
1. Тұтқындағы қазақ жауынгерлері
Германияның өз аумағында фашистер соғыс тұтқындарына арналған концентрациялық лагерьлер орналастырмай, алғашқы кезде Белоруссия, Украина, Балтық елдері жерінде ашылды. Лагерьлер фашист идеологтарының ойынша тұтқындарды кеңес өкіметіне қарсы азғырып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін қажет болды. Ал мұндай тұтқындар қатары өте көп еді. Тек 1941 жылы ғана емес, 1942 жылы да миллионнан астам адам фашистер тұтқынына түсті.
Тұтқынға түскендер (мың адам): 1941 ж. – 1998 мың; 1942 ж. – 1339 мың; 1943 ж. – 487 мың; 1945 ж. – 28 мың.
Бұл деректер тек кеңес-герман майданында тұтқынға түскендер туралы. Оған 1945 жылы тамызда жапон соғысында тұтқынға түскен 18 мың кеңес жауынгері кірмейді. Соғыс жылдарында тұтқында болған КСРО әскерінің саны 5 млн 300 мыңнан 1944 жылы 5 млн 700 мыңға дейін жетті деген де деректер бар. Мұның 3,3 млн-ы тұтқында өлген.
КСРО республикалары бойынша да (ұлттық құрамын қоса есептегенде) жалпы тұтқынға түскендердің нақты санын айқындау қиын. 1995 жылы жарыққа шыққан «Боздақтар» кітабының жалпы томында тұтқыннан оралмаған қазақстандықтардың саны 7046 адам деп көрсетілген. Бұл ешқандай қисынға келмейді. Ал осы кітаптағы хабарсыз кеткендер деп көрсетілген 271 503 адам шындыққа жақын екені даусыз.
Алғашқы жылы (1941-1942 жж.) тұтқында болғандардың адам төзгісіз жағдайда болғанын құжаттар да, оны басынан өткеріп, тірі қалғандар да баяндайды. 1941 жылы тамыз-қыркүйек айларында Польша жерінде ұйымдастырылған Ченстохово, Сувалки, Легионово және басқа лагерьге сұрыпталып әкелінген тұтқындар әдейі осындай азапты жағдайда ұсталды. Мысалы, Ченстохово лагеріне жинақталған 30 мың түркі-мұсылман тұтқындарынан екі-ақ мың адам аман қалған. Олардың бәрі сүзек және басқа аурулардан жаппай қырылған. Сол сияқты Сувалки лагеріндегі 650 түркі-татар тұтқындардан күніне 5-10 адамнан қайтыс болған. Бұл 1941 жылдың жазы мен күзі. Ал осындай лагерьлер Украина территориясында да құрылғаны мәлім. Днепропетровск, Житомир, Полтава және басқа жерлерде неміс фашистері фильтрациялық тұтқындар лагерінде оларды ұлтына қарай бөліп, тұтқындарды жұмысқа салды, оларға неміс армиясына қызмет етуді ұсынып, үгіт-насихат жүргізді.
Соғыс жылдары КСРО өкіметі әскери тұтқындар туралы 1899 жылғы және 1907 жылғы Гаага конференциясының соғыс және тұтқындар туралы конвенциясына қосылған жоқ. 1929 жылы әскери тұтқындарды қандай жағдайда ұстау керектігі туралы Женева конвенциясы қабылданды. КСРО өкіметі оған да қол қойған жоқ, кейін де. Сондықтан КСРО жағы араағайындық жасаған Швейцария жағының кеңес тұтқынындағы және неміс тұтқынындағы әскерилерге көмек беру, пошта байланысын жасау туралы ұсыныстарын қабылдамады. Есесіне 1941 жылдың 16 тамыздағы бұйрығы бойынша Жоғарғы әскери билік (Ставка) кеңес әскерлеріне тұтқынға берілмеуге, «ондайларды командирлер мен комиссарлар сол жерде атып тастауы қажет» деген тұжырым жасады.
Германия тұтқынға түскендерді іріктеп алып, солардан құрылған легиондарды кеңес әскерінің өзіне қарсы айдап салу идеясы іске асырыла бастады. 1942 жылы жазда Харьков түбінде және Днепропетровскіде концентрациялық лагерлерде болған А.Жәмкен (кезінде өзінің өтініші бойынша аты-жөнін толық келтірмедік) былай деп еске алған еді: «Ақмолада құрылған қазақтың 106-атты әскер дивизиясы құрамында майданға келдік. Біздің үш полкті 6 кавалерия корпусын толықтыруға қосты да ұрысқа салды. Харьковтің оңтүстігінде Красноград қаласы бағытында шабуылға енген корпус қоршауда қалды. Үш күн ғана соғысып үлгерген біз бүкіл дивизиямызбен бірге тұтқынға түстік. Әуелде Харьковке жақын жерде лагерьде ұстап, кейін Днепропетровскідегі лагерьге жаяу айдап келді. Аш-жалаңаш, жаралы тұтқындар біртіндеп өле бастады.
Енді бір кезде неміс формасын киген, қарындары тоқ қандастарымызды арамызға жіберіп үгіттеуді шығарды. Легионға кірсеңдер біз сияқты жағдайларың жақсы болады деп азғырды олар. Осы үгіттеулерден кейін көпшілігімізді еркімізді сұрамастан легионға қабылдады».
1941 жылы жаз бен күзде КСРО әскерлерінің тұтқынға көп түскендігі соншама, фашистер өздеріне легион үшін таңдап алған тұтқындарды оқытатын, идеологиялық «тазартудан» өткізетін арнайы оқыту лагерьлерін ұйымдастырды. Сондай іріктеу және оқыту лагері Түркістан халықтарынан шыққан тұтқындарды оқыту үшін Чернигов облысының Ромны қаласында ашылады. Онда қазақ, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр, татарлардан құралған роталарды (жүздіктерді) жасақтап, оқыту қолға алынады. Мұндай лагерьлер әзербайжан тұтқындары үшін Чернигов облысының Прилуки қаласында, грузиндер үшін Полтава облысының Гадяч ауданы орталығында, армяндар үшін сол облыстың Лохвица қаласында ашылды. Солтүстік Кавказдан шыққан мұсылмандар үшін Полтава облысының Миргород қаласында лагерь ашылды. Батыс Украинада, Умань қоршауында 1941 жылы шыға алмай тұтқынға түскен қазақ, өзбек, қырғыз т.б. үшін Шепотовка, Ровно лагерьлері ашылды.
Украинада орналасқан мұсылман тұтқындардың лагерін бақылау орталығы да осы Миргород қаласында болды. Оның штаб бастығы түркітанушы ғалым, фашистердің Шығыс министрлігінде қызмет еткен Оскар фон Нидермайер болды. Түркі тілдерін, шығыс халықтарының тілі, тарихымен айналысатын Андреас Майер-Мадер, Герхард фон Менде, Райнер Ольцша сияқты мамандар Шығыс министрлігі арқылы империялық қауіпсіздік қызметіне алынып, барлау және диверсия жұмыстарына адам таңдау Түркістан халықтары өкілдерінен әскери бөлімдер жасақтауға тапсырма алады.
1941 жылы 15 қарашада вермахтың 1-Түркістан полкін құру туралы бұйрығы шығады (Turkstanisches Rediment)*. Бірақ шын мәнінде бұл полк емес еді. 444-түркі тілдес ұлт өкілдерінен құралған батальон болатын. Оның командирі небәрі обер-лейтенант Таубе деген екен. Осы батальон болашақ Шығыс легиондарының үлгісі болып саналады.
Гитлер де, оның сыбайластары да КСРО-ға әртүрлі этностардан құралған жасанды мемлекет деп қарады. Сондықтан оның халықтарының арасына сына қағып, бөлшектесе – басқаруға оңай болады деген тұжырымда болды. Ақпан, қазан төңкерісінен кейін саяси әлемде Үлкен немесе тұтас Түркістан мемлекетін құру, Грузия, Әзербайжан, Армения аумағында Ресейден тәуелсіз жеке мемлекет болу идеялары кеңінен таралғаны мәлім. Оларды Ресей империясын ежелден өздерінің бәсекелесі деп санайтын, қолайлы сәтте бөлшектеуге әзір тұратын Ұлыбритания, АҚШ, Франция сияқты Батыс елдерінің қолдағаны мәлім. Өмірде іске аспай қалған бұл идеялар сол елдерден эмиграцияға кеткен білімді қайраткерлер тарапынан жалғасын тапты. Оларға материалдық және саяси көмек беріп, белсенді қорғаған Батыс державалары бұған үлкен мән берді. 1923 жылдан бастап Польшаның Бас штабындағы әскери барлау қызметімен (экспозитура) тығыз байланыс орнатып, КСРО-ға қарсы қызмет еткен З.Валиди Тоған, М.Шоқай, Ә.Идриси және басқаларының өмірі осыған куә.
Герман жағына белсене қызмет жасаған профессор Әлімжан (Ғалымжан) Идриси, Вели Каюмхан және басқалары лагерьлерді аралап, тұтқындарды азғыру жұмыстарын өршітті. Ғ.Идриси азамат соғысынан кейін Германияға кеткен, сонда Шығыс министрлігінде қызмет істеген. Ұлты татар.
Вели Каюмхан 1922 жылы Түркістан АКСР-нен жергілікті ұлт өкілдерінен мамандар даярлау үшін деп оқуға жіберілген 70 адамның құрамында Германияға 16 жасында барған. Олардың ішінде бес қазақ азаматы (Ғ.Бірімжанов, Д.Битілеуов, М.Бұралқиев, Ә.Мұңайтбасов) болды. Оқуда болған қазақтар түгел елге оралып, қуғынға түсті. Ал В.Каюмхан сонда қалып қойып, герман радиосында қызмет етті. Түркістан Ұлттық Кеңесіне кірді, М.Шоқайдан кейін соның төрағасы болды. Түркістан легионын құруға белсенділік танытқан адам.
Германия соғыстың алғашқы айларында тұтқындардан әскер жасақтай бастады. 1941 жылы қазанда Польшадағы Рембертов полигонында 6 Түркістан ротасы құрылды. Олардан Германияның әскери барлау органы абверге «Жолбарыс Б» деген жоспар бойынша диверсанттар мен барлаушылар таңдап алынды. 450-Түркістан батальоны да осындай мақсатпен құрылды. Командирі А.Майер-Мадер.
А.Майер-Мадер осы легионерлердің ішінен 15 адамды таңдап алып, Түркістанға десант тастау идеясын ұсынды. Оның ойынша мұндай топ Орта Азия мен Қазақстандағы аса белгілі бір тұлғаны қолға түсіріп, ұшақпен Германияға жеткізсе, оны болашақ Түркістан мемлекетінің президенті болуға көндіріп, басқаларға насихат жасар едік деген дәме. Тағы бір топты ол басмашылар қозғалысын өршіту үшін жібермек болды. Бірақ Қырымға жеткізіп, әрі қарай аттандырмақ болған десант тобын тиеген ұшақ Симферополь маңында апатқа ұшырап, бұл жоспар орындалмай қалды.
1941 жылдың соңы – 1942 жылдың алғашқы жартысында Шығыс легиондарын құруды тездету қолға алынды. Украина – Кавказ, Қырым бағытында неміс қолына түскен Кеңес тұтқындары көп болғандықтан және дәл сондай жағдай Минск – Москва, Новгород – Ленинград бағытында да қалыптасқандықтан Қазақстан, Орта Азия және Кавказ халықтарынан шыққан тұтқындарды екі бағытта шоғырландырып, батальондарға тіркеуге кірісті. Бұл топтарға татар, башқұрт, чуваш т.б. да қосылды.
1941 жылдың қазан айында жеке «жүздіктерді» құрудан бастап, кейін оларды 1-Түркістан полкіне біріктірген немістер 1942 жылдың басында ең алғашқы Түркістан батальондарын құрып үлгерді. 1942 жылы 12 қыркүйекте немістер грузин батальондарын Пятигорскіге әкеліп, ұрысқа енгізді. Оның артынша армян және әзербайжан, Түркістан батальондарын ұрысқа қосты. 1943 жылдың мамырына дейін тек Украина жерінде Шығыс легиондарының 25 дала батальоны (жаяу әскері) құрылды. Олардың 12-сі Түркістан легионының батальондары еді (1/29, 1/44, 1/76, 1/94, 1/100, 1/295, 1/297, 1/305, 1/370, 1/371, 1/384, 1/389). Қалғандары: 6 әзербайжан, 4 грузин, 3 армян батальондары. Бұларға қоса
2 Солтүстік Кавказ күшейтілген батальоны, 7 құрылыс және 2 запастағы батальон құрылды. Бұлардың нөміріндегі бірінші сан құрылған ретін көрсетсе, қасындағы екінші сандар соларды құруға командалық құрам берген неміс әскери бөлімдерінің нөмірін білдіреді.
1942 жылы көктемнен жылдың аяғына дейін құрылған Шығыс легиондары немістің генерал-полковник Вильгельм фон Паулюс басқарған 6-армиясының құрамына берілді. Бұл армия 1942 жылдың көктемінде Харьков түбіндегі қырғында жеңіске жетіп, 242 мың кеңес солдаты мен командирін тұтқынға алған болатын. Тұтқынға түскендер ішінде қазақтың 106-атты әскер дивизиясы, сол сияқты ұлттық негізде құрылған қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік атты әскер дивизиялары да бар еді. Олар бірыңғай сол ұлт өкілдерінен құрылған-ды. Оларға қоса соғыстың алғашқы жылы Кеңес армиясына шақырылған миллиондаған адам Қазақстан, Орта Азия, Кавказ, Алтай мен Сібір ұлттарынан-тұғын. Сондықтан 1942 жылы тұтқынға түскендерден Шығыс легиондарын жасақтау фашистер үшін қиынға түскен жоқ.
Жалпы 1941-1944 жылдары фашистік Германия Шығыс легиондары үшін 54 батальон жасақтаған екен. Олардың ішінде күзет, құрылыс, теміржол батальондары да бар. Осы мәселені зерттеген ғалымдардың келтірген дәйекті деректері бойынша 1941-1945 жылдары 1,3-1,5 млн-ға жуық КСРО азаматы осындай әскер жасағында және полиция құрамында қызмет еткен.
КСРО-ның Еділ бойы, Қазақстан, Орта Азия және Кавказ ұлттарынан 310 мыңнан – 325 мыңға дейін адам Шығыс легиондарында болған. Таратып айтсақ, олардың қатарында: 180 мың өзбек, қазақ, қырғыз, ұйғыр, тәжік, түрікмен, Солтүстік Кавказ халықтарынан 28-30 мыңдай адам, 20 мыңдай грузин, 18 мыңдай армян, 25-55 мыңдай әзербайжан, 40 мыңдай татар, башқұрт, чуваш, мордва, удмурт, марийлер осы Шығыс легиондарының сапына өткен.
Фашистер Сталинград түбіне дейін жеткенде Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан тұтқындарды майданда пайдалануға, өз жерлеріңді азат етесіңдер деп сендіруге жақсы мүмкіндік туды. Алайда жаудың бұл ниетінен жарытып ештеңе шықпады. Астрахань – Қазақстан бағытында пайдасы тиеді деген Түркістан легионының бірнеше батальоны қатты шығынға ұшырады. Реті келгенде легионерлер кеңес жағына өтіп кетті. Кейде түгелдей взвод (30 адам), сирек болса да рота (120 адам) қашып кеткен кездері жиі ұшырасты.
Барлау қызметінің ардагері, отставкадағы полковник Сардарбек Ақпанбетов кеңес барлау органдарының тапсырмасымен майдан шебінен әлденеше рет өтіп Түркістан легионы батальондарына барып қосылған. Өмірінің соңғы жылдары С.Ақпанбетов Қазақ КСР Ғылым академиясының суретшілер мен операторлар тобында қызмет етті. Ол легионерлер арасында іріткі салу, кеңес жағына және партизандарға қосылу туралы насихат жұмыстары белсенді жүргізілгенін растаған еді.
Түркістандықтар арасында іріткі салу легион мен Түркістан Ұлттық Комитеті арасындағы алауыздықты өршіте түседі. Ұйымды Вели Каюмхан, әскери бөлімді өзбек Баймырза Хаит басқарды. Жетекші орындардың бәрінде өзбек ұлтының өкілдері орнығып, өз мүдделерін, саясатын іске асыратыны басқа ұлт өкілдерінің наразылығын тудырды.
Әсіресе соғысқа дейін Свердловск қаласында политехникалық институтты бітірген Батыс Қазақстанның тумасы, 1941 жылы жазда немістер жағына өз еркімен өткен инженер Қарыс Қанатбаев сияқты белсенді қайраткерлер бұған тіптен шыдамсыздық танытқан еді. Осының салдарынан Қ.Қанатбаевтың айналасына топтасқан түркістандықтар 1944 жылы ақпанда жеке өздері Түркістан Ұлттық Кеңесі деген ұйым құрып, В.Каюмханнан іргесін аулақ салды.
Белсенді легионерлер мен ТҰК-те қызмет еткен түркістандықтардың кейбірі соғыстан кейін батыс Германияда қалып, АҚШ құрған «Азаттық» радиосында қызмет етті. Олардың ішінде жоғарыда айтылған Қарыс Қанатбаев, Дәулет Тағыбердин, Жұмабек Ақбергенов және басқалары болғаны белгілі.
Фашистік Германия басшылығы Түркістан легионын құрғанда әуел бастан әскери күш құру ғана емес, КСРО тылында барлау және диверсиялық әрекеттерді іске асыру ниетін көздеді. Польша және Германия аумағындағы барлау мектептерінде даярлаған топтарды, жекелеген адамдарды Қазақстанның батыс аумағына және басқа жерлерге жіберумен болды. Алайда Қазақстанға түсірілген диверсанттардың көбі билік орындарына өз еркімен берілді. Кейбіреулерінің неміс жағына адалдық білдіріп, тапсырманы мұқият орындауға тырысқаны да белгілі. Мысалы, соғыстан кейін АҚШ агенті болып ұсталған Қодыбек С. (тегін әдейі келтірмедік) Франция жерінде партизандарға қарсы жазалау операцияларына қатысқан. 1945 жылы АҚШ жағына қолға түсіп, іріктеу лагерінде жүргенде америкалықтар тыңшы болуға көндіріп, кеңес жағына кері қайтарған.
Түркістан легионы батальондары, басқа да Шығыс легиондары сияқты, адамдары кеңес жағына топ-тобымен қашып кете берген соң, неміс басшылығы оларға сенімсіздік көрсетіп, Еуропа елдерінің аумағына ауыстырды. 1943 жылы немістер жағы Гиммлер басқарған саяси полиция СС – гестапо мекемесінің аясында Шығыс легиондары батальондарының бір бөлігін біріктіріп, 162-жаяу әскер дивизиясын құрады. Бұл дивизия да, Түркістан легионының басқа бөлімдері де Еуропаның әртүрлі елдерінде партизандарға қарсы күресіп, күзет қызметінде болады. Бірақ ол жақта да Түркістан легионының адамдары кез келген мүмкіндікті пайдаланып партизандар жағына қосылады. 1944 жылы 6 маусымда Одақтастар әскері екінші майдан ашқанда тіпті көбейе түседі. Италия, Югославия, Франция жерінде одақтастарға қарсы ұрысқа қатысқан Түркістан легионының батальондары біржола талқандалып, қолға түседі. Міне, немістер құрған Түркістан легионының қысқаша тарихы осындай. Екі жүйе, екіге бөлінген империялар арасындағы соғыста аз ұлт өкілдерінің тағдыры осылай тәлкекке ұшырады.
Қайдар Алдажұманов,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты
(Жалғасы бар)