03 Сәуір, 2010

МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕРДІ БЕЛГІЛЕП БЕРДІ

604 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Н.Назар­баев­тың биылғы Жолдауы “Жаңа онжылдық — жаңа экономикалық өрлеу — Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” деп аталыпты. Барша қазақстандықтар тағатсыздана күт­кен тарихи құжатпен  өзім оқыр­маны саналатын “Егемен Қазақ­стан­нан” оқып, жан-жақты таны­сып шықтым. Елбасының Пар­ламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауы алдағы онжылдықта елімізді одан әрі өркендетудің басты міндеттерін айқындап берумен ерекшеленеді. Және бір құндылығы, 1997 жылы қабылданып, ұзақ мерзімге арнал­ған “Қазақстан-2030” Стратегия­сы­ның басты мақсаттары мен басым­дықтары  айқын көрініп, заңды жалғасын тауып жатуында дер едім. Президент атап өткендей, ХХІ ғасырдағы алғашқы онжылдықта еліміз серпінді дамуын сәтті жал­ғастырып, қуатты да табысты мем­ле­кетке айналды. Ендігі мақсат – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Оның нақты талаптары мен мін­дет­тері Жолдауда атап көрсетіліп, қа­зақстандық жолдың көшбасшылық нұсқасы қолмен қойғандай жіліктеп берілген. Маған, әсіресе, экономи­каны әртараптандыру мәселелері бойынша  айтылған ойлар қатты ұна­ды. Бүгінгідей күрделі кезеңде өркениетті, дамыған елдер қата­ры­на жету, олармен теңесуге ұмтылу өте құптарлық. Ұлттық эко­номиканың бәсекеге қабілеттілі­гін арттыру, еңбек өнімділігін есе­леп өсіру, озық инновацияларды өндіріске енгізу аса маңызды міндет болып табылады. Сондай-ақ әр өңірдегі әрбір ин­дустриялық жоба жергілікті билік­тің ғана емес, сонымен бірге жұрт­шылықтың да айрықша бақылауы­на алынуы тиістілігі  бөле-жара ай­тылған. Бұл орайда кәсіподақ ай­рық­ша азаматтық белсенділік таны­тып, өз үлестерін қоса аларына се­німдімін. Мәселен, азық-түлік бағасын қолжетімді ету, жұмыс­сыз­дық санын азайту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу мәселелері бойын­ша облыстық  кәсіподақ әкім­дік­пен, жұмыс берушілермен үшжақты келісімге келудің арқасында нақты істер тындырылды.  Демек, елі­міздегі  кәсіподақ армиясына арқа сүйей отырып, ортақ іске жұмыл­дыра білсек, индустриялық жобалар бүкіл еліміздің жалпыұлттық мін­детіне айналары сөзсіз. Жолдауда ғылым және білімге үлкен көңіл бөлініп, нақты ұсы­ныс­тардың белгіленуін солтүстік­қа­зақ­стандық ұстаздар қауымы қуа­ныш­ты сезіммен қарсы алды. Бұл салада атқарылатын шаруалар қы­руар. Солардың бірі—мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқыту ісін жетілдіру. Осыған орай “Балапан” бағдарламасының ұсы­нылуы өте құптарлық. 2020 жыл­ға қарай орта білім беруде 12 жыл­дық оқыту моделінің табысты жұ­мыс істеуі үшін Үкімет бірқатар ша­ралар атқаратын болып белгі­лен­ді. Мұның бәрі еліміздің ертеңгі аза­маттарын қалыптастыру жолын­да­ғы аршынды  қадамдар дер едік. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің алдағы онжылдық даму бағыттарын айқын белгілеп берген Жолдау қағидаттары ертеңге деген берік сенімді ұштап, жігерлендіре түседі. Назымбек ОРАЗЫМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы.