Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Сағаттар сыр шерткенде...

566 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Уа­қытқа саяхат» атты интерактивті көрме келушілерге есік ашты. Бұл жерде қала тұрғындары мен қонақтары, оқушылар кеңес заманы кезіндегі сағат жасаушы әйгілі зауыттардың өнімдерін тамашалай алады.  

Сағаттар сыр шерткенде...

Бұл іс-шара өскелең ұрпақты уақыт өлшегіш құралдардың пайда болуы және дамуы туралы терең тарихымен таныстыруды, олардың адам өміріндегі алар орнын кеңінен баяндау­ды мақсат еткен.

– Көрмеде Сердобскідегі «Маяк», Орловтағы «Янтарь» сағат зауыт­тарының және басқа да кәсіп­орын­дардың қабырғаға ілінетін, қолға тағатын сағаттарын көруге болады, – дейді мұражай директорының орынбасары Дәурен Жүсіпов.

Көрмедегі ең бағалы деген жәді­гердің бірі – петерборлық Нико­лай Линденнің ХІХ ғасырда жасалған қабырғаға ілінетін сағаты. Атақты көпес 1888 жылы Невск даңғылында зергерлік бұйымдар және сағаттарды жөндейтін «Николай Линденъ» деп аталған шеберхана ашқан.

Оқушылар үшін мұражайдағы интерактивті көрменің қызығы мол болмақ. Балалар мұнда күн, құм, су және от сағаттарының әлемдегі ең алғашқы макеттерімен таныса алады.

Сонымен қатар көрмеде сағат шеберінің жұмыс бөлмесі, ғашық­тардың кездесетін жері, сағат ме­ханизмінің құрылымы сияқты фо­тоаймақ-инсталляция ұйымдас­тырылған.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ