28 Қараша, 2012

Еңбек: кеше, бүгін, ертең

2182 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін

Еңбек: кеше, бүгін, ертең

Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде тікелей де, астарлап та бүгінгі тек біздің қоғамдағы ғана емес, кеңірек айтсақ, әлемдегі әлеуметтік даму жолындағы айтарлықтай кедергілер мен мүмкіндіктер талданады.

Мақалада осы күрделі проблеманың әлемдік және қазақстандық еңбек қатынастарына байланысты тұстары сараланады.

 


Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде тікелей де, астарлап та бүгінгі тек біздің қоғамдағы ғана емес, кеңірек айтсақ, әлемдегі әлеуметтік даму жолындағы айтарлықтай кедергілер мен мүмкіндіктер талданады.

Мақалада осы күрделі проблеманың әлемдік және қазақстандық еңбек қатынастарына байланысты тұстары сараланады.

ЕҢБЕК ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ, ӘЛДЕ МӘЖБҮРЛІК ПЕ?

Ағылшын тіліндегі Оксфорд сөздігінің пайымдауынша, 1776 жылы еңбекке қо­ғам­ның материалдық сұраныстарын қанағат­тан­дыруға бағытталған күш-қимыл деп анықтама беріле бастаған. Кейінірек тек қана қара күш емес, ой еңбегі де байлықпен байланыстырылады. Бүгінгі энциклопедияларда еңбекке құралдар көмегімен табиғи дүниелерді өз мүддесіне қарай игеретін, оңал­дыратын, бейімдейтін адамның мақ­сат­ты, саналы әрекеті деп жалпы анықтама беріледі.

Бірақ еңбек төңірегіндегі ғылыми із­де­ністер, пікір-таластар жалғасуда. Мысалы, еңбек ету қажеттілік пе, әлде мәжбүрлік пе деген сауалға жауап әртүрлі. Өмір сүру үшін адамның еңбек етуі, күнкөріске ке­рек­ті қаражат табу, еңбектің материалдық және рухани игіліктің көзі екені өзінен өзі бел­гі­лі. Қай заманда да ауыр еңбек қоғам тір­ші­лі­гі, күнкөрісімен байланыстырылды. Сон­дық­тан еңбекке жаза, айып ретінде, болмаса амалсыздықтан, айналып өтуге болмайтын, мәжбүрліктен шыдап қана көнуге тура келетін, мүмкін болса басқаға аудара салатын іс ретінде қараған.

Антикалық қоғамда еңбек етушілер аза­маттардың санатына қосылмаған. Тек құл­дарды ғана емес, қолөнершілер мен сауда­герлерді Аристотель «сөйлейтін сайман» деп қараған. Осылай адамның шынайы өмі­рі еңбек қажеттілігіне, күнделікті тіршілікке тәуелді емес деген пікір орныққан. Анти­ка­лық қоғам саяси белсенділікке, спорттық жарыстарға, шығармашылық жұмыстарға, ойын-сауыққа зор мән берген. Ал ойшылдар мен философтар еңбек мәселесі жө­нін­де әртүрлі жүйелі ой-пікірлер айтқан.

Географиялық мектептің негізін қалаған Ш.Монтескьенің айтуынша, климат пен рельеф, жердің пішіні, таулы, тегіс, сулы болуы адамдардың мінезіне, темпераментіне, тәртібіне және еңбек етуіне әсер етеді. Бұл «халықтың рухын», қасиетін, ерекшелік­те­рін айқындайды, оған заңдардың да, саяси биліктің де рухы сәйкес келуі қажет. Мысалы, Монтескьенің ойлауынша, климаты өте ыссы елдерде ауыр еңбекті тек мәжбүрлеп, ықтиярсыз, күшпен істетуге болады, сон­дық­тан оларға құлдық жүйесі қолайлы.

Ал « еңбек етпеген ішіп жемейді» деген марксистік қағида адамзаттың басым бө­лі­гі­нің нан табу үшін тер төгуге мәжбүр екен­ді­гін ақиқатқа айналдырды. Демек, еңбек ету табиғи емес, әлеуметтік қажеттілік, сон­дық­тан адамдардың басым көпшілігі еңбекке тартылған. Олай болса еңбекпен қамта­ма­сыз ету, оны ұйымдастыру мемлекеттің парызы.

ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПОСТИНДУСТРИЯЛЫҚ ҚОҒАМ: ЕҢБЕКТІҢ ӨРЛЕУІ МЕН ҚҰЛДЫРАУЫ

Жаңа заманда еңбек күнкөрістің көзінен адам өмірінің мәніне, мақсатына айналды: жалдама еңбек, мамандық, кәсіпорын, ең­бек­ақы, жұмыс уақыты сияқты шаруа­шы­лық тіршіліктің жүйесі қалыптасты. Жалдамалы еңбекке кешегі шаруалар тартылды. Еңбек пен мамандық адамның күнкөрісін, мәртебесін, табысының көзін, өмір сүру салтын, адамдармен адамдардың қаты­на­сын айқындайтын негізге айналды. Кәсіби мәртебесі оның ұлттық, діни, тектік қа­сиет­терінен жоғары болды. Индустриялық қо­ғам­да еңбек демократиясы қалыптасты, ха­лықтың басым көпшілігі экономикалық мә­се­лелерге араласты, азамат ретінде еңбек құқын таныды.

Капитализм орасан зор зауыттар мен фабрикаларда мыңдаған адамдардың басын қосты. Генри Форд бірде өз жұмыс­шыла­ры­ның еңбекақысын екі есе көтеріп, олардың өз қолымен жасалған автомобильдерді сатып алуына жағдай туғызған. Бұл шын­ды­ғында қулық болатын. Жұмысшылар зауытта жасалған автомобильдердің азғантайын ғана сатып алатын еді, ал еңбекақының өсуі өндіріс шығындарын көбейтті. Бірақ еңбек­ақымен қызықтырып, тәуелді етіп, Форд жұмысшыларды мәңгі бақи компанияның кәсіпорындарына таңып қойды. Осылай жұ­мыс күшінің тұрақсыздығын азайту, олар­дың кәсіби біліктілігін жетілдіру, еңбек өнім­ділігін арттыру көзделді. Себебі, капи­та­листің жеке байлығы мен құзыры жұмыс­шыларға тәуелді. Еңбек пен капитал осылай бір-біріне байланды: капиталдың иесі еңбек күшін сатып алуға қабілетті болса, еңбектің иесі әр уақытта да түрі өңді, дені сау, тартымды, кәсіби біліктілігі жоғары, сатып алушылар одан үрікпейтін болуы қажет. Әр жақтың өз мүддесі бар. Еңбек пен капи­тал­дың үйлесуі, түсінісуі, тіл табысуы саясаткерлер мен мемлекеттің де парызы, ал жұмыссыздар болса, олар еңбек резерві, әр уақытта еңбекке сақадай дайын болуы керек. Капитализм осы қағидаларды ұстануға тырысты. Фордтың компаниясына келген жас жұмысшы (подмастерье) өзінің еңбек жо­лын осында бастап, осында аяқтай­тыны­на сенімді болды.

Индустриялық қоғамдағы жұмыспен қам­ту жүйесі белгілі бір стандарттарға, үл­гі­лерге негізделген: еңбектік келісім-шарт, жұмыс орны, жұмыс уақыты, еңбекақы жә­не тағы басқалар. Дені сау адамның зейнетке шыққанға дейінгі еңбек баспалдақтары негізінен белгілі. Қызметкерлер белгілі бір үлгідегі еңбек шарттарына отырады, оның көп жақтары кәсіподақтар мен кәсіп­кер­лердің ұйымдарымен келісіледі. Еңбек про­цесі белгіленген уақытта фирма ұсынған арнаулы орындарда жүзеге асады.

Постиндустриялық қоғамда жағдай өз­ге­ре бастады. Өмір бойына жұмыс беретін кәсіпорындар азайды. Бізді тек ажал ғана айырады дейтін «мәңгілік неке» сирек құ­былысқа айналғаны сияқты, ұзақ мерзімді жұмыспен қамту да мүмкін бола бермеді. АҚШ-тағы соңғы зерттеулер бойынша, орта білімді америкалық жас жігіттер мен қыз­дар өз өмірінде кемінде он бір рет жұ­мыс­тарын ауыстыратын көрінеді. Себебі, ұзақ мерзімге компаниялар келісім-шарт жасамайды, жұмыс орындары азаюда, жұмыс іздеушілер көбеюде. Сондықтан халықтың азғана бөлігі тұрақты еңбек етеді, қал­ған­да­ры күтуде, ізденісте. Бүгінгі еңбек қаты­нас­тарына белгісіздік, беймәлім, ертеңгісі кү­мәнді ахуал тән.

Еңбек қатынастарының ақпараттық, пос­тиндустриялық замандағы тағдыры қа­лай болмақ? Ғалым А.Тофлердің айтуынша, ауыр өнеркәсіптің, ірі зауыттардың орнына шағын, икемді компьютермен басқары­ла­тын өндірістер келеді. Адамдар жалықты­ратын, біркелкі жұмыстан білім, ақпарат өнімдеріне, қызмет ету саласына ауысады. Еңбек бірте-бірте интеллектуалдық сипат алады. Күні бүгіннің өзінде, мысалы, АҚШ-та білім жүйесі мектеп, университет және ғылыми-техникалық зерттеулер оларға қамтылған адамдардың саны және қаржы жағынан ең ірі салаға айналды. Бұл заңды өзгеріс, ақпараттық, постиндустриялық қо­ғамда басты қызметті терең білімді, жаңа ғылыми озық технология және жаңа мәдени құндылықтар өндіруге қабілетті адамдар атқарады.

Материалдық өндіріс бүгін сан жағынан көп жұмысшыларға мұқтаж емес, себебі ғылыми-техникалық прогресс ең жоғары ең­бек өніміне қол жеткізіп отыр. Еңбекпен қамту, жұмыссыздық, еңбекпен жартылай қам­ту, бос уақыт деген ұғымдар өзінің мә­ні­нен айырылып барады. Болашақта адамдарды жұмыссыздық қана емес, кәсіптің қай түрін таңдаумен қатар, бос уақытты көңілі сүйетін жұмыстардың қай түрлерін таңдау да ойландыратын болады. Еңбекке аз уақыт бөлініп, зейнетке ертерек кететін, білім жетілдіруге көп уақыт алатын заман туа бас­тады.

Бұл заман бірден емес, бірте-бірте ке­ле­ді. Егер мыңдаған адамдар, әсіресе жастар, жұмыссыз болып, уақыттың молдығынан теледидар алдында, болмаса футбол көру­мен шектелсе, олар өмірден де түңіледі, маскүнемдікке, нашақорлыққа, қылмысқа да үйір болады. Осыдан білім жүйесіне, жалпы қоғамдық байлықты бөлуге, бюджет саясатына өзгерістер енгізу қажеттілігі туады. Бүгін бірқатар экономикасы дамыған елдер жұмысты адамдар арасында әділетті негізде бөлу мәселесімен шұғылдануда. Дәс­түрлі еңбектің қоғамдағы орнының өз­геруі, «еңбектің ақыры» деген ой-тұжырым­дарға итермелеп отыр. Бүгін жеке мүдде алға шығып, корпоративтік, ұжымдық мүд­де ірі кәсіпорындарда ыдырай бастады. Сон­дай-ақ ешкім меншік құқын жоққа шығармағанымен, меншік, байлық не деген де мәселе туды: білім бе, банкідегі депозит пе, несие карточкасы ма?

Ал ғаламдық кеңістікте енді еңбектің мәні не болды? Не үшін адам еңбек етеді? Әншейін күнелту, ішіп-жеп, дүниені тұ­ты­ну үшін бе, әлде еңбек жай алданыш, жұба­ныш, көңіл көтеру демалыс арасындағы ермек пе? Ертең басқа жұмыс, басқа көлік, бас­қа отбасы, бәрі өткінші, сондықтан жа­ныңды салып, беріліп еңбек етудің қисыны жоқ. «Страдиваридың скрипкасын» енді еш­кім жасамайды деп топшылайды бірқа­тар авторлар.

Бүгін постиндустриялық қоғамда «еңбек еңбекті күйретті» деген тұжырым айтылады: ұдайы еңбек айналып келгенде еңбектің өзін жоюға әкелді. Ғылыми-техникалық прогресс, еңбек өнімділігінің қарқынды өсуі жұмыс күшіне сұранысты күрт азайтты. Бү­гін аздаған адам көптеген тауармен қызмет үлгілерін өндіреді. Соңғы 150 жылда да­мы­ған елдердің жалпы өнімі он есе өссе, бір адамға шаққандағы жұмсаған сағат саны екі есеге азайған. Ал дамыған елдерде ауыл шаруашылығында халықтың 2-3 %-ы ғана жұмыс жасайды.

Өндірісті автоматтандыру, робототехни­каның дамуы арқасында адамсыз цех, за­уыттардың жұмыс істеуі бүгін құрғақ қиял емес. Сондай-ақ бухгалтерия, байланыс, кө­лік, сауда, қонақ үй бизнесінде, кеңсе, банк қызметкерлері қысқарды, электронды жүйе кітапханашыларды қысқартады. Мәселе кей­бір мамандықтарға сұраныстың азаюында ғана емес, адам еңбегінің азаюының ор­тақ үрдіске қарқынмен айналуында. Ал бі­лі­мі, тәжірибесі ескіргендер жоғары техно­ло­гиялық өндіріспен байланысты жаңа жұмыс орындарына бара алмайды. Кәсіби қайта даярлаудың да маңызын асыра бағалауға болмайды. Кешегі жұмысшының озық ин­же­нер-техникалық маман болуы екіталай.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін эко­номика қарқындап өскен тұста еңбекпен толық қамту концепциясы пайда болды, еңбекке жарамды халық өндіріске тартылды, жұмыссыздық өнеркәсібі дамыған елдерде 1-3% ғана құрады. Ал 1990 жылы жұ­мыс­сыздық сол елдерде енді 6-8%, ал Еуропа елдерінде-8-11%-ға жетті. Грекия, Испания сияқты елдерде бүгін ол 25%-дан асты. Футурологтар бүгін толық жұмыспен қам­ти­тын заманға оралу жоқ, оны ашық айтуымыз керек деп отыр. Жұмыссыздықтан ем табам деушілер ақиқаттан аулақ. Жұмыс­сыз­дықтың тағы бір себебі өндірісті арзан жұмыс күші бар елдерге көшіру болып отыр. Егер әлем халқының қарқынмен өсуін де ескерсек, жұмыссыздық біздің зама­ны­мыздың жаһандық проблемасы екені анық.

Еңбек уақыты ұдайы қысқаруда. Ин­дус­триялық қоғамның алғашқы кезінде жұмыс аптасына 72 сағат еді. ХХ ғасырдың екінші жартысында 5 күндік 40 сағаттық еңбек аптасына қол жеткізілді. Бүгін көптеген елдерде еңбек аптасының ұзақтығы одан да азаюда. Франция заңдық негізде 35 сағаттық еңбек аптасына көшті. Басқа елдерде, әсіресе Дания, Нидерланды, Бельгия, Германияда жұ­мыс аптасы азаюда. Жұмыс уақытының азаю­ын мынадан көруге болады: XIX ға­сыр­дың екінші жартысында қызметкердің еңбек уа­қы­ты жылына 3 мың сағат болса, бүгін көп­теген елдерде еңбек уақыты екі есе азайды. Германияда ол 1950 жылы 2300 сағат болса, 2000 жылы 1397 сағат болған. Сонымен бірге да­мыған елдерде өмір жасының ұзақтығы өсті: соңғы 150-200 жылдар ішінде он екі есеге өсіп, 75 жасқа жетті. Осыдан 120 жыл бұрын адам өмірінің 35%-ы жалдама жұмысқа арналса, бүгін ол 12-13% құрайды және ол азаюда.

Осыдан 10 жыл бұрын неміс әлеумет­та­нушы ғалымы Р.Дарендорф мынадай бір мә­лімет жариялаған. Дамыған елдер халқы­ның 20%-ы еңбекке дейінгі жастағылар, та­ғы да 20%-ы зейнеткерлер,10%-ы оқу орындарында. Қалған 50%-дың бірқатары еш­қан­дай кәсіби қызметке ұмтылмайды. Бас­қа­лары әртүрлі себепке байланысты еңбек­ке қабілетсіз. Егер бұлар 15% десек қате­лес­пейміз. Тағы да 10% жұмыссыздар. Қалған­да­ры халықтың 25%-ын құрайды. Сонымен, халықтың төрттен бірі ғана еңбекпен қам­тылған. Адам өмірінде еңбектің алатын уа­қы­ты азаюда.

Қазір Батыста «еңбек плюрализмі» деген бар. Бүгін ресми жұмыссыз болып тір­келгенмен жұмыссыздар деп айтуға бол­май­тындар көбеюде. Бір адамды, бір жағы­нан, жұмыссыз, екінші жағынан, жұмыспен қамтылған деп айтуға болатын жағдайлар жиі көрініс алып отыр. Бүгін Гер­манияда халықтың төрттен бірінің, Ұлы­британияда үштен бірінің ғана тұрақты жұмысы бар. АҚШ та еңбек рыногының жағ­дайға икем­ді­лігі соншалықты тек бір­неше жерде жұ­мыс жасап қана күн көруге болады. Орта есеппен америкалықтар еуро­палықтарға қа­рағанда көп еңбек етеді, олар тәуекелшіл, белсенді, өз тағдырына өздері жауапты, із­денгіш, бәсекеге, қабілетті. Бі­реуі­нің аузына түсейін деп тұрған нәпақаны екіншісі жолдан қағып алады. Прагматик амери­калық­тар табысты, пайданы басты мақсат етіп қояды. Сондықтан АҚШ- тағы қылмыстың ең көп тараған түрі меншік, ақшамен байланысты.

Сонымен, дәлірек айтсақ, мәселе еңбек­ақы төленетін жұмыстың жойылуында емес, еңбекпен толық қамтамасыз ету мүм­кіндігінің азаюында. Егер индустриялық қоғамда адамдар бос уақытын шаршататын, жалықтыратын жұмыстан кейін күш-қай­ратын, денсаулығын қалпына келтіруге жұм­саса, енді жұмыс сағаттары, күндері азайған тұста адамдар бос уақытында немен айналысады деген сауал туады. Енді не істеу керек? Сауал негізсіз емес. Бірқатар ға­лымдар адамдар еңбек бұғауынан бос­тан­дық алып, енді шынайы еркіндікке, саналы, байыпты іспен айналысуға мүмкіндік алады десе, екіншілері қоғамға төніп келе жатқан қауіптен сақтандырады. Еңбек қалай дегенмен адамды тәртіпке үйретеді, іске жұ­мыл­дырады. Жаңа қоғамда енді маскүнемдікке, нашақорлыққа, қылмысқа жол ашылып, қоғам олардың алдында әлсіз болып қалмай ма? Бүгін тұтынушылық қоғамға қатер туа бастаған жоқ па? Еңбек құлдырап, кәсіби жетістіктер бағаламаған тұста адамды қа­дір­леудің өлшемі қандай? Еңбектен тыс қандай лауазым болуы мүмкін? Белгілі бір мамандықтың, қызметтің иесі болмаса адам­дарды қалай қабылдаймыз?

Осы басқа да сауалдарға футурологтар жауап беруде: кәсіби еңбектен басқа адам­ның өзін танытатын салалар көп. Бүгінге дейін біз адамды экономикалық белсен­ді­лі­гіне, табысына қа­рай мәртебесін айқын­да­сақ, енді басқа қы­ры­нан да байқай аламыз. Оған қандай мүм­кін­діктер бар? Біріншіден, бос уақытты бел­­сенді, мазмұнды өткізу, білімді, жүйелі істермен айналысуы, мысалы, спорт, көр­ке­м­өнер, музыка, т.б. адам­зат­тық бастамалар. Екіншіден, нарықтық жә­не әкімшілік (мемлекеттік) сектордан бөлек үшінші сектор бар, бізше айтқанда, мемле­кеттік емес ұйымдар. Дамыған елдерде адамдар әлеу­мет­тік мәселелерге, азаматтық бастамаларға аса зор ықылас танытады. Ол экологиялық, құқық қорғау, қайырым­ды­лық ұйымдар, жер­гілікті өзін өзі басқару, мәдени шаралар және т.б. АҚШ-та әрбір аза­мат волонтер, өз еркімен әртүрлі бас­та­малардың жұмысына ақысыз аптасына 4-5 сағат қатысады. Германияда әрбір үшінші азамат қоғамдық іс­пен айналысады. Үшін­шіден, отбасындағы еңбек, отбасы мүше­ле­рі­не тұтынатын игі­лік­тер өндіру, бұл бай­лықты ресми статис­тика есепке алмайды. Бала тәрбиелеу кә­сіби еңбектен құн­сыз емес. Ол қоғамның өте маңызды функциясы. Оны көркем өнер, жа­зушылық, саяси, қоғамдық қызметке теңеу жөн, зей­нет­ақы алуға, медициналық тегін көмек алу құқын беру жөн. Төртіншіден, үздіксіз білім алу, жасына қарай шектемеу, білім аса ауыр еңбек түрі. Бұл тұста білімге адамның өзін өзі тануы, рухани жетілуінің амалы деп қарау жөн.

Осы аталған еңбек түрлерінің бүгін бе­делін көтеру маңызды болып отыр. Социо­лог­тардың айтуынша, мәнсіз, мағынасыз, уақытша жүз мыңдаған қоғамдық жұмыс орындарын аша бермей, сол қаржыны мұ­ға­лімдер мен тәрбиешілердің, музейлер мен кітапханалардың, спорттық кешен қызмет­керлерінің санын өсірген жұмыссыздарға да, халыққа да тиімді. Р. Дарендорфтың айтуынша, еңбек қоғамының күйреуі шынайы демократиялық қоғамға бастайтын маңыз­ды қадам. Оның ойынша, еркіндік үшін ең­бек ету құқы еңбек етпеу құқынан маңыз­дырақ. Азаматтық құқықты саудаға салуға болмайды. Азаматтық мәртебе маман­дық­тан жоғары, еңбек ету, не етпеу адамның жеке мәселесі. Бірақ мәселе түбегейлі еңбек етуден бас тартуда емес. Әр адам бірнеше жыл еңбек етіп, кейін отбасы мәселелерімен айналысып, қайтадан жұмысына оралып, ол жалықтырғаннан кейін саясатқа белсенді араласуы мүмкін. Осылай өмір бойы кейде еңбекақы алып, кейде еркіндікті таңдайды. Осы тұрғыдан қарағанда, өзін өзі жұмыспен қамту, толық апта жұмыс жасамау, уақыт­ша бір жұмысты істеп тастау, үй жағ­дай­ындағы шаруалар – күнкөрістің көзі, екінші жағынан, ешкімге жалтақтамай өз өміріне өзің қожа болу деген сөз.

Сірә, қоғамның ең басты мәселесі басым көпшілік жұмыс жасамайтын қоғам адамдарын материалдық жағынан қамтамасыз ету болмақ. Бұл өте күрделі мәселе және оны шешу жолы әлі толық анықталмаған. Бүгін капиталистік елдерде жұмыспен қамтудың француздық, жапондық, америкалық, швед­тік модельдері қалыптасқан. Бірқатар елдерде жұмысыздыққа байланысты жәр­демақы төленеді, ұзақтығы әр мемлекетте әртүрлі, 25, 60, 90-аптаға дейін жәрдемақы төленетін елдер бар, жәрдемақының мөл­ше­рі де бірдей емес, дегенмен ол аш та ет­пей­ді, тоқ та етпейді, үйренген соң жәрдем­ақы­мен өмір сүретіндер көп. Жұмыссыздар жәрдемақыдан салық төлейді. Қазіргі эко­но­микалық дағдарыс жәрдемақы алушы­лар­ға қауіп төндіріп отыр.

Бүгінгі айқын көрініп тұрған амал жаңа жұмыс орнын ашу қиын болғанмен, бұрын бір адам істеген жұмыс орнына бірнеше адам қабылдап, бірақ жоғары еңбекақы тө­леу болып отыр. Ең бастысы, бүгін бар жұ­мыс орындарын сақтау. Мұндай шаралар Еуропада бүгінде іске асып та жатыр.

«ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА» ӨТУДІҢ КЕЙБІР ТҰСТАРЫ

Еңбектің әлеуметтік және эконо­ми­ка­лық астарлары.

Қазақстан басқа да посткеңестік елдер сияқты дамыған елдерді «қуып жетуші» мемлекеттердің қатарына жатады. Сонымен бірге дамыған елдерді ойландырып отырған «еңбектің ертеңі ғана емес, еңбексіз ертең» қоғамының ащы сабағының жағымсыз салдарының алдын алу да бізді мазаландырып отырғаны сөзсіз.

Біз социализм мен жоспарлы экономика жағдайында «әркімге қабілетіне қарай, әр­кімге еңбегіне қарай» деп теңгермешіліктің тар соқпағынан шыққан елміз. Еңбек ету кеңес заманында түгелдей мемлекет бақы­лауында болды. «Әскери коммунизм» тұ­сында тұтастай барлығын жұмыспен қам­титын жүйе болса, «жаңа экономикалық сая­сат» тұсында оңды жағдай туып, еңбек рыногы қалыптасып, жұмыссыздық ең­серіле бастады. Бірақ еркін еңбек таңдау, өз тіз­гі­нің өзіңде болуы ұзаққа бармады. Ұжым­­дас­тыру еңбекшілерді құлдардың жағ­дайы­на түсірсе, индустрияландыру кеңес елін үл­кен зауытқа айналдырды, еңбек кітап­ша­сы енгізілді, жұмысшылар өнеркәсіп орындарына бекітілді. Гулаг, құрылыс батальондары, жаппай ауыл­ша­руа­шылық жұмыс­та­рына жегу, тағы бас­қа­лар­ды да халық басынан кешірді. Өз ер­кі­мен жұмыс орнын ауыс­тыруға 50-жыл­дар­дың ортасында мүмкіндік туды. Пост­кеңес­тік елдерде еңбек рыногы социалистік жүйе тара­ғаннан қалыптаса бастады.

Соңғы 20 жылдан астам уақыт еліміз­дегі экономикалық реформалар біз қалайық, не қаламайық бір жеке адамның бұй­ры­ғы­мен емес, нарыққа өтудің амалсыз қадам­дары болды. Жоспарлы экономика еңсе­рі­ліп, нарықтың тетіктері енгізілді. «Социа­лис­тік лагерьдің» барлық елдерінде тауарға зәрулік жойылды. Бұл жағынан алғанда тұрмыс барлық елдерде жақсарды. Өмір жаңарды, интернет, ұялы телефон, ноутбук, цифрлы теледидар, тағы басқаларға үй­рен­дік. Сонымен бірге рухани-психо­логиялық са­лаларда абыржу, үрей пайда болды, жұмыссыздық пен қылмыс өсті. Кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, көптеген кәсіп­орын­дар жабылып, балапан басына, тұ­рым­тай тұсына кетіп, әркім өзінше, өз жөнімен күнкөріс қамын ойлады, дәстүрлі ынты­мақ­тастық, жанашырлық кейде ұмытыла бастады. Бүгін қоғамның кескіні әлі толық қа­лыптаспаған, бытыраңқы, енжар.

Халықтың жанына батқан 90-шы жыл­дар­дағы жоқшылық, жұмыссыздық, мате­риалдық қиындықтар, еңбекке теріс көзқа­рас тудырды. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан­дай, «аз жұмыспен, көп табу», «ауадан ақша жасауға» бейімделдік. Мансап, биік әлеуметтік мәртебеге қол жеткізу, аттестат, диплом, сертификат алу маңызды болып, еңбектің өзі құндылық болмай қалды. Сонымен бірге, еңбек етем деушілерді «ар­тық», пайдасыз адам етіп кемсітті, қорлады. Бүгін де сол жанға салған психологиялық жарақат, оның салдары жазылған жоқ, ең бастысы, еңбек еткен адамға деген құр­мет­тің жанданатынына сенім әлі аз. «Ха­лық­тың елеулі бөлігі 90-шы жылдары – дейді Н.Назарбаев, – «мәжбүрлі жұмыссыздық мек­тебінен өтті». Бүгінгі ұрпақ солардың балалары мен немерелері.

Соңғы деректерге қарағанда, Қазақ­стан­да еңбекпен қамтылған халықтың 23%-ы мемлекеттік, 74,5 жеке және 2,5%-ы басқа мемлекеттердің меншігіндегі секторларда қызмет етеді. Салалар бойынша қарағанда еңбек етушілердің 18,9%-ы ауыл, орман, балық шаруашылығында, 18,9-ы өнер­кә­сіп пен құрылыста және 51,77% халыққа қыз­мет ету (білім, ғылым, ден­сау­лық сақтау, сауда, мейрамхана, қонақ үй бизнесі, т.б.) саласында. Сондықтан, еңбек адамы дегенде біз кәсіпорындарда жұ­мыс жасайтындарды ғана емес, жазушы, ғалым, артист, педагог, дәрігер, кітап­ха­на­шы, бір сөзбен айтқанда, қол еңбегі мен ой еңбегі қызметкерлерін айтуымыз керек.

Жұмысшы табы, ұжымшар еңбекшілері мен интеллигенциядан тұратын кеңестік таптық жүйе өзгерді. Кеңес қоғамында орта тап қалыптасуға белгілі жағдайлар жасала басталған еді. Қазақстанда да техникалық, ғылыми, педагогикалық және мәдени-ғы­лыми интеллигенция, өндірісті басқаратын персонал, жоғары маманды жұмысшылар болды. Олардың интеллектуалдық әлеуеті, материалдық жағдайы басқа социалистік республикалардан кем түспейтін, елде олар­дың саяси беделі мен ықпалы да зор болды. Алғашқы баламалы сайлауларда олар ха­лықтың қалаулылары болды, Қазақстанның тәуелсіздігінің іргетасын қаласты. Нарық­тық экономикаға көшкен тұста олардың кө­біне сұраныс болмады, бірқатар диаспора өкілдері тарихи отанына оралды. Шынайы, білімді, ақылды адамдар бағаланбады. Осылай интеллигенцияның қоғамдағы орны төмендей берді. Соңғы 20 жылдағы қап­та­ған ғылым кандидаттары мен докторлары елдің білім деңгейінің өскенінен гөрі, ди­летанттардың санын ғана өсірді.

Кәсіптік-техникалық білім жүйесі әл­сі­реп, жұ­мыс­шылардың мамандық деңгейі төмендеді. Кейбір есептер бойынша 38%, 10%-ға түсті: Ел халқы кедейленді, бүгін де кедейлердің саны ресми статистика көр­сет­кеннен жо­ға­ры, себебі, күнкөріс минимумы толыққанды өмір сүріп, қажетті тамақ ішіп, киім кию, емделуге жетпейді. Ол деңгей да­мыған елу елдермен салыстыруға келмейді.

Әлеуметтік зерттеулер посткеңестік ел­дерді әлеуметтік құрылымы жағынан төрт топқа бөледі: жоғары, орта, негізгі, төменгі және әлеуметтік мәртебесі айқындалмаған, ешқандай топқа жатқызу мүмкін еместер. Жоғары топқа билік басындағылар, генералитет, бизнес-элитаны жатқызады.

Орта топ: онда орта таптың нышандары баршылық. Орта топ туралы әлеу­мет­тану ілімінде пікір алуан түрлі: 1) орта топ бар және ол өсуде; 2) орта топ бар, бірақ ол енді ғана қалыптаса бастады; 3) орта топ бар, бірақ оны батыстық қоғамдағы орта топқа теңеуге болмайды, біздің орта топ білімі, мәртебесі биік болғанымен, кедей топ. Бұл пікірмен келісуге болар. Бүгін дарынды, сапалы, терең білімді, жаңалыққа құштар, ой өрісі кең азаматтардың еңбегі өз дәрежесіне сай бағаланбай келеді. Бүгін мә­дени әлеуетінен гөрі пысық, кейде ар-ұят­тан аттайтындар озды, соңғы уақытта ғана бі­лім­ді, тәжірибелі мұғалімдерге, дәрігер­лер­ге, инженерлерге сұраныс туа бастады, ал ғалымдар, мәдениет және өнер қыз­мет­кер­лері, гуманитарлық саладағы маман­дар­дың еңбегі бағаланбайды. Мемлекеттік емес салада жоғары мамандық иелеріне сұраныс өсіп, олардың еңбекақысы жоғарылай бас­тады. Ал мемлекеттік секторда еңбек адамдарын бағалауда екі ерекшелену байқалады. Мемлекеттік жүйенің басым бөлігінде бұрынғыша еңбегіне қарай емес, жалпылама бағалау, ой еңбегінің маңызына назар аудармау орын алуда. Осыдан келіп қаржы, отын-энергетикалық және экспорттық салаларда, жоғары басқару, бірқатар экономика және заң қызметкерлерінің еңбекақысы жо­ға­ры да, бюджеттік мекемелерде төмен. Бі­ліміне қарай орта топқа, табысына қарай орта топқа жатқызуға келмейтіндер көп. Де­ген­мен, орта топтың басым көпшілігі кәсіп­керлер, орта, кіші кәсіпорындардың ме­нед­жерлері, орта деңгейдегі мемлекет қыз­меткерлері, аға офицерлер, жоғары маманды инженерлер, ғылыми элита, жоғары са­нат­тағы педагогтар, дәрігерлер. Бұл бүгін сан жағынан өсіп, күш алып келетін топ, әлеу­меттік реформалардың жүргізуші күші, тұ­рақтылықтың тірегі осылар. Президент кә­сіп­керлер туралы былай деді: «Атап айт­қанда, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды. Еңбекпен қам­тылу құрамында білікті мамандардың үлесі де 40 пайызға жетті».

Негізгі әлеуметтік топ сан жағынан ең көлемді, еңбекке жарамды халықтың тең жартысына жақын, олар көбіне ре­фор­ма­лар­ға қатысушыдан гөрі олардың құрбаны, өтпелі дәуірдің қатаң талаптарына бейім­деле алмады, зейнетақы да жинай алмады, басым көпшілігінің білімі орта, қалаларға қоныс аударған, тұрақты жұмысы жоқтар, отба­сы­лық табыстары төмен, жұмыссыз қалған­дар, шамалы малы мен ауласындағы шаруа­шылығымен күнкөрушілер, өзін өзі еңбек­пен қамтығандар. Олардың саны үш мил­лионға жуық, шамалы бөлігін табысы жағы­нан орта топқа да жатқызуға болар, дегенмен, басым көпшілігінің жұмысы жоқ, табысы аз.

«Бұл санаттағылардың арасында мал ұс­тайтын жеке аула иелері (былайша айт­қан­да, ұсақ фермерлер), өз автокөліктерімен же­ке тасымал жасаушылар, бірнеше пәтер ұстап, соларды жалға берушілер бар. Өзін өзі жұмыспен қамтығандардың елеулі бө­лі­гін тұрақты жұмысы жоқ, еңбекке қабілетті адамдар құрайды, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев, – сондықтан бүгінгі күні өзін өзі қам­тыған халықты нақты экономикаға қосуға бағытталған шараларды жүзеге асырудың маңызы зор». Алайда, Елбасы бұлардың санын анықтау тәсілінің шартты екеніне назар аударады, себебі, сатистика қалыптасқан жағ­дайды толық көрсете алмайды. Есепке алу, есеп беру, заңнамалық негіз, шаруа­шы­лықты жүргізушілердің әрекеттері бізде нақты жүйелендірілмеген. Еңбекке қабі­лет­ті халықтың 33-34%-ы өз өзіне жұмыс бе­рушілер категориясына жатады. Әлемдік тәжірибеде жұмыс істейтіндер екі топқа бөлінеді: жалданбалылар және өзіне жұмыс табушылар деп. Ал мемлекеттік статистика өзін жұмыспен қамтамасыз етушілер деп өз бетімен тауар өндіру, сату және қызмет ету арқылы табыс табушыларды есептейді. Сонда олардың ресми жұмыс істей­тін­дер­ден айырмашылығы қандай деген сауал туады. Шындығында, өз бетімен еңбек ету­ші­лердің еңбек өтілі есептелмейді, зейнетақы қорына қаржы аударылмайды, олардың басым көпшілігі жұмыссыздар, кездейсоқ, уа­қытша табыспен күн көреді. Төрелігін айт­сақ, бүгін біз Қазақстанда қанша адам жұ­мыс істейді және қаншасы жұмыссыз еке­нін толық білмейміз.

Ешқандай топқа жатқызуға мүмкін еместер – әлеуметтік жағынан азғындарды, қоғамнан шеттетілген, кейде қылмыстық топтармен байланыстағылар, қаңғыбастар, маскүнемдер, жезөкшелер, кейбір жазасын өтегендер. Олардың кейбірінің өмір салты негізгі топқа жақынырақ.

Сонымен меншік иеленуі, еңбегі, табысы мен мәртебесіне қарай қазақ­стандық­тар­дың жаңа әлеуметтік келбеті осылай қа­лып­тасу үстінде.

Біздің қоғамға енді экономика тұрғы­сы­нан қарасақ, оның еңбекке байланысты бас­қа да қырлары көрінеді. Мәселе ресми және бейресми экономика туралы болып отыр. Мемлекеттің бақылауындағы экономиканы – ресми экономика дейді. Мемлекет эконо­ми­каның қызметін бақылауға мүдделі, себебі, салық көп болған сайын ол өзінің қызметін жеңілірек атқарады. Бейресми экономика – толық немесе жарым-жартылай мемле­кет­тік реттеуге бағынбайтын, ешқандай шарттармен бекітілмеген, статистика және са­лық­тық есептен тыс экономика. Бұл салада еңбек ететіндердің қызметі мемлекеттік ере­желермен, заңдармен жүйелі, тікелей тәр­тіптелмеген.

Бейресми экономика, негізінен, дамушы, кенже қалған елдерге тән, «өркениетті» дей­тін елдер экономикасында өріс алмаған деп саналған. Бейресми экономика сала­сын­да­ғылар, мемлекеттен кепілдік күтпейді, заң ретімен шартқа отырмайды, банктерден несие алмайды. Сондықтан Индонезияда оны «базар экономикасы» деп «фирмалық эко­но­микаға» қарсы қояды. Африкадағы жұ­мыс­пен қамту мәселесін зерттеген ғалым­дар мемлекеттік статусқа сүйеніп ол құрлық халқының 50%-ы жұмыссыз деген тұжы­рым­ға келген. Себебі, компаниялардың беретін жұмыс орны шектеулі. Осыдан келіп афри­калықтарды еңсесі түскендер деп ойлауға болар еді. Жоқ, олай болмады. Мысалы, Гана мемлекетінің астанасы Аккра қаласының көшелерінде қайнаған өмір: көше толған сау­дагерлер, таксистер, қол жүктерін тасушылар. Мемлекет жұмыспен қамтамасыз етпеген соң, адамдар өздерінің күнкөрістері үшін әртүрлі жолдарды табады. Осыдан ХХ ғасырдың 70-жылдарында жұмыс беруші тек мемелекет деген ойдан экономикалық ғылым бас тарта бастады. Бара-бара бейресми экономиканы шешу, артта қалған елдермен емес, дамыған елдермен де байланыс­тырылатын болды, бұ­рын­ғы стеоротиптер бұзыла бастады. Батыста да бейресми экономика саласында адам­дар­дың жұмыспен қамтылатыны анықталды. Оның үстіне шетелден қоныс аудару­шы­ларға да (бізде ауылдан келгендерге) уақыт­ша жұмыс беру кең тарады.

Экономиканы, шаруашылық қатынас­тар­ды тұтастай реттеу, бақылау мүмкін емес. Тұтастай экономиканы бақылауға ұм­тылыс мемлекетті қатал әкімшілдікке не­гіз­делген жүйеге айналдырып, оның ерте ме, кеш пе күйреуіне әкеледі. Оны біз басымыздан кешірдік. Бейресми экономика саласы бізде де етек алды. Соңғы деректерге қа­ра­ғанда, еңбекпен қамтылған халықтың 23%-ы мемлекеттік, 74,5%-ы жеке және 2,5%-ы басқа мемлекеттердің меншігінде қызмет ете­ді. Ал бейресми экономика саласында қан­ша адам еңбек ететінінен хабарсызбыз.

Бейресми экономиканың өзі күрделі. Бұл саланы көлеңкелі және қылмыстық (кри­миналдық) экономика деп жіктейді. Олардың айырмашылығы мынада: көлең­ке­лі бизнесте еңбек етушілер мемлекет рұқсат берген тауарларды заңсыз жолмен өндіреді, ал қылмыстық экономика саласындағылар мемлекет тыйым салған тауарларды шыға­рады, заңмен тыйым салынған қызмет түр­лерімен айналысады. Мысалы, тіркелмеген фирма бас киім шығарып салықтан жалтарады. Бұл көлеңкелі бизнес. Ал жезөкшелік, порнография, қару жасау, есірткі бизне­сі­мен айналысу бұл экономикалық қылмыс. Көлеңкелі экономиканы жарыққа шығару керек болса, қылмысты бизнесті жою керек. Бейресми экономика өз саласына көп адамдарды жұмысқа тартады, «жасырын» («левый») тауар шығару және сату, жалған фирмалар құру, келісім-шартсыз жұмысқа қа­был­дау, таныстық, туыстық, жергілікті қа­ты­настарды пайдаланып лауазымды адамдарды сатып алу, БАҚ-та пайдаланып қар­сыластарын қаралау, беделін түсіру, тағы да басқа заңсыз әрекеттерге барады. Осылай ресми сала мен бейресми сала жең ұшынан жалғасып, астыртын келісіп, бірлесіп те жатады. Келісім-шартсыз жұмысқа қабылдау қызметкерлердің құқын бұзып, кіріп­тар­лық­қа, құлдыққа итермелейді: еңбекақысын мөлшерінде төлемейді, олар әлеуметтік жағынан (зейнетақы, жәрдемақы төлен­бей­ді, демалыс, аурулығына байланысты төлем алмайды) қорғалмаған, жұмыста қауіп­сіз­дік техникасы сақталмайды. Құқық қорғау органдары олармен күреседі, бірақ олар да қауқарсыз, себебі, жалданып жасырын жұ­мыс істеушілер өте көп.

Сонымен, бейресми экономика сала­сын­дағы еңбектің өз ортасы, өзіндік психо­ло­гиялық ахуалы, жазылмаған заңдары мен қарым-қатынасы, ең бастысы, өзара сенімі бар. Бұл саланы тұтастай мемлекетке икемдеу мүмкін де емес.

АДАМДЫҚ ФАКТОР

Сөз жоқ, Елбасы тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік мемлекеттің іргетасының қа­лан­ғаны, бұл саланы реформалаудың бір­қа­тар параметрлері бойынша ТМД елдерінің алдын орап, өз әріптестерінен озып кет­кен­дігін, масылдықтың деңгейінің төмен­де­ге­нін айта келіп, тұрақтылық пен игілік же­міс­терін қаншалықты тиімді пайдаланып ке­ле жатқанының маңызды мәселе екен­ді­гі­не тоқталады. Әсіресе, тұтыну идеоло­гия­сының бүлдіруші болғанына ерекше назар аударды. Оған себеп:

Нарықтық экономика еңбекпен қамту саласында терең өзгерістерге әкеліп, жұмыс күші мемлекеттік сектордан жеке секторға ағылды, қоғамның әлеуметтік құрылымы күр­деленді, жеке меншік иелері, жалданбалы жұмысшылар, өз өзін жұмыспен қам­ту­шы­лар, жұмыссыздар, бейресми экономикада қылмыстық кәсіппен айналысатындар да пайда болды. Байлыққа тойғандар тұты­ну­шылық індетіне шалдықты. Ал миллион­даған адамдардың білімі, еңбек тәжірибесі мен күш-қуаты ел игілігіне толық қызмет жасай алмайтын жағдай туды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жалпыға Ортақ Ең­бек Қо­ға­мы идеясы социализм тұсын­да­ғы­дай «еңбек етпеген ішіп жемейді» деп жаппай еңбекке мәжбүрлеу емес, еңбек етем деген адамға жағдай туғызу. Өзі айт­қандай, «Менің на­зарымдағы басты мәселе – әр қа­зақ­­стан­дыққа қамқорлық көр­сету».

Жаһандық дағдарысының басты себебі, әлеуметтік масылдық екенін айта келіп, Президент балама концепция ұсынды: «Тек бүкіл әлемде ғана емес, сондай-ақ, тіпті дамыған елдерде жүзеге асырылуы мүмкін болмайтын бұл жалған идеяғасындарлы балама табуға болады.

Және мұндай балама Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы болып табылады».

Бұл идеяның негізі ой өзегі, басшылық қағидасы – экономикадағы негізгі құн­ды­лық адамдық фактор екендігін шегелеп, қа­дап айту.

Еңбек адамына өндірістің құрал-жаб­ды­ғы сияқты элемент ретінде қарау бүгін орын алып келеді. Бұл көзқарас әрі кеткенде ең­бек адамына мамандық иесі, оның шебер­лігі, машықтығын ғана ескереді. Ал енді адамның өзінің еңбегіне, өндірісіне, оның басшыларына көзқарасы ескерілмеді, оның ниеті, көңіл күйі, қалыптасқан ахуалды қыз­меткердің қабылдайтыны не қабыл­да­май­тыны, ұлты, діні көп жағдайда алаңдат­пайды. Бұл үрдістің бүгін етек алғаны сон­шалықты, ғылымда «адамгершіліксіз экономика», деген ұғым қалыптасқан.

Адам – өндірістік процесті қалыптас­ты­ру­шы басты тұлға. Адамның араласуынсыз, оның жасампаздық білімін, күш-жігері, ұйымдастыру әрекетінсіз қандай да болсын жаңа механизм, құрал-жабдық жай ғана пайдасыз дүние. Адамсыз қандай да бір «ақыл­ды» технология үйме темір, металл, ал өндіріс ғимараты – иесіз қаңыраған үй. Осыларға жан бітіретін адам ғана. Еңбек адамдарының басым көпшілігі саналы түрде өз еңбегін жетілдіруге тырысады. Сон­дықтан еңбек мәселесін адамдық факторсыз зерделеу мүмкін емес. Еңбекте де адамның азаматтығы, руханилығы, өзіндік қасиеті, қайталанбас тұлғалық ерекше­лік­те­рі көрінеді. Адам тек материалдық игілікті тұтынушы емес, оларды жасаушы, өнді­ру­ші. ХХ ғасырда еңбек өнімділігін 100-140 есе өндіру адамның мүмкіндігін көрсетеді. Осы тұрғыдан келгенде біз адамдық факторды тек экономикалық маңызы жағынан ғана емес әлеуметтік-психологиялық, тіпті физиологиялық қырынан да тануымыз керек. Олардың тиімділігі техникалық және технологиялық тетіктерден кем түспейді.

«Ақыр аяғында, – дейді Н.Назарбаев, – әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени бай­лық­­тар «виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады».

Адамдық фактор Президент еңбегінде үш деңгейде қарастырылады.

Экономикаға, еңбек