Руханият • 18 Қазан, 2019

Жақсым

413 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ баласында бір жақсы сөз бар. Жақсым деген. Сақилар мен атымтай жомарттарға қаратылып айтылады. Пірадарларға қаратылып айтылады. Иманы кемел адамға қаратылып айтылады. Абайша айтсақ «толық адамға» қаратылып айтылады. Атауында тұрғандай жақсы адамдардың жақсысына қаратылып айтылады.

Жақсым

Мен Мәжит Аман­құлұлы Әбдіров ағамды осы қатарға қосар едім.

Діни салтымызда марқұмның жаназасын шығарған соң имам үш қайыра «жақсы адам ба» деп сұрайды. Соның біріншісінде жа­назаға тұрған жами­ғат «жақсым» деп жа­уап берсе қалған еке­уінде сұралмайды. Өкі­ніштісі, осы жақсы үр­дісімізден ажырап барамыз. Әлде жақ­сым тұлғаларымыз азайып бара ма, әлде пен­деші­лікпен осы бір кемел сөзімізді қимаймыз ба, әлде жадымыз қысқарып бара ма – сирек айтылатын болып жүр.

Оны күні кеше ғана Мәжит ағамыз­дың жаназасынан да көрдік.

Имам Өмірзақ қажы Бекқожа:

– Жақсы адам ба? – деп сұраған.

Қалың жамиғат дүр ете қалған:

– Жақсы адам! – деп.

Алдыңғы сапта тұрған мен және бір-екеуміз «жақсым» дегенбіз.

Міңгірледік деп айта алмаймын. Жи­нал­ғандардың қалың даусы біздікін басып кетсе керек.

Келер сәт ел тына қалсын. Ел имам тағы да «жақсы адам ба» деп сұрай ма деп күткен. Алайда имам сұрамады.

Осыдан-ақ Мәжит ағамыздың жақ­сым­дығы білінді.

Ол не қылған жақсымдық?

Ағамыз қазақы азаматтық тәрбиенің адамы еді. Ол кісі осы тәрбиесімен өзін ғана емес бізді де тәрбиеледі.

Адамның қажеттілігі таусылған ба?!. Қажеттілік бір Жаратушыда болмас, өзе­кті жанның қажеттілігі күнінде. Ең құрығанда күкірт қажеттілігі бар. Онсыз ошағыңызды көңірсіте алмайсыз. Онсыз оразаңызды аша алмайсыз.

Әрине, ағамыздың да қажеттілігі же­тетін. Соның өзінде  ешкімнен еш­нәрсе сұрамауға бейіл еді, бәрін қанағаты басар еді, қолында барына тояр еді. Еш­қашанда сол өзінің қолындағысын бұлдамайтын. Қыл ақыры, сонысымен бөлісетін.

Несие сөз сөйлеуден қашқақтайтын. Өзі сөйлемесе де, өзгелердің солайша сөйлеуін жақтырмай отыратын. Көсем­­су­ден қашқақтайтын. Шешенсуден аяқ жиятын. Онысы табиғатынан деп білем. Әйтпесе, түп атасы «Қаратауда бала би, Алатауда дана би» атанған Қара бидің тікелей ұрпағы емес пе? Анығы ешкімнен сөз сұрай қоймайтындығы. Әйтпесе кереқарыс кітап жазар ма еді? Шежіре кітабын.

Қалай десек те ағамыз баршылықта өмір сүрді. Сол барының сары тортадайы­ны төрт баласы еді. Барының басы солар еді. Сол төртеуі жарқырай көрінді. Сол төрт баласы Қара бабаларының салып кеткен сара жолына түсті. Қалың қазағына мәжілісмен, генерал, сот, кәсіпкер болып білінді.

Қайран, Мәжит ағамыз! Бәрі бар демесек те сол бары­ның өзін жарқыратуға жоқ еді-ау. Ана балам анадай, түгенбай балам түгенбай демей кетті-ау.

Ақылмандығы бір басына жететін. Өйткені маңындағы топтың қарасы қашанда сейілмейтін, сиремейтін.

Беріп те жатқан болар. Алайда елдің ағамыздан алатыны тіл көмегі-ау деп топшылаймын. Балық сұрап келгендерге қармақ ұстатқанын көріп жүрдік. Содан да ел жөн сұрауға, сөз сұрауға бе­йіл. Жөн сұрасаң ертеңінде өзің де бі­реу­ге жөн айтып отырар едің. Сөз сұра­саң керегін ғана айтар еді. Саған ғана ке­регін. Сөзі мен ісінің кемі болмады деп ай­та алмаспыз, алайда артығы болмайтын.

Тізесі бүгілген емес. Белі иілген емес. Қақпан баспады. Тұсау көрмеді. Сондықтан бәрімізден кісі бойы биік тұрды.

Сондықтан да аға болып бізді соңынан ертті.

Кейінде сырқаулы болды. Төсекке таңылған ағамыз Керней бабамызға қатысты сөз естісе жатқан орнынан ата жөнелер еді.

Ағамыз қазағын сүйді. Керней бабасы арқылы. Керней баласы арқылы. Бабасын сүйгені соншалық денсаулығын да берді. Сөйткен бабасы несін берді де­ген заңды сауал туады. Әуелі бір Алла, содан соң Керней бабасы алқады. Әйтпесе асыл ағамыз ауырған сырқатпен сегіз жыл жүрмек тұрсын мына жарық жалғанда сегіз күн де жүрмес еді. Жарты ғасыр бірге түтінін түзу ұшырып келген Қанай анамыз бақилыққа озғанда кәдімгідей шөгіп қалған. Осы сегіз жылда адам баласына бұйыра бермес бақытқа кенелді. Балаларының қызығын қызықтады. Одан асып немерелерінің қуаныштарын бөлісті. Шөбересінің қолынан су ішті.

Жалғыз қолмен азан шақырғанды көріп жүрміз. Жалғыз қолмен намазға жығылғандарды да кездестіреміз. Жалғыз қолмен бата бергенді көрмек тұрсын басымыздан талай мәрте өткіздік. Берекесі, баяны бар істерге барғанда асыл ағамыздың алдына барамыз, алақан жайып тұра қаламыз.

Шолтаң еткізіп жалғыз қолымен бе­тін сипайды. Сол берген батасы қата кетпейтін. Батаның берекесі барлығы осыдан-ақ көрініп тұрған болар.

Адам баласы да топырақ. Адам баласы дүниеге келгенде топырағы бүлк етеді дейді. Сол топырағы тартты.

Ел-жұртының есінде жүретін бір адам болса ол адам Мәжит ағамыз дер едік.

 

Төрехан МАЙБАС,

жазушы,
«ҚазАқпарат» баспа корпорациясының вице-президенті

 Қарағанды