
Шараға қатысқан жоғары оқу орындарының студенттері, колледж студенттері, жастар бірлестіктерінің өкілдері, Jas Otan жастар қанатының белсенділері Елбасының қайраткерлік қыры мен жастарға айрықша қамқорлығына қатысты ойларымен бөлісті.
«Нұрсұлтан Назарбаев – еліміздің астанасын көшірген ұлы тұлға, қайраткер. Себебі қиын-қыстау кезеңде, ауыр экономикалық жағдайда ол елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы батыл шешім қабылдады. Әрине, бұл бастама үлкен сынға ұшырады. Бірақ уақыт өте келе бұл бастаманың стратегиялық маңызы бар екені дәлелденді. Бүгінде жаңа Қазақстан астанасының феномені бүкіл әлемге танымал. 20 жыл ішінде қала туристер мен инвесторларды тартатын заманауи мегаполиске айналды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи еңбегі еліміздің кейінгі ұрпақтарына үлгі болуы тиіс», – деді Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек тілшілерге берген сұхбатында.
Іс-шараға қатысқан қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, жас ғалым, докторант Әсия Ермұхамбетова, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев Елбасы бастамалары өздерінің азамат ретінде қалыптасуына және жеке тұлға ретінде өсуіне ықпал еткенін айтып, өз естеліктерімен бөлісті. «Елбасы шағын және орта бизнесті елдің әлеуетін арттыратын, экономикасының драйвері болатын құрылым ретінде айшықтап көрсеткен болатын. Сондай-ақ Жастар жылының ашылу салтанатында, Елбасы «Жас кәсіпкер», жастарды грантпен қолдау секілді бірнеше бастама туралы айтты. Осының бәрі Елбасының кәсіпкерлікке, әсіресе жастар кәсіпкерлігіне деген ерекше қамқорлығы мен сенімі деп білемін», – деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.