• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 16:49

ҚазҰУ-да Орталық Азияның IT мамандары бас қосты

20 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде AWS Community Day Central Asia 2025 атты ауқымды өңірлік форум басталды. Жиынға AWS Heroes, Community Builders сарапшылары, сондай-ақ Канада, Германия, Испания, Қазақстан және Өзбекстаннан келген арнайы қонақтар қатысты. Шара аясында инженерлер, архитектура мамандары, стартап өкілдері, студенттер мен IT-сала көшбасшылары бас қосты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде тұңғыш рет офлайн форматта ұйымдастырылған бұл форум – Орталық Азияда бұлтты технологияларға деген қызығушылықтың өскенін және аймақтық IT-қауымдастықтың дамуын айқын көрсетіп отыр.

Форумның ресми ашылуында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов сөз сөйлеп, бастаманың жастар үшін маңызын атап өтті:

«Бүгінгі жастар – технологияны тұтынушы ғана емес, сонымен қатар оны жасайтын ұрпақ. AWS Community Day сияқты шаралар – студенттер мен сала мамандары тәжірибе алмасып, Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның цифрлық болашағын қалыптастыратын маңызды алаң»,  деді проректор.

Айта кетейік, бұлтты технология – деректерді сақтау, өңдеу және қолданбаларды іске қосу үшін арнайы серверлер мен инфрақұрылымды қашықтан пайдалану әдісі. Яғни компаниялар мен жеке қолданушыларға қымбат құрылғылар сатып алудың қажеті жоқ, интернет арқылы серверлердің қуатын жалға алып, қажетті ресурстарға қол жеткізе алады. Мұндай тәсіл икемділікті арттырып, шығынды азайтады әрі кез келген жерден жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Іс-шараны Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстандағы ресми AWS қауымдастықтарының жетекшілері ұйымдастырды. Бағдарламада нақты жобалар негізінде бұлтты шешімдер жасау тәжірибесі талқыланып, цифрлық трансформацияның өзекті мәселелері қарастырылды.

Қатысушылар DevOps, машиналық оқыту, автоматтандыру және киберқауіпсіздік бағыттарындағы заманауи тәсілдермен танысты. Ең қызықты сессиялардың бірі – нақты жобалардың архитектурасын талдау және жіберілген қателіктер туралы ашық пікірталастар болды. Сондай-ақ, практикалық шеберлік сабақтарында теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік берілді.

Форумның ең маңызды бөлігі – AWS GameDay атты командалық жарыс. Байқау барысында қатысушылар нақты өмірлік жағдайларға ұқсас инженерлік тапсырмаларды шешіп, командалық жұмыс арқылы білімдерін жетілдірді.

Форум барысында мамандар белсенді пікір алмасып, кәсіби кеңестер алып, жаңа байланыстар орнатты. AWS Community Day Central Asia тек білім беру алаңы ғана емес, жаңа идеялар мен технологиялық серіктестіктердің дүниеге келу орталығына айналды.

Іс-шара халықаралық және жергілікті IT-компаниялардың, жоғары оқу орындарының және техникалық қауымдастықтардың қолдауымен жүзеге асты.