• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Сұхбат Кеше

Алименттен қашып жүрген әкелердің бейресми табыстары тексеріледі

70 рет
көрсетілді

Осыдан бірер апта бұрын Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттарының Әділет министрлігіне және тағы басқа уәкілетті органдарға жолдаған ұсыныстары қатарында ең маңыздыларының бірі – мемлекеттік алимент қорын құру туралы болғаны мәлім. Осы орайда Egemen.kz тілшісі Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы Снежанна Имашевадан мәселенің мән-жайы туралы сұрап, сұхбаттасқан еді.

– Үкімет сағатындағы қосымша баяндамаңызда алименттерді жалақының бір балаға ¼ бөлігі немесе үш балаға ½ бөлігі түріндегі үлестік қатынаспен өндіріп алудың қолданыстағы жүйесі баланың барлық қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтінін айтқан едіңіз, ендеше, қаншалықты мөлшерде төленгені дұрыс?

– Алиментті ата-ананың табысынан үлестік қатынаспен өндіріп алуды көздейтін қазіргі қалыптасқан жүйе – бұл баланың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге сәйкес келе бермейді.

Сол себепті біз Сенат пен Мәжіліс депутаттарының, уәкілетті органдардың өкілдерімен Сенат жанынан құрылған жұмыс тобымен отбасылық-неке қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру және алимент өндіріп алу шеңберінде талқылаудамыз. Осыған байланысты біз алимент мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты анықталатын жүйеге көшу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз.

Нақтырақ айтар болсақ, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР-ның Кодексіне: алимент төлеу туралы келісім болмаған кезде сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің – төрттен бір бөлігін, бірақ ең төмен күнкөріс деңгейінің 0,75 еселенген мөлшерінен кем емес; екі балаға – үштен бір бөлігін, бірақ ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,5 еселенген мөлшерінен кем емес; үш және одан да көп балаға тең жартысын, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2,0 еселенген мөлшерінен кем емес өндіріп алу бойынша ұсыныс қарастырылып жатыр.

– Сол баяндамаңызда әкелердің балаларына берешегі жыл сайын өсіп, жалпы бүгінде 18 миллиард теңгені құрағанын айттыңыз. Бұндай көлемді соманы өңдіріп алу ұзаққа созылмай ма?

– Алимент өндіріп алу басым міндеттердің бірі. Алайда, қарыздың көп мөлшерін өндіріп алу шынымен де қиын және уақытты қажет етеді. Бұл, ең алдымен, борышкердің жағдайы мен төлем қабілеттілігіне байланысты.

Егер борышкер жұмыс істесе, мүлік, кірістер болса, онда алимент өндіріп алу айтарлықтай проблемалар туғызбайды, алимент оның жұмыс орнынан мәжбүрлі түрде ұсталады. Әділет министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінде барлық алимент істерінің шамамен 94%-ы орындалады және жыл сайын алимент бойынша істердің шамамен 6%-ы өзекті болып табылады.

Мәселен, егер борышкерлерде тұрақты жұмыс орны болмаса, өндіріп алуға болатын табысы жоқ болса, борышкер іздеуде болса немесе бас бостандығынан айыру орындарында болса, ата-аналар әлеуметтік осал адамдар санатына жатса, әрине, алимент өндіріп алу процесі ұзаққа созылады. Кейбір борышкерлер бейресми түрде жұмыс істейді және кірістерін жасырады. Мысалы, жеке кәсіпкерлер кірістерді жасыру мақсатында ең төменгі жалақыны (айына 70 мың) белгілейді және аз мөлшерде алимент төлейді.

Сондықтан атқарушылық іс жүргізу органдары бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Борышкерлердің орналасқан жерін, олардың табыс көзі мен мүлкін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, әртүрлі интернет-алаңдарды, такси және жеткізу қосымшаларын, блогерлікті, криптовалюта саудасын және т.б. пайдаланудан түсетін кірістерді анықтау мәселелері қарастырылып жатыр.

Одан бөлек, борышкерлерді жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2022 жылы – 2150 борышкер, 2023 жылы – 4 238 борышкер, 2024 жылы – 6265 борышкер жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, борышкерлерді қарыздарды тез арада өтеуге мәжбүрлеу үшін елден шығуды шектеу, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту және т.б. шаралар қолданылады.

– Баламен қарым-қатынас тәртібі және баланы тартып алу сияқты санаттағы істерді орындау мәселелерін шешудің тиімді жолдары қандай, осы тұрғыда не айтар едіңіз?

– Баламен қарым-қатынас тәртібі және баланы тартып алу, яғни ата-ана құқығынан айыру сияқты мәселелер заңнамалық, құқық қорғау, профилактикалық және т.б. шараларды қамтитын кешенді тәсілді қажет етеді.

Ең алдымен, балаларға әлеуметтік және психологиялық көмекке назар аудару керек, яғни, отбасыларда ажырасу, жанжалдар және қиын өмірлік жағдайлар туындаған кезде көмек көрсететін отбасыларды қолдау орталықтарын дамыту, сонымен қатар психологтардың балаға қамқоршылық туралы соттың шешім қабылдау кезінде, ата-аналар арасындағы медиациялық тәртіп процестері кезінде немесе жалпы сот процестері кезінде міндетті түрде қатысуы секілді жұмыстармен жүзеге асыруға болады.

– Алимент төлемдерін мәжбүрлеп өндіріп алу және борышкерді жалғыз тұрғын үйінен шығару тым қатал іс емес пе? Аталған мәселелер бойынша елімізде жалпы көріністер қандай?

–  Сұрағыңыз бала мен борышкердің құқықтарын қорғау арасындағы маңызды тепе-теңдікті қозғайды. Менің ойымша, бұл жерде баланың мүдделері маңыздырақ болу керек және алимент төлеу ата-ананың бала алдындағы құқығы емес, міндеті. Сол себепті, егер борышкер алименттен қасақана жалтарса және миллиондаған қарызы болса, онда бұл қажетті және заңды шара болып саналады. Алайда, бұл соңғы кезектегі шаралар екенін ескеруіміз керек. Яғни, егер үлкен қарыз болса және басқа кірістерден өндіріп алу мүмкін болмайтын ерекше жағдайларда ғана қолданылады.

Бұл «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексімен және атқарушылық іс жүргізу туралы Заңмен қатаң реттеледі және соттың бақылауында болады, яғни жалғыз тұрғын үйді өндіріп алу қажеттілігін саралап, түпкілікті шешімді сот шығарады.

Тұтастай алғанда, қоғам балаға қамқоршылық жасау, оның қажеттілігін қамтамасыз ету маңызды мәселе екенін түсінеді және алиментті мәжбүрлеп өндіріп алу, оның ішінде борышкердің мүлкі есебінен өндіріп алу көп жағдайда орынды деп санайды.

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар