12 Наурыз, 2010

ҒЫЛЫМИ КАДРЛАР ДАЙЫНДАУ ІСІНДЕ ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ

1921 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Атам қазақ “Инемен құдық қазғандай” деп әспеттеген білім мен ғылымның қашанда жөні де, жолы да бөлек. Әсіресе бүгінгідей аласапыран заманда ғылым мен білімге сүйенген елдердің еңсесі биік. Ал тереңге бойламай жүргендер қанша жерден ұмтылғанмен ұтылыс табуда. Ғылымның құдіретін дәл қазіргідей техника мен технологияның аты болғанмен заты жоқ кезде зейін зердесі ерен жандар ол ғылым арқылы орындалатынын елден бұрын көзбен де, көңілмен де, оймен де болжап қойған. Бұған Алаш арыстарының айтулы өкілі Ахмет Байтұрсынұлының: “Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рахатын молайту үшін шығарылған нәрселер. Ғылым, өнер артылған сайын дүниеде бейнет кемімекші. Осыған ақылы жеткен, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады” дейді. Ал сол Алаш арыстарының алып ойын жаңғыртып жүрген ақын Олжас Сүлейменов: “Ғылым біткен “әуесқойлардың”... шапқыншылығынан қорлық көретін шақтары болады. Мұндайда салмақ дәстүрлі теорияға ғұмырын сарп еткен адамдардың беліне түседі” дейді. Бұл енді осы күнгі шындықтың шырылындай естілері анық. Иә, дүниені жаңғыртудың, жасартудың кілті саналатын ғылымды атқа жеңіл, тайға шақ күйге түсіргендер сол әуесқойлар. Білім, ғылымның беделін көтеретін тазалық қана. Төрт құбыласын түгендей алған талапкер қай кезде де, қай салада да қарым-қабілетін танытпай қоймайды. Ендеше, Отанымыздағы сол білім мен ғылымды бағалау, ғылыми атақты бекіту, ғылыми кадрларды даярлау қай дәрежеде деген сұрақты біз Білім және ғылым министрлігінің Білім мен ғылымды бағалау комитетінің төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор Найман ҚАЛАБАЕВҚА қойған едік. – Білім мен ғылым қашанда бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл екеуі ақаусыз дамыған мемлекеттердің өркениет жолына қиналмай түсетінін өмір көрсетіп отыр. Соны дер кезінде аңғарған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында бұл салаға ерекше мән берді. Соның бір дәлелі, Астанадан ашылатын “Жаңа халықаралық университет”, оның аясында жұмыс істейтін 3 жаңа ғылыми орталық және “Арнаулы қор”, қазірдің өзінде табысты ісімен көріне білген “Интел­ле­ктуалдық мектептер” дер едім. Мұның бәрінде де білім беру мен ғылыми ізденістер қатар жүретін болады. Әсіресе, Жолдауда нақты айтылған мәселе – адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарта отырып, халқымыздың жасын 72-ге дейін көтеру көзделген. Бұл игілікті істі мүлтіксіз атқару үшін жаңа университеттің жанынан өмір туралы ғылымдар, аты айтып тұрғандай, энергетикалық зерттеулер, тақырыпаралық аспаптық орталықтар құрылады. Бұл – ауқымды міндет. Ендігі жерде ғылыми зерттеулер нәти­жесі теория жүзінде қалмайды. Іс үс­тінде дәйектеліп, нәтижесі елдің өркендеуіне септігін тигізетін болады. Таяуда Жолдауды ел ішінде насихаттап қайтқан халық депутаттарын қабылдаған тұста Президент шикізат өндіруді тікелей өндіріс орын­да­ры­мызда атқару мәселесі он жылға арналған индустриялық-инновациялық бағ­дар­ла­маның негізгі міндеті екенін алға тартып, оны ойдағыдай орындауды тапсырды. Бұл шаруа үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол ауқымды іске ғылым жетістіктерін тиімді пайдалана алсақ, еңбек өнімділігі артып, елдік іс елеулі табысқа қол жеткізеді. Осы тұр­ғыдан келгенде, біздің ғалымдардың ашқан жаңалықтары сан-салалы. Тек сұраныс болуы керек. – Найман Бөбейұлы, министрліктегі сіз басқарып отырған комитетке қандай жұ­мыстар жүктелген? – Комитеттің атқаратын функциялары не­гізінен білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау, ғылым және ғылыми- педа­гогикалық кадрларды аттестаттаудан өткізу, білім беру ұйымдарын лицензиядан кейінгі ба­қылау, ұлттық бірыңғай тестілеу, мем­лекетаралық бақылау, диссертацияларды қор­ғау жөніндегі кеңестерді құру және олар­дың қызметін ұйымдастыру, кандидат және доктор ғылыми дәрежесін беру, Ота­ны­мыз­дың білім, ғылым органдарынан және оқу орындарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою, білім туралы құжаттарды нострификациялау рәсімін өткізу, тағы басқалар. – Ғылыми атақ беру мәселесі туралы әралуан пікірлер бар. Бұған сіздің уәжіңіз қандай? – Бірден айтайын, ғы­лы­ми кадр дайындау ісінде бәсеке өріс алып отыр. Диссертация қорғауды сы­нау­шылар бар. Дегенмен, ғы­лымның жолы – ауыр жол. Қандай еңбектің болса да ішінде бір жылт еткен жаңалықтың болатынын ешкім жоққа шығара алмас. Диссертацияны қорғайтын бір адам болғанмен, оны сараптаудан өткізетін кеңесте ондаған білімді де білікті ғалымдар жан-жақты қарап, жетістігі қайсы, кемшілігі неде дегенді ой елегінен өткізгеннен кейін ғана диссертациялық жұмыс бекітіледі. Сөзім жалаң шықпасын. Мысал келтірейін, ғылыми еңбектердің сапасына жете мән беру мақсатында 2008-2009 жылдары диссертациялық кеңестер жүйесін оңтайландыру жұмысы жүргізілді. Соның нәтижесінде 2007 жылға дейін жұмыс істеп келген 176 кеңестің жұмысы тексеріліп, талапқа жауап бермеген 29 диссертациялық кеңестің жұмысы тоқтатылды. Сөйтіп, ізденушілер мен диссертациялық кеңестерге қойылатын талаптар артты. 2000 жылы мемлекеттік орган болып есептелетін комитет тарапынан 26 қорғалған еңбекке қанағаттанғысыз деген шешім шығарылды. Бұл көрсеткіш 2006 жылы 104 болса, 2007 жылы 199-ға жетті. 2008 жылы 196, ал өткен жылы да осы деңгейде болды. Бұл қорғалған диссертациялардың сапасына қойылар талаптың күшейгенін көрсетсе керек. Комитет ғылыми еңбекті қарап, ғылыми дәреже беруде мына мәселелерді қатаң қадағалайды: материалдарды дұрыс ал­мауын, таңдаған мамандыққа диссертация мазмұнының сәйкес келмеуін, жаңа ғылыми тұжырымдардың болмауын, қажетті жа­рияланымдардың кемшілдігін және оп­по­ненттерді және жетекші ұйымдарды дұрыс таңдамау, қорғау рәсімін талапқа сай жүргізбеу, тағы басқа. – Ізденушілерді былай қойғанда, сондай кемшіліктерге жол берген диссертациялық кеңестер туралы не айта аласыз? – Бұл мәселе бізді де толғандырады. Бірақ талаптың аты талап. Егер екі із­де­ну­шінің қорғаған жұмысы сараптау кеңесінде маз­мұнына байланысты оң бағаланбаған болса, онда ғылыми кеңестің жұмысы шұғыл түрде тоқтатылады. Өткен жылы сондай ғылыми кеңестердің бірнешеуі берілген мүмкіндіктен айрылды. Алдағы уақытта ғылыми жетекшілердің, оппонент­тердің жауапкершілігін күшейтуді ойлас­ты­рудамыз. Ізденуші жұмысының сапасы нашар болған жағдайда оларды алдағы уақытта ғылыми жетекшілікке, оппо­нент­тікке бекіту, бекітпеу туралы ұсыныс қарастырылады. – Ғылыми дәрежеге ие болғандар саны туралы не айта аласыз? – Иә, жоғарыда ғылыми кадр дайын­дауда бәсекелестік өсу үстінде дедім ғой. Мұны жақсылыққа жорығанымыз жөн. Жаратылыстану, нақты ғылымдарда теория жүзінде дәлелденген, іске асуын күтіп жат­қан нақты тұжырымдар аз емес. Дис­сер­тациялар қорғау мен бекітуге келсек, ілгерілеушілік бірден байқалады. Айталық, 1993-1999 жылдар аралы­ғында кандидаттық дис­сер­тация қорғау деңгейі  772 болса, 2000-2006 жылдары 1220-ға жетті. 2007 жылы аталған көр­сет­кіштер тағы да өсті, 2666 қорғалған еңбек бекітілді. Ғылым докторлары – 323, ғылым кандидаттары – 1792, сол секілді про­фес­сорлық атақ 143 ғ­а­лым­ға берілсе, доценттер 409-ды құрады. 2008 жылы 310 докторлық, 1325 кан­ди­дат­тық жұмыс қорғалса, өткен жылдың тоғыз айында 227 док­торлық, 1021 кан­дидаттық еңбек қаралды. Жалпы, ғылыми кадр дайындау шектен тыс көбейіп кетті деуге болмас. Біз сан емес, сапаға мән беріп отырғанымызды жоғарыда назарға салдым. Бекітілуге келген ғылыми жұмыстардың ел дамуына қосар үлесі қандай, теория, тәжірибе жүзіне көшкенде не береді дегенге жете мән беріледі. Қоғам дамуының қай саласында болсын ғылыми кадрдың болғаны жақсы. Себебі, әр істің ғылыми негізі мықты қаланса, ақау аз, тірегі мықты болмақ. – Қорғалған диссертациялар бойынша ғылымның қай саласы алдыңғы орында тұр? – Басым көпшілігі гуманитарлық ғылымға тиесілі. Қазір ол 51,5 пайызды құрайды. Жаратылыстану және нақты ғылымдар 16,6 пайыз болса, техникалық және қолданбалы ғылымдар 31,9 пайызды еншілейді. Осы орайда айтарым, экономика, педагогика, филология ғылымдарынан диссертация көп қорғалады. – Кейбір диссертациялық кеңестердің жұмысы тоқтатылғанын айттыңыз. Жаңадан ашылып жатқандары бар ма? – Әрине, бар. Дәуір дамуы жоғарыда айтқанымдай, жаңа мамандықтарды, жаңа ғылыми бағыттарды қажет етіп отыр. Бұл тұрғыдан келгенде 6 диссертациялық кеңес ашылды. Ондай кеңестер Ботаника және фи­тоинтродукция институтында “Бо­та­ни­ка”, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында “Өнер тарихы мен теориясы”, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Бейнелеу өнерінің теориясы және оқыту әдістемесі”, өзге де оқу орындарында қадау-қадау мамандықтар бойынша жұмыс істей бастады. – Кеңестік дәуірдегі ғылыми кадрлар дайындаудың классикалық жүйесіне қосымша қазір халықаралық қалыпқа сай PhD докторантурасына көшу қолға алынып жатыр емес пе? – Өзіңіз айтқандай, көптеген жылдардан бері жалғасын тауып келе жатқан клас­сикалық жүйеге байланысты ғылым докторлары мен кандидаттарды дайындау жалғасын табуда. Ал PhD докторантурасына бет бұру ісі көкейкесті мәселе екенін еске сала кетсем деймін. Бұл әлемдік білім кеңістігіне кіруге ұмтылудан туып отырған игілікті іс. Екінші жағынан алғанда, жаңа қадам эксперименттік сипатқа ие. Сон­дықтан болар, азды-көпті кемшіліктер кездесіп жатады. – Классикалық үлгі мен жаңа жүйенің аражігі қандай? – Басты ерекшеліктерін айтар болсам, кандидат және ғылым докторлары – бұл ғылыми дәреже болып есептеледі. “Ғылым туралы” Заң талабына орай, PhD фило­софия докторлары – академиялық дәреже. Диссертациялық еңбектердің көлемі, жаңалығы, тұжырымы жағынан келгенде екеуінің деңгейі екі түрлі. Бұл ғылыми кадрларды дайындау мәселесі “Білім беруді 2020 жылдарға дейінгі дамытудың ұзақ мерзімдік бағдарламасы” жобасында жан-жақты қозғалған. Қазір ғылыми кадрларды даярлауға деген мемлекеттік сұраныс көлемі экономиканың талабын қанағаттандыру былай тұрсын, сарапшылардың пікірін ескерсек, елдегі бар ғылыми әлеуетті пайдалану кемшін соғып отырғанын бірден аңғарасың. Өзіміз үлгі етіп алып отырған дамыған елдерде ғалымдар саны 1 миллион адамға шаққанда 3700-ді құраса, біздің Отанымызда бұл көрсеткіш 830 адамға жуықтайды. Мемлекеттік тапсырысты жыл сайын 5 мың магистр мен 1000 PhD докторын даярлауға ұлғайту міндеттелген еді. Өткен жылы бұл салаға 200 орын ғана бөлінсе, дәстүрлі жүйе бойынша 1500 диссертация қорғалды. Қай жағы көп екенін өзіңіз бағдарлай берерсіз. Тағы бір тілге тиек етер мәселе, бұрынғы жүйе бойынша 200-ден астам мамандық бойынша мамандар даярлау жүзеге асырылып жатса, PhD бағдарламасы желісінде 26 мамандықтан докторанттар өз оқуларын аяқтап шықты. 2008-2009 жылдарға арнап бекітілген PhD бағдарламасы негізінде іске асатын диссертацияларда медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, мал дәрігерлік, философия ғылымдары, жер туралы ғылым және бірқатар техникалық мамандықтар бойынша еңбектер қолға алынбай отыр. Бұл да болашақта ойлануды қажет етеді. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама бойынша қорғалған жұмыстардың бәрі бірдей талапқа сай дей алмасақ керек. Кейбір жоғары оқу орындарында қорғалған жұмыстардың біразының деңгейінің төмен болып қалуы сөзімізге дәлел бола алады. Ендеше, жаңа жүйені орнықтыру ісінде жоғары оқу орындары атқарар жұмыстар аз емес. Осы арада мына бір пікірімді де ортаға сала кетсем деймін. PhD бағдарламасы бойынша қорғалған жұмыстарды біздің комитеттің сараптау кеңестерінен өткізіп барып бекітуді қарастыру керек секілді. – Қалай десек те бір жылдан кейін осы жүйеге көшетініміз анық қой. – Әрине. Дегенмен өтпелі кезеңдегі жұмыстарды салмақты саралаудан өткізсек ұтылмасымыз анық. Аталмыш жүйеге барымызды жоғалтып алмай, біртіндеп көшкеніміз ләзім. Қазіргі талдауларға қарап отырсаңыз, 2011 жылы PhD бағдарламасына толыққанды дайынбыз деп айта алмасақ керек. Ол үшін бәсекелестік орын алуы тиіс. Менің көзқарасымша, екі жүйе төрт-бес жыл қатар жүріп отырса, жөн болар еді. Бір сұхбатта сан саланы қамтитын ко­ми­теттің бүкіл жұмысын айтып шығу мүм­кін емес. Білім беру ұйымдарын мем­ле­кеттік аттестаттау, лицензия беру, бірыңғай ұлттық тест өткізу мәселелері де зор жауап­кер­шілікті талап етеді. Қалай десек те мұның бәрі Отанымыздың өркендеуі жо­лында жүргізіліп жатқан жұмыстар деп білемін. – Әңгімеңізге рахмет.