
Өткен ғасырдың 90-жылдарының орта тұсына дейін зымырантасығыштарды ұшырудың қоршаған ортаға тигізетін әсері жайлы ақпараттың мүлдем дерлік жоқтығы зымырантасығыштардың ажырайтын бөліктері түсуі үшін бөлінген аумақтардың экологиялық жай-күйі мен топырағының ластануы туралы мәліметтердің 50 жылдан астам уақыт бойы болмауына әкеп соқтырды. Гептилдің түрлену механизмі мен оның ыдырауы туралы мәліметтер өте аз болды. Қоршаған ортадағы гептил мен оның уытты туынды заттарының экологиялық-гигиеналық нормативтері жоқ еді. Сондықтан топырақтың ластануы симметриялы емес диметилгидразиннің (гептилдің) химиялық ыдырау өнімдерін ескерусіз және табиғи ортаның орнықтылығына баға берусіз, тек оның (гептилдің) бір ғана жуықталған-жарамды деңгейі (ЖЖД) бо-йынша бағаланып отырған. Демек, гептил төгілген топырақты тазарту оның тіршілік әрекетіне зиянын тигізбей қоймайтын әдістермен жүргізіліп келді.
Ол кездері республикадан зымырандарды ұшырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізетін әсеріне нысаналы, кешенді түрде зерттеу жүргізілмеді. Ресей тарапы беретін зымырантасығыштарды ұшыру нәтижелері туралы ақпарат ғарыштық-зымыран қызметінің қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізетін әсеріне баға беруге мүмкіндік бермейтін шектеулі көрсеткіштерден тұратын еді.
Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметінің арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алу-беру келісімшартында және Ресейдің «Байқоңыр» кешенін жалға алуы жағдайында оның аумағындағы экология және табиғат пайдалану жөнінде жасасқан одан кейінгі келісімдерде ғарыштық-зымыран қызметін жүзеге асыру кезіндегі ұйымдастыру шарттары ғана тұжырымдалған.
Республика үшін ғарыштық-зымыран қызметінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өткір мәселелер 1999 жылы Қарағанды облысында «Протон» зымырантасығыштарын ұшыру кезінде орын алған екі апаттан кейін ерекше өзектілікке ие бола бастады.
Бұл жағдай 2001 жылы «Инфракос-Экос» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының құрылуына, кейіннен оның Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Ғарыш-Экология» ҒЗО» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ретінде қайта құрылуына негіз болды. Оның қызметінің негізгі бағыттары: «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырантасығыштарды ұшырудың қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізетін әсерін бағалау жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізу, сондай-ақ, олардың жағымсыз әсерінің алдын-алу және оны азайту іс-шараларын әзірлеп жүргізу.
Кәсіпорын бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін, ең алдымен, химиялық-экологиялық зертхана құру қажет болды. Мұндай зертхана қоршаған орта нысандарының зымыран отыны – гептилмен ластану деңгейін анықтауға арналған, ол кездері республикада жоқ қажетті жабдықтармен, аспаптармен және өлшеуді орындау әдістемелермен жарақтандырылуы тиіс-ті.
2002 жылы Алматыда стационарлық химия-экологиялық зертхана құрылды. 2010 жылы Байқоңыр және Жезқазған қалаларында осындай химия-экологиялық зертханалар құрылып, Жезқазғанда екі КамАЗ автокөлігіне орнатылған жылжымалы зертхана жасақталды. Соның негізінде республикадағы «Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне ұшыраған аумақтардың қоршаған ортасына баға беру бойынша экологиялық және гигиеналық зерттеулер жүргізуге, ғарыш қызметін экологиялық нормалау жүйесін құруға бағытталған ғылыми-қолданбалы зерттеулерді орындауға нақты мүмкіндік туды.
Мұның бәрі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан зымырантасығыштарды ұшырулардың еліміздің қоршаған ортасы мен халқының денсаулығына тигізетін әсеріне баға беру бойынша бірлескен Қазақстан-Ресей бағдарламаларының іс-шараларын сәтті іске асыруға мүмкіндік берді.
Жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы кәсіпорынның экологиялық нормалаудың нормативтік-әдістемелік базасын құруда ғылыми зерттеулерді жетістікпен орындауы үшін қажетті материалдық-техникалық және химиялық-талдамалық базасын дамытуға, жоғары білікті кадр әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік тудырды.
«Байқоңырдың» ғарыштық-зымыран қызметін экологиялық нормалау жүйесін құрудың өзектілігі ғарыш айлағы мен зымырантасығыштардың алғашқы сатылары құлайтын аудандар республиканың орталық бөлігінде орналасуымен, сондай-ақ, зымыран ұшырудың экожүйелерге көпфакторлық, аса ауқымды және қайталап әсер етуімен байланысты.
Бұл жұмысқа қатысты негізгі ұстаным профессор М.Қ.Наурызбаевтың редакциясымен жарық көрген «Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштық-зымыран қызметін экологиялық нормалау жүйесі» атты ұжымдық монографияда (2016 ж.) баяндалған.
«Ғарыш-Экология» ҒЗО» республикалық мемлекеттік кәсіпорны зымырантасығыштар ұшыруларының әсеріне ұшыраған аудандарда көптеген жылдар бойы жүргізген зерттеулерінің нәтижелері «Байқоңыр» ғарыш айлағының экологиялық қауіпсіздігі атласында» көрсетілген (ғылыми кеңесші – ҚР ҰҒА академигі Т.А.Мұсабаев). Атласта ұсынылған сұлбалар, графиктер, кестелер 1999 жылдан бастап зымырантасығыштардың ажырайтын бөліктерінің құлау аудандарының экологиялық ахуалын, ғарыш айлағының нысандарына іргелес орналасқан елді мекендердің тіршілік ортасы мен халқының денсаулық күйін егжей-тегжейлі сипаттайды.
Гептил мен оның туынды заттары топырақтың биологиялық белсенділігіне және фитоуыттылығына әсер етеді. Авторлар қолданбалы ғылыми- зерттеулер нәтижесінде Т-1 зымыран керосині мен гептилдің тұрақты және уытты түрлену өнімдерінің: гидразин, метилгидразин, нитрозодиметиламин, тетраметилтетразен, диметиламин, триметиламин, диметилформамид, метилтриазолдың топырақта болуының гигиеналық нормативтерін әзірлеп, олар мемлекеттік деңгейде бекітілді. Нормативтердің болуы уытсыздандыру жұмыстарының (топырақты отын компоненттері мен олардың ыдырау өнімдерінен тазартудың) тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді, қоршаған орта нысандарындағы гептилдің химиялық түрлену өнімдерін өлшеу әдістемелерін жетілдіруге және апаттардың салдарынан қоршаған орта мен халықтың денсаулығына тигізілетін экономикалық нұқсанды бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеулер нәтижелері авторлардың «Топырақтағы 1,1-диметилгидразиннің туынды заттарын гигиеналық регламенттеу» (2014 ж.) анықтамалық еңбегінде жарияланған.
Ғарыштық-зымыран қызметінің табиғи ортаның ахуалына тигізетін техногендік әсеріне баға беру үшін кәсіпорынның «Ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне қарсы экологиялық тұрақтылық критерийлер жүйесі» (ЭТКЖ) стандарты әзірленгенін, қолданысқа енгізілген. Бұл экологиялық норматив сыни жүктемелердің деңгейін, яғни табиғи нысанға бір немесе бірнеше ластаушының тигізетін әсерінің рұқсат берілетін ең жоғары деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Осы технология бойынша «Протон», «Зенит», «Союз», «Днепр» ғарыштық мақсаттағы зымырандарының алғашқы сатылары құлаған 12 аудан зерттелді. Құлау аудандарында аумақтар химиялық, механикалық және пирогендік жүктемелердің деңгейлері бойынша, топырақтардың, табиғи сулардың, флора мен фауна өкілдерінің оларға қарсы тұра алу деңгейлері бойынша аймақтарға бөлінді. Құлау аудандарындағы қыстаулар мен оларға іргелес аумақтарда орналасқан елді мекендердегі тұрғындардың өмір сапасы мен денсаулық күйі ескерілген. Аталған жұмыстың нәтижелері бойынша «Қазақстан Республикасы аумағының ғарыштық-зымыран қызметінің әсеріне қарсы экологиялық тұрақтылық критерийлер жүйесі» монографиясы (2008 ж.) мен Жайлаубай Жұбатовтың редакциялық етуімен «Байқоңыр» ғарыш айлағы қызметінің экологиялық қауіпсіздігі» атты ұжымдық монография (2011ж.) жарық көрді.
«Ғарыш-Экология» ҒЗО» РМК мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті «Физика-химиялық талдау әдістерінің орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорнында әзірленген заттардың массалық үлесін өлшеу әдістемелері жоғары дәлдігімен сипатталады. Мысалы, топырақтағы нитрозодиметиламинді өлшеу әдістемелері жалпыға бірдей қабылданған әдістемелерден 7 есе, ал тетраметилтетразенді өлшеу әдістемелері 1,4 есе сезімтал.
Авторлар топырақты Т-1 зымыран керосині мен гептилден химиялық және биологиялық тазартудың экологиялық қауіпсіз үйлестірілген әдістерін әзірлеп, қолданысқа енгізді. Химиялық әдіс гептилмен ластанған топырақты тотығу процесін жылдамдататын металдарды қолдана отырып, гидроперитпен тотықтыруға негізделген.
«Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштық-зымыран қызметін экологиялық нормалау жүйесін әзірлеу мен ендіру бойынша ғылыми жетістіктер ғарыштық-зымыран қызметінің қоршаған орта мен халықтың денсаулығына әсерінің дәрежесін анағұрлым жоғары деңгейде анықтауға мүмкіндік береді. Және мұндай жетістік Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің «Ғарыш-Экология» ҒЗО» РМК, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті «Физика-химиялық талдау әдістерінің орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорны, «Орталық Азиялық экологиялық зерттеулер институты» ЖШС және «Aspan Tau LTD» ЖШС ғалымдарының бірлескен мақсатты зерттеулерінің нәтижесінде мүмкін болды.
Ғалымдардың Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ізденуге арналған «Байқоңыр» ғарыш айлағының ғарыштық-зымыран қызметін экологиялық нормалау саласындағы іргелі еңбегі отандық экологиялық ғылымның елеулі жетістігі болып табылады.
Мейірбек МОЛДАБЕКОВ,
ҰҒА академигі, техника ғылымдарының докторы,
профессор
АЛМАТЫ