03 Шілде, 2017

Қайраткерлік қағидасы

446 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мың жерден төрткүл дүниенің оқуын тауысса да, азаматтық ұс­та­­нымы болмаса адам баласы бі­лім саласындағы жиған-тергенін халық­тың қажетіне жаратуы қиын-ақ. Осы тұрғыдан келгенде алаш қай­раткері Әлихан Бөкейханнан асыра айту мүмкін емес: «Ұлтына, жұр­­тына қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Біздің жұртына қыз­­мет етуде тек білім аздық етеді деген­ді меңзеп отырғанымыз да сол. 

Қайраткерлік қағидасы

Игі жақсылардың айтқандарын көкейге түйіп, орайы келсе ойлы оқырманның олжасына айналдырып отырудың өзі сауап емес пе. Әдетте, халқына қалтқысыз қызмет етудің ар жағында, астарында қарапайымдылық қасиет менмұндалайды. Өзбекстанның халық әртісі Фарух Закировтің осы жөнінде айтқаны көңілден шығып, күнделік бетіне қонақтаған екен: «Қарапайымдылық ғана халқыңмен жақындастыра түседі. Мен осы уа­қытқа дейін өзім жайлы пиар жасап көрмеппін. Пиар сабын су сияқты, пайда болып, жылдам жоғалып кетеді. Ал адам бойындағы асыл қасиеттерді ешқандай ақшаға сатып ала алмайсыз». Иә, қолдан жасаған пиардың арқасында атаң-даңқыңды аспандатып, жарнаманың арқасында жалаулатып, қалың жұртқа атың танылар-ау. Бірақ, ақша арқылы әу басындағы жа­ратылысыңды, болмысыңды тү­бегейлі өзгертем деу асылық болар еді. Ал қарапайымдылық қанмен, от­басындағы тәрбиемен, ұлттық дәс­түр арқылы беріледі емес пе. Ол ыңғайлы керек кезінде сатып ала салатын тауар емес, ол асыл қасиет.

Айтпақшы, адамдар арасындағы қарым-қатынас бар да, қоғам дамуына белгілі бір деңгейде әсер ететін би­ліктегілердің арасындағы қарым-қа­тынас бар. Басқалай айтқанда, бұқара биліктегілерге қарап бой түзейді. Мем­лекеттік қызметшілер өз міндетін қаншалықты деңгейде тия­нақты адал атқарады, билікке деген көзқарас соған қарап қалыптасады. Басшы мен қосшы арасындағы байланыстың да қоғамдық ортада өзіндік ықпалы бар.
«Бастық пен бағынышты арасын­дағы қарым-қатынас құқықтық межеден аттап кетпеуге, әдеп-әжеттен аттап кетпеуге тиіс деп есептеймін. Мә­селені ақылдасудың, талқылаудың, кеңесу мен дәйектеудің, келісудің, шешім қабылдаудың өркениетті тәсілдерін білу – кәсіби парыз. Одан аттап, бас изей беру – көлгірлік, жағадан алып, жармаса кету – оспадарсыздық, қалайда өз дегенімді өткізем деп, айла-шарғыға бару – интригандық деп білемін. Билікті аздыратын осы үшеуі. Мемлекеттік қызметші осы үшеуінен де аулақ тұруға тиіс» дейді ел Тәуелсіздігінің қалыптасуына ерен еңбек сіңірген мемлекет қайраткері, ойшыл Әбіш Кекілбайұлы.

Кәсіби парызына, мемлекет­ке берген антына мемлекеттік қызмет­шілердің барлығы бірдей адалдық танытып жүр ме? Бар гәп осында. Адалдық танытып жүр десек, біздікі Кекілбайұлы айтқандай көлгірсу болып шығады. Сол себепті, кейбір мемлекеттердің өн бойында кездесетін кемшіліктер қазақ қоғамына да тән деп айтар едік. Ендеше, билікті аздыратын үшеу – көлгірсу, оспадарсыздық, интригандықтан арылудың амалдарын қарастырғанымыз абзал. 

Өзіндік мінез туралы, қара­пайым­дылық қасиет жөнінде, мем­лекеттік қызметшілер хақында бекер әңгіме қозғап отырғанымыз жоқ. Өйткені, елдігіміздің ертеңі осы үштағанның төңірегінде тоғысады десек, ұшқары пікір болмайтын шығар. Біздіңше, қа­рапайымдылық қасиетті берік ұс­танған адам өзіндік мінезімен ұлтына, жұртына адал қызмет ететін болса, мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілетініне сөз жоқ. Олай болса, қайраткерлік қағидасының бастауы халқының дәстүріне, тәлім-тәрбиесіне негізделген қарапайымдылық қасиетте жатыр деп айтуымызға әбден болатындай.
Халқының дәстүріне, тәлім-тәр­биесіне негізделген демекші, тағы бір мемлекетшіл қайраткер туралы оқиғаның есімізге түскені. Ма­хатма Гандиді анасы Англияға оқу­ға жіберерде: «Үш талабым бар. Орындай аламын десең ғана жібе­ремін», деген екен. Сонда «ет же­мейсің, арақ ішпейсің және жат ұлттың қызына бармайсың», – деген талап қойған. «Мақұл» деген Ма­хатма бір күн бойы табанынан таусылып, Англияда етсіз тамақ істейтін, қазіргіше вегетариандық асхананы әзер тауыпты. Ұлттық тәлім-тәрбиенің арқасында Махатма Гандидің қандай биікке көтерілгенінен бүгінде төрткүл дүние хабардар. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегенді Махатма бала жасынан осылайша бойына сіңіріп өсіпті. Әрбірімізге өнеге боларлық-ақ тағылым.

Ғабит Іскендерұлы,
«Егемен Қазақстан»