19 Наурыз, 2010

ҒЫЛЫМИ ІЗДЕНІСТЕР ЖЕТІЛДІРІЛУДЕ

850 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Қа­зақстан халқына биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономи­ка­лық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында “алда тұрған онжылдықтың аса маңызды міндеті – Қазақ­стан­ның барлық азаматтарының өмір сапасы мен деңгейін жақсарту” қажеттігі туралы атап айтты. Бұл орайда тағы да бір назар ауда­ратын маңызды мәселе Жолдауда ең басты міндеттердің бірі – ұзақ өмір сүру мәселелерін зерт­теумен айналысатын “Өмір сүру ғылымы орталығын” құру жө­нін­дегі жоспар да анықталып отыр. Мұндай стратегиялық шешімдер ұзақ өмір сүру ғылымын дамыту және халықтың қартаюына бай­ланысты мәселелерді шешудің қажеттілігін айқындайтындығы сөзсіз. Бүгінгі күн тәртібінде тұр­ған бұл іс-шара жайында Елбасы қарттыққа қарсы ғылыми зерт­теулерді келешекте күшейту ту­ралы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің құрылғанына 75 жыл толуына арналған салтанатты жиында кеңінен қозғаған бо­латын. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ ғалымдары кәрілік проблема­сы­ның маңыздылығы мен мәнінің зор екендігіне баса назар аудара отырып, Қазақстанда бір кездері “ұмыт” болған геронтология ғы­лымын қайта жандандыруға ұм­тылуда. Соның нәтижесінде қаң­тар айында биология факуль­тетінде биология ғылымдарының докторы Т.Шалахметованың бас­шылығымен геронтологтар мен экономистердің, сондай-ақ Пар­ламенттің алғашқы спикері Марат Оспанов атындағы қоғам­дық қор өкілдері қатысуымен алғаш рет кеңейтілген ғылыми кеңес өткізілді. Қазақстан геронтологтар қо­ғамының президенті, медицина ғылымдарының докторы, про­фес­сор В.Бенберин, осы қоғам­ның вице-президенті, медицина ғылымдарының кандидаты О.Ивко республикадағы және әлемдегі ұзақ өмір сүрудің жай-күйі және бұл бағыттағы ғылыми ізденістердің келешегі туралы баяндады. Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де геронто­логия мен генетика проблема­ларын зерт­теуші ғалымдардың тәжірибесі мол және олар өз ізденістерін одан әрі жетілдіре түсуде. Шын мәнісінде де, қазақ­стандық ғалымдар, олардың арасында ҚазМУ ғалымдарының геронтологияның биологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларын зерттеудегі нәти­желері әлемде жоғары көрсет­кіштерді иеленуде. Анығырақ айтқанда, отандық ғалымдардың тұрғындардың жас ұзақтығын ұлғайту, қарттар мен зейнет­керлік жастағы мамандарды қо­ғамда белсенді іс-шараларға тар­туға байланысты ұсыныстарын жүйелендіру және мақсатты пай­даланудың бүгінде қажеттілігі зор. Сөз реті келгенде атап ай­тарлығы, геронтологияның ғы­лыми бағыт ретінде өте терең тарихи тамыры бар. Соған орай ғалымдар қартаюдың себептері мен факторларын іздестіруде. Көпшілікке белгілі, дамыған елдердің халықтары өзгелерге қарағанда өмір сүру ұзақтығымен ерекшеленеді десек, соның нәти­жесінде қарт адамдар қатары шапшаң қарқынмен өсуде. Мә­селен, Германияда 1956 жылы жұмыс істейтін жүз адамға 15-16 зейнеткерден (65 жастан жоғары) келсе, арада жарты ғасыр, яғни 50 жыл өткенде бұл пропорция өзгерді. Жүз адамға 29 адам­нан келеді. Келесі 50 жылдан соң – 100-ге алпыстан келеді деп күтілуде. Дәл осындай жағдай Еуропаның өзге де елдерінде және Жапонияда да айқын бай­қалады. Қазақстанда ТМД-ның көп­теген елдеріндегі сияқты қарт адамдардың санының көбейіп кетуі, өкінішке орай нәрестенің дү­ниеге келе сала шетінеп кетуі­нен және жастар өлімінің кө­беюі­нен етек алуда. Қарт адамдар үлесі Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) есептеуінен асып (6 пайыз), 10 пайызға жетіп отыр. Қалыптасып отырған осындай жағдайға орай медициналық, биологиялық, әлеуметтік-экономикалық жүйелі зерттеулермен айналысатын ғылыми қауымдастықтың бірле­сіп және өмірдің ұзақтығын ұлғайту, салауатты өмір салтын қалыптастыруда ұйымшылдық танытуы – бүгінгі таңдағы басты шарттардың бірі. Сонымен геронтология ғы­лымында ғылыми зерттеулер мен ізденістер одан әрі жетілдірілуде. Алматы қаласында биылғы жылғы 28 сәуірде геронтология бойынша алғашқы халықаралық конференция өткізілмек. Бұл конференцияны ұйымдастыруда және оның жұмысына ҚазМУ ғалымдары мен Қазақстан герон­тологтар қоғамы белсене қа­тыспақ. Салыстырма ретінде атап айтарлығы, Ресейде өткен жылы геронтология мәселелері бойын­ша халықаралық ғылыми-прак­тикалық он алты конференция өткізілген. Бұл жиындар Ресей медицина ғылымдары академия­сының Санкт-Петербург инсти­тутының ықпалымен ұйымдас­тырылған. Қорыта айтқанда, ұзақ та бақытты өмірге даңғыл жол ашу бағытындағы іргелі ізденіс­тер молаймақ. Мәдина ТӨЛЕГЕНОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, Тамара ШАЛАХМЕТОВА, ҚазМУ-дің биология факультетінің деканы, профессор. Алматы.
Соңғы жаңалықтар