
Ө.Қойшиевтің мақаласын оқып, автормен таныспаққа ұмтылдық. Өкінішке қарай, Өтеген мырза 2019 жылы Қызылорда қаласында өмірден озып кеткен екен.
Аталған мақаланың дәл осы нұсқасын автор әртүрлі басылымдарда үш рет жария еткен екен: алғаш рет «Дат» газетінің 1998 жылғы 3 қыркүйегіндегі 18-санында басылған; екінші рет 2008 жылы «Мұсылман» журналының 2-санында жарияланған; үшінші рет 2018 жылы «Жалаңтөс баһадүр» атты жинаққа енгізілген. Соңғы жарияланымда автор 20 жыл ішінде Әйтеке бидің суретіне ешбір жанның назар аудармағанына әжептеуір реніш білдірген екен. Марқұмның бұл реніші орынды-ақ. Өйткені Қойшиев үшін өкініштісі сол, Әйтеке бидің жаңа суретін ешбір адам анықтауға ұмтылмаған, тек кейбір авторлар суреттің астына «бәленше салды» деп жазумен шектеліп, ешқандай дәлелсіз жариялауды әдетке айналдырғандай.
Автор мақаласында Әйтеке бидің суретін тірі кезінде алғаш рет 1698 жылы Испания суретшісі Хуан Харис салды деп жазады. Бұған сенуге болады. Бірақ содан бері 300 жылдан артық уақыт өтті, сонда бұл сурет (Испанияда ма, әлде Қазақстанда ма) қалай сақталып, қалай бізге жеткені туралы автор нақты жазбаған. Бұл арада мақаланың тағы бір түсініксіз жері – ол суретті салу мерзімін Әмір Темірдің билігі кезіндегі халықаралық уақиғамен байланыстырғаны. Шындығына келгенде Әмір Темір XIV ғасырдың адамы, ал суретті салған XVII ғасырдың адамы.
Жалпы, Испания королінің XIV-XVII ғасырлар арасындағы архивіндегі басқа да сақталып қалған суреттерді Орталық Азия мен Қазақстан жерлеріндегі ортағасырға байланысты қазып алған бас сүйектерден антропологиялық қалпына келтірілген бюстермен өзара салыстырылса, бұл біраз тарихи тұлғалардың бейнесін анықтауға сеп болар еді.
Дегенмен де Қойшиевтің жариялаған Әйтеке бидің суретін ескерусіз қалдыруға болмайды. Өйткені бұл арадағы ең басты фактор Әйтеке бидің 1698 жылы салынған портреті мен оның 2005 жылы Өзбекстанның Нұрата зиратханасындағы қабірден Қазақстан антропологтары қазып алған бас сүйегі арқылы қалпына келтірілген бюстің өзара ұқсастығын ешкім жоққа шығара алмайды. Басты мәселе аталған портрет пен бюсті өзара салыстыру. Бұл арада мына бір жайды ескеру қажет. Суретші адамның бейнесін салғанда жас пен жыныс ерекшеліктеріне, бет терісіндегі көптеген қан тамырларының адам жүзіне беретін әсеріне, яғни реңіне қарап белгілі бір образ жасайды. Ал бас сүйек арқылы адам бейнесін антропологиялық қалпына келтіру әдісі басқа жолмен жасалады. Мұнда бет сүйек бедерлері мен тері қабаттарының арасындағы байланыстар өте қатты ескеріледі. Сондықтан антропологияда бет әлпетінің көрінісі, яғни реңі, бейтарап күйінде ғана салынады. Бұл әлемдік деңгейде қабылданған әдістеме болып саналады.
Енді жоғарыда айтылған талаптарды ескере отырып екі бірдей суретке, яғни көркем портрет пен антропологиялық бюстке, салыстырмалы анықтамалар беріп көрейік (суреттерді қараңыз). Ол үшін екі суретті көлемдік өлшемдерін бірдей масштаб тұрғысынан қарап, екеуінің де бір бағытқа қарап тұрған көріністерін салыстыру қажет. Бұл арадағы жалпы айырмашылықтың бірі – Әйтеке бидің суретін салған кездегі жасы мен оның қайтыс болған мерзімінің арасындағы уақыт көлемі. Бұл жағынан алғанда екі бейнеде біраз алшақтық байқалады. Ең негізгісі – екі сурет өзара ұқсас және антропологиялық бейнелерінде ортақтық бар: бұлардың негізгі морфологиялық құрылымы бүгінгі қазақтарға тән тұраноидтық нәсілдің қазақстандық нұсқасына жатады. Екі суретте де бет биіктігі мен бет жалпақтығында айырмашылық жоқ. Мұрын сүйегі қырының түзулігі де өзара ұқсас. Жақ сүйегінің көтерілуі екі суретте бірдей және бет сүйек жазықтығы да, яғни горизонталь бұрышы да, өзара ортақ деңгейде. Жалпы екі суреттің арасындағы алшақтықтан гөрі, өзара жақындықтары әлдеқайда басым кездеседі. Сонымен суретші салған портрет пен бас сүйек арқылы антропологиялық қалпына келтірілген бюст тек бір ғана адамның бет бейнесінің көрінісі деп айтуға толық мүмкіндік бар, яғни ол Әйтеке бидің нақты бет бейнесі дегенге сенуге болады. Өйткені бұл сипаттама ғылыми тұрғыдан морфологиялық салыстырма жолымен берілген өлшемдерге жүгіну арқылы айтылған бірден-бір дұрыс анықтама болары анық. Беріліп отырған салыстырмалы екі суреттің өзара ұқсастығына кезінде Қойшиев те өзіндік пікірін жазған екен: «Пластикалық көшірме менің қолымдағы Испан суретшісі Хуан Харис салған Әйтеке бабамыздың көшірмесіне айна қатесіз ұқсайды».
Бұл екі суретте де, яғни портретте және бюсте Әйтеке бидің шын бейнесі салынғаны күмән тудырмайды.
Қорыта келгенде, Әйтеке бидің бейнесі ретінде тек осы портреттің ұсынылғанын жөн деп санаймыз. Алдағы уақытта Әйтеке биге арнап антропологиялық монография жазуға талпыныс жасап отырмыз
Оразақ Смағұлов,
ҰҒА академигі,
Айнагүл Смағұлова,
аға ғылыми қызметкер, антрополог
СУРЕТТЕРДЕ: Әйтеке бидің 1698 жылы Испания суретшісі Хуан Харис салған портреті; Әйтеке бидің 2005 жылы Өзбекстанның Нұрата зиратханасындағы қазақ қабірінен Қазақстан антропологтары қазып алған бас сүйек бейнесінен қалпына келтірілген бюст.