• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 20:00

Ришат Хайбуллин Азия жағажай ойындарында қола медаль жеңіп алды

10 рет
көрсетілді

Қазақстандық спорттық скалолазу өкілі Ришат Хайбуллин 2026 жылы Қытайдың Санья қаласында өткен Азия жағажай ойындарында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ришат жарыстың жеке сайысында ел намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсетті.

1/8 финалда ол өз командаласы Дамир Тоқтаровты жеңді. Кейін Қытай спортшысы Цзян Гоны да басып озды.

Жартылай финалда Хайбуллин Индонезия өкілі Робби Аль Хильмиден жеңіліп қалды. Ал қола медаль үшін өткен сайыста Қытай спортшысы Шоухун Чуды 4.81 секунд нәтижемен жеңіп, үшінші орынды иеленді.

Әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты: 19 команда басты жүлдеге таласады

Спортшы Olympic.kz сайтына берген сұхбатында өз нәтижесіне риза екенін айтқан.

«Шынымды айтсам, өте ризамын. Маусымның басы сәтті болмады, формада болған жоқпын. Бірақ Азия ойындарына дейін өзімді қалыпқа келтіріп, жақсы деңгейге шығара алдым. Қазіргі дайындығыммен есептегенде, өте жақсы өнер көрсеттім. Қазақстан рекордын да, жеке рекордымды да жаңарттым, әрі қола медаль жеңіп алдым.

Бүгінгі жарыстардың көбін жақсы өткіздім деп ойлаймын. Финалға шығуға мүмкіндік болды, бірақ бұл спортта бәрі болжамсыз. Жартылай финалда қолым сырғып кетті. Соған қарамастан, жалпы нәтижемді жақсы деп бағалаймын.

Маған қарсылас кім екені аса маңызды емес, мен өзіммен өзім бәсекелесемін, ең жақсы нәтижемді көрсеткім келеді. Енді демалып, күш жинау керек. Ертең эстафета жарысы бар, одан әрі күресемін», деді Хайбуллин.

Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынында медаль саны алтыға жетті. Бұған дейін Нұржан Батырбеков алтын медаль, әйелдер құрамасы су добы бойынша күміс, ал Батыр Теңізбай, Сейілхан Болатбек және Әлинұр Қуатұлы джиу-джитсудан қола медаль алған болатын.

Айта кетейік, ерлер мен әйелдер арасындағы эстафета жарыстары 29 сәуірде өтеді. Іріктеу кезеңі Астана уақытымен 05:30-да басталады.

Соңғы жаңалықтар