Экспорт • Бүгін, 13:01

Қазақ агроэкспорты қалай рекорд орнатты?

20 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кернеуі күннен күнге күшейіп бара жатқан геосаяси тұрақсыздық, климаттық өзгеріс және логистикалық тізбектердің осалдық танытып тұрған дәуір дидарында әлемнің көптеген мемлекеті үшін азық-түлік қауіпсіздігі маңызды мәселеге айналып отыр. Аумағы жөнінен Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет және күшейіп келе жатқан аграрлық держава ретінде біздің еліміз бұл өткелектен агроөнеркәсіп кешенін ауқымды жаңғырту арқылы өтпекші. Мақсаты – ішкі нарықта азық-түліктің қолжетімділігін қамтамасыз ету, экспорттық әлеуетті кеңейту, тұрақты, әртараптандырылған және экологиялық қауіпсіз ауыл шаруашылығының жүйесін құру, деп жазады Egemen.kz.

Қазақ агроэкспорты қалай рекорд орнатты?

Фото: ашық дереккөз

Кейінгі жылдардың бедерінде еліміз аграрлық саланы толық әрі ауқымды трансформациялауды жүзеге асырып жатыр. Қазір ішкі өндірістің өсуі, механикаландыру деңгейінің артуы, өнім экспортының өсуі байқалады. Нәтижелер көзге көрініп-ақ тұр. Атап айтсақ, ел негізгі тауарлар арқылы азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізді, агроэкспорт көлемі өсіп келеді, ал аграрлық саясат климаттың өзгеруіне төзімділікпен және «жасыл» экономикамен тығыз байланыста. Инвесторлар мен жаһандық бизнес өкілдері үшін еліміз әлемдегі тұрақтылық нүктесі мен жаңа мүмкіндіктер орталығына айналды.

Агроэкспорттың жаңа белесі

Еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау аумағын қарқынмен кеңейтіп жатыр. Кейінгі бес жылда АӨК өнімдері экспортының көлемі 51%, яғни   3,4 млрд-тан 5,1 млрд долларға дейін өсіп, әлемнің 66 елін қамтыды. Бұл ретте экспорттың 52%-дан астамын енді қосылған құны бар өнімдер құрайды. Бұл – саладағы құрылымдық өзгерістерді көрсетеді.

Ең көп өсім өсімдік шаруашылығында байқалады. Қазақстан Қытаймен, Түркиямен, Иранмен, Әзербайжанмен жаңа фитосанитарлық келісімдер жасады. Бұл майлы дақылдарды, бұршақ тұқымдастар мен дәнді дақылдарды жеткізуге мүмкіндік берді. Мәселен, енді отандық өндірушілер Қытайға мақсары күнжарасын, жасымық пен рапсты экспорттай алады. Күріш, мақта және қарбыз өнімдерінің сыртқы нарыққа шығуын кеңейту бойынша да келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Елімізде өнімділікті арттыру үшін агротехнологиялар белсенді түрде енгізілді. Екі жыл ішінде тыңайтқыштарды пайдалану көлемі 1,9 есеге өсті. Сапалы тұқым қолдану артты, ауыл шаруашылығы техникасы да тез жаңарып жатыр. Өсімдік шаруашылығын қолдау және техниканы жаңғырту үшін жеңілдетілген несиелік өнімдер беріледі. Қолайлы ауа райы жағдайларының және заманауи агротехнологияларды қолданудың арқасында еліміз 2024 жылы 25 млн тоннадан астам астық, 3,3 млн тонна майлы дақылдар және 640 мың тонна бұршақ дақылдарын жинады.

 

Күнбағыс майының эскпорты артты

Еліміздің аграрлық трансформациясының ең жарқын мысалдарының бірі майлы дақылдарды өңдеу, атап айтқанда, күнбағыс майы мен күнжара өндірісі болды. Майлы дақылдарды өңдейтін кәсіпорындар қауымдастығының қолдауымен отандық өндіріс бұл табысты салада әлемдік нарықтағы маңызды орынға көтерілді. Соңғы маркетингтік үш жылда елде күнбағыс майының өндірісі 2,5 есеге, ал экспорты 5 есеге жуық өсті. 2023-2024 жж. қазақ экономикасы күнбағыс майын әлемдік экспорттаушылар арасында 8-орынға ие болып, Еуропалық одаққа күнбағыс күнжарасын жеткізу бойынша үздік үштікке енді.

Сарапшылардың болжамынша, орта мерзімді перспективада Қазақстан күнбағыс майын экспорттаудан түсетін жыл сайынғы валюталық түсімді 2 млрд долларға дейін ұлғайтып, әлемдегі ең ірі үштікке кіруі мүмкін. Қазірдің өзінде ішкі нарық толық қамтамасыз етіліп, еліміз Орталық Азия елдеріне май өнімдерін жеткізуші негізгі елге айналып келе жатыр.

Қытай жыл сайын 18 млн тоннадан астам өсімдік майы мен шрот сатып алады. Бұл нарық Қазақстан үшін аса маңызды. 2024 жылы еліміз Қытайға 275 мың тонна өнім экспорттап, 205 млн доллар табыс тапты. Бұл көрсеткіш екі жыл бұрынғыдан 3,5 есе көп. 2023 жылы Қытай кеден қызметімен жаңа санитарлық келісім жасалғаннан кейін 30-дан астам отандық кәсіпорын экспортқа рұқсат алды. Бұл қадам отандық өнімнің Қытай нарығына шығу мүмкіндігін одан әрі кеңейтті.

 

Кешенді өңдеудің келешегі зор

Әлемдік аграрлық нарық барған сайын бәсекеге қабілетті болып бара жатқанда, еліміз шикізат экспортына ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға басымдық беріп отыр. Бүгінде астықты ауқымды өңдеу бірнеше өңірде шоғырланған: Солтүстік Қазақстанда бидайдан глютен және биоотын өндіріледі, Алматы облысы мен Жетісуда жүгері крахмал мен оның туындыларына өңделеді. Тағы бірқатар жоба Қостанай, Түркістан облыстарында және Астана қаласында іске қосылады.  Лизин мен глютеннен биоэтанолға дейін, глюкоза-фруктоза шәрбаты мен крахмал өнімдеріне дейін өнімнің бірнеше түрі шығарылады.

Еліміз кешенді өңдеу үшін мемлекеттік қолдау шараларын күшейтті. Айталық, инвестициялық субсидиялар нормативі 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылды. Мұндай шаралар өңдеу саласындағы өндірістің жедел өсуіне ықпал етеді, оның үстіне сала өнімі экспортқа бағдарланған.

 

Жайылымнан жаһандық нарыққа

Мал шаруашылығы саласында да белсенді даму байқалады. Шетелдік импорттаушылар тізіліміне 3 500-ден астам отандық кәсіпорын енгізілді. Сапа мен қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарын сақтай отырып, экспорттық арналарды белсенді түрде кеңейту жүріп жатыр.

Дамуға ең мүмкіндігі зор экспорттық бағыттардың бірі  «қызыл алтын» деп аталатын қызыл ет. Осынау сиыр мен қой еті Қытайда, Таяу Шығыста және басқа да бірқатар елдерде тұрақты сұранысқа ие. Құс шаруашылығы мен мал шаруашылығының жанама өнімдерінде де жоғары экспорттық әлеует бар, әсіресе Қытай бағытында, онда қазір жаңа логистикалық шешімдер пысықталып жатыр.

Отандық ет жоғары сапасымен, табиғи дәмімен және бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленеді, әсіресе салқындатылған өнімдердің премиум сегментінде. 180 млн гектар жайылым мен көшпелі мал шаруашылығының қолайлы жүйесінің арқасында елімізде ет өндірісінің көлемін арттыруға толық мүмкіндік бар.

Бүгінде еліміз 8 елге ет экспорттайды. Тек 2025 жылдың 5 айында шетелге 40 мың тоннаға жуық ет өнімдері жеткізіліп, жаңа нарықтарға шығу жұмыстары жалғасып жатыр.

Экспорттың өсуін қолдау қатаң ветеринарлық бақылауды талап етеді. Бұл бағытта қазірдің өзінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Өнімді қадағалау жүйесі жақсартылды, ветеринариялық қызметтің инфрақұрылымы жаңғыртылды. Зертханалық жабдықтар жаңартылуда, бүкіл ел көлемінде ветеринариялық пункттердің құрылысы жүргізіліп, мал шаруашылығы өнімдерін қадағалау жүйелері цифрландырылып келеді.

 

Таза өнім – табысты экспорт

Тағы бір болашағы бар бағыт – органикалық өнімдер өндірісі. Органикалық бидай, зығыр, соя, асбұршақ, жасымық және дәрілік шөптерге сұраныс жоғары.  Еліміз қазірдің өзінде Германия, Швеция, Бельгия, Чехия және басқа да бірқатар елдерге экспорттық арналарды жолға қойған.

Мәселен, 2023 жылы Еуроодақ елдері мен АҚШ-қа барлығы 26 мың тоннаға жуық өнім, оның ішінде майлы, дәнді-бұршақты және дәнді дақылдар экспортталды. Ал жалпы елімізде халықаралық стандарттар бойынша сертификатталған 60-тан астам органикалық өнім өндіруші жұмыс істейді.

Бұл ретте елдің одан әрі өсуі үшін де айтарлықтай әлеуеті бар. Органикалық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (FIBL) және Экологиялық ауыл шаруашылығы қозғалыстарының халықаралық федерациясының (IFOAM) есептеріне сәйкес, Қазақстанда органикалық өндіріс стандарттары бойынша сертификатталған жер көлемі 2023 жылы 200 мың гектарға жуық болды, дегенмен 2022 жылы мұндай 114 мың болған. Бұл фермерлердің органикалық өндіріске деген қызығушылығының артып келе жатқанын, демек, әлемдік тауар нарығына экспорттау әлеуетін көрсетеді.

 

Экологиялық тұрақтылық – басты міндет

Климаттың өзгеруі – ауыл шаруашылығы үшін ұзақ мерзімді әрі ең маңызды сын-қатердің бірі болып тұр. Температураның көтерілуі, жауын-шашынның тұрақсыздығы және топырақтың құнарсыздануы агрожүйенің өнімділігі мен тұрлаулылығына тікелей әсер етеді. Құрғақшылық, су тасқыны және зиянкестердің шабуылы жиілеп тұр.

Осыған жауап ретінде еліміз  «жасыл экономика»  ұлттық стратегиясымен және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетімен келісілген Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру кезеңінде. Тұжырымдамада тұрақты тәжірибелерге, дақылдар мен қолданылатын ресурстарды әртараптандыруға ерекше назар аударылды.

200 млн га ауыл шаруашылығы жерлерін ескерсек, еліміздің көміртекті егіншілікті дамыту әлеуеті жоғары. 27 млн га жайылым тозған, 29 млн га топырақ эрозияға ұшыраған жағдайда шөлге қарсы күрес өзекті бола түсті. Қазірдің өзінде елімізде топырақтағы көміртекті бекіту бойынша қанатқақты жобалар іске асырылып, алғашқы нәтижелер жақсы мүмкіндіктерді көрсетіп отыр.

Ел көлемінде барлық топырақ деректерін қамтитын нормативтік база мен бірыңғай ақпараттық жүйені құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл көміртекті егіншілік саласына халықаралық инвестицияларды – ерікті нарықтар арқылы да, халықаралық келісімдер шеңберінде де тартуға негіз болады. Бұл шаралардың барлығы ресурстарды үнемдейтін және экологиялық қауіпсіз практикаларды қолданатын тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Тағы бір маңызды бағыт – су үнемдеу технологияларын кеңейту. Бүгінде елімізде 1,5 млн гектарға жуық суармалы жер бар. Тек 2024 жылдың өзінде 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілді, алдағы үш жылда ел осы қарқынды сақтауды жоспарлап отыр. Ол үшін қолдау шаралары – аграршылардың шығындарын өтеу және жеңілдетілген несие беру енгізілді.

 

Ендігі меже

Иә, еліміздің агросаласы біртіндеп, бірақ нық қадаммен жаңа дәуірге бет бұрып келеді. Бұрын басты мақсат – ішкі нарықты азық-түлікпен толық қамту мен өндірісті механикаландыру болса, бүгінде бағыт өзгеше. Біз майлы дақылдар экспорты бойынша алдыңғы қатарға шығып, климатқа төзімді егіншілікке ден қойдық. Бұл – жаһандық деңгейде сенімді, экологиялық таза әрі бәсекеге қабілетті азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Қазір еліміз – халықаралық инвесторлар үшін әлі толық ашылмаған мүмкіндік алаңы. Мұнда ауқым, мемлекеттік қолдау, қолайлы географиялық орналасу және пайдаланылмаған әлеует бір арнада тоғысқан. Әсіресе қайта өңдеу, агротехнологиялар мен логистикалық инфрақұрылым бағыттарында бұл артықшылықтар айқын сезіледі. Жаһандық азық-түлік нарығында тұрақсыздық белең алған шақта еліміздің аграрлық саласын жаңғырту – тек ұлттық мүдде емес, өңірлік қауіпсіздіктің тірегі әрі әлемге жаңа мүмкіндіктерге ашылатын қақпа.

Бүгінде отандық ауыл шаруашылығы өнімдері 80 елдің тұтынушысына жетіп отыр. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексінде 2022 жылы еліміз бірден тоғыз сатыға көтеріліп, 113 мемлекеттің ішінде 32-орынға тұрақтады.

Бұл жетістікке тоқмейілсу жоқ. Алдағы үш жылда агроазық-түлік секторында 4,8 млрд доллардан астам қаржыға 600-ден астам инвестициялық жоба іске асырылмақ. Жаңа зауыттар салынып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жаңғыртылады. Мұның нәтижесінде еліміз агроөңдеуді серпінді дамытып, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті, қосылған құны жоғары өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.