп екенін жоққа шығара алмаймыз. Көп жағдайда күдіре кетпенді, күміс күректі ұстағысы келмей, кежірлік таныту белең алып барады. Шынтуайтына келгенде, қаншама қарыштап, техникаңыз бен технологияңызды оздырыңыз, бәрібір, кетпен-күректен біржолата құтылмақ қиын ғой. Әсіресе, Оңтүс­тік Қазақстанда. Қозалықта, яки мақталықта. Жүгерілікте. Жүзімдікте. Қызанақ пен қырық­қабатыңыз һәм қиярыңыз егістікте де, жылыжайда да кетпенсіз көр­кеймес. Айналайын алма бақтың аралығын үлкенді-кішілі трактор­мен өңдерсіз, ал түп-түптерін күміс­тейін жалт-жұлт етер күрек­пен ғана қопсытарсыз. Кар­топты кетпенсіз, қауын-дарбызды шапашотсыз баптап байқаңызшы. Қолыңыздан түк келмес. Бейқамдыққа берілмеген, жай­қуаттық-жайбарақаттыққа жеңдір­меген жандар күдіре кет­пен­дері мен күміс күректерін күтіп ұстай­ды. Кие тұтады. Баппен пайдала­нады. Үйіргелік телім-тегістіктерін де, жекешелендірілген жерлерін де кетпен-күрекпен өң­деп-жөндеп, жайнатып жүрген­дер жүздеп-мыңдап саналар. Кетпен-күрек ұста­мақ­қа намыстанып, кежірлік­тен кегежесі кері кеткендер “кербез кедейлерге” айналар. Кембағалсып көрініп, әлдекім әлдене әкеп берсе деп күтетіндер де көбейген. Жақында Оңтүстік Қазақстан облыс­тық ішкі саясат басқармасы бірер кісінің басын қосып ақыл­дасқан еді. Онда да осы жағдаяттар сөз етілді. Тілдерді дамыту басқар­масының бастығы Күлия Айдар­бекова ханым Ордабасы ауданына Жолдауды насихаттау мақсатымен іссапарға барыпты. Алыстағы ауылда мынадай көрініске куә бопты. Көшенің басында зейнет­ақы­ларын алған шалдар ортаға шөлмек қойып, жантайып карта соғып жатыпты. Дәл сол көшенің аяғында жастар топ-топқа бөлініп, шөлмектерін шөп арасына жасы­рыңқырап, карта ойнап отырыпты. Ішкі саясат басқармасының жаңа бастығы Батырбек Жал­мұрзаев мырза да бірқатар аудан­дар­дың біраз қыстақтарына барып қайтыпты. Көптеген ауылдарда жасөспірімдер мен жастар түні бойы елтең-селтең сенделіп, күндіз ұйықтауды біраз жылдан бері үйреншікті үрдіске айналдырған сыңайлы. Ауыл әкімдерінің ара­сында ауылдық мектептерге мүлде бас сұқпайтындары жетіп-артылады екен. Ата-аналардың басым көп­шілігі балаларын қалаға жібере­ді. Қалада біраз жүріңкіреген жас­тар ешқашан ауылдарына орнығуға оралмайды. Қылмыстың, бұзақы­лықтың өршіп бара жатқанын және жоққа шығара алмайсыз. Сол басқосуда бұрынғы сенатор Сайлаукүл Барақова ханым бір­­талай ой білдірді. Ол кісінің айтуын­ша, Оңтүстік Қазақстан облысының жастарын жұмысқа орналастыру, жоспарлы түрде өзге өңірлерге қоныс аударту жөнінде мемлекеттік, республикалық дең­гей­дегі арнайы бағдарлама қажет. Себебі, әрбір бесінші қазақ осы Оңтүстікте, әрбір бесінші, кейде төртінші жас пен жасөспірім осы Оңтүстікте. Сон­дық­тан да респуб­ликаның түкпір-түкпірінде, кез кел­ген кенті мен шаһарында шым­кент­тіктердің, оңтүстікқазақ­стандықтардың жиі кездесетіні – заңды жағдай. Бірақ осы жағдайды түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар. “Өзіміз көрдік қой Астанада жүргенде, – дейді күні кешегі сенаторыңыз Сайлаукүл. – Елор­да­мыздың ба­зарын­да да шымкент­тіктер, дәм­хана­ларында да, таксиін­де де, құрылыстарында да шымкенттіктер, көше сыпырып, қар тазалаушылары да шым­кенттіктер. Астанасына бармағанда, оңтүстікқазақ­стандық­тар қайда кетеді енді? Алматыда да қара жұмыста қаптап жүрген шымкент­тіктер. Арнайы бағдарлама керек дейтінім содан...” Бұл-дағы – қаперде қаттырақ ұстар, қорытынды шығарар ұсыныс. Бірақ, бәрібір, бірталай нәрсе жастың да, жасамыстың да өздеріне байланысты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­ма­сының бастығы Жеңісбек Мәулен­құловтың мағлұмдауынша, былтыр жұмыс іздеп келген 36,2 мың адамның 30 мыңнан астамы тұрақты жұмыс тапқан. Бірнеше жылдан бері бос жұмыс орындары мен лауазымдық қызметтерге жәрмеңке өткізіліп жүр. 2009 жылы облыс бойынша 72 жәрмеңке ұйымдастырылып, 4 мыңнан астам жас орналасып, 219 адам қоғамдық жұмыстарға, 150 жас қайта даярлау курстарына жіберіл­ген. Жалпы “Жол картасы” аясында 37971 жұмыс орны ашылыпты. “Жастар тәжірибесі” бойынша 15 мыңға жуық жас маман еңбек дағдысын жетілдіруге жіберіліпті. Әрине, бұл цифрларыңыздың бәрі, бір қарағанда, жаман емес секілді. Алайда, алтын құрсақты аймақ үшін онша үлкен көрсет­кіштер емес. Өкінішке қарай, көп­теген жас мамандар жалақысы жо­ғары жұмыстардың өзін ауырсы­нып, оңайға қарай қашқақтайды. Биігірек лауазымдарды жылдам иеленіп, жайлы-жұмсақ орындарға жедел жайғаспақты көздейді. Мұндай мысалдар былтыр Сайрам, Сары­ағаш, тағы басқа да бірқатар аудан­дар мен қалаларда көбірек орын алды. “Жол картасы” бойынша дәне­керлеуші, меха­ни­затор, шаш­тараз сияқты аса ділгір маман­дықтардың өзін тегін меңгергісі келмейтін, бостан-босқа сенделіп жүрген жастарға не айтуға болады? Бюджет қаржысынан ұйымдас­тырылған қысқа мерзімді курстарға жолдама берілген жастардың сабақ­тарға салғырт қарауына қалайша ренжімейсіз? “Өткен жылы Орда­басы, Сайрам, Түлкібас аудан­дары мен Шымкент қаласының жастары және жұмыспен қамту бөлімдерінен бекітілген жауапты қызметкерлер бізді қатты әуре-сарсаңға салды. Бұдан кім ұтылады? Өз тағдырларына нем­құрайды қарайтын жастар да, бас­қалар да, сайып келгенде, мемле­кеті­міз де ұтылады”, – дейді Мәу­ленқұлов мырза. Түрлі себеп­терді сылтауратып, ешқандай жұмысқа барғысы келмейтіндердің, ешбір тірлікті істегісі келмейтін­дердің, тек атаулы әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы түрлері арқылы азық-ауқат айырып, күйзеу-жүдеу жүре бергісі барлардың азайып емес, көбейіп бара жатқаны ойлантуы тиіс. Бар-баршаны. Берекеңіз бейнетіңізден Еңбекке деген көзқарас, еңбек адамын құрмет тұту, еңбексүй­гіш­тікті мадақтап, жан-жақты наси­хаттау жөнінде қай-қай тараптардан да олқылықтар аз емес. “Қазақ әдебиеті” газетінің 2010 жылғы 5 наурыз күнгі нөмірінде жариялан­ған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, мәдениеттанушы ғалым Ақтолқын Құлсариева қарындасы­мыздың “Еңбекке құрметті орнық­тыру немесе ол туралы бүгінгі түсінік” деген мақаласы көптің көкейіндегі ойды дөп басатын дүние екен. Ақтолқын қарындасымыз қоғамдағы құнды­лық­тарды қайта қарау және олар­дың оң жүйесін қалыптастыру, қазақ менталитетіне тән билік пен қарапайым еңбек адамы арасын­дағы қарым-қатынас­тар хақында тағылымды ойлар қозғайды. Еңбек­тің құнсыздану және қадір­сіздену себептерін, содан туындайтын салдарын таразылап, талдайды. Тер төкпей-ақ табыс табу­дың, алдап-арбаудың, алаяқтықтың, лауазы­мын пайдалану арқылы қорқытып-үркітудің, парақорлық­тың пайда­күнемдік көзіне айналғанын ашып көрсетеді. Сөйте келе, бүй дейді: “Адал еңбекті биік құндылық деп білмеген жерде, адал еңбекпен сый-құрметке бөленбеген елде іс­кер­лікке тірек болар еңбек мәде­ниеті қалыптаспайды. Ендеше, Қазақ­станға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын экономикалық өрлеуге жол бастай­мыз десек, еңбек адамы­на деген құр­метті арттыруы­мыз, таза еңбек­пен байлыққа кене­лу мүмкін деген сенім қалыптас­ты­руы­мыз қажет... Сенім мен иман­дылық мәселесіне мән беріп, дін­нің және қазақ зиялы­ларының адал еңбекке, ысырап пен үнемге қатыс­ты ой-пікірлерін кеңі­нен уағыздап, еңбек адамын әр­дайым ескеріп отырғанымыз абзал”. Зиялылардың зиялысы боп өткен сөз зергері Ғабит Мүсірепов “айдала­да кездескен екі қазақтың бірі кем дегенде екі ақыл айтады, соның біреуін өзі істесе, әлдеқайда алға озып кеткен болар едік”, дегенді мысқылдаңқырап меңзеген еді. Жа­қын­да Азаттық ауылында “Темір қатын” атанған Тойдық әпке қайтыс болды. Сегіз қызы, бір ұлы, құдай қосқан қосағы – бәрі тізіле жылап тұрды. Бүкіл Азаттық ауылы қимай-қимай қоштасты. Тойдық әпке үнемі күлімсіреп жүретін. Сирек сөйлейтін. Тек тірліктің адамы-тұғын. Күйеуі мұғалім. Мектептен босамайды. Қо­сымша табысы жоқ. Тойдық әпке бар бейнетті өз мойнына алды. Жиырма бес сотық жерде қызанақ, қияр, сәбіз және пияз өсірумен айналысты. Кешегі кеңес кезінде де, тәуелсіздік тұсында да. Түнде төрт сағаттан артық ұйық­тамады. “Темір қатынның” қыза­нағы, қияры, сәбізі мен пиязы өзге­лердікіне мүлде ұқса­майтын. Ірі-ірі, қарасаңыз көзіңізді ажыра­тып әкетуіңіз қиын, иістері бұрқы­рап тұрар таңғажайып дүние­лер­тұғын. Тойдық әпкені Ташкен­тіңіз, Шымкентіңіз, қала берді ауыл-аймағыңыз танитын еді. Түнгі авто­бус­пен, бірнеше шелегімен-ақ Таш­кентке тартып кетіп (екі жүз елу шақырым), түс ауа Түлкібас станса­сында жүретін. Сіз бен біз қит етсе, өзбек-өзбек деп өз­аға­лары­мызды айтамыз ғой. Диқан­шылық жөнінде. Үйіргерлік телім­дер туралы. Ал Тойдық әпке – қазақтың қарапайым ғана қызы-тұғын. Жұмат жездеміздің мұға­лімдік қызметін төмендеткіміз кел­мейді. Бірақ сегіз қыз бен бір ұл­дың жоғары білім алып, жұрт қызы­­ғарлықтай жақсы жандарға, еңбек­сүйгіш адамдарға айналуы “Темір қатын” атанған әпкеміздің арқасы десек, артық айтқандыққа жатпас. Әпкемізді әдейілеп әспеттегелі отырған жоқпыз. Аз жасады демей­міз. Сексеннің сеңгіріне қарай бет­т­е­ген еді. Шүкіршілік. Біз бере­ке әкелер бейнетқорлықты бөлектең­кірей мадақтап отырмыз. Қазір үйіргелік телімдер толайым-тұтас пайдаланып жүр дей алмай­сыз. Үш қазақтың бірінде бос жатып­ты. Ғабең (Мүсірепов) жаз­ған­дай мәніс қой. Үйіргелік телім­дерді былай қой­ғанда, әжептеуір-әжептеуір көлем­дегі жекешелен­дірілген жерлер ше? Шаруа қожалықтары ше? Ұсақ-түйек шаруашылық­тарды, майда-шүйде қожалықтар­ды, барша жекешелерді жаппай жалқаулық жайлап барады деуден аулақпыз. Алайда істің көзін таппай, қаржыға қол жеткізе алмай, қиналушылар жылы жағыңызда да жетіп-артылады. Жиі-жиі жиналыс­тар жасалады. Сөзуарлық басымы­рақ. Нақтылы нәтиже кемшін. 2009 жылдың соңына дейінгі мәлімет­терге қарасаңыз, Мақтаарал ауданы бойынша 19115 ұсақ шаруашы­лықтың 3424-і, Түркістанда 4314 ұсақ шаруашылықтың 1876-сы, Сарыағаш ауданындағы 8265 ұсақ шаруашылықтың 2320-сы, Қазы­ғұрттағы 1966 ұсақ шаруашы­лықтың 864-і, Төле би ауданында 3428 ұсақ шаруашылықтың 1366-сы, Түлкібастағы 3526 ұсақ шаруашылықтың 987-сі ғана ірілендірілген. Облыс бойынша 58822 ұсақ шаруашылықтың 18261-і ірілендіріліп, 533 шаруашылық құрылған. Әрине, бұл үдерістің күрделі күрмеулері, қиын түйіндері аз емес. Заңнамаларда ірілендіруіңіз жер пайдаланушылардың еркімен ғана жүзеге асатыны анық көрсе­тілген. Дұрыс-ақ. Алайда, жоғарыда келтіргеніміздей, кілтипандар да кедергі келтіреді емес пе? Сон­дықтан, менталитетімізді ескере отырып, әкімдіктер, мәслихаттар, ауыл шаруашылық, жер қатынас­тары мекемелері тарапынан ынта­ландыру, ұйымдастыру, түсіндіру жұмыстары пәрмендірек жүргізіл­мегі жөн емес пе? Хадистерде де көпке пайдалы пайымдарды жүз рет қана емес, жүз бірінші мәрте де мәністей қайталаудың қажеттігі қағидаланған емес пе? Осындай-осындай себептер бар, басқалары бар, Оңтүстігіңіздің өзінде былтырғы есеп бойынша 189464 гектар егістік жерлердің пайдаланылмай жатқаны анықтал­ды. Оның ішінде Отырар ауданын­да 30537 гектар суармалы жердің 19597 гектары немесе 64,17 пайы­зы, Арыста 41424 гектардың 23968 гектары немесе 57,8 пайызы, Бәйді­бек ауданында 122944 гектар барлық егістіктің 51428 гектары немесе 41,8 пайызы, Түркістанда 43300 гектар суармалы жердің 13641 гектары немесе 31,5 пайызы, Шардарада 59975 гектар суармалы алқаптардың 16644 гектары немесе 27,7 пайызы, Ордабасыда 80231 гектар жердің 17783 гектары немесе 22,1 пайызы, Сарыағаш ауданында 64501 гектар егістіктің 11813 гек­тары немесе 18,3 пайызы пайда­ланылмай қалған. Мұндай мысал­дарды өзге аудандардан да келтіруге болады. Тобықтайын түйіндеу Күні кеше ғана адамзаттың алтын бесігі атанған, Нұқ пайғам­бардың кемесі аялдап, кемел көк­жиек­терге көз тіккен Қазығұрт тауы­ның баурайында жылы жағы­ңыздың жұрты – Оңтүстік Қазақ­стан өңірі­нің ардагерлері, ел аға­лары мен ел аналары, облыстың, қалалар мен аудандардың тізгін ұстарлары, зиялы қауым мен жастар өкілдері, дәстүрлі дін, өзге де қоғамдық ұйымдар, саяси пар­тия­лар филиалдары және БАҚ бас­шы­лары “Ырыс алды – ынтымақ” атты арнайы жиынға жиналды. Дәстүрге айнала бастаған басқосу­дың біріншісі былтыр түркі дүниесі­нің түп қазығы, текті төрі Түркістанда 22 наурыз күні ұйым­дастырылған еді. Қазығұртта, Ұлыс­тың Ұлы күнінде өткен биылғы басқосу тікелей жастар тәрбиесі мәселелеріне арналды. Осынау ойласуда Оңтүстіктің орны, Ұлысымыздың ұйытқысы екендігі ерекше әңгіме болды. Наурыз мейрамының алдында ғана Елбасымыздың көк теңізіміз – Көксарайдың алғашқы кезегін, Шымкент шаһарындағы керамо­гра­нит зауытын, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония­ның жаңадан салынған ғажайып ғимара­тын ашқаннан кейін айтқан “Оңтүс­тік мемлекет дамуының діңге­гі болу­ға тиіс” деген сөзінің терең мәні­не ден қойылды. Наурыз­ға орайлас­тырылған осы ойласуда баяндама жасаған облыс әкімі Асқар Мыр­захметов ынтымақ пен бірліктің арқасында Оңтүстікте оңды істердің еселене түскенін, өкінішке қарай, жастар белсенділігі жоғары дей алмайтынын атап көрсетті. Жастар тәрбиесі жөнінде қай тараптардан да кемшіліктер көбірек. Жастардың өздері жағынан да озық идеялар, жарқын бастама­лар жеткіліксіз. Ұрпақтар сабақтастығын ұлағат­ты жалғастыру үшін не істемек керек? Жастар бүгінгі уақыт талабы­на, заман зәрулігіне сай ма? Бизнес пен бәсекеге икемді ме? Ауылда да, қалада да елтең-сел­теңге, сауық­құмар­лыққа, еріккен­дік­ке елтушілік үдеп бара жатқан жоқ па? Деген­дейін ділгір сауалдарға жауап іздеп, пікір білдірушілер аз болмады. Қазы­ғұрт жиынында басылымы­мыз­дың басшысы Сауыт­бек Абдрахманов­. “Оңтүстік ежел­ден-ақ еңбексүйгіш­тігімен ерекше­ленер еді. Кейінгі кезде сол қасиетін кемітің­кіреп, бейнетқор­лығын бәсеңдетің­кіреп бара жатқан сияқты. Осыны көкейге мықтап түйіп, тиісті қоры­тынды шығарайық, ағайын”, деді. “Рас-рас”, десті жиналғандар. Иә, Оңтүстіктің орны бөлек. Еңбексүйгіштігі ерек. Солай болып қала бермегі – қасиет. Сол ұлы қа­сиеттен айныса, ол – қасірет. Жасы­ратыны жоқ, жалқаулыққа бой алдыру, бейнетқорлықтың бәсең тартуы белең алып бара жатқан жағдаяттар басымырақ байқалады. Кегежесі кейін кеткендер көбейген­дей көрінетіні рас. Жылы жақты жалқаулық жайласа, еліңізде ерін­шектік есірер. Адамзаттың Абайы айтқандай, есірген еріншектіктен өткен кесепатты кесел жоқ. Ойланайық, ағайын. Мархабат БАЙҒҰТ.