Қоғам • 02 Сәуір, 2019

Қазақстандықтарға арналған инсулинді Өзбекстанға заңсыз жеткізгендер анықталды

489 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын мәжілісте қазақстандықтарға тиесілі инсулиннің Өзбекстан дәріханаларына қалай тап болғанын анықтау үшін денсаулық сақтау министрлігі тергеу жүргізілуін сұраған еді.

Қазақстандықтарға арналған инсулинді Өзбекстанға заңсыз жеткізгендер анықталды

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "Қазір бұл инсулинді заңсыз жеткізгендер анықталды, тергеу жүріп жатыр. Өкінішке қарай, біз мұны жария ете алмаймыз. Біздегі ақпарат бойынша құқық қорғау органдары тергеуді бастап кетті", - деді министр үкіметте өткен жиында.

  Осы орайда Е.Біртанов аталған мәселеге байланысты 2018 жылы жан-жақты сараптама жүргізілгенін айтты.

 «Проблеманы анықтап, өткен жылдың көктемінде құқыққорғау органдарына бердік. Бұл фактілерді соңғы уақытқа дейін құқыққорғау органдарымен, Бас прокуратурамен бірге тексердік. 28 қылмыстық іс қозғалды. Мән-жайын құқыққорғау органдары хабарлайтын болады», - деді ол. Оның дерегінше, қазіргі уақытта тексеру шараларының екінші кезеңі басталды. «Қазіргі уақытта наркологиялық, психиатриялық, туберкулезге қарсы диспансерлерде, ВИЧ орталықтарында тексерудің екінші кезеңін жүргізіп жатырмыз. Бұл қорытынды алқа жиналысынан кейін берген тапсырмам. Қазірдің өзінде тиімсіз жоспарлау фактілері анықталып жатыр. Мұның барлығын анықтауға қызметтерді цифрландыру мүмкіндік береді. Бұл жұмыстарды одан ары да жалғастырамыз», - деді ол. Айта кетейік, ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин Қазақстан азаматтарына арналған инсулинді Өзбекстанға сату фактісі бойынша прокуратура тексеру жүргізіп жатқанын мәлім еткен болатын. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова да қазақстандықтарға арналған инсулиннің Өзбекстанда сатылып жатқанына байланысты ақпаратқа пікір білдірген еді. «Инсулиндер бірыңғай дистрибьютор (СК-Фармация) арқылы сатып алынып, Қазақстанның тікелей медициналық ұйымдарына келіп түседі. Ол жерде инсулиндер рецепт ретінде жазылып, пациенттердің қолына тапсырылады. Өткен жылы біз бөлшек сауда желісінде бірыңғай дистрибьютор арқылы алынған осындай препараттардың сатылу жағдайларын анықтаған болатынбыз. Бұл фактілер туралы құқық қорғау органдарына да хабар бердік. Біз пациенттердің сол препаратты алғанынан немесе басқа жерге (Өзбекстандағы дәріханаларға) сатқанынан хабарымыз жоқ. Болмаса ол препараттар сызылып тасталып, медициналық ұйымдардан алынып кеткен. Басқа органдар мен прокуратура нақты осы істің мән-жайын анықтау үстінде», - деген еді Людмила Бюрабекова.

Еске сала кетсек, осы жылдың басында Ташкент журналистері дәріханалардан қазақ тілінде таңбаланған инсулин сатылып жатқанын хабарлаған еді.