16 Наурыз, 2010

ҚАДАҒАЛАУ ҚАРЫМЫ

584 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы үстіміздегі жылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау мәселесіне ерекше назар аударды. Әсіресе, құқық қорғау жүйе­сі қызметіндегі мөлдірлік пен бақылаудың жоқтығынан туындаған проб­лемалар бар екендігін атап өтті. Осы орайда Құқықтық саясат тұ­жы­рымдамасында жаңа онжылдықтағы құқық қорғау жүйесіне талдау жасалғаны белгілі. Міне, осы және басқа да мәселелер төңірегінде бізге Бас әскери про­ку­рордың орынбасары әділет полковнигі Қ. ИГЕМБАЕВ айтып берген еді. – Құсайын Абзалбекұлы, 2009 жылы прокуратура органдары өкілеттік­терінің кеңеюіне бай­ланысты проку­рорлық қызметтің әлеуетін толықтай қолданып, қадағалаудың барлық ба­ғыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстардың бірі сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес екендігі белгілі. Осы та­қырыпқа байланысты еліміздің Қарулы Күштеріндегі орын алған жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз. – Сыбайлас жемқорлықтың Қ­а­зақ­стан Республикасы Қарулы Күш­те­рінде, басқа да әскерлер мен әскери құры­лым­дарда орын алуы еліміздің бү­гіні мен ертеңіне, жалпы ұлт­тық қау­іпсіздікке үлкен зиян кел­тіретіні айдан анық. Аталған кеселмен күрес жолында әскери проку­ра­тура органдары бар күш-жігер­лерін жұмсап, оның тамыр жаюы­на тос­қау­ыл қоюда. Әскери прокурату­ра­ның осы саладағы тексе­ріс­терінің нәтиже­сінде лауазымды тұл­ғ­а­ның 186-сы тәртіптік және материал­дық жау­апкершілікке тартылған бо­ла­тын, оларға қатысты 5 қыл­мыстық іс қоз­ға­лып, 6,04 млн. теңге шығын мемлекетке қайта­рыл­ған. Биыл да сыбайлас жем­қор­лық көрініс­теріне қарсы күрес өз жал­ғасын тауып, әскери прокурорлар осы ба­ғытта тиісті жұмыстарды атқаруда. – “Жел тұрмаса, шөп басы қимыл­дамайды” дегендей, деңдеген сыбайлас жемқорлықтың көрініс алуына не себеп? – Сыбайлас жемқорлық кө­ріністері дәл әскер қатарында кең етек жайды деп айтуға болмас. Дегенмен мемле­кеттің қаржысын жұмсау, сыйақылар беру, келісім-шарттық қарым-қаты­нас­тар, тұрғын үй мәселесінде сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтардың жылдан жылға қайталанатындығы жасы­рын емес. Көп жағдайда осыған ме­кеме басшыла­ры­ның өз қыз­мет­тік міндеттеріне нем­құ­райлы қарауы, қарамағындағы қызмет­керлерге қатысты тиісті қадағалау жасамауы және кадрлар мен қаржылық бақылауды жүзеге асыратын қызметтің төмендігі себеп болуда. Бас әскери про­ку­ратура басшылығы үстіміздегі жылы жоғарыда келтірілген сы­байлас жемқорлық көрініс­теріне тосқауыл қоюды басты мақсаттың бірі ретінде белгілеген болатын. – Мемлекеттік сатып алуда кәсіпкерлікпен айналысатын жекелеген тұлғалардың мүддесіне пайда келтіру, қызметтік жағдайды пайдаланып оларды жеңімпаз ету секілді жәйттер кездеседі. Оған не дейсіз? – Еліміздің Бас Прокуро­рының нұсқауы бойынша осы саладағы жұмыс қатаң бақылауға алынып, құқық бұзушылықтардың себеп-салдары зерделенбек. Осы орайда айта кетейін, мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсау деректері әскери прокуратура наза­рынан тыс қалған емес. Иә, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар әрбір аза­мат­тың міндетті түрде жазаға тартыла­тындығын көпшілік біліп жүрсе екен дейміз. Мәселен, әскери прокурор­лардың наразы­лық енгізуі нәтижесінде жалпы со­масы 2,5 млрд.-тан астам тең­гені құрайтын “Қазинформ­телеком” АҚ жобасын басқару операторын таңдау бойынша қызмет көрсетуді және Семей, Ақтөбе, Қарағанды қалалары және Же­тіген кентінде тұрғын үйлердің күрделі құрылысын жүргізу жұ­мыс­тарына жарияланған конкурс­тардың қорытын­дылары жойыл­ған. Ал Семей қала­сында және Ново-Ахмирово кентінде әскери про­ку­рорлар күрделі құрылысқа мер­дігерлермен жасасқан шарт бой­­ынша 1 млрд. теңге көлемін­дегі міндет­темелерін орындамау дерегі анықталып, осы бойынша тексеру жұмыстары жүр­гізілуде. Сол сияқ­ты әскери проку­ра­ту­ра органда­ры­ның араласуымен Қа­рулы Күш­терде 1 млрд. 200 млн. теңге сома­сына елімізде тір­кел­меген дәрі-дәрмектің таратылуы мен пайда­лану деректері тоқ­татылып, бағасы бірнеше есе артық көрсетілген таңғыш мате­ри­ал­дарын сатып алу фактілері ашылды. – Әскери қызметшілерді тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мә­се­лесінде заң бұзушылықтар қанша­лықты дәрежеде орын алып отыр? – Біздің тексерулеріміздің бары­сында бұл салада тұрғын үй есебінің жүргізілмеуі, құқық бел­гілейтін құжат­тардың уақытылы тіркелмеуі, қызметтік пәтерлердің заңсыз бөлінуі, бөлінген пәтер­лер­де әскери қызметке қатысы жоқ адамдардың тұру жағдайлары орын алғаны да белгілі болды. Баспанамен қамтамасыз ету мін­де­ті жүктелген лауа­зым иелері, кей жағдайларда, шешім қабы­­л­да­ған кезде белгілі бір азамат­тарға заңсыз артықшылық көр­сетуден, тұрғын үй алуға деген әскери­лер­дің құқықтарын жүзеге асыруға кедергі жасаудан тай­ынбаған. Мәселен, әскери бөлімдердің бі­рінде лауазымды тұлғалармен заң талаптары сақталмай, тұрғын үй алуға мұқтаж азаматтардың есебінде тіркел­мегеніне және мұқтаждықтарын дәлел­дейтін тиісті құжаттардың жоқтығына қарамастан, әскерилердің кейбі­рі­не кезектен тыс пәтерлер беріліп, оларға қатысты ашықтан-ашық артықшылық көрсетілген. Аталған дерек бойынша тұр­ғын үй комис­сиясының 5 мүшесі сы­байлас жемқорлыққа жағдай туғы­затын құқық бұзушылық жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тар­тыл­ды, заңсыз берілген 4 қызметтік тұрғын үй әскери прокуратура орган­дарымен сотқа талап арыз беру арқылы мемлекетке қай­та­рылды. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар тек бір ғана әскери бөлімде орын алып отырған жоқ. Жалпы, жоғарыдағыдай заң бұ­зу­шылықтарды жасаған 118 әскери қыз­меткер жауап­кершілікке тар­ты­лып, сот­қа 100-ден астам талап-арыз беріліп, осы күнде 45 пәтер мемлекетке қайта­рылды. – Сыбайлас жемқорлықпен күресте прокурорлық қадағалауды күшейту және әскери құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру бойынша қандай жұмыстар атқарылады? – Басым бағыттардың бірі бол­ған­дықтан, прокурорлық қадағалаудың осы түріне, әсіресе заң талабын тү­сіндіру шараларына аса көңіл бөлінеді. Әскери құқық қорғау және қылмыстық қудалау органдары үйлестіру кеңесінің шешімімен Бас әскери проку­ра­тураның Қарулы Күштердегі құқық бұзушы­лықтардың алдын алу бойынша ведом­ствоаралық бағдарламасын әзірлеу туралы бастамасы қолдау тапты. Бас әс­кери прокурор Ерғали Мерзади­нов­­тің әскердегі сыбайлас жем­қорлық мә­се­лесіне арналған он-лайн конферен­циясы барысында тақырып бойынша келіп түскен бірнеше сауалдарға то­лық­қанды жауап қайтарылған болатын. Қазіргі таңда Бас әскери прокура­ту­раның ресми веб-сайтында “Сыбайлас жемқорлықпен күрес” атты арнайы бөлім ашуды жос­парлап отырмыз. Онда кез келген азаматтың өзіне белгілі болған жемқорлық деректері бойынша ақпарат қалдыруға мүмкіндігі болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.