Қазақтың «Қобыландысы» мен «Ер Тарғыны» туралы бәріміз білеміз. Бірақ бұл жырлардың ең көркем нұсқасы кімнің аузынан хатқа түскенін көбі біле бермейді. Бір ғасырға жуық уақыт бұрын дала төсінде жырды жанымен тербеткен Марабай Құлжабайұлының есімі бүгінде көп айтылмайды. Ал шын мәнінде, дәл осы жыраудың көмейінен шыққан сөздер арқылы қазақ эпосы алғаш рет қағаз бетіне түскен. Сол жырлар бүгінгі әдебиеттегі ең көркем, ең шынайы нұсқалар болып саналады, деп жазады Egemen.kz.
Қазақ даласында жыр айтқан адамның үнімен ұрпақтар тілдесіп, сол үнмен ғасырлар тоғысқан деседі. Бірақ кейде сол үннің иесі көмескі тартып, өзі жеткізген мұраның көлеңкесінде қалып қояды. Марабай Құлжабайұлы да сондай – даусы асқақ, болмысы беймәлім жырау. Ол туралы деректер шектеулі, шығармалары сақталмаған. Бірақ жыраудың артында ұмытылмас із қалдырған екі нәрсе бар: бірі – «Сөйле дедің біздерге…» деп басталатын толғауы, екіншісі – елге сіңірген еңбегі арқылы сақталып қалған батырлар жыры.
«Қобыланды батыр» жыры қазақтың ең сүйікті, ең көп таралған эпостарының бірі. Бірақ осы жырдың бізге жеткен ең шынайы нұсқасы Марабайдың айтуымен ғана сақталған.
Ағартушы Ыбырай Алтынсарин арнайы барып, дәл осы Марабайдан «Қобыландыны» жазып алады. Жырдың ішінен Тайбурылдың шабысы туралы үзіндіні таңдап алып, оны 1879 жылы жарық көрген өзінің «Қазақ хрестоматиясына» енгізеді. Бұл халық жырының алғаш рет оқу құралына айналуы еді.
Кейін фольклорист Әбубәкір Диваев Марабай нұсқасын толық күйінде жазып алып, оны Ташкентте бастырып шығарады. Осылайша Марабай айтқан «Қобыланды» қазақ руханиятының асыл қазынасына айналады.
Ал орыс зерттеушісі Николай Ильминский 1860 жылдары қазақ даласын аралап жүргенде, жыршылық өнерімен аты шыққан Марабайға жолығады. Ол жыраудан «Ер Тарғын» жырын түгел жазып алып, 1862 жылы Қазанда жеке кітап етіп шығарады. Бұл – батырлық жырлардың тұңғыш баспа нұсқасы, ал оны жеткізуші — Марабай.
Зерттеушілер бұл нұсқаның поэтикалық құрылымы мен баяндау мәнерінің аса көркем екенін ерекше атап өтеді. Себебі Марабай жырды тек айтып қана қоймаған, оны өңдеп, көркемдеп, тыңдаушының жүрегіне жететіндей етіп жеткізген. Бұл оның тек жырау ғана емес, шебер баяндаушы, нағыз эпик болғанын көрсетеді.