Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) төрағасы Мевлют Чавушоглумен жүздесіп, демократия жолындағы әріптестік, Қазақстанның осы мәртебеге ие болудағы келешегі жайлы ойларды ортаға салды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қазақстанның қазіргі ішкі және сыртқы саясаттағы жағдайы мен Парламенттің заң шығару қызметіне тоқталды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Ұйымның саммитін өткізу жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы туралы айтып өтті. Сонымен қатар, кездесуде Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған басты мәселелер сөз болды.
Мевлют Чавушоглу Қазақстанның ЕКПА-мен ынтымақтастық байланысы жақсы дамып келе жатқанын айтты. ЕКПА-мен біздің байланысымыздың тарихы 2004 жылғы жасасқан ынтымақтастық келісімінен басталады. Сол кезден бері қарай осы ұйымның көптеген танымал өкілдері Қазақстанға арнайы сапармен келген болатын. Қазақстан парламентшілері де ЕКПА жұмысына қатысып жүр. Тараптар алдағы уақытта ынтымақтастық байланыс пен ашық пікір алмасудың жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.