100 • 07 Сәуір, 2020

«Социалистік Қазақстан» газеті: Қажымұқан Мұңайтпасов

2624 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күні. Орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы. Теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. 1948 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне Қажымұқан Мұңайтпасов туралы шыққан мақаланы назарларыңызға ұсынамыз. 

«Социалистік Қазақстан» газеті: Қажымұқан Мұңайтпасов

Французша күресте сан рет дүние жүзінің және Европаның чемпионы атағын алған асқан спортшы-палуан Қажымұқан Мұңайтпасов 77 жасында қайтыс болды.

Қажымұқан Ақмола облысында кедей семьяда туды. Ол жас кезінде жетім қалып, жастық өмірі ауыр жағдайда өтті. 9 жасынан 20 жасына дейін байлардың жалшылығында болды.

Жаратылысынан ерекше күшті туған Қажымұқан жас кезінде-ақ күреске әуестенді. Алғашқы рет 1895 жылы Киев қаласында французша күресте дүниежүзілік бірінші орын алу үшін күресті. Бұл күресте жеңіп шығып, дүние жүзінің чемпионы атағын алды.

Онан кейінгі күрестерінде Қажымұқан талай рет дүние жүзінің және Еуропаның чемпионы деген атаққа ие болды, бірде-бір рет жығылмай, Россия спортшыларының батырлық күші мен шебер­лігінің даңқын бүкіл дүние жүзіне жайды.

1904 және 1905 жылдарда Харбин қаласында болған самбо күресінде Жапонияның чемпионы Царькинді жықты.

1906 жылы Қажымұқан Берлин қаласында Европаның чемпионы, неміс палуаны Тон-Конэтті жығып, Европада бірінші орын алды.

1910 жылы Берлинде дүниежүзінің чемпионы Канс-Каунді жығып, дүниежүзілік бірінші бірінші орын алды.

1913 және 1916 жылдарда Парижда дүние жүзінің чемпионы Стур-Ментаны жығып, бұл жолы да дүниежүзілік бірінші орынға ие болды.

Қазақтың атақты палуаны өз өмірінің 56 жылын физкультура мен спортқа арнады. Қажымұқан өз басының табыстарын және орасан мол техникалық спорт тәжірибесін төзімділікпен жас ұрпаққа үйре­тіп келді.

Халықаралық спорт майданындағы үздік жеңістері үшін Қажы­мұқан 48 рет алтын және күміс медальдармен наградталған.

Қажымұқан өз Отанының жалынды патриоты еді. Азамат соғысының ауыр жылдарында ол қолына қару алып, өз халқының бағыты үшін күресті, ол кезде буыны қатпаған жас совет өкіметін ақ гвардейцевтер бандаларынан, Колчак және алашорда бандаларынан қорғасты.

Гитлершіл Германияға қарсы Совет халқының Ұлы Отан соғысы жылдарында Қажымұқан өзінің жинаған қаржысын Жоғарғы бас командованиенің қарамағына самолет жасауға берді, мұның үшін Сталин жолдастың өзінен алғыс алды.

Қазақ Республикасының 25 жылдығында совет үкіметі Қажы­мұқанды «Құрмет белгісі» орденімен наградтады.
Жалынды патриот, асқан спортшы Қажымұқанның жарқын бей­несі мәңгі ұмытылмайды.

 

Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы
физкультура және спорт істері жөніндегі комитеті.

«Социалистік Қазақстан», 20 август, 1948 жыл