
Алайда, 2018 жылдың күзінде Мойынқұм ауданының әкімдігі суармалы егістікті қолға алып, жеке иелікке кеткен каналдарды қайтарып алды. Осының нәтижесінде 9 канал тазаланып, округ бойынша 1515 гектарға егін егілді. Диқандарға жеңілдікпен тұқым берілді. Яғни, ел ішіне сумен бірге береке келді. Бітік өскен жүгері, арпаны оруға комбайндар сатып алынды. Ала жаздайғы еңбек зая кетпеді. Ауыл бойынша 300 гектарға жүгері, 140 гектарға арпа және басқа да дақылдар егіліп, мол өнім алынды. 900 гектар жоңышқа 4 мәрте орылды. Қазір Айдарлының айдағаны бес ешкі емес, тұрмысы бақуатты, ауылдағы мүйізді ірі қара саны 2520-ға, қой-ешкі 12509-ға, жылқы 807-ге жетті.
Енді Айдарлы ауылынан Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің «Қосалқы шаруашылық – ауыл адамдарының табыс көзі» деген өңірді дамыту, елдің әл-ауқатын арттыру жолындағы бастамасына 318 аула қатысып отыр. Ауылда 365 аула болса, олардың үй іргесіндегі жер көлемі 58 гектар. Олар үй іргесіндегі жердің 33 гектарына картоп, 25 гектарына қызанақ екпек. Мал, егін шаруашылығына қатысушы аулалар да аз емес. 2019 жылы жүгері еккен 4 шаруаға мемлекеттен 138 мың теңге субсидия берілді. Жобаның екінші бағыты бойынша ауыл халқының қолындағы ірілі-ұсақты 2664 бас малға, тағы осындай 1878 бас асыл тұқымды мал сатып алу көзделіп отыр.
Жобаның төртінші бағыты бойынша Мейірхан Шалқарбеков басқаратын «АйдарлыАгро-2019» кооперативі сатып алынатын техникаларға тапсырыс беріп қойды.
– Өткен жылы біздің ауыл ғана емес, аудандағы егістікпен айналысатын ауылдар үшін жақсы жыл болды. Жиырма жылдан кейін ауылға су келіп, жүгері, арпа, қауын-қарбыз ектік, жоңышқалықтың көлемін ұлғайттық. Бұл үшін аудан әкімдігіне алғыс айтамыз. Биыл егістік көлемін ұлғайтатын боламыз. Ауданға комбайн алынатыны дұрыс болған екен. Себебі биыл арпа егушілер көп болады, – дейді бұл жөнінде еңбек ардагері Бүйенбай Қозиев.
Енді берекелі ауылдың тұрғындары арықтарды, үлкен каналды тазалау туралы бастама көтеруде. Ал Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде алдағы уақытта Айдарлыда 90 орындық клуб салынып, бір көше асфальтталып, 2 көшеге жарық орнатылатынын айтты.
Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист
Жамбыл облысы