Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер мен шаруаларды қысқан қуаңшылық туралы сөз қозғады, деп жазады Egemen.kz.
Өңірдегі қуаңшылық пен зиянкестердің көбеюі диқандар мен шаруалар үшін бұрын-соңды болмаған қиындық туғызып отыр. Депутат бұл жағдай облыс тұрғындарының тұрмысына ғана емес бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіріп отырғанын айтты.
«Биыл Түркістан облысында ауа райының қолайсыздығы салдарынан егін алқаптарының біраз бөлігі күйіп кеткен. Жалпы егілген 389,3 мың гектар алқаптың 10 пайызы жарамсыз күйге түскен. Бұл — жоспарланған өнім көлемінің айтарлықтай төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, жайылымдардың қурауы мен мал азығының тапшылығы ауыл тұрғындарының тұрмысын одан сайын ауырлатып отыр. Мал басының азаюы да тіршілігі төрт түлікке тәуелді өңір үшін үлкен проблемаға айналды», деді Ұласбек Сәдібеков.
Ол осы мәселеге Үкіметтің назарын аударып, зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды және қуаңшылық зардаптарын еңсеруге бағытталған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдап, оның аясында ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдерді жүзеге асыру керек екенін атап өтті.
«Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарына берілген несие қаражаттары мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2023 жылдан бері лизингке алынған техникалар бойынша несиелердің қайтару мерзімін 1 жылға шегеруді ұсынамын. Оңтүстіктегі шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан аудандардағы несие серіктестіктеріне қойылатын талаптарды оңтайландыруға, жауып тастаған несие желісін қайта ашуға ықпал етуіңізді сұрайды», деген шаруалар тілегін жеткізді.
Өңірде зиянкестермен күрес мәселесі де өзекті болып отыр. Ұласбек Сәдібеков осыған байланысты кешенді өңірлік бағдарлама әзірлеуді, Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, шегіртке мен шіркейге қарсы күреске арналған арнайы өңірлік жоспар қабылдауды да ұсынды.
«Аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес шараларын жедел әрі тиімді жүзеге асыру үшін өңдеуге жататын барлық жер көлемін республикалық бюджеттен 100% қаржыландыру керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жүргізу құзыретін, тиісті қаржы көлемімен бірге өңір әкімдіктеріне беруді ұсынамын», деді депутат.
Алина ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
ЕҰУ 2-курс студенті