Әлем • 03 Сәуір, 2019

Иран Қазақстаннан жеткізілетін тауарға импорттық баж салығын төмендетеді

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин 262 ауыл шаруашылығы, 602 өнеркәсіптік тауарға қатысты импорттық баж ставкасы төмендейтінін айтты.

Иран Қазақстаннан жеткізілетін тауарға импорттық баж салығын төмендетеді

Естеріңізде болса,  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге 2018 жылдың 17 мамырында Астана қаласында  қол қойылды.

Бұл ретте Иранмен еркін сауда аймағын құру бастамасын Мемлекет басшысы 2014 жылы Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитінде ұсынды. Бұл келісімді іске асыру отандық тауарларды 80 млн-нан астам халқы бар Иранның перспективалы нарығына шығару арқылы олардың экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Оның дерегіне сүйенсек, Қазақстан мен Иранның  өзара сауда көлемі 2018 жылы 516,3 млн АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Иранға экспорт 426,7 млн, импорт 89,5 млн долларды құрады. Қазақстанның негізгі  тауарларының ішінде арпа 272 млн, болат илек 87 млн, рапс тұқымы 17 млн және қой еті 11,6 млн долларға жеткізілді.

Ал, Сенат қарауына түскен бұл келісімге сәйкес Иран тарапы 864, оның ішінде 262 ауыл шаруашылығы, 602 өнеркәсіптік тауарға қатысты импорттық баж ставкаларын төмендетеді. Иран нарығына сиыр және қой етті жеткізу ставкасы 26-дан 5-10, бұршақ дақылдары 55-тен 5-10, өсімдік майын 20-дан 10, макарон және кондитерлік өнімдерді 55-тен 14-20, болат илек 20-дан 15, рельстер 5-тен 4 пайызға дейін төмендету жеңілдетілген тарифтермен жеткізуге мүмкіндік туады. «Бұл тауарлар бүгінгі күні Қазақстанның Иранға экспортының 292 млн долларын немесе 54 пайыздан астамын алып отыр. ЕАЭО-ға мүше елдер 502, оның ішінде 126 ауыл шаруашылығы, 376 өнеркәсіптік тауар бойынша импорттық баж ставкаларын төмендетті»,  деді Серік Жұманғарин. 

АЛМАТЫ