• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Бизнес Бүгін, 18:16

Жылқы жалындағы GPS немесе қарап жүріп қаржы табу идеясы

10 рет
көрсетілді

Мирас Байжігіт – ауыл шаруашылығындағы цифрлық революциянер. Оның iGPS Tech стартапы бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде 100 мыңнан астам жылқыны бақылауға мүмкіндік береді. Барлығы кішкентай інісін GPS сағаттары арқылы қадағалаудан басталған

Барлығы бауырын бақылаудан басталған

Мирас Қостанай облысының Арқалық қаласында дүниеге келген. Сол жерде  қазақ-түрік лицейін бітіріп, Астана медициналық университетіне грантқа түскен. Кейіпкеріміз бала кезінен адамдарға көмектесуге ынтық болыпты. Бірде анасы декреттік демалысқа шыққаннан кейін, оны мектепке апарып, алып келу жұмысы ағасына жүктеледі. 

«Інімнің қайда жүргенін білгім келді. Уайымдайтынмын. Сол кезде GPS сағаттарын сатып алып, оған сыйға тарттым. Бұл шынымен ата-аналар үшін керемет шешім екен. Сағат арқылы оның қайда жүргенін бақылап, тіпті қажет кезде қоңырау шалуға болатын. Осыдан кейін мен басқа ата-аналар да мұндай құрылғыға қызығатынын түсіндім», дейді Мирас.

Жылқыға GPS орнатты

Мирастың бизнес жолы дәл осы GPS сағаттардан басталды. Instagram арқылы сатуды ұйымдастырып, айына 300 мың теңгеге дейін табыс тапты. Бірақ оның өмірін өзгерткен бір сұрақ болды.

«Бір күні клиентім: «Балаларды бақылауға болады, ал жылқыларды ше?» деп сұрады. Сол кезде ойланып қалдым. Жылқылар еліміздің ұшы-қиыры жоқ даласында жайылады, ал ол жерлерде ұялы байланыс жоқ. Мұндай жағдайда оларды қалай бақылайды? – деп ойланыпты Мирас.

Бұл сұрақ оның жаңа идеясының бастауы болды. Ол фермерлермен кездесіп, олардың мәселелерін түсінді. Жылқылар жиі жоғалып кетеді, жолдарға шығып, апатқа себепші болады немесе егістік алқаптарын таптайды. Сондықтан фермерлерге жануарларды бақылаудың маңыздылығын түсінген.

Отандық өнімді іске қосты

Алғашқы кезде Мирас пен оның серіктесі Мақжан Икрам шетелдік GPS трекерлерін пайдаланды. Бірақ фермерлердің қажеттіліктері мен ұсыныстарын тыңдай отырып, олар өздерінің қосымшасын жасауға кірісті.

«Алғашқы қосымшамыз өте қарапайым болды. Жылқылардың орналасуы мен олардың қозғалыс тарихы ғана көрсетілді. Бірақ фермерлер бізге «жел картасын» қосуды сұрады. Себебі жылқылар желге қарсы немесе жел бағытымен жүретінін байқадық. Біз бұл функцияны қосып, фермерлердің сеніміне ие болдық», дейді Мирас.

Жүйе қазір фермерлерге келесі мүмкіндіктерді ұсынады:

• Топографиялық және спутниктік карталар – малдың нақты орналасуын көруге болады.

• Жел картасы – жылқылардың қозғалысын болжауға көмектеседі.

• Геошарбақтар – пайдаланушылар малдың жүретін аумағын белгілей алады. Егер жылқы бұл аумақтан шықса, қосымша хабарлама жібереді.

«Әдетте бір трекерді табынның жетекшісіне немесе биесіне орнатады. Бұл үйірді бақылауға мүмкіндік береді. Бір фермер: «Мен енді жылқыларымды жоғалтамын деп алаңдамаймын. Сендердің жүйелерің көңілімді тыншытты» деп айтты. Бұдан артық не керек? Бізге осындай пікірлер шабыт береді», дейді Мирас.

Айына 20 миллион теңге

Бүгінгі таңда iGPS Tech жүйесі арқылы Қазақстан бойынша 100 мыңнан астам жылқы бақыланады. Фермерлер жылқыларының қайда екенін, қай жаққа бет алғанын нақты біледі. Жылқыларды бақылау арқылы компания ай сайын 20 миллион теңге табыс табады, оның 5 миллионы – таза пайда.

«Бізді фермерлердің сенімі алға жетелеп келеді. Олар өз тәжірибесімен бөліседі, ал біз олардың проблемаларын шешуге тырысамыз. Жылқыларды бақылау – бұл жай ғана бизнес емес, бұл – адамдардың өмірін жеңілдету», дейді Мирас.