Әдебиет • 30 Қаңтар, 2018

Рысбек Сәрсенбайұлы. Тәлімгер

510 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Кенеден келген кесел» енді «Жетісудың өзіне «кесел» болып жабысқалы тұр. Онда сыналған ғалымсымақты «Правданың» Қа­зақ­стандағы тілшісі қанатының астына алып, ашық қорғаған. Қарсы тұрған екеуді даттаған, газетіміздегі мақаладан «шикілік» тапқан. Сойқан басталғалы тұр... 

Рысбек Сәрсенбайұлы. Тәлімгер

Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы әріптестеріміздің біразы бүгінде арамызда жоқ. Өмірдің өз заңдылығы дегенін жасайды. «Жетісу» газетін жұмыла жүріп шығарған сол кезеңдердегі адамдардың ешқайсысы ойдан кетпейді. Қайтып оралмас және қимас күндерден қалған сағынышты сәттер ұмытылмайды. Жадыңда жаңғырады, қуантады, күрсінтеді. Адами қатынастардың күрделі күрмеуі тарқатылады. Өткенге бүгіннің биігінен қарайсың, айтарлықтай іс тындырсаң, марқайып қаласың. Әсіресе бұл, біздер – журналистер – қалың қауымның алдында жүретін мамандық иелері үшін өзгеше сын. Жазғаның қағаз бетінде қалады. Оны кейін қайта қарағанда, сол кездегі ойларың мен сөздерің үшін ұялмайтындай болсаң, жарағаны. Міндетіңді қалай атқарғаның да сол қалпында көрініс табады.

Біз – журналист Марат Тоқаш­баев (қазір «Президент және халық» газетінің бас редакторы), ақын Рахым­жан Өтегенов (марқұм) үшеу­міз 1975 жылы секретариатта бірге қызмет еттік. Аудандық «Совет­тік шекара» газетінде алғашқы журна­листік мектептен өткен менің бұл та­лантты да іскер серіктерімнен үйренгендерім де аз емес. Газеттің мазмұндылығымен қатар оның тартымдылығын, жаңашылдығын ойластыру үрдісі қалыптасқан ұжым­да жұмыс істеу қызықты еді. Шы­ғар­машылық ізденіс, бәсеке­лестік болған жерде тез шың­дала­сың. Кезектесіп, әр нөмірді шығару міндетін мойнымызға алған біздер жарыса жазатынбыз. Тың нәрселерді ойлап тауып, іске асырудың жолдарын іздейтінбіз. Сәтті ойластырылған айдарларымызды ұзатпай «Социалистік Қазақстан» бетінен көретінбіз. Үлкен басылым иемденіп кетеді. Дауласа алмайсың. Екінші қабат­тағы асханада немесе баспаханада жолыққанда аға газеттегі ағаларымызға әзілдеп: «керемет жаңа айдар аштық, өзімізде жа­рия­лаған соң сіздерге береміз» дей­тінбіз. Әрине, газеттер ол кезде бір – бірінен жақсысын үйреніп, пайдалана беретін. Арнайы сенбілік бет шығару, ғылыми-танымдық «Көк­жиек» бетін дайындау, «Күлкі – көңіл көркі» әзіл-оспақ бұрышын тұздықтап отыру шаруаларын, біздің тікелей міндетіміз болмаса да, өз қолымызға алатынбыз.

Мараттың әр күні атқаратын ша­р­уа­­ларының сала-құлаш ті­зімі ішінде, газет жұмысынан бө­­лек, іні-қарындастарының, туыс-жақындарының, достары мен жолдастарының мәселелері де жүретін. Ресми ақпараттар, баян­­дамалар қаптаған күні да­йын бетті бұзып, қайта жасаудың қарбаласы басталады. ТАСС пен ҚазТАГ-тан топырлап түсетін, түзетулері таусылмайтын материал­дарды дереу сұрыптап, керектісін терімге жібертіп, макетін жасап, орналастырудың машақаты жетерлік. Сонда да Марат бәріне үлгеретін. Ұқыптылығына, тың­ғы­лықтылығына редактор Перне­бек Бейсеновтен бастап, бет қаттау­шыларға дейін риза еді. «Жетісу» газеті Орталық комитеттің баспаханасынан шығатын көп газеттердің ішінде алдымен басылатын. Жұ­мыс­қа ертеңгі сағат тоғызда келіп, ертесі күні сол шамада үйге қай­татын кездер де ұшырасатын. Пар­тияның құрылтайлары, пленумдары тұсында газеттегі кезекші жур­налистердің көздері қызарып жү­ретін. Жастықтың құдіреті сол, кейде редакцияда таңды атырып, еш демалмастан іс-сапарға кете беретінбіз.

Газетімізді мақтан тұтып, жел­пініп жүргенімізде, ашық аспанда найзағай жарқылдағандай «сұм­дық» болды. «Правда» газеті «Же­ті­суды» жерден алып, жерге салғандай мақала басыпты. Тақы­рыбы «Сегізінші комиссияны кү­туде». Бәрін «бүлдірген» «тыныш жүрмейтін Жөкең» – Жолдасхан Бозымбеков, редакциядағы азулы, мықты журналист. Үнемі сын мақалалар жазып, жұртты дүр­ліктіріп қояды. Әділет ізде­гендер, араша сұрағандар, қиянаттан зардап шеккендер Жөкеңді табады. Арнайы іздеп келеді. Редакцияға түскен арыз-шағымдардың көбін редактор Жөкеңнің қолына ұстатады. Ол не фельетон, не журналистік зерттеу мақаласы болып, жарыққа шығады. Автордың, газеттің абыройын көтереді. Ал «Правданың» найза ұшына ілуі соның бәрін жоққа шығарғандай. Партияның ең жоғарғы билігінің органы саналатын газеттің ақ дегені – алғыс, қара дегені– қарғыс. Оған қарсы келу айға шауып, мерт болумен тең. Ондағы мақаланың жағымсыз кейіпкеріне айналғандар қызыл билеттен айырылып, қызметтен қуылып тынады. Сөгіс­пен құтылғанына қуанады.

Сол күні редактор қатты қобал­жыды. Діріл қаққан қолындағы газетте маза жоқ, тынымсыз сыбдырлайды. Көзәйнегін алып, хатшысына: «Қайда Бозымбеков? Таптыңдар ма өзін? Дереу табыңдар!» деп ал­қына бұйырды. Жұмысқа кешігіп келетін жайбасар Жөкеңнің жолын тосқандар көбейіп кетті. Бәрі бас­тықтың тапсырмасымен бірінен кейін бірі ұзын дәлізде, төменгі қа­бат­тарда оны тағатсыздана күтуде. Ақырында тарп-тарп бас­қан, асықпаған, абыржудың орнына күлімсіреген Жөкеңнің сұл­басы көрінді. Қолында ширата ұстаған «Правдасы» бар. «Жігіттер, «Жетісуды» бүгіннен бастап күллі советтер одағы білетін болды!» дей­ді сүйінші сұрағандай. Ал керек болса! Редакциядағылар қырылып қалатындай әбігерленіп жатса, Жөкең мәз. «Жолдасхан, несіне жетісесің. Бастықты жоғарғы жаққа шақыртып жатыр. Бірге барып сыбағаңды аларсың», деді егделеу келген тілші кісі табалағаны, не жаны ашығаны белгісіз кейіпте. «Дүрліктірмеңіз, Сары аға! Біздің жазғанымыз дұрыс. «Кенеден келген кесел» деген мақаламыздың барлық дәлелі, құжаты қолымда. «Правданың» тілшісі бізге ақыл айтқанша, журналистік әдепті алдымен өзі сақтасын» деп күшейгенін қайтерсіз.

Оқиға былай басталған. Ал­матыдағы малдәрігерлік ғылыми-зерт­теу институтының екі қазақ қызметкері қудалауға түскен. Шын­дық іздегені, жалғандыққа қарсы тұрғаны үшін. Олар түбі ресейлік, заты әйел әріптесінің кенеге қарсы сиырға егетін, емдік пайдасы бар дәрі жасадым деп қорғаған кан­дидаттық жұмысын жоққа шы­ғарады. «Сынақтарының бәрі тек қағаз жүзінде, нақтылы тәжірибе жасалмады, оның дәрісінен пайда жоқ», дейді тиісті орындарға арызданып. Институт басшылығы «іштен шыққан жаман жаудан», екеуінен құтылмаққа кіріседі. Әр қадамын қадағалап, ескерту, сөгіс беру, ақырында қызметтен кетіру амалын қолданады. Арызды тексерушілер ғылыми жұмыстағы дауға араласпай, екеуіне жұмыла жабылғандардың жамандауларына сеніп, соларды қолдайды. Қалалық, республикалық газеттегілер де әл­гіндей тексерулердің қорытын­дыларымен танысқан соң, еке­уіне сенімсіздікпен қарайды. Сүйе­ніштері мықтыларға ұрынып қал­мауды ол кезде журналистер қатты ескеретін.

Қысқасы, олар «Бозымбеков деген ешнәрседен жасқанбайтын, тәжірибелі, мықты журналист бар. Соған барыңдар» деген біреулердің кеңесінен кейін «Жетісуға» келген.

Жөкең өз зерттеуін жүргізіп, сын мақала дайындады. Мұндай даулы немесе кейіпкерлері осал еместер туралы ашық жазыл­ған сындарды бір-бірімізге оқыта­тынбыз. Пікірлесеміз, кейде дау­ласып та қаламыз. Бұл жолы да солай болған еді. «Мақаланың тақы­рыбын «Кенеден келген кесел» деп қойыңыз. Қатып кетеді!» дейміз. «Жоқ. Кенеден малға қандай кесел келтіргенін зертхана­да анықтамағанын айтқандары үшін өздері жұмыстан қуылды. Шын­дық үшін шырылдағанын тақырыпқа шығару керек. Кеселдің келген – келмегені белгісіз». Жө­кең өзінікін жөн санайды. Бізде қоймаймыз: «Мәселе астарлап жеткізуде. Кенеден сиырға кесел келмесе де, адамдарға келді ғой. Екі ғалымның шеккен зардабы сол кене­ден емес пе!». Ақырында біздің ұсы­нысымызды қабылдады.

«Кенеден келген кесел» енді «Жетісудың өзіне «кесел» болып жабысқалы тұр. Онда сыналған ғалымсымақты «Правданың» Қа­зақ­стандағы тілшісі қанатының астына алып, ашық қорғаған. Қарсы тұрған екеуді даттаған, газетіміздегі мақаладан «шикілік» тапқан. Сойқан басталғалы тұр...

Әңгіменің тоқетері: сегізінші комис­сия одақтық газет пен об­лыс­тық газеттің қос мақаласын қатар ұстап, мұқият тексерді. Нәтижесі Алматы облыстық партия комитетінің бюросында қаралды. Парт­комиссияның қорытындысына қарағанда, газетіміздегі мақаланың көтерген мәселесі орынды, ғылыми атақ беруде кемшіліктер кеткен, кандидаттық жұмыс одақтың бекі­туінен өтпеді, ал оған қарсы тұр­ған қызметкерлердің қудалануы заңсыз, ғылыми мекемедегі қолай­сыздықтарға басшылық кінәлі екен. «Жетісуда» сол қателіктер дұ­рыс көрсетілген. Бірақ облыстық газеттегі мақала авторы өзі сынап отырған кейіпкерімен кездеспеген, журналистік әдепті ес­кермеген, кейбір деректердің жете тексерілмегеніне редакция басшылығы назар аудармаған дегендей аса ауыр емес мін тағады. «Правданың» тілшісі де ағаттық жасаған, «Жетісу» газетіндегі мақала авторымен, редактормен жолықпаған деген тұсқа жеткенде, баяндамашының сөзін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров бөліп жі­береді. Атағы дүрілдеп тұрған басшы А.Асқаров әзілге бұрады. «Бойымызға қарап секірейік. Алматыда отырып Мәскеуді қор­қыт­қанымыз қалай болар екен?». Бюроға қатысушылар ду күледі. Сөйтіп бас жаққа барыспай-ақ мәселені барынша бейбіт шешеді. Аса қаталдыққа жол бермейді. «Жетісу» журналистеріне ескерту мен сөгіс арқалатқан мақаланың қысқаша тарихы осындай.

Бірақ күнде өзін және өзі көп жыл жұмыс істеген «Жетісуын» бүкіл одаққа танытқан қайран Жө­кең не көрмеді? Бұл сұрақтың жауабын қазбаласақ, тым ұзап кетерміз. Оларды да ақ қағазға түсірудің сәті келер. Әзірше әкесі Бозымбектің «халық жауы» болып сотталғаны, балалық шағында аштық пен қиындықты көп көргені, оқуға ұмтылып, білім алып журналист атанғаны, «Лениншіл жас» пен «Жетісуға» жастық жігерін, күш-қуатын арнағаны, нақақтан, жаламен сотталып, ақталғаны туралы ақпаратпен шектелейік. Еліміз тәуелсіздік алған соң Жолдасхан Бозымбеков «Қазақ батырлары» газетін шығарды, оның бас редакторы болды. Тарих қойнауына терең бойлап, ақтаңдақтарды ақ­та­ра ашып, шығармашылық ке­меліне келген шағында не­бір ауыртпалықты көтерген алып жүрегі кенеттен тоқтады. Біз­­дер, жетпісінші, сексенінші жыл­дар­дағы «Жетісудың» жас журналистері –Марат Тоқаш­баев, Қуандық Түменбай, Мей­рам­бек Төлепбергенұлы, Гүл­сан Сағымбекова, Жанкүміс Жаман­кина және осы жолдардың авторы ол кісіні өзімізге Тәлімгер сана­дық. Адамгершілігі, адалдығы, қам­қоршылдығы, шыншылдығы да өнеге тұтарлықтай еді. Жөкеңді – үлкен-кіші оны осылай атайтын – бәріміз ерекше құрметтейтінбіз, жасымыздың алшақтығына қара­мас­тан әзілдесіп, еркелейтінбіз. Бүгін­де арамызда жүрмегенімен сол құрметіміз мәңгіге сақталады.

Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ