19 Наурыз, 2010

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ – БАСЫМ МІНДЕТ

633 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі пленарлық отырысы Алматы облысының Қызылағаш ауылында болған апаттан қаза тапқан тұрғындарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімімен басталды. Содан соң Төраға бір күндік еңбекақыларын Қызылағаш ауылындағы апат зардаптарын жоюға арналған қорға аудару жөнінде әріптестеріне ұсыныс жасап, ол  бірауыздан  қолдау тапты. Негізгі талқылау Мәжіліс ма­құлдаған “2010 – 2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты заң  жобасы айналасында қалып­тасты. Бюджетті нақтылау эко­но­мика дамуының базалық сце­нарийі негізінде алынып отыр.  Ин­фляция үстіміздегі жылы 6-8 пайыз деңгейінде болады деп болжануда. Ал республикалық бюд­жеттің шығыс бөлігі биыл 4 182,0 миллиард теңге деп бел­гіленсе, бұл Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырумен байланысты. Мерзімін 1 шілдеден 1 сәуірге ауыстыруға орай бюджет саласы қызметкерлерінің жалақы­сы мен стипендияларды 25 пай­ыз­ға арттыру үшін 53,8 миллиард теңге көзделуде. Бұдан басқа үде­ме­лі индустриялық-инновация­лық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама­сына 143,8 миллиард теңге қарас­тырылған. “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ арқылы серпінді инфрақұ­ры­лымдық жобаларды іске асы­руға – 62,8, “ҚазАгро” холдингі арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 28, Астана қаласында жаңа университеттің 2-ші кезеңін салуға – 5, сыртқы саяси тұрақ­тылықты ұстап тұруға және ха­лық­аралық қатынастарды дамы­туға – 16,1, 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайын­дыққа – 44,4, Кеден одағына кірумен байланысты шығындар 11,4 миллиард теңге  болып бел­гіленді. Сондай-ақ, әлеуметтік мә­селелерге қомақты қаржы қарастырылған. Сонымен, үстіміздегі жыл­дың республикалық бюджеті  189,4 миллиард теңгеге өсіп, 3 378,4 миллиард теңгені құрап отыр. Осы ретте бюджет тап­шылығы 803,6 миллиард теңгені немесе ІЖӨ-нің 4,6 пайызын құрайды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсі­мов қатысқан отырыста депутат­тар өзекті деген ойларын ортаға салды. Қуаныш Айтаханов орта және шағын кәсіпкерлердің 63 пайызы Алматыда орын тепкен­ді­гін айта келіп, осы салаға бөлін­ген қаржының 66 пайызы сауда-саттық пен қызмет көрсетуге жұмсалатынына қынжылыс біл­дірді. Тек 9 пайыз қаржы ғана өн­діріске бағытталады екен. Ал кә­сіпкерлерге ұзақ мерзімді несие беру мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Тасбай Симамбаев этанол шығаратын және кремний өнді­ре­тін зауыттардың тоқтап тұрған­ды­ғын алға тарта отырып, жос­пар­лау дұрыс жолға қойыл­ма­ған­дығымен бөлісті. Ол Қазақстан­ның Даму банкі 63 миллиард теңгені несиеге беріп, қайтара алмай отырғандығын сынға алды. “ҚазАгро” АҚ жұмысына шүй­лік­кен Қожахмет Баймаханов ауыл шаруашылығына қарас­ты­рыл­ған қаржының қомақты мөл­шері бидай өндіруші үш облысқа бөлініп, 5 миллион тұрғыны бар оңтүстікке жете бермейтіндігіне өкініш білдірді. Осы ретте сөз алған Қуаныш Сұлтанов Астанада еңбек етіп жүр­гендердің көбісі сырттан кел­гендер, ал өңірлердегі жұмыссыз­дарды өзін өзі асыраушы деп са­нау арқылы өзімізді өзіміз алда­ғанды қояйық дей келіп, Үкімет мүшелерін кәсіпкерлікті қалай көтеру керектігін ойластыруға ша­қырды.  Сонымен қатар, депу­тат­тар “Қазақстан Республи­ка­сының Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға арналған кепіл­дендірілген трансферт туралы” заң жобасын да қарап, екі заңдық құжатты да қабылдады. Мәжіліс мақұлдаған Қазақ­стан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы Стра­те­гиялық әріптестік туралы шарт­ты ратификациялауға қатысты заңдық құжатты қабылдаған де­пу­тат­тар ШЫҰ-ға мүше мемле­кет­тердің терроризмге қарсы бір­лескен оқу-жаттығуларын ұйым­дас­тыру мен өткізу тәртібін көз­дейтін келісімді де заңнамалық тұрғыдан бекітіп берді. Сонымен қатар, Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын ба­қы­­лау­ды жүзеге асыру тәртібі тура­лы, т.б. заңдық құжаттар қабыл­данды. Осы орайда тер­роризмге қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бой­ынша кейбір заңна­малық акті­ле­ріне өзгерістер мен толықтыру­ларды көздейтін заң жобасы да қабылданғанын айта кету керек. Пленарлық отырыста Болат Жылқышиев палатаның Аграрлық мәселелер және қорша­ған ортаны қорғау комитетінің төрағасы болып сайланды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.