16 Наурыз, 2010

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА ЕРЕКШЕ КӨЗҚАРАС

564 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Парламент Сенатында “Қазақстанның Еуропа елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалары” тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Аталған маңызды шара еліміздің биылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының орындалуы аясында жүзеге асты. Қазақстанның құрамында 27 ел бар Еуропалық Одақпен қа­рым-қатынасы бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысы 1992 –1995 жылдарды қамтиды. 1993 жылғы сәуірде Қазақстан Президентінің Жарлығымен Бельгия Король­ді­гінде Қазақстан елшілігі ашылса, сол жылы желтоқсанда Брюс­сель­де ЕО жанында Қазақстан Өкілдігі құрылды. Ал араға бір жыл салып, қараша айында Алма­тыда Еуро­палық Комиссия өкіл­дігі ашылды. Одан кейінгі кезең 1996-2000 жылдар ара­лы­ғын қамтиды. Бұл аралықта “Қазақстан – Еуропа Одағы” ын­ты­мақтастық кеңесінің бір­қа­тар мәселелер бойынша оты­рыс­тары болып өтті. Ал 2000 жылы Еуропа одағы елімізді нарықтық экономикасы бар мемлекеттер қатарына қосқаны белгілі. 2001 жылы Қазақстан мен ЕО арасын­да­ғы ынтымақтастық жаңа дең­гейге көтерілді. 2004 жылы Еуропалық Комиссия Еуропа Одағына мүше елдерге қазақ­стан­дық 8 кәсіпорынның барлық өнімдерін импортқа шығаруға рұқ­сат берді. Қысқаша айтқанда, Қа­зақстан мен Еуропа елдерінің ара­сындағы ынтымақтастық осы­лайша оң тұрғыда және үдемелі қарқында қалыптасты. Бұл жөнінде Сенат Төрағасы­ның орынбасары Александр Судьин ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде ЕО Қазақстанның стра­те­гиялық әріптесі екенін айта ке­ліп, оның негізі Қазақстан – Еу­ропа Одағы, Орталық Азия – Еуропа Одағы стратегиялық әріптестік ынтымақтастығында жатқанына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, арадағы сауда-саттықта да айтар­лық­тай жетіс­тік­терге қол жет­кізілген, тек өткен жылдың өзінде сауда айна­лымы 30 миллиард АҚШ дол­ла­рын құраған. Инвес­ти­ция салу жө­нінен де Еуропалық елдер алда. Әйтсе де, бұл инвес­ти­ция­лық қаржылар, өкінішке қарай әзірге тек отын-энергетикалық ке­шенге бағытталуда. Осы се­бепті ғы­лыми-тәжірибелік кон­фе­рен­ция­­ның мақсаты Еуро­па­ның өрке­ниетті елдерінің на­зарын елдің ғылыми-өндірістік саласына аудару болды. Отырыста үйлестіруші болып отырған Сенаттың Экономи­калық және өңірлік саясат жөніндегі комитетінің төрайымы Нұрлы­ға­йым Жолдасбаева осы ойды қуат­тай келіп, Президент тарапынан “Еуропаға жол” мем­лекеттік бағ­дар­ламасының да ұлттық басым­дық­­тарды Еуропа инте­г­ра­циясы мен институттық құқықтық рефор­масының оң тәжірибелеріне жақындата тү­суге бағытталып қабыл­дан­ғанын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарла­масы бойынша құны 10 мил­лиард долларға жететін 300 жоба қолға алынуда. Оның үстіне еліміздің Кеден одағына мүше болуымен 170 миллион тұрғыны бар рынокқа шығуға мүмкіндік туып отыр. Жалпы алғанда, осы аумақтағы ішкі жалпы өнім көлемі 2 триллион доллардан асып жығылады екен. Осының бар­лығын ескере келгенде, еу­ро­палық инвесторларға үлкен мүмкіндіктер ашылады. Отырыс барысында сөз алған бір­қатар еуропалық елдер ел­ші­ліктерінің өкілдері өз елдерінің кәсіпкерлеріне Қазақстан Ресей рыногына шығудың базасы болуы қажеттігі тұрғысынан ойларын ортаға салды. Мысалы, көптеген қазақстандық кадрлар француз­дық компанияларда өз біліктілігін жетілдіруде екен. Еліміздің әуе компаниялары ұшақтарын қара тізімнен шығару мәселесі де на­зардан тыс қалмады. Көмірсутегін өндіру мен өңдеу, атом энер­ге­ти­касын тиімді пайдалану, қалпына келтірілетін энергия көздерін пайдалану мәселелері ерекше әңгіме өзегіне айналды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.