• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 13:30

Конституцияның түпнұсқасы қайда сақталған

30 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына - 30 жыл. Бұл – еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған, саяси, әлеуметтік және құқықтық жүйенің тірегі саналатын аса маңызды тарихи құжат. Конституция күні халқымыздың бірлігі мен ел іргесінің беріктігін айшықтайтын мерекелердің бірі. Ата Заңымыздың түпнұсқасы бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде сақталған. Осы орайда біз Конституцияның сақталу тәртібі туралы архив директоры Әлия Құсайынқызы Мұстафинамен сұхбаттасқан едік, деп жазады Egemen.kz.

- Әлия Құсайынқызы, Конституцияның түпнұсқасы мен басқа да маңызды құжаттардың сақталуына қандай талаптар қойылады? Жаңа ғимарат бұл тұрғыда қандай мүмкіндіктерімен ерекшеленеді?

-1995 жылғы Конституцияның түпнұсқасы көп жылдар бойы Алматыдағы Архив ғимаратында сақталып келді. Архивтің Алматыдан Астанаға көшуі Президенттің тікелей тапсырмасына сай жүзеге асты. Биыл Президент Архивінің Астанаға көшуіне байланысты бұл бірегей тарихи құжат та өзге құжаттармен елордаға жеткізілді. Қазіргі таңда ол әлемдік стандарттарға толық сәйкес келетін заманауи ғимаратта сақталып отыр. Бүгінгі таңда Архив қоймалары климатты автоматты түрде реттейтін жүйелермен жабдықталған. Мұнда температура мен ылғалдылық үнемі бір деңгейде болады.

Мұндай ұлттық жәдігерді сақтау бізге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Осы мақсатта жаңа ғимаратта құжаттарды қалпына келтіру және сақтауға арналған заманауи зертхана жұмыс істейді. Архившілер алдымен әр құжаттың жағдайын бағалап, тозу процесін тоқтату үшін консервациялық жұмыстар жүргізеді. Қажет болған жағдайда қауіпсіз әрі жаңа технологиялармен толыққанды реставрация жасалады. Мұнда архившілердің тынымсыз еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық.

Қазіргі таңда архивтің келбеті мүлде жаңарған. Бұл көпшілік елестетіндей, қағаз қораптарға салынып, шаң басып жататын орын емес. Қазір архившілер әрбір құжаттың сақталу жай-күйін тұрақты түрде тексеріп отырады. Бұл жүйелі зерделеу мен кәсіби ұқыптылықты талап ететін маңызды қызмет. Осы тәсіл арқылы біз кез келген өзгерісті дер кезінде анықтап, шұғыл шаралар қабылдай аламыз.

- Конституцияның түпнұсқасын қазақстандықтар көре ала ма? Архивте мемлекет құру тарихына қатысты тағы қандай маңызды құжаттар сақталған?

- Біздің міндетіміз тек сақтау ғана емес, сонымен бірге зерттеп, осы тақырыпқа қатысты бүкіл құжаттық кешенді қоғамға таныстыру. Архив қорында егемендік пен мемлекет құру жолындағы басты құжаттар жинақталған. Олардың қатарында 1995 жылғы Конституцияның түпнұсқасы, Тәуелсіздік кезеңіндегі заңдар мен конституциялық актілер, Мемлекет басшысының Жарлықтары мен Өкімдері, мемлекеттік құрылыс, қорғаныс, экономика, әлеуметтік сала, мәдениет, білім, денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты материалдар бар.

Зерттеушілердің қызығушылығын тудыратын деректердің бірі – азаматтардың Президент атына жазған хаттары мен түрлі ұжымдардың өтініштері. Бұған қоса, Конституцияның халықаралық деңгейде мойындалғанын дәлелдейтін материалдар да сақталған. Шетел мемлекеттері мен халықаралық ұйымдардың пікірлері, сарапшылардың бағасы еліміздің негізгі заңына берілген жоғары баға болып табылады. Бұл деректер Қазақстанның жаңа тарихын зерттеуде аса құнды екені сөзсіз.

Архив қорында сондай-ақ Конституциялық соттың да материалдары бар. Бұл орган Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етіп, негізгі құқықтарды қорғау бағытында шешімдер қабылдайды. Оның құжаттары бүгінгі конституциялық дамуды зерделеуде маңызды дереккөзге айналып отыр.

Биыл Конституцияның 30 жылдығына орай Президент Архивінде «Конституция – демократияның маңызды институты» атты тарихи-құжаттық көрме ұсынылады. Онда Конституцияны әзірлеу барысына қатысты жобалар, сараптамалық қорытындылар, аналитикалық жазбалар, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың ұсыныстары қойылады. Бұл құжаттармен танысуға ниетті зерттеушілер Архивке жазбаша түрде өтініш жолдай алады.

- Бүгінде архив саласына да белсенді түрде цифрлық шешімдер енгізіліп келеді. Осы орайда Конституцияның да түпнұсқасы цифрлық форматқа көшірілген бе?

- Иә, 1995 жылғы Қазақстан Республикасы Конституциясының түпнұсқасы, сондай-ақ оған қатысты жобалар, сараптамалық қорытындылар мен талқылау материалдарының барлығы цифрлық форматқа көшірілген. Жалпы алғанда, Архивте сақталған құжаттардың басым бөлігі электрондық форматта зерттеушілерге оқырман залындағы ақпараттық жүйе арқылы қолжетімді.

Сонымен бірге біз тұрақты түрде тақырыптық көрмелер ұйымдастырып, зерттеушілерге құжаттарымызды таныстырамыз. Конституцияға қатысты электронды көшірмелер мен құжаттық шолулар Архивтің ресми сайтындағы «Виртуалды көрмелер» бөлімінде жарияланған.

- Әлия Құсайынқызы, биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына ордалы - 30 жыл. Мерейлі белеске орай Архивте қандай іс-шаралар жоспарланған?

- Конституция күні – жай ғана мемлекеттік мереке емес, ол қоғамымыздың негізін қалаған іргелі қағидаттарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің айрықша символы. Биылғы мерейтойға орай Президент Архиві еліміздің негізгі заңының мән-маңызын, оның құқықтар мен бостандықтардың, заң үстемдігінің кепілі ретіндегі рөлін айшықтайтын бірқатар шараларды әзірледі.

2025 жылғы 25 тамызда «Конституция – демократияның басты институты» атты дөңгелек үстел өтеді. Шара гибридті форматта ұйымдастырылып, оған Қазақстан Конституциялық сотының өкілдері, Франция Ұлттық архивінің мамандары, Сорбонна-Қазақстан институтының ғалымдары, заңгерлер, архившілер мен тарихшылар қатысады. Дөңгелек үстелдің мақсаты – Конституцияға құжаттық жады тұрғысынан қарау. Өйткені конституциялық құқық пен архив ісі – сырттай бөлек көрінгенімен, өзара тығыз байланысты. Конституция – мемлекеттің қоғам алдындағы уәдесі болса, архив – сол уәденің орындалуының айғақ куәсі. Заңдар қалай жүзеге асқанын, мемлекеттік институттар қалай жұмыс істегенін, халық тағдырына әсер еткен шешімдердің қалай қабылданғанын архив құжаттары дәлелдеп береді. Конституция ақпарат алу құқығын жария етсе, ашық архивтер – осы құқықтың шынайы көрінісі. Конституция әділ сотты кепіл етсе, архив құжаттары тарихи әрі құқықтық әділеттілікті қалпына келтіруге жиі негіз болады.

Сонымен қатар мерейтой аясында тарихи-құжаттық көрме ашылады. Онда конституциялық нормалардың қалыптасуы мен жүзеге асуын, тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік институттардың қызметін бейнелейтін бірегей архив құжаттары ұсынылады.

Бұл мерейтойлық іс-шаралар халықаралық диалог пен тәжірибе алмасуға, қоғамда конституциялық құндылықтарды нығайтуға жол ашады деп сенеміз.

- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін.