Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ инвесторларының Қырғызстан экономикасына қосып жатқан үлесін жоғары бағалады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, соңғы 20 жылда Қазақстан Қырғызстанға 1,4 миллиард доллар көлемінде инвестиция салған, оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар да бар.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дамитынын атап өтті.
«Біз бірлескен кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз деп келістік. Сондай-ақ қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән бердік. Жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аудардық. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Қазір шекарадағы сегіз өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі жылда толық аяқталады. Оны екі ел үкіметі ерекше бақылауда ұстайды. Мұның бәрі өзара сауда көлемін арттыруға септігін тигізеді», дейді Президент.