17 Наурыз, 2010

ҚЫЗЫЛАҒАШ ЖЕДЕЛ ҚАЛПЫНА КЕЛЕДІ

770 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
деген тұжырым мемлекеттік комиссия отырысында нақтыланды Газетімізде бұған дейін Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы тасқынға байланысты орын алған жай айтылған еді. Мемлекет бас­шы­сының аталған елді мекендегі қай­ғылы оқиғаның себеп-салда­рын тексеру мен зардаптарын жою, тұрғындарға қажетті көмек көр­сетуді ерекше тапсырғаны және бақылауға алғаны белгілі. Осыған орай Премьер-Министр­дің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар минис­трі Әсет Исекешев дүйсенбі күні Же­тісу жеріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, тасқын болған аймақты тікұшақпен аралады. Бұ­дан соң Қызылағаш ауылындағы Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі және Астанадан кел­ген министрліктер мен агенттік, басқа да қызмет саласының бас­шылары су тасқынынан зардап шеккен ауылды аралады. Аталған ауылдағы жедел штаб­та олар су шайған және тұруға жарамайтын үйлердің орнына са­лы­натын үш бөлмелі жеке үйлер­дің жобаларымен танысты. Тұрғын үйдің пайдалы алаңы 80 шаршы метрді құраса, оларды абаттандыру мен инженерлік коммуникация, үй жанындағы басқа да тұрмысқа қажетті құрылыстарды қосқандағы бағасы 7-9 млн. теңге аралығында болады деп топшыланып, тұрғын үйлердегі тұрмыстық жағдайлар ескерілген. Қызылағаштағы тас­қын салдарынан келген шығын шамамен 7 млрд. теңгеден асады деп болжануда. Бұл жөнінде ко­миссия отырысында облыс әкімі­нің бірінші орынбасары Амандық Баталов мәлімдеді. Су тасқыны әкелген зардап көлемін көрген Әсет Исекешев Премьер-Министрдің екі бірдей қаулыға қол қойғанын, Үкіметтен 600 млн. теңге бөлінетіндігін, екін­шіден Ақсу ауданындағы төтенше жағдайларды жою мақсатында ма­те­риалдық резервтен құндылық­тар­ды босату туралы мәселенің ше­шілгенін ортаға салды. Мем­ле­кеттен бөлінген қаржы Қызылағаш пен Егінсу елді мекендеріндегі төтенше жағдай салдарын жоюға бағытталады. Сонымен қатар, атал­ған қаражаттың мақсатты пайда­ланылуын бақылау Қаржы ми­нистрлігіне міндеттеліпті. Сондай-ақ, облыс әкімі мен тиісті сала басшыларына ауа райының күрт жылынуы мен ылғалдың мол тү­суіне байланысты Ақешкі су қой­масында да қауіпті жағдайдың ал­дын алу шараларын мұқият жүр­гізуді міндеттеп, наурыз айының 17-сіне дейін қираған және жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлер жайлы толық мәлімет жи­нау, мемлекет тарапынан бөлінген әлеуметтік жәрдемақыларды тасқыннан зардап шеккендер түгел алуын қамтамасыз ету күн тәртібіне өткір қойылды. Тасқыннан зардап шеккендерге байланысты жұмыстарды жедел­детуге алғашқыда қираған тұрғын үй­лер мен көшелердің кедергі бол­ғанын, енді осы жұмыстарды же­дел­дету және ауылдағы электр жа­рығы, жол жөндеу мәселелерінің ат­қарылатынын Төтенше жағдайлар ми­нистрі В.Божко баяндады. Қ­а­лып­тасқан жағдайға байланысты ұй­ымдастыру жұмыстарының тия­нағы келтіріліп, халықты азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамта­ма­сыз ету, өзге де қайырымдылық шараларын көрсетуде әзірге мәселе жоқ. А.Баталовтың баяндауынша, Қызылағаш, Егінсу, Көлтабан, Ала­жиде, Ақтоған ауылдарында 686 тұр­ғын үй салынуы керек. Әр үйге қа­жетті қаржы белгілі болса, бү­гін­де 40-тан астам құрылыс ком­па­ниялары жұмысты бастауға әзір. Қалпына келтіру жұмыстарына байланысты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігінің төрағасы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі апат болған аймақтағы басқа да жүктелген міндеттерді орындау жайында түсінік берді. “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” акционерлік қоға­мы­ның вице-президенті облыс ай­ма­ғын­дағы Сарыөзек пен Үштөбенің арасында селден болған жағдайдың аз уақытта қалпына келтірілетініне тоқталды. Уақытша жүк және жо­лаушылар пойыздары қаңтарылған. Соған қарамастан жолаушылардың тиісті жеріне жетуіне жағдай жа­салып, акционерлік қоғам Ала­жи­дедегі сел әкелген зардаптарды таяу күндері жөндейтінін алға тартты. Қызылағашты жайпаған тасқы­н­ның аумағының ені 20-30, ұзын­ды­ғы 50 шақырымды құрайды екен. Осы көлемнің 20 шақырымындағы іздестіру жұмыстарының нәти­же­сін­де тағы да 3 адамның мәйіті табылып, тасқыннан мезгілсіз көз жұмғандар 37-ге жетті. Жиынды қорытындылаған Пре­мьер-министрдің орынбасары Ел­басының тасқын зардабының се­беп-салдарын анықтауға, кінә­ліл­ер­ді жауапқа тарту жөніндегі тап­сыр­масына қатысты жұмыспен құқық қорғау органдары жан-жақты айна­лы­сатынын да ескертті. Мәселенің беті ашылып, Қызылағаш ауы­лындағы адамдардың өліміне әкел­ген жағдай бойынша тергеу амал­дары жүргізіліп, ауылдық округ әкімі, облыстағы төтенше жағ­дай­лар департаменті бастығының орын­ба­са­ры, Ақсу ауданы төтенше жағ­дай­лар бөлімшесінің бастығы, “Шы­нар” ЖШС директоры және құ­рыл­тай­шысы, арнайы су пай­да­ла­­ну­шылары өндірістік ко­опе­ра­тивтің атқарушы директорының үс­тінен қылмыстық іс қозғалып, уа­қытша қамауға алынды. Тергеу жал­ғасып, сараптама тағайын­дал­ған. Мем­лекет басшысының тап­сыр­ма­сына сәйкес тергеудің Бас прокурор мен Ішкі істер ми­нис­трі­нің тікелей бақы­лауына алынғанын да айтқан жөн. Апаттан бергі кезеңде оның басы-қасында жүрген облыс әкімі Серік Үмбетов халықтың қайғысын көп болып бөліскенде ғана сейі­ле­тін­ін, қолдан келгенді жасау қа­жет­тігін жеткізді. Облыс әкімдігі та­ра­пынан Ақсу ауданындағы төтенше жағ­дайға байланысты қайтыс бол­ған әр адам үшін 500 мың теңге ақшалай көмек көрсетілуде. Со­ны­мен қатар бірде-бір отбасы кө­мексіз қалмаса, тас­қыннан зардап шеккен әр тұрғын Үкімет тара­пы­нан 121 мың теңге көлемінде көмек алатын болды. Сонымен қатар өңірдегі тас­қын­нан зардап шеккендерге қол­ұш­ын беру жөніндегі қа­йы­рым­дылық есепшоты ашылып, ал­ғаш­қы қаржы келіп түсуде. Жер­лес­те­рінің қайғысына ортақтасқан Жам­был ауданының жұртшылығы дүй­сен­бі күні 2,5 млн. теңге ақ­шалай қар­жыға азық-түлік, киім-кешек, ба­­лалар киімі, көрпе-төсекті тіке­лей Қызылағашқа жеткізсе, бұдан ке­йін Алакөл, Қарасай, Панфилов, Тал­ғар, Еңбекшіқазақ аудандары да қол­дан келген көмектерін, ақшалай қар­жыларын аударды. Еңбек­ші­қа­зақ ауда­нының кәсіпкерлері құ­ры­лыс ма­териалдарын тегін жіберуге ше­шім қабылдапты. Басқа да жұрт­шы­лық өздерінің қол ұшын беруге дайын екендіктерін білдіруде. Кеше Қызылағаш ауылында та­ғы да жедел отырыс өткізіліп, қыс­қа мерзімде апаттан кейінгі кө­ше­лер­ді тазалау, ретке келтіру ша­ра­ла­рын мұқият жүргізу барысы ор­та­ға салынып, міндеттер нақты­ланды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.