Қазіргі қоғамда адам өзін қалай көрсеткісі келетінін ең әуелі әлеуметтік желіден байқауға болады. Бүгінде әрбір суретті жариялау, пост жазу, пікір қалдыру – барлығы да ой елегінен өтіп, есеппен жасалады. Көпшілік мұны жай ғана «заман талабына бейімделу» деп түсінеді. Алайда психологтар бұл үрдістің түбінде «нарциссизм» деген ұғым жатқанын айтады. Осы орайда біз өзімізді тым артық сүйіп, өзгелердің назарынсыз өмір сүре алмайтын деңгейге жеткен жоқпыз ба деген сұрақ туындайды.
Нарциссизмнің түп-төркіні
«Нарциссизм» ұғымы ежелгі грек мифологиясынан бастау алады. Нарцисс есімді жігіт өз бейнесін су бетінен көріп, ғашық болып, өмірін жоғалтқаны хақында аңыз – адамзаттың өзін-өзі шектен тыс жақсы көруінің рәмізіне айналды. Психоанализ негізін қалаған Зигмунд Фрейд осы ұғымды ғылыми айналымға енгізіп, нарциссизмді тұлғаның психологиялық ерекшелігі ретінде сипаттады. Оның басты белгілері – өзін өзгелерден жоғары қою, мақтауға құмарлық, ерекше қамқорлыққа лайықпын деген сенім, ал кейде өзгелерге деген жанашырлықтың жоқтығы.
Бүгінгі заманда бұл құбылыс шынайы өмірмен шектеліп қалмай, виртуалды кеңістікке ауысты. Әлеуметтік желілер – нарцистік мінез-құлықты айқындайтын ең қолайлы алаңға айналды.
Әлеуметтік желідегі бейне – өзін жарнамалау тәсілі
Зерттеулер көрсеткендей, нарциссизм деңгейі жоғары адамдар әлеуметтік желілердегі парақшаларын өзгелердің назарын аударту үшін қолданады. Олар фотосуреттерін ерекше тартымды етіп таңдайды, достарының көптігімен мақтанады, тіпті лайк пен пікірді өздерінің құндылығының өлшемі деп қабылдайды. Бір экспериментте студенттерге небәрі 15 минут ішінде парақшасын редакциялау тапсырылған. Нәтижесінде бұл аз уақыттың өзі олардың өзіндік бағасына ықпал еткен: «менде жақсы қасиеттер бар» деген ойы күшейіп, өзін басқалардан биік сезіне бастаған.
Онлайн-сахнада нарцистердің басты мақсаты – үлкен аудитория жинап, өзінің «ерекше» екенін дәлелдеу. Бірақ мұндай белсенділік шынайы достықтың орнына уақытша қызығушылық тудыратын таныстардың көбеюіне әкеледі. Ал эмоциялық жақындық пен жанашырлықтың тапшылығы олардың жалғыздығын тереңдете түседі.
Нарциссизм індет пе?
Америкалық зерттеуші Жан Туенж соңғы онжылдықтарда жастар арасында нарциссизмнің өсіп келе жатқанын алға тартады. Оның пікірінше, интернеттің дамуы, өзіндік бағалауды көтеруге бағытталған тәрбиелік модельдер және танымал тұлғалар мәдениеті бұл құбылыстың өршуіне жол ашқан. Әсіресе 1980 жылдан кейін туған «мыңжылдық буын» өзін жоғары бағалап, өзгелерден мақұлдау күтетін ұрпаққа айналды.
Алайда бұл пікірге қарсы көзқарастар да бар. Кейбір психологтар Туенждің зерттеулерін сынап, алынған деректердің белгілі бір топпен шектелгенін айтады. Дегенмен бір нәрсе анық: жастардың назарға құмарлығы, селфи мәдениетінің өршуі және әлеуметтік желідегі өзін көрсетудің түрлі тәсілдері бұл үрдістің ойдан шығарылмағанын көрсетеді.
Медальдің арғы беті
Әлеуметтік желілердің адам психологиясына әсері біржақты емес. Instagram секілді платформалар өзін жарнамалауға көбірек мүмкіндік берсе, Facebook достық пен қарым-қатынасқа бағытталған ортаға айналды. Демек, кейбір жағдайда әлеуметтік желі нарциссизмді күшейтсе, басқа бір жағдайда өзін-өзі бағалауды арттыратын оң құрал бола алады.
Бірақ мәселенің түпкі мәні – біз өзімізді қалай қабылдаймыз деген сауалға тіреледі. Егер әр лайк пен пікірді сыртқы мақұлдаудың өлшемі ретінде қарасақ, біз өзіміздің шынайы болмысымыздан алыстап, тек виртуалды бейнемізбен өмір сүруге бейімделеміз.
Түптеп келгенде...
Әлеуметтік желілер бізге таңдау ұсынады: бір жағынан, оларды қарым-қатынас құралы ретінде пайдаланып, байланыстарды нығайта аламыз; екінші жағынан, өзін дәріптеу құралына айналдырып, нарцистік тәуелділіктің торына түсуіміз мүмкін. Барлығы өз қолымызда.