Аймақтар • 25 Қаңтар, 2018

«Алаш» медалі табысталды

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Ақжол» демократиялық партиясы және Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих  және этнология институтының біріккен жобасы бойынша «Алаш» ұлттық автономиясының 100 жылдығының құрметіне» арналған естелік медалімен марапаттау рәсімі өтті.

«Алаш» медалі табысталды

Осы аталған медальді ел мүддесі жолында еңбек етіп келе жатқан өңірімізге танымал бір топ зиялы қауымға Семей аймақтық «Ақжол» партиясының төрағасы Рахат Алтай арнайы табыстады. Алашорда үкіметінің негізін қалаған арыстарымыздың Тәуелсіздік жолында жанкешті еңбектерін жан-жақты насихаттап келе жатқан жерлестеріміз де аз емес. Естелік медальмен Абай қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков, абайтанушы-философ Асан Омаров, алаштанушы  Тұрсын Шаңбай, Е.Жетібаев, А.Мұхамедчинов, С. Сыпатай сынды азаматтар марапатталды.

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысы «Ақжол» партиясы филиалы төрағасының орынбасары Бүркіт Сұлтанов Алаш қозғалысының 100 жылдығын атап өту шарасына ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысқандарға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының және «Ақжол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың алғыс хатын қаламызға белгілі алаштанушы ғалымдарға, Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында қолдау көрсеткен тұлғаларға табыстады. Шара барысында Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық коледжінің ұстазы, әнші-сазгер Самат Сыпатай Серік Құсанбаевтың сөзіне жазылған «Арыстар қайда?» әнін орындап, көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Сондай-ақ, Абай шаңырағының ақындары Қайрат Сабырбай, Б.Ахмер Тәуелсіздікке арналған өлеңдерін оқыды. Шараға қатысушы қонақтар «М.Әуезов –  Алаш арыстары» музейінің экспозициясын және Абай музейінде орналасқан Ш.Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған «Әрқашан ұмытылмасқа...» көрмесін тамашалады. Шара соңында жиылған қауым Алаш көсемі Әлейхан Бөкейханұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым жасады. 

Раушан Нұғманбекова,
Суреттерді түсірген автор

Семей