Климаттың өзгеруі, жер сілкінісі мен ылғалдылық – ғасырлар бойы сақталған тарихи ескерткіштер үшін бүгінгі таңда басты сын-қатерлердің бірі саналады. Әсіресе, ағаш немесе балшық негізінде тұрғызылған көне құрылымдар табиғи құбылыстарға аса сезімтал келеді. Осыны ескерген Жапония сынды елдер мәдени мұраны сақтаудың жаңа тәсілдеріне көше бастады.
Мәселен, Фукуи префектурасындағы Эйхейдзи будда ғибадатханасы бүгінде заманауи 3D-лазерлік сканерлеу арқылы толықтай цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Бұл жоба «сандық егіз» деп аталады – яғни ғимараттың ішкі-сыртқы құрылымын дәл қайталайтын виртуалды нұсқасы жасалады. Мұндай ақпарат болашақта ескерткішті қайта қалпына келтіру немесе зерттеу үшін маңызды болмақ. Жобаны іске асырып жатқан T&I 3D және Shimizu Corporation компаниялары бұл тәсіл тек сәулет тұрғысынан ғана емес, мәдени және рухани мұраға деген қамқорлықтың да көрінісі екенін атап өтеді.
Жапонияда мұндай бастамалармен қатар, дәстүрлі тәсілдер де ұмыт қалған жоқ. Канадзава қаласындағы тарихи қамал қабырғаларын жер сілкінісінен кейін қайта қалпына келтіру үшін шеберлер ежелгі Аракабе әдісін пайдаланады. Ол – күріш сабағы мен топырақтан жасалатын табиғи сылақ. Заманауи технология мен ұлттық шеберліктің үйлесімі осылайша мәдени мұраны сақтаудың тиімді құралына айналып келеді.
Мұндай жобалар біз үшін пайдалы болар еді. Соңғы жылдары елімізде де мәдени мұра нысандарының табиғи тозуына қатысты бірқатар жағдайлар тіркелген. Мәселен, Түркістан облысындағы Қаратаудың сілемінде орналасқан «Ақбикеш» мұнарасының бір шеті жуырда опырылып түсті. Бұл мұнара – ортағасырлық тарихымыздың бір белгісі ретінде ел жадында сақталып келеді. Жергілікті жерлерде кейбір кесенелердің де күтімсіз күйде қалып жатқаны байқалады. Сайрамдағы «Боздақ» батыр кесенесінің ахуалы, қала берді кейінгі заманда салынған Жезқазғандағы «Степлаг» ескерткіш кешенінің қазіргі жай-күйі – осыған мысал.
Әрине, бізде реставрация жасалмайды деуге болмайды. Алайда кей жағдайда бұл жұмыс ескі үйді жөндеумен тең деңгейде жүргізіліп жатады. Тарихи нысанның бастапқы құрылымын сақтаудың орнына, оның үстінен қазіргі кірпішпен қаланып, сырты тегістеліп сылақталып кетеді. Мұндай тәсіл – шын мәніндегі қайта қалпына келтіру емес, тек көзбояушылыққа айналуы мүмкін. Мысалы, көне кірпіштің өзіндік құрамы мен пішіні бар, оны сол дәуірдің технологиясымен жасап, соған сай қалпына келтірген жөн. Мұндай әдістерді жаңғырту үшін бізге де Жапониядағыдай 3D-сканерлеу және сандық модельдеу технологияларын қолдану артықтық етпейді. Тарихи мұраны дәл сақтап, келешек ұрпаққа тұпнұсқа бейнесінде жеткізу үшін осындай ғылыми тәсілдерге назар аудару маңызды.
Жапон үлгісі тарихи ескерткіштерді сақтау ісінде жаңа тәсіл мен жүйелі ұстаным қажет екенін айқын көрсетеді. Сандық модельдер жасау, 3D сканерлеу арқылы құжаттандыру, тарихи орындардың жай-күйін жүйелі бақылау – алдағы уақытта еліміздің де күн тәртібіне енетін тақырып болары анық.